Мәдениет

Рәміздер — мақтанышым

Тәрбие

Қоғамымыздың әрбір мүшесі еліміздің рәміздерін мақтаныш тұтып, қадірлеп- қастерлеуге тиіс. Өскен, дамыған елдердің азаматтары осылай қалыптасады. Осындай жақсы қасиеттерді жастардың бойына дарытуды ойлап, қыруар қызмет атқарып жүрген қоғамдық ұйымдар, бірлестіктер аз емес. Таяуда облыстық ішкі саясат басқармасының тапсырмасы бойынша «Қос шынар» Әлия-Мәншүк қоры қоғамдық бірлестігі  осындай бір шара ұйымдастырды. Ол Қобда ауданында, Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың кіндік қаны тамған ауылда өтті. Осындағы «Әлия» облыстық патриоттық тәрбие беру орталығындағы ұйымдастырылған шара «Рәміздерім — мақтанышым!» деп аталды.

Әрине, бұл жиын да әдеттегідей, батырдың рухына тағзым етумен, ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталды. Шараға қатысушылар Әлия мұражайын аралап көрді.

Мемлекетіміздің рәміздерін қадірлеп, қастерлеу бағытында өткізіліп отырған бұл бірінші шара емес еді. Бұған дейін қоғамдық бірлестік түрлі тақырыпта осындай кездесулер өткізген болатын. Оларда осы салаға қатысты мемлекеттік мекемелерде, қоғамдық ұйымдарда қызмет атқаратын жауапты адамдардың баяндамалары тыңдалған. Бұл жолы да солай жасалды. Барлық баяндамалардың да арқауы еліміздің рәміздері туралы болды.

Шараның екінші бөлігі қатысушылардың еліміздің рәміздерін қаншалықты жақсы білетінін анықтауға, олардың осы бағыттағы білігі мен білімін байытуға арналды. Байқауда патриоттық әндер орындалып, еліміздің рәміздері туралы жырлар мәнерлеп жатқа оқылды. Рәміздер туралы сұрақтар қойылып, жауап алынды.

Байқаудың қортындысы шығарылды. Бас жүлдені  №38 қазақ орта мектебінің 5- сынып оқушысы Назерке Сайлауова жеңіп алды. Бірінші орын Мұғалжар ауданынан қатысқан Тәңірбек Әбдіжәліловке, екінші орын Байғанин ауданының мектеп оқушысы Нұрбек Әбдіровке, үшінші орын Қобда ауданы ішкі саясат бөлімінің қызметкері Динара Сисенғалиеваға берілді.

Қоғамдық бірлестіктің басшысы Ғалымжан Байдербес облысымыздың бірнеше ауданынан осы шараға арнайы қатысқан азаматтарға бірлестіктің атынан сыйлықтар мен Алғыс хаттар тапсырды.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button