Басты жаңалықтарМереке

Тәуелсіз елдің шаттығы

Кеше Ақтөбедегі Өнер орталығында ел Тәуелсіздігінің 27 жылдығына арналған «Тәуелсіз елдің шаттығы» атты салтанатты шара өтті. Азаттық үшін күрескен ата-баба арманының орындалған күні, халықтың, елдің тойы, Қазақ ұлтының ұлы тойы — Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне арналған шара мемлекеттік рәміздерді ұлықтаудан басталды. Төрге Көк Байрақ пен Елтаңба әкелініп, Әнұран шырқалды.

Одан соң ақтөбеліктер мен қала қонақтарын облыс әкімі Бердібек Сапарбаев құттықтады:

— Тәуелсіздік — дәуір мен уақыттың бізге берген сыйы, ұлтымыздың басты құндылығы. Биыл тәуелсіздік алғанымызға 27 жыл толды. Осы уақытқа дейін қазақ, Қазақстан халқы қаншама қиындықты, дағдарысты бастан кешірді. Тоқсаныншы жылдардың басындағы тоқырау кезі де біздің есімізде. «Ұлылар екі дәуір алмасқанда дүниеге келеді» деген сөз бар. Сол жылдары қоғам алмасқанда егемендік алған елді қиыншылықтан алып шығатын басшы керек болды. Сол басшымыз Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет Басшысының дұрыс жүргізіліп келе жатқан ішкі және сыртқы саясатының нәтижесінде Қазақстан барлық қиыншылықты еңсерді. Еліміз әлемдік аренада өзіне лайықты орнын алды. Бүгінде Қазақстан әлемдегі дамыған 50 елдің қатарына енді. Біріккен Ұлттар Ұйымы ассамблеясы мінбесінде тұңғыш рет қазақтың сөзі естілді. Нұрсұлтан Назарбаев әлемге қазақтың тілін мәлім етті. Осының барлығы біздің елдегі бірлік пен тұрақтылықтың, ынтамақтың арқасы. Бұл жетістіктерде ақтөбеліктердің де үлесі бар. Оны жақында Ақтөбеге келген сапарында Мемлекет Басшысының өзі де айтқан болатын: «Ел экономикасының дамуында мемлекеттің абырой, беделіне Ақтөбе облысының қосып отырған үлесі зор», — деді Президент.

Тәуелсіздіктің жиырма жеті жылындағы әр жылдың өз ерекшелігі бар. Биылғы жыл да айтарлықтай жаңалықтармен тарихта жазылады. Соның ішінде ұлттық валютамыз — теңгенің шыға бастағанына 25 жыл, Астанамыздың 20 жылдығы аталып өтті. Елорданың тойына ақтөбеліктер де үлес қосты — Астананың орталығында «Бейбітшілік қабырғасы» монументі ашылды. Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні, яғни 29 тамызда өткен ашылу салтанатына Елбасының өзі қатысты.  Бұл жыл Ақтөбе облысы үшін де жаман жыл болған жоқ. жылдың аяқталуына 10-15 күндей уақыт қалды. Біз Мемлекет Басшысының тапсырмаларын толығымен орындап отырмыз. Облыстың негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері былтырғы республикалық көрсеткіштерден жоғары. Облыс экономикасының өсімі 5 пайызға жетті. Соның барлығы ақтөбеліктердің маңдай терінің, ерен еңбегінің арқасында, — деді облыс әкімі.

Шара барысында Бердібек Сапарбаев Қазақстан Республикасы Президенті Жарлығымен ҚР мемлекеттік наградаларымен наградталған тұлғаларға салтанатты түрде сыйлықтарын табыс етті. Айта кету керек, осы күні Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевеліміздің өсіп-өркендеуіне зор үлес қосқан бірқатар азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттаған болатын. Сол жиында Қазақстан Республикасының экономикалық, әлеуметтік-гуманитарлық дамытудағы аса үздік жетістіктері, белсенді қоғамдық қызметі үшін «Ақтөбе қаласы сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығы» ҚБ төрайымы Құралай Бәйменоваға жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Қазақстанның Еңбек Ері»атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз бен «Отан» ордені тапсырылды.

Салтанатты шара барысында мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін Алға ауданындағы «АкТеп» ЖШС құрылтайшысыНұрлан Сағыналин «Парасат» орденімен наградталды.

— Елбасының тапсырмасына орай, биыл біз екі мың тонна ет экспорттадық. Осы жылы бес мың тоннадан астам ет өндірілді. Жақын және алыс шетелдерден 5 мың басқа жуық мал әкелінді. Шаруаларға 5 миллиард теңгеге жуық тауарлы несие берілді. Алдағы жылы жалпы 2,5 миллион бас мал бағатын 16 мыңнан астам шаруа қожалықтарын құру, шаруаларға қызмет көрсету орталығын ашу, экспорт көлемін ұлғайту жоспарымызда бар, — дейді Н.Сағыналин.

Шара барысында II дәрежелі «Достық» орденімен «Бабәк Құрылыс» ЖШС директоры Рахиб Азизов марапатталды. Сонымен бірге елдің дамуына үлес қосқан ақтөбеліктердің бірқатары «Құрмет» және  IІI дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордендерімен, «Ерен еңбегі үшін» және «Шапағат» медалімен, Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталды. Мұндай жоғары құрметке 72 ақтөбелік лайық деп танылды. Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова, Қобда ауданының әкімі Мейрамбек Шермағанбет, ұзақ жылдар бойы БАҚ саласында қызмет етіп келе жатқан «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин «Құрмет» орденімен марапатталды. Әріптестеріміз, «Казахстанская правда» республикалық газетінің меншікті тілшісі  Жұбаныш Байгуринов Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен, «Телекомпания РИКА-ТВ» ЖШС ақпарат  қызметінің директоры Владимир Беляков «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Президент Жарлығымен ерекше құрметке ие болғандар арасында жас кәсіпкерлер де бар. Солардың бірі Қобда ауданындағы «Қазақ асылдары» ЖШС бас директоры Есімжан Кіржанов:

— «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталғаным — маған артылған үлкен сенім мен жауапкершілік деп түсінемін. Біздің серіктестік елдің өркендеуі үшін барынша еңбек етіп жатыр. Қазір қазақтың асыл тұқымды мал басын арттыруға күш салып жатырмыз. Серіктестікте 740 басқа жуық  асыл тұқымды Мұғалжар және Көшім жылқысы бар, 240 бас ақбас сