Ақтөбе — 150Басты жаңалықтар

Ақтөбеде ірі жобалар жүзеге асырылады

Биыл Ақтөбе қаласының іргесінің қаланғанына 150 жыл!Бұл тойға әр ақтөбелік өзінше үлес қосуы маңызды. Осы бағытта «Ақтөбе Медиа» ЖШС, соның ішінде облыстық газеттер «Қала» қосымшасын шығаруды қолға алды. «Қаланың» беттерінде Ақтөбенің тыныс-тіршілігі, ақтөбеліктердің тұрмыс жайы, әлеуметтік-экономикалық дамуы, бір сөзбен айтқанда, қаламыздың өмірі: кешегісі, бүгіні мен ертеңі туралы айтылатын болады. 

«Қала» қосымшасының алғашқы қонағы — Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов. Шаһар басшысы Ақтөбенің өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы, биыл атқарылатын істер мен Ақтөбенің 150 жылдық тойына қатысты жоспарлармен бөлісті.

— Ақтөбе қаласы — Қазақстанның батыс өңірінің ірі индустриялық орталығы. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі «Құтты мекен Ақтөбе!» деп баға берген қаламыз қарқынды дамып келеді. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың басшылығымен облысымызда, соның ішінде Ақтөбе қаласында ірі-ірі жобалар жүзеге асырылып келеді. «Сырт көз — сыншы» дейді. Ақтөбе қаласының қаншалықты дамып келе жатқанын екі-үш жыл қалада болмай, сыртта жүріп, араға уақыт салып келген адам жақсы байқайды. Соңғы 3-4 жылда Ақтөбеде қандай әдемі ғимараттар салынды, қаншама тұрғын үйлер, әлеуметтік-мәдени, спорттық нысандар, өндіріс, сауда орындары, халыққа қызмет көрсету орталықтары тұрғызылды. Бұл — сұраныс бар, сұранысқа сай ұсыныс бар деген сөз. Бұл — қаламыздың дамып келе жатқанының көрсеткіші. Мұны бюджетке түскен қаржы есебінен де көруге болады: былтыр қала қазынасына 45 миллиард теңгеден астам түсім түсті, яғни, жоспар 101,2 пайызға орындалды. Салыстырсақ: 2017 жылы — 31 миллиард теңге қаржы түскен. Ал 2019 жылы бұл көрсеткіш кемінде 47 миллиард теңгеге жетеді деп жоспарлап отырмыз.  Өнеркәсіп орындары өткен жылы 585,2 миллиард теңгенің өнімін өндірген, оның пайыздық индексі — 106,6%. Индустрияландыру бағдарламасы аясында Ақтөбеде былтыр 14,2 миллиард теңгенің 18 инвестициялық жобасы жүзеге асырылып, 552 жаңа жұмыс орны құрылды. Олардың қатарында силикат кірпіш, ұяшықты бетон шығару зауыттары, блокты-жиынтық жабдықтар цехы, бес гектар аумақты алып жатқан жылыжай кешені сынды ірі жобалар бар.Қалада шағын және орта бизнес те қарқынды дамып келеді. Қаламыздың экономикалық дамуы тұрғындардың кәсіпкерлік саласындағы белсенділігімен байланысты екендігін ескерсек, бұл саланың дамуы да өте маңызды. Бүгінде қалада 36 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік субьектілері жұмыс істеп жатыр. Бұл күн сайын өсіп келе жатқан қаламызда істеліп жатқан жұмыстардың бір парасы. Бүгінде Ақтөбе тұрғындарының саны 485 мыңнан асты. Бұл қала дамуының ең негізгі көрсеткіштерінің бірі.

— Қаланың даму көрсеткіштерінің бірі — жол жағдайына байланысты. Өткен жылдары қаламызда бірнеше жол өткелдері салынып, кейбір жолдар кеңейтілді, күрделі жөндеулер жүргізілді. Биыл қандай жобалар жүзеге асырылады?

