Ақтөбе — 150Басты жаңалықтар

Қар тазартылып жатыр

Ақтөбеде көшелерді қардан тазартып, оны сыртқа шығару  жұмыстары қарқынды түрде жүріп жатыр. Қазір қалада осы шаруамен айналысатын 12 мекеме бар. Әр мекеме өздеріне қарасты аумақты қардан аршиды.

26 мың текше метр қар шығарылды

Жылдағыға қарағанда биыл қар көп емес. Бірақ «сақтықта қорлық жоқ» демекші, қала көшелерін дер кезінде қардан тазартып, оны сыртқа шығарып отырмаса,  көктемде тұрғындарды біраз әуреге салары анық. Ақтөбе қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мекемесі басшысының орынбасары Бауыржан Алдияровтың айтуынша, қаңтар айы басталғалы он күнде 26 мың текше метр қар шығарылған.

Дәл қазіргі кезде көшелерде айтарлықтай қар жоқ. Мекемелер өздеріне белгіленген аумақты уақытында тазартып отыр.  Күн сайын шығатын техникалар  осы мақсатқа жұмылдырылады. Қазіргі таңда екі жүзден аса техника бар. Оның ішінде автогрейдерлер мен МТЗ-80, К-700 және басқа да заманауи техникалар қолданылады. Күн жылынып, қар таситын кезде мекемелер күнделікті шығатын техниканың санын көбейтеді. Бұл жағдайда проблема тумауы үшін келісімшартта барлығы көрсетілген.

Сонымен аязды күндері  мұзды жібіту үшін тұз,  құм себіледі. Бірінші кезекте орталық даңғылдар мен тұрғындар көп жүретін аумақтарға баса назар аударылады. Қазіргі күні қорда 650 тоннадан асатын құм мен 300 тоннаға жуық құм бар, — дейді мекеме өкілі.

Мекемелер жұмыстың көбін түнде жасайды. Себебі күндіз көлік көп, қар тасуға қолайлы болмайды. Сондықтан жұмысшылар түнгі сағат 12.00-ден бастап көше тазалауға кіріседі. Арнайы кезекшілер жұмыс істейді.

Қаланы қардан тазарту кезінде мекемелер орталық көшелерге баса мән береді. Оның ішінде Әбілқайыр хан, Әлия Молдағұлова, Абай  даңғылдарына ерекше назар аударылады. Қала сыртындағы айналма жолдардың маңы да назардан тыс қалмайды. Әуежай аймағы мен 12-шағын аудандағы айналма жолдардың маңы да бірінші кезекте қардан аршылады. Қала маңында Благодар, Қарғалы,  Жаңақоныс,  Сазды селолық округтерінің де қары тазартылып жатыр. Әр мекеме өзіне тиесілі аумақты уақытында аршып отыруы тиіс.  Мәселен, әуежай аумағы мен Сүт зауыты ауданы «Бошан» серіктестігіне қарасты болса, Ақжар, Кірпішті аудандарына «Финанс Олд» серіктестігі жауапты.

Қазір  қала көшелеріне жиналған қар үш полигонға тасылып жатыр. Оның бірі Ақжар-2 ауданы маңындағы, екіншісі қала шетіндегі қатты тұрмыстық қалдықтар шығаратын,  ал үшіншісі АвтоЦОН, яғни Сазды  жақтағы полигонға жөнелтілуде.

Тиісті мекемелер тұрғындардың қатынасы мен көлік қозғалысына кедергі келтірмес үшін көшедегі қарды дер кезінде алуға тырысады. Ал ауланың ішіндегі, жаяу жүргінші жолындағы қарды тазалау бұл міндетке жатпайды. Жалпы қазір қалада айтарлықтай қар көп емес. Барлық шаруа уақытында атқарылып жатыр. Тұрғындардан түсіп жатқан арыз-шағым жоқ, — дейді Бауыржан Алдияров.

Сондай-ақ  қала тұрғындары қар тазалау, мұз жару сияқты жұмыстарға қатысты арыз-шағымдарын 41-67-65 байланыс телефондары арқылы хабарлай алады.

Мекеме өкілінің айтуынша, биыл қар шығару  жұмыстарына бюджеттен

530 миллион теңге қаржы бөлініпті.

