Құқық

Тура бидің жолымен

Мерей

Арман

Сот жүйесінің ардагері, еліміздің Судьялар одағының мүшесі, «Үш би» құрметті төсбелгісінің иегері, Ақтөбе облысының үздік заңгері, Шалқар және Ойыл аудандарының құрметті азаматы Бекқожа Тайғожиев жетпіс жасқа жетіп отыр.

Ол орта мектепті алпысыншы жылдардың орта шенінде бітірді. Ол кезде оның туған жері Ойыл өңірінде ешкім заңгер болуды ойламайтын. Тіпті ойлағанның өзінде де Алматы қаласындағы жалғыз Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетіне түсудің тіпті де оңай еместігін білетін. Ел бойынша жылына 100 талапкер ғана қабылдайтын бұл факультетте сабақ бірыңғай орыс тілінде жүретін. Сол себептен де қазақ мектебін бітірген ауыл балаларының бұл факультетке баруға жүрегі дауаламайтын-ды.

Бекқожа осы үрдісті бұзып, университеттің заң факультетіне қалайда түсіп, бала күннен арманы болған мамандықты игеруге белді бекем буды. Алғашқы жылы конкурстан өте алмағанда да өкінбеді. Тіпті екінші жылы жолы болмай қайтқанда да, сағы сынбады. Ойыл аудандық сотына мәслихат хатшысы болып орналасып, еңбек жолын бастады. Ер кезегі үшке дейін деп, келер жылы Алматыға және жол тартып, бос қайтты. Дегенмен, бұл кезде оған аудандағы сот орындаушысы қызметіне орналасудың сәті түскен еді. Сол тұстағы аудандық соттың тәжірибелі судьясы Сәбит Мұханбетқалиевтен сот жүйесінің қыр-сырын үйрене берді. Осы мүмкіндікті пайдаланып, жұмыстан қол үзбей, ендігі жерде оқуға сырттай түсуге талап қылды. Және бұл қадамы дұрыс болды. Қабылдау емтихандарын жақсы тапсырғаны және сот жүйесінде қызмет істейтіні ескеріліп, заң факультетіне студент болып қабылданды. Бұл шақта университетте сырттай оқу мерзімі бақандай 6 жыл еді. Және заң бойынша сырттай оқу жүйесінен студентті кеңес әскері қатарына ала беретін-ді. Бекқожа да екі жыл кеңес әскері сапында борышын өтеді.

Сол әскерден 1972 жылы оралып, бұрынғы жұмысын да, сырттай оқуын да қайта жалғастырды. Жұмыс істей жүріп, жылына екі мәрте өтетін қысқы, жазғы сессияларынан қалмады.

Жоғары оқу орнында оқитыны ескеріліп, қызметінде де жаңалықтар болып жатты. Аудандық ішкі істер басқармасының өрт сөндіру бөлімінің басшысы, одан соң аудандық атқару комитетінің жалпы бөлімінің басшысы қызметіне тағайындалды. Қолына диплом тиген соң аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушылығына жоғарылады. Дегенмен, бұл қызметтердің бәрі де — ол қалаған арманнан қашық еді. Мамандығы бойынша қызметтің орайы келмей, аудандық партия комитетінде алты жылдай жүріп қалды. Заңгерлік қызметтің  реті көрінбей, шынын айтқанда, үміті де жіңішкере бастаған-ды.

Үміт оты

Сол үміт оты күтпеген жерден жанды. 1984 жылы мамыр айының ішінде облыстық партия комитетінің әкімшілік бөлімінің басшысы Неверов аудандық партия комитетіне телефон соғып, іздеді. Өзімен сөйлесіп, мамандығы бойынша қызметке шақырды. Уақыттың тығыз екенін айтып, егер мақұл көрсе, ертеңгілік облыстық партия комитетінде болуы керек екенін айтты.

Ол кезде аудандық әкімшіліктің де өзінше қалыптасқан тәртібі бар еді. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысынсыз мәселе шешілмейтін. Іссапарда жүрген Әнуар Бекмұханбетовке телефон шалып, мән-жайды айтып, рұқсат сұраған. Неверов те сөйлескен екен. Хатшының сөзі қысқа болды:

— Обкомның аппаратына қызметке алатын болса, қарсылық жоқ, қалған жерге барма, өзіміздің ойларымыз бар, — деді.

Бекқожа бұл кезде үлкен шаңырақтан енші алып, бөлек шыққан-ды. Егде тартқан әке-шеше кіші ұлының қолында болатын. Зайыбы Жұмасұлу Ойыл селолық кооперациясында бас есепші қызметін атқаратын. Былай қарағанда, Ойылда да жағдай бөтен емес-ті. Сол сәтте зайыбына телефон шалып, ақылдасып еді:

— Шақырып тұрған жерге бар. Оқыған мамандығың, маған қарама? — деп кеңес берді.

Сол кеште-ақ, жолшыбай жүріп бара жатқан көлікке жармасып мініп, Ақтөбеге жетіп, ертеңгілік айтқан уақытында обкомға жетті.