— Иә, соңғы екі жылда жол жөндеуге қатысты ірі жобалар жүзеге асырылды. Биыл да бірнеше жобаларымыз бар. Осы мақсатта облыстық, қалалық бюджеттен

3,8 миллиард теңге қаражат бөлініп отыр. Оған ең алдымен Россовхоз, Родниковка жолдары секілді елді мекендердегі проблемалық жолдарды жөндеуге маңыз беріп отырмыз. Оған қоса бесінші мөлтек аудандағы көпір асты туннель құрылысындағы былтырдан қалған жұмыстарды толық аяқтауымыз керек, Мәметова көшесі, Сазды өзенінің үстіндегі өткел жолдарына қатысты да аяқталмаған жұмыстар бар, соларды реттеу керек. Оған қоса Батыс-2 ауданындағы жолдарды дұрыстауға барынша көңіл бөлгелі отырмыз, себебі бұл ауданда бірнеше мектеп, балабақша салынды, балаларды әрлі-берлі таситын көлік нөпірі көп. Сондықтан осы ауданда жаңа жолдар салу, бұрынғы жолдарды реконструкциялау сынды бірнеше жоба қарастырылған.

Елбасының тапсырмасына сай Ақтөбе еліміздегі төрт ірі агломерация орталығының бірі ретінде белгіленді. Оған қоса қаламыз болашақта миллион тұрғыны бар алып шаһарға айналмақ. Осы бағытта қандай жұмыстар жасалып жатыр?

— Ақтөбе агломерациясына Ақтөбе қаласы мен облыстың Алға, Қарғалы, Қобда, Мәртөк, Мұғалжар, Хромтау сынды алты ауданның елді мекендері кіреді.Жалпы алғанда агломерация құрамында 70 елді мекен бар. Бүгінде агломерацияны дамытудың индустриялық-инновациялық орталық, индустриялық-аграрлық аймақ, алдыңғы қатарлы шағын және орта бизнес, көлік-логистикалық орталық, медициналық және білім беру кластерлері, «Smart city» секілді бірнеше бағыттары бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Қаламызда бірнеше жаңа нысандардың салынуы да осы жұмыстар аясында іске асырылды. Қала аумағы кеңейіп келеді. Жаңа аудандар бой көтеріп келеді. Қазір, мысалы, Батыс-3 ауданына инфрақұрылым тартып жатырмыз. Осы ауданда «BI trans» компаниясы көлемі

38 мың шаршы метр болатын үлкен бизнес орталық салмақ, ақтөбелік кәсіпкер Қайрат Мәйтеков те ірі бір жобаны қолға алды. Басқа да осындай мысалдар бар.

2010 жылы Қазақстан мен Ресейдің мамандары бірлесіп болашақта миллион тұрғыны бар шаһар болатын «Ақтөбе қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуының үлгісін» жасады. Осы құжатқа сәйкес, миллион тұрғыны бар қала мәртебесін алудың мерзімі қойылды: 2040 жыл. Дегенмен, бүгіннің өзінде агломерация аумағында 630 мыңдай адам тұратынын ескерсек, бұл межеге 2040 жылы емес, 2025 жылдары жетіп қаламыз деген үміт бар. Ол үшін қаламыз азаматтардың тұруына қолайлы мекен болуы тиіс. Әлеуметтік нысандар салынуы керек. Мысалы, егер қазір қалада 83 мектеп болса, ол екі есе көбеюі тиіс, яғни, кемінде 160 мектеп болуы керек. Балабақшалар саны да артып келеді. Жеке мектептер мен балабақшалар салынып жатыр. Бүгінде Ақтөбеде алты жеке мектеп бар, оның екеуімен мемлекет пен жекеменшік серіктестігі аясында келісім жасастық. Осы құжатқа сәйкес, онда оқитын әр балаға мемлекет тарапынан 20200 теңге төленеді. Жергілікті кәсіпкерлер Батыс-2 ауданында тағы екі мектептің құрылысын бастамақ. «Нұр Ақтөбенің» 1-шағын ауданында 900 балаға арналған мектеп салынады. Украинка, Бекқұл баба секілді елді мекендерде де мектептер салынады. Осылайша үш ауысымды мектептер мәселесін шешеміз.

Сұхбат арасында:

— Әкім ретіндегі бес ұстанымыңызды айтып берсеңіз:

— Басшы қызметте болдың ба, мойныңа сондай жауапкершілік алдың ба, біріншіден, өзіңе-өзің қатал талап қоя білуің керек! Екіншіден, отбасы мен қызметті, яғни, таразының екі басын тең ұстап жүру керек. Мен жұмысыммен қатар отбасыма да көбірек көңіл бөлуге тырысамын. Үлкен қызым Лондон қаласында оқып жатыр, болашақ архитектор, ұлым Назарбаев Университетінің студенті, болашақ инженер-программист. Олармен жиі сөйлесіп тұруға тырысамын. Үшіншіден, саған артылған сенімді ақтауға тырысу қажет. Төртіншіден, айналаңа жанашырлықпен қарау қажет, біреуге жылы сөз айтудың өзі жақсы ғой.  Бесіншіден, денсаулықты күту маңызды, ол үшін спортпен айналысу қажет. Менің азамат ретіндегі, басшы ретіндегі ұстанымдарым осындай.

— Өткен жылдары мектептер мен балабақшаларды сенімді басқаруға беру мәселесіқолға алынғанын білеміз. Биыл да бұл жұмыс жалғаса ма? Кәсіпкерлерге сенімді басқаруға тағы қандай нысандар беріледі? 

Кәсіпкерлерге балабақшаларды сенімді басқаруға беру — мемлекет пен кәсіпкерлердің арасындағы қарым-қатынастың жаңа форматы деуге болады. Оның мақсаты — балабақша кезегінде тұрған балалардың санын барынша азайту. Жеке кәсіпкер өз қаржысына балабақшаның материалдық-техникалық базасын жақсартады. Бұл өте жақсы тәжірибе, себебі, біз бюджет тарапынан осынша қаржы бөле алмаймыз, ал кәсіпкерлер бұл қаражатты өз қалтасынан шығарып, жөндеу жұмыстарын, материалдық-техникалық базасын жаңартады. Бүгінде 10 шақты балабақша сенімді басқаруға берілді. Нәтижесінде бюджеттің 560 709 787 теңге қаржысы үнемделді.Бұл балабақшаларда мемлекеттік тапсырыс негізінде әр балаға мемлекеттік жалпы білім беру стандартына сәйкес 19 354 теңге төленеді. Ата-аналар тек баланың тамағына ғана ақша төлейді. Биыл тағы 10 балабақшаны сенімді басқаруға беру жоспарланып отыр. Кәсіпкерлер балабақшаларды сенімді басқаруға алғаннан кейін оған өз меншігіне қарағандай өте жауапкершілікпен қарайды, балаларға сапалы білім мен тәрбие беруге міндеттеледі, жұмыс сапасын арттырады.

Ақтөбеліктер тарапынан қоғамдық көліктердің жұмысына қатысты нарызылықтар жиі айтылады. Өзіңіз де әлеуметтік желілердің белсенді қолданушысыз, сондықтан тұрғындардың әлеуметтік желілерге жазып, бөлісіп жатқан пікірлерін жиі байқайтын шығарсыз? Осы мәселеге қатысты тасымалдаушыларға талапты күшейту, электронды билет алу сынды жұмыстар жүргізіле ме?

— Жолаушылар тасымалы — негізінен шығынды кәсіп. Егер ол көп пайда түсіретін кәсіп болса, бәрі сонымен айналысар еді ғой… Былтыр қоғамдық көліктердегі билет құнын 80 теңгеге арттырдық. Егер басқа аймақтардағы қоғамдық көлік билеті құнымен салыстырсақ, біздікі ең төменгі тарифтердің бірі.

— Тарифті көтергенмен, қызмет сапасы бұрынғыдай қалды деген пікірлер бар.

— Тарифті көтермесек, кәсіп иелері банкрот болар еді. Тасымалдаушы компаниялардың есебі бойынша, билет құны 220 теңге болуы керек еді. Олар банкрот болып, жұмыс тоқтап қалмауы үшін 80 теңгеге көтердік. 100 автобус сатып алу үшін 3 миллиард теңгеден астам қаражат керек. Бұл — қалалық бюджеттің 10-12 пайызына тең қаражат. Біз бұл қаржыны жол салуға жұмсап отырмыз. Егер біз, мысалы, осы автобустарды өзіміз сатып алатын болсақ, онда жол салуға қаражат жетпес еді… Қазір қалада жолаушылар тасымалымен айналысатын екі компания бар: «ПАТП» және «Автопарк» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері. Қазір тағы бір кәсіпкер екі бағыт бойынша жолаушылар тасымалымен айналысуға ниет етіп отыр. Ол үшін талапқа сәйкес байқау өткізіледі, автобустарын алып келеді, егер барлығы заңға сай болса, ол да жолаушылар тасымалымен айналысады.