Көлік тұрағы қиындық келтіреді

Қаладағы қар тазарту жұмыстарына жауапты мекеменің бірі —«Табыс-Ақтөбе» ЖШС. Серіктестік директорының орынбасары Сақтапберген Китаевтың айтуынша, қаланы тазарту жұмыстары қазан айынан басталыпты. Осы уақытқа дейін мекеме жұмысшылары 8 мың текше метр қар шығарған.

— Серіктестік қаладағы 120 көшеге жауапты. Оның ішіне орталықтағы Әбілқайыр хан даңғылы мен Есет батыр, Тургенев, Оспанов, Тайбеков, Арынов көшелері кіреді.  Мәскеу ауданындағы және 11,12-шағын аудандардағы кейбір көшелер серіктестікке қарайды. Әуежайға баратын жолды да біздің жұмысшылар тазартады.  Қар  жауса бірінші кезекте автобус жүретін көшелер тазартылады.  Бір күнде  қарды тазалау үшін 12 техника, ал сыртқа тасу үшін 10 көлік шығады. Жалпы серіктестікте барлығы отызға жуық техника бар. Көктайғақта қолдану үшін 180 тонна инертті материал алғанбыз. Бүгінде соның қырық тоннасы қалды, Үш құм себетін көлігіміз де бар, — дейді Сақтапберген Китаев.

Қазіргі күні мекеме жұмысшылары күні-түні кезекпен жұмыс істейді. Негізгі тазарту жұмыстары түнде жүреді. Сақтапберген Китаевтың айтуынша, кейде көлік тұрағының маңайын тазарту қиынға түсетіні болмаса, бұл шаруаларда айтарлықтай мәселе жоқ.

Тұрғындар не дейді?

Қар тазарту жұмыстары тұрғындар көңілінен шыға ма? Қай ауданда қандай мәселе бар? Осы ретте қала азаматтарын сөзге тарттық.

 Адина Серікжанова, Тұрғындар қалашығы ауданының тұрғыны:

— Мен Бейбітшілік даңғылының бойында тұрамын. Осы көшені қар басып, көлік жүре алмай жатқанын көрмеппін. Мекемелер уақытында тазартып тұрады.  Биыл қар айтарлықтай көп емес. Соған қарамастан көше тазартып жүрген көліктер жиі байқалады. Бұл да болса, әр мекеменің өз ісіне жауапкершілікпен қарағанын көрсетеді. Жалпы Ақтөбе қаласы өзге аймақтармен салыстырғанда осы іске ерекше көңіл бөле ме деп ойлаймын. Өзім қыста біраз облыстарды аралап көрдім, олардан біздің қаладағыдай күні-түні қар шығарып жатқан көліктерді көп көзім шалмапты.

Қуандық Мұқанов, Мәскеу ауданының тұрғыны:

— Биыл қар көп жауған жоқ. Содан болар, қазір көше таза. Бірақ бар қарды уақытында шығарып тұрмаса көктемде қиындығын көреміз. Әсіресе, Мәскеу ауданындағы көшелер бірден балшыққа айналады, жүру мүмкін болмай қалады. Дегенмен, соңғы жылдары бұл мәселе де біртіндеп шешіліп келеді. Дер кезінде қарды сыртқа тасығандықтан су алып кету қаупі сиреді.

Сәбит Әлімгерей, Ағайынды Жұбановтар көшесінің тұрғыны,

— Қар тазарту жұмыстарының нәтижесі көктемде белгілі болады. Бар қарды сыртқа дер кезінде шығарса жақсы. Жалпы мекемелер белсеніп жұмыс істеп жатыр деп айта алмаймын. Көп жағдайда сыртқы көшелер, оның ішінде Ақжар, Ақжар-2, Заречный секілді аудандар кейінге қалады. Ақжарда тұратын апамның үйіне барғанда осыны байқаймын. Қар қалың жауса, бұл аудандарда көшеде көлікпен жүру қиын. Тиісті мекемелер аршимын дегенше біраз уақыт өтеді.  Сондықтан тазалықшылар шет жақтағы тұрғындардың да өтінішіне құлақ асса деген тілегім бар.

Расул Серіков, Пацаев көшесінің тұрғыны:

— Орталық көше болғасын ба мен  тұратын Пацаев көшесінде қыста көп қар болмайды. Арнайы көліктер тазартып жүреді. Адам көп жүретін көшелер аязды күндері тез көктайғақ болады. Осындай кезде жаяу жүргінші жолдарына кейде құм, тұз сеуіп қойғанын көремін. Жалпы мекемелердің жұмысына көңілім толады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button