«Бақытты бала»Басты жаңалықтар

Облыс әкімі Нарқызды жаңа жылымен құттықтады

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Ақтөбе қаласындағы №28 орта мектептің 11-сынып оқушысы Нарқыз Исимованы Жаңа жылымен құттықтады.

Нарқыз денсаулығына байланысты сабақты үйде оқиды. Мүмкіндігі шектеулі балаға үйде барлық жағдай жасалған. Бұл күні Нарқыз тұратын үйге Аяз ата мен Ақшақар да келіп, оны ерекше қуанышқа бөледі.

«Бақытты бала» жылын бекерден-бекер жариялаған жоқпыз. Соңғы кездері қайырымдылық шараларын көп өткізіп жүрміз. Біз кәсіпкерлерді, кәсіпорындарды, компанияларды қайырымдылық шараларына үлес қосуға шақырамыз. Себебі, барлығына бірдей қолдау көрсетуге мемлекеттің мүмкіндігі жете бермейді. 2018 жылдың өзінде облыста 500 мыңнан астам ақтөбелікке 6,5 миллиард теңге көлемінде көмек көрсетілді. Көп баланың Корея, Түркия елдерінде тегін ем алуына жағдай жасалды. Қазір облыста 21 мың адамға мүгедектік тағайындалса, соның 3 мыңға жуығы — балалар. Ақтөбе қаласында «Орыс мыс компаниясы» акционерлік қоғамының қолдауымен сал ауруына шалдыққан балаларды емдейтін орталық ашылды. Оңалту орталығында жылына ең кем дегенде 1000 бала ем алуы қажет. Мұның барлығын біз балалар үшін жасап жатырмыз, — деген Бердібек Машбекұлы Нарқызға ноутбук пен басқа да сыйлық сыйлап, оған мықты денсаулық әрі үздік оқуын тіледі.

Нарқыз — оқу озаты. Ахондроплазия дертіне шалдыққан балаға Астанада, Украинада ота жасалған.

Қазір ұлттық бірыңғай тестілеу емтиханына дайындалып жатырмын. Болашақта заңгер болғым келеді, — деген Нарқыз Жаңа жылда өзіне тосынсый жасаған облыс басшысын мерекемен құттықтап, ерекше алғысын білдірді.

Бос уақытында кітап оқып, би үйірмесіне қатысатын Нарқыздың алған марапаттары да жетерлік. Ол — «Жұлдызай» қалалық балалар шығармашылығы фестивалінің жеңімпазы, республикалық деңгейде де өнер көрсетіп жүр.

Нарқыздың өмірге деген құштарлығына сүйсінген облыс әкімі: «Адам өмір сүру үшін күресу керек», — деп Қазақстанның Еңбек Ері Құралай Байменованың өмірге деген қайрат-жігерін үлгі етті. Сондай-ақ, Бердібек Сапарбаев қыз баланы емдеуге қолдау көрсететініне уәде берді.

Сонымен қатар, мереке күні облыс әкімі мемлекеттік қайраткер, облыста ұзақ жылдар басшылық қызметтерде болған ардагер Сапар Сағынтаевты да Жаңа жылымен құттықтады.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button