Екінші мәселе, электронды билет жүйесін орнату. Бұған қатысты да қазір жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өткен жылдың қазан айынан бастап «Ақтөбе қаласының жолаушылар тасымалы басқармасы орталығы» серіктестігі «ПАТП» серіктестігінің№46 бағыты бойынша жүретін автобустарында «ELAINA» электронды билет жүйесінің пилоттық нұсқасын орнатты. Бұл жүйе толықтай Қазақстанда жасалған, оны жасаған компания қажетті құрылғыларды, компьютерлік бағдарламаларын ұсынды. Бүгінде көлік жүргізушісінің терминалы мен валидаторларымен аталған бағытта жүретін 10 автобус жабдықталды. Бұл жүйені жолаушылар қазір пайдаланып жатыр. Жолаушылар билет құнын валидатор арқылы картамен төлейді. Бұл жолаушылар санын, қоғамдық көлік санын, олардың жұмысын, қай тарифтің жиі пайдаланылатынын — барлығын тұрақты бақылап отыруға септігін тигізеді. Осылайша Ақтөбе Қазақстандағы «ELAINA» электронды билет жүйесін енгізген жалғыз қала болып отыр. Бұл жұмыс одан әрі жалғасады.

— Ақтөбе тұрғын үй құрылысы қарқыны жөнінен республикада алдыңғы қатарда екенін білеміз. Өткен жылы қанша үй берілді? Биылғы жоспар қандай?

— Ақтөбеде былтыр 86,6 мыңшаршы метр пәтер берілді. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 18 пайызға жоғары. Өткен жылы желтоқсан айының өзінде 4 тоғыз қабатты және 9 азқабатты тұрғын үйлер пайдалануға берілді, оның жалпы ауданы 72,6 мың шаршы метр.

Биыл «Нұр Ақтөбенің»1,2,3,4-шағын аудандарында жалпы ауданы93,9  мың шаршы метр болатын1502 пәтерлі кредиттік тұрғын үйлер құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Жалпы алғанда биыл жыл аяғына дейін 195,7 мың шаршы метр, яғни 3108 пәтер берілмек.

Мемлекеттік бағдарлама бойынша салынып жатқан үйлерден бөлек коммерциялық бағыттағы тұрғын үй құрылысы да қарқынды жүргізіліп жатыр. Әсіресе, Батыс-2 аудынында бірнеше үй салынды, салынып та жатыр. Бұл үйлерді ақтөбеліктер «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы және «7-20-25» бағдарламасы бойынша алып жатыр.

— Қалада апаттық жағдайдағы қанша үй бар? оларды жөндеуге, дұрыстауға қатысты қандай жұмыстар жасалып жатыр?

— 16 апаттық жағдайдағы, 237 ескірген үй бар. Олардың дені  кемінде 50 жыл бұрын салынған екі қабатты үйлер. Бұл мәселені шешу үшін жеке құрылыс компанияларын тартып жатырмыз. Яғни, құрылыс компаниялары бұл  үйлерді сатып алып, орнына жаңа үй салады. Былтыр «Керемет үй» кооперативі Есет батыр көшесінде орналасқан 106 «а» үйінің тұрғындарымен кездесіп, келісіп, үйді сатып алды. Кәсіпкер бұрынғы ескі құрылысты бұзып, орнына 54 пәтерлік үй салу құжаттарын реттеп жатыр. Мұндай мысалдар баршылық. Бір мәселе — осындай тұрғын үйлердің барлық тұрғындары бірауыздан келісім бермесе, кәсіпкерлердің ол үйді сатып алуы мүмкін емес. Ал мемлекет тарапынан оларға жаңа үй салып беруге де мүмкіндік жоқ. Сондықтан апаттық жағдайдағы үйлерде тұрып жатқан тұрғындар үшін бұл үлкен мүмкіндік.

Сұхбат арасында:

— Биыл облыстық қоғамдық-саяси «Ақтөбе» газетінің шыға бастағанына 95 жыл толып отыр. Ақтөбе қаласының 150 жылдық тойымен қатар келген біздің сүйікті басылымымыз «Ақтөбе Медиа» серіктестігі «Ақтөбе» газетінің ұжымын, газет оқырмандарын осы тоймен құттықтаймын! «Ақтөбе» газеті, міне бір ғасырға жуық уақыт бойы өз оқырманына адал қызмет етіп келеді. Өткен жылы облыстық газеттер жеке баспанасына қол жеткізді. Бұл үлкен жетістік! Ахмет Байтұрсынов: «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек» деген сөзі бар. Сол айтқандай, «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» болып отырған газетіміз — «Ақтөбенің» 95 жылдық тойы құтты болсын, уақытпен бірге жасай берсін!

