Құқық

Жүргізуші жауаптылығы — жол қауіпсіздігі кепілі

Сараптама

Соңғы уақытта әлем бойынша жол-көлік апаттарының орын алуы жиілей түсуде. Сол себептерге байланысты республикамызда жол-көлік оқиғаларының орын алу жағдайларына сәйкес жүргізілетін сараптамалардың зерттеу сипатындағы жұмыстарына ерекше мән берілуде. Бұл ретте көлік құралдарының техникалық ахуалы басты назарға алынбақшы.

Біздің Ақтөбе өңіраралық сот сараптамалары орталығының жол-көлік оқиғаларына қатысты 2017 жылы 525 сараптама жасалды. Биылғы жылдың алғашқы жартысының өзінде 300-ге жетті. Бұл көрсеткіштер жыл сайын сараптама тағайындаудың өсу үстінде екендігін көрсетеді.

Осы жылдың маусым айында республика бойынша жол-көлік оқиғаларының жағдайларын зерттеу сараптамаларын жүргізетін сарапшылардың бір тобы Израиль мемлекетінің Иерусалим қаласында орналасқан «The Madid Institute» оқу орнына білім жетілдіру курсына жіберілді.

Жалпы халықаралық статистикалық мәліметтерге сәйкес, әрбір 100 мың шақырымға шаққанда біздің елімізде 24,2 адам, ал Израиль мемлекеті бойынша 5,8 адам қаза болады екен. Бұл көрсеткіш Израиль мемлекетінің жол-көлік оқиғаларын сараптауда, оның алдын алуда көш ілгері дамып кеткендігінің дәлелі. Білім жетілдіру курсында осы саладағы тың жаңалықтар мен сараптама өндірудегі әдіс- тәсілдер тыңдаушыларға жете түсіндірілді.

Курста жалпы жол-көлік оқиғаларының жағдайларын зерттеуде оқиға орын алған жерді қарау маңызды роль атқаратындығына жіті назар аударылды. Жол-көлік оқиғасы орын алған жерді тиянақты, объективті, жан-жақты қарау көлік құралдарының соқтығысулары орын алған жерді нақты, дәлірек анықтауға септігін тигізеді. Алдымен көлік жүргізушілерінің көрсетулері еске алынады, содан соң соқтығысу орын алған жердегі көлік құралдарынан қалған дөңгелек іздері сызбаға түсіріледі.

Сараптамалық зерттеулер жүргізетін сарапшы жол-көлік оқиғасы орын алғаннан кейін оқиға орнын қарау, тексеру амалдарына өзі қатынасқаны дұрыс. Өкінішіке қарай, бізде нақ осы мәселе ақсап тұр.

Қазіргі уақытта Ақтөбе қаласы қанатын кеңге жайып, дамып келеді. Соған байланысты көшедегі көліктер саны да көбеюде. Осындай жағымды жағымен қатар, жол-көлік оқиғаларының жиі орын алатыны да жасырын емес. Біздің жүргізген сараптамаларымыз кейбір жүргізушілердің жол жүрудің қарапайым ережелерін сақтай бермейтінін, сондай-ақ техникалық ақауы бар көліктерді пайдаланатынын білдіреді. Мұның барлығы адамдардың өміріне қауіп төндіретін алғышарттар деп білуіміз керек.

Омарғали СПАНОВ,

Ақтөбе өңіраралық сот сараптамалары орталығының бас сарапшысы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button