Басты жаңалықтарМереке

200 балаға жаңажылдық сыйлық табысталды

Кеше Жекпе-жек спорт сарайында ақтөбелік оқушылар үшін облыс әкімі атынан жаңажылдық шырша өткізілді. Көңілді кешке әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көпбалалы отбасынан шыққан, сондай-ақ түрлі жетістіктерімен мектеп мерейін асқақтатып жүрген 200-ге жуық оқушы жиналды.  

Мерекелік шарада оқушылар жасыл шырша маңына топтасып, ән шырқап, би биледі. Олар «Алиса ғажайыптар елінде» атты мерекелік қойылымды тамашалап, ертегілер еліне саяхат жасады. Ертегі кейіпкерлері кештің кішкентай қонақтарын өздеріне тез баурап алды. Дәстүр бойынша балалар Аяз ата мен Ақшақарды ортаға алып, сиқырлы таяқшамен шырша шамдарын жақты. Содан кейін олар көңілді байқаулар мен викториналық ойындарға белсене қатысты.

Бұдан кейін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев балаларға ақ тілегін, ыстық лебізін жеткізді. Оқушылардың мерекелік кешіне облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова да келді.

Айналайын, балалар! Барлығымыздың, әсіресе сіздердің ең жақсы көретін, асыға күтетін мерекелеріңіздің бірі — Жаңа жыл. Өйткені кішкентай баладан, еңкейген қарияға дейін Жаңа жылдан өзіне жақсылық, өзгерістер күтеді.  Міне, сіздер де Аяз ата, Ақшақармен бірігіп, 2019 жылды күтіп алуға келдіңіздер. Сіздер үшін  2018 жыл жаман болған жоқ. Сабақты жақсы оқыдыңдар, тәртіпті болдыңдар. Алдағы уақытта да спортпен, өнермен айналысып, ата-ананың, ұстаздарыңның айтқанын тыңдап, сабақты жақсы оқу, өзгелерге үлгі, өнеге көрсету — сіздердің басты міндеттерің. Сіздер неғұрлым білімді, тәрбиелі болсаңыздар, болашақта үлкен азамат болып, еліміздің дамуына үлес қосасыздар, — деді Бердібек Сапарбаев.

Шырша мерекесінде облыс басшысы әрбір балаға 20 мың теңгенің сертификаты мен тәтті сыйлықтар ұсынды. Кеш қонақтарына Жыл иесі бейнеленген жұмсақ ойыншықтар да сыйға тартылды.

Аружан Үсінғалиева, Ақтөбе қаласындағы №67 орта мектептің 7-сынып оқушысы:

—  Осындай зәулім сарайда өтіп жатқан мерекеге келгеніме қуаныштымын. Біздерге қуаныш сыйлап, сыйлық беріп жатқан Бердібек ағаға үлкен рақметімді айтамын. Қазір мен мектебімде би үйірмесіне қатысамын. Би билегенді жақсы көремін. Болашақта түрлі байқауларға қатысып, мектебімнің мерейін көтеретін боламын.

Әлішер Жаңбырбаев, Ақтөбе қаласындағы М.Арынов атындағы Қарғалы қазақ орта мектебінің 6-сынып оқушысы:

Үлкен шыршаны алғаш рет көріп тұрмын. Облыс әкімі атынан ұйымдастырылған бұл мерекеге қатысатынымды естігенде, ерекше қуандым. Қазір мен грек-рим күресінен түрлі жарыстарға қатысып жүрмін. Бірнеше рет республикалық байқаулардан жүлдемен оралдым. Биылдың өзінде Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарында өткен жарыстарға қатыстым. Бұл орайда мен жаттықтырушым Жасұлан Құлыбаевқа ерекше алғысымды білдіргім келеді.

Облыстық білім басқармасы Жаңа жыл қарсаңында, яғни биыл 31 желтоқсан күні сағат 10.00-де «Балаларға қуаныш сыйла!» атты кең ауқымды акцияның өтетінін  жариялады. Басқарманың бас маманы Фатима Айтбаеваның айтуынша, акция аясында ерекше білім беруді қажет ететін 3626 баланы мемелкеттік мекеме өкілдері Аяз ата мен Ақшақармен бірге құттықтап, сыйлық беретін болады.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button