Келісімін алғаннан кейін, Неверов мән-жайды түсіндірді. Шалқар ауданы сотының төрағасы қызметінен абыройсыз кетіпті. Соның орнына жедел баруы керек екен. Ол кезде мұндай лауазым облыстың Шалқар, Хромтау, Алға аудандарында ғана бар еді, қалған аудандарда бір судьядан болатын.

Шалқар өрлеу тұғыры

Сөйтіп, облыстың ең үлкен ауданының сот төрағалығына сайланды. Жұмыс аса жауапты әрі ауыр еді. Жасыратыны жоқ, алғашқы жылдары «қайдан келдімге» қалып жүрді. Содан көндікті. Бірте-бірте жаңа жерге, ортаға да үйреністі. Үш мәрте сайлауға түсіп, 13 жыл үзбестен төраға болды. Шалқар ауданының сот жүйесінде төраға болып одан  көп істеген заңгер жоқ. Осы жылдар ішінде ауданның А.Төребаев, С.Беркімбаев, М.Жекеев сынды үш бірдей бірінші басшысымен қызметтес болды. Бұл қайта құру саясатының жағадан алып тұрған заманы еді.

— Сонша жыл жұмыс істегенде үстімнен бірде-бір шағым арыз түскен емес. Дау-дамайсыз, байсалды, алды-артымды ойлап, өте сақ жұмыс істедім. Өз қызметімде де, ауданның халқы алдында да сыйлы болдым. Екі мәрте аудандық кеңеске депутат болып сайландым. Ол кезде аудандық деңгейдегі судьяға, прокурорға мұндай құрмет көрсетіле бермейтін. Біздің отбасымыздың Шалқардан кеткеніне 22 жыл болған екен. Осы күнге шейін сол күндерімізді сағынамыз, — дейді Бекқожа бір кезде өзі бірге қызмет істеген ел-жұртты еске алып.

Шалқар ауданы заңгер Тайғожиевтің қызмет бабындағы өрлеу тұғыры болды. Осы жерде жинаған абыройымен ол 1996 жылы Ақтөбе аудандық сотына төраға болып келді. Одан Қарғалы соты учаскесін басқарды. Ақтөбе қалалық №2 соты төрағалығына өрледі. 2002 жылы Елбасының Жарлығымен Ақтөбе қалалық сотының төрағалығына тағайындалды.

Сот жүйесінің ардагері

Осы аса жауапты қызметте ол бес жыл тер төкті.

— Қалалық соттың төрағалығы өте ауыр қызмет еді. Ауыр болатыны, жүйе орнығып болмаған кез. Қазір алып қарасаңыз, түрліше атаумен ол жерде жеті сот бар. Бір кезде сол соттар қарайтын істердің  бәрін біз қарадық. Істі судьяларға бөлудің өзіне күнде үш-төрт сағат уақытым кететін. Ұдайы жұмыстың аяғында қалып, түнгі 10-11-ге дейін қызмет істеуге тура келді. Қалалық соттағы 27 судьяның бүлдіргеніне мен жауап беремін. Қалалық соттың төрағалығындағы мазасыз жұмысым осылай 5 жылға созылды. Жастайымнан спортты серік етіп өскендіктен өзімді мықты санаушы едім, алайда адамның денсаулығы темір емес екен. 2007 жылы кенеттен инсульт алып құлап, сырқаттануыма байланысты заң талабына сәйкес отставкаға шықтым. Ұзын-ырғасы ширек ғасыр сот саласында төраға болып жұмыс жасаппын, мен қатардағы судья болғаным жоқ, — дейді ауыр дерттің ізі сөйлегенінен әлі де анық байқалатын сот жүйесінің ардагері.

Бекқожаның ауыр дертке шалдыққанына 12 жылға айналған екен. Жақсы ем, отбасылық күтім азаматты аяғынан тұрғызғанмен, ол өзінің салдарын да тигізбей қалған жоқ. Таяуда қырық жылдан астам отасқан жан жарынан айырылды. Жетпіс жасқа иек артқалы тұрғанда, бұл өте ауыр соққы болды.

Алайда тағдырдың ыстығын да, суығын да көріп келе жатқан азамат бұл қиындыққа да қасқайып қарсы тұра білді. Өмірдің ол көрген өкінішінен қуанышы басым. Шүкірлік етпесе, болмайды. Жұмасұлу екеуі тәрбиелеп өсірген үш бала қатарға қосылды. Жәнібегі өз алдына үй болып, беделді кәсіпорында жауапты қызмет атқарады. Әділбегі мен келіні шаңырақта қалып, өзін мәпелеп бағып отыр. Құралайы тұрмыста. Өрімдей немерелер өсіп келеді. Жұмасұлуының бес айлық Әмірхан есімді шөбересін көріп кеткені де көңіліне медет.

Жас сәби қазір еңбектеуге талпынады. Сосын аяғын апыл-тапыл басуға ұмтылмақ. Ата жүрегі шөбересінің сол күндерін ойлап еміренеді. Өмірдің қуанышы деген —осы…

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button