Көпқабатты тұрғын үйлермен қатар алдағы бір-екі жылдықта қаламызда жекеменшік жер үйлердің де саны күрт артатыны белгілі. Себебі өткен жылдары жер кезегінде тұрған мыңдаған тұрғын өздеріне тиесілі 10 сотық жерін алды. Қазір жер берілген аудандарда коммуникация жүргізу мәселесі қалай шешіліп жатыр? Биыл қанша адамға жер беріледі?

—  Жалпы, 2014 жылдан беріқала аумағынан жеке тұрғын үй құрылысы үшін              23241 жер учаскесі берілді. Былтырдың өзінде 9535 жер учаскесі берілді.Қазіргі таңда 2007 жылдың 1 жартыжылдығында кезекте тұрған азаматтарға 7390 жер учаскелері елді мекендердің егжей-тегжейлі  жоспарлау жобаларына  сәйкес  «Бауырластар-5», «Шығыс», «Жаңа ауыл-1», «Жаңа ауыл-2» тұрғын массивтерінен бөлініп берілді. Бұдан басқа «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында жер кезегінде тұрған 163 азамат «Нұр-Ақтөбеде» салынған коттедждерді сатып алды. Осыған дейін бау-бақша өсіру үшін берілген Келешек, Заречный, Новый, Кирпичный, Ақжар поселкелерінде және Богословск, Орск тасжолдарының бойында орналасқан 35 баубақша ұжымынан 2145 жер учаскесінің нысаналы мақсаттары өзгертілді, яғни бұл жерлерге жеке тұрғын үй салуға болады. Берілген жерлерге инженерлік инфрақұрылымдарға жобалық сметалық құжаттар рәсімделіп жатыр.

Ал биыл жеке тұрғын үй құрылысы үшін «Шығыс-2», «Сазды-3», «Парасат», «Шилісай-3», «Жаңа ауыл-3» тұрғын массивтерінен 11 000 жер учаскесін  бөлу  жоспарланып отыр.

— Биыл Ақтөбе қаласының іргетасының қаланғанына 150 жыл толып отыр. Той өткізуге қатысты арнайы жоспар әзірленгені белгілі. Дегенмен, осы той барысында атқарылатын істерді қысқаша өз аузыңыздан естісек?

—  Ең бастысы, тұрғындарды, ақтөбеліктерді осы мерейлі мерекемен құттықтаймын! Және осы тойды бірігіп мәнді де, мағыналы өткізуге атсалысайық дегім келеді.

Қазіргі таңда Ақтөбе қаласының 150 жылдығын ұйымдастыру комитетінің құрамы бекітілді. Оны облыс әкімі Бердібек Сапарбаев басқарады. Облыс әкімі қаламыздың 150 жылдық тойын өте жоғары деңгейде өткізу қажеттігін, оған қаланың әрбір тұрғыны қатысуы қажеттігін айтты. Қазіргі уақытта 150 жылдыққа арналған өткізілетін мерекелік іс-шаралар жоспары әзірленді.Ақтөбе қаласының 150 жылдығына арналған мерекелік іс-шаралар жоспарына сәйкес бірнеше халықаралық, республикалық, аймақтық, облыстық, қалалық шаралар өткізіледі. Қаламыздың тойы 15-16 қаңтарда өткен «Ақтөбе: Кеше. Бүгін. Ертең» атты ғылыми-практикалық конференциядан бастау алды.

Оған қоса 150 жылдық мерейтойына арналған «Ақтөбем – алтын бесігім»танымдық кітабын шығару жоспарланып отыр. Республикалық айтыс, жыршы-жыраулар байқауы, жастар форумы, республикалық флористика жарысы, басқа да шаралар өткізіледі. «Бақытты бала-2019» халықаралық балалар вокалистер байқауы және Димаш Құдайбергеннің концерті, басқа да шаралар ұйымдастырылмақ. Сондай-ақ, Елбасының Жолдауына сәйкес, биыл елімізде Жастар жылы болып жарияланғаны белгілі. Осы атаулы жылда республикалық, облыстық шаралар жоспарына сәйкес іс-шаралар ұйымдастырылады.

Сұхбаттасқан Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button