Басты жаңалықтарЖастар

Биылғы жастар жылында облыста 130-ға жуық маңызды іс-шара өткізіледі

«Жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуға тиіс. Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек. Келесі жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынамын».

 Қазақстан Республикасының Президенті

Н.Ә.НАЗАРБАЕВ.

Биылғы жыл Мемлекет басшысының бастамасымен Жастар жылы болып жарияланды. Осыған орай елімізде «Жастар жылы» жол картасы жобасы әзірленді. Алдағы уақытта аталған жоба аясында еліміздің түкпір-түкпірінде көптеген іс-шаралар жүзеге асырылып, жастарға қолдау көрсетілмек. Осы орайда біз алда атқарылатын жұмыстар туралы облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Нұрлан Күнтуовпен сұхбаттасқан едік.

 — Биыл Жастар жылында облыста қандай іс-шаралар ұйымдастырылады? Қандай жаңа жобалар, бастамалар қолға алынбақ?

Сөз басында басқарма басшысы ретінде облыстағы барлық жасты келген Жаңа жылдарымен, сондай-ақ Жастар жылымен шын жүректен құттықтаймын!

2019 жылдың Жастар жылы болып жариялануы, әрине, біз үшін үлкен бір тосын сый болды десек артық етпес. Себебі Елбасымыз бұл жылы жастарға ерекше көңіл бөлінуі керектігін өз Жолдауында атап көрсеткен болатын. Жалпы елімізде жастарға мемлекет тарапынан әрқашан жүйелі түрде қолдау көрсетіліп келеді. Біз бұл қолдауды сезініп отырмыз. Биылғы жылдың Жастар жылы болып жариялануы ел болашағы – жастардың өз-өздерін дамытуға, білімін, өнерін шыңдауға тағы бір серпін беріп отыр. Сондықтан биылғы жыл еліміздегі, облыстағы жастар үшін үлкен мүмкіндіктер, жаңару мен даму жылы болмақ.

Өткен жылы Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауынан соң облыстағы барлық аудандардан, облыстық басқармалардан, үкіметтік емес ұйымдардан Жастар жылын лайықты өткізу мақсатында іс-шаралар мен ұсыныстар жинақталған болатын. Бүгінгі күні облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен облыста жалпы мөлшері 130 миллион теңгені қамтитын іс-шаралар жоспары бекітілді. Алдағы аптадан бастап облыста аталған іс-шаралар жоспары аясында өңірдің барлық аудан, елді мекендерінде іс-шаралар басталады.

Биылғы жылы аталған жоспар аясында облысымызда «Жігер» жастар әскери-патриоттық лагері өз жұмысын бастайды, аудандардан шыққан білікті дәрігерлердің қатысуымен көмекке мұқтаж тұрғындарға тегін ота жасалады, «Туған жерге тағзым» акциясы аясында әр аудан, елді мекендерден шыққан жас мамандар өз туған жерін көркейту, дамыту мақсатында көмек, қолдауларын көрсетіп, үлестерін қосады. Сондай-ақ биыл облысымызда Еріктілер форумы, Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерейтойына орай «Тарихы тылсым туған жер» атты жоғары оқу орындары студенттеріне арналған республикалық пікірсайыс турнирі, еліміздің жоғары оқу орындары арасында өткізілетін Х жазғы республикалық универсиада, Жас кәсіпкерлер форумы, жалпы саны 130-ға жуық әртүрлі деңгейдегі іс-шараларды жүзеге асыру жоспарланып отыр. Жалпы аталған шараларға өңірдегі барлық санаттағы жастар өз үлесін қосады деп сенеміз.

«Ақтөбенің» анықтамасы

Ресми статистикаға сүйенсек, бүгінгі күні облыста 14-29 жас аралығындағы 208 237 жас бар. Олардың 63 пайызы, яғни 131 158-і облыс орталығында тұратын болса, 37 пайызы (77 079) ауылдық жерлерде тұрады.

— Жастар жылы аясында қала, аудан жастарына қандай қолдау, көмек, қамқорлық жасалады?

— Жоғарыда атап өткен жоспарға сәйкес биыл өткізілетін іс-шаралар жастардың заңды мүдделерін, құқықтарын қорғауға, олар тиісті әлеуметтік қолдауға ие болып, барлық мүмкіндіктері мен әлеуетін толыққанды іске асыруға бағытталған. Ағымдағы жылы облыста жастарды қолдау мақсатында «Дипломмен ауылға», «Серпін», «Жасыл ел» бағдарламалары жүзеге асырылып, облыс әкімінің абитуриенттерге беретін арнайы гранттары да өз иегерлерін табатын болады. Бүгінгі күні қала және аудан әкімдіктері жастарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесін талқылауда. Жуық арада бұл мәселе өз шешімін табады деп сенеміз.

Сондай-ақ биыл жыл басында Ақтөбе қаласы әкімдігі облыс орталығында білім алып жатқан студенттердің қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүру мәселесін қарастырып жатыр.

Алдағы уақытта осы мәселелер өз шешімін тапса, өңірдегі бірқатар жастарға үлкен қамқорлық, қолдау көрсетілген болар еді. Жалпы биылғы жылы жастардың білім алуына, жұмысқа орналасуына, баспаналы болуына көбірек жағдай жасалмақ.

— Бүгінгі күні облыс орталығында 6 жоғары оқу орны бар. Осы оқу орындарында  Жастар жылында қандай бастамалар қолға алынады, қандай шаралар өтеді?

— Облыстағы Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті еліміздегі үздік 20 оқу орнының ішінде жетінші орынды иеленсе, Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университеті — тек республика көлемінде емес, бүкіл әлемге белгілі білікті мамандарды тәрбиелеп отырған білім ордасы. Бүгінгі күні аталған жоғары оқу орындарында мыңдаған студент білім алуда. Біз осы оқу орындарындағы жастармен де тығыз байланыста жұмыс жасаймыз. Мәселен, биылғы жылы біздің басқарма аталған жоғары оқу орындарымен, сондай-ақ колледждермен бірлесіп жаңа бастамалар көтермек. Алдағы уақытта облыс көлемінде өткізілетін әлеуметтік, мәдени және спорттық бағыттағы іс-шаралардың көпшілігі осы оқу орындарымен бірлесе жүзеге асырылады.

— 2018 жылдың қорытындысы бойынша жыл соңында бірқатар жас үлкен марапаттарға ие болды. Облыстың намысын қорғап жүрген және еліміздің дамуына үлес қосып жүрген жастар, олардың жетістіктері туралы айта кетсеңіз.

— Өткен жылы облыс басшысы Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасына сәйкес «Жас Ақтөбе» атты дәстүрлі үздіктерді марапаттау іс-шарасын қайырымдылық форматта, үлкен мерекелік бал ретінде өткіздік. Аталған шарада түрлі номинациялар бойынша үздік, белсенді жастарға сый-құрмет көрсетілді. Мысалы, «Жыл жұлдызы» номинациясы бойынша Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің студенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы, «Jas Barys» атағын иеленген жас Аслан Әбуов «Үздік» деп танылса, «Ең үздік ауыл жасы» номинациясын ойылдық «Дипломмен ауылға» бағдарламасының қатысушысы, жеке кәсіпкер Ақнұр Ғазизова иеленді. Бүгінгі күні Ақнұр ауданда 50 орындық балабақша салып, өз жобасын жүзеге асыруда. Ал «Үздік жас өнерпаз» номинациясы бойынша Мәртөк ауданының тұрғыны Қымбат Қуантаева жеңімпаз деп танылып, облыс әкімінің қолынан Алғыс хат пен 100 мың теңге көлеміндегі сыйақыны иеленді. Сондай-ақ облыста әр салада еңбек етіп, облыстың, еліміздің дамуына зор үлес қосып жүрген жастарымыз да бар. Олар өткен жылы өздерінің кәсіби мерекелерінде, Тәуелсіздік күнінде бірқатар марапатқа ие болды.

Жалпы облыстың жастары белсенді. Өз қызметтерінде ғана емес, ерікті ретінде де қоғамдық жұмыстарға атсалысып, облыс, қала деңгейінде өткізілетін іс-шараларға зор үлес қосып жүр.

Биылғы Жастар жылында облыстың жастары бұрынғыдан да белсенді, жан-жақты болып, өңірде ұйымдастырылатын іс-шараларға ұжымшылдықпен, ауызбіршілікпен атсалысады деп сенемін. Және облыс жастарын бірауыздан осы іс-шараларға қатысуға шақырамын!

Сұхбаттасқан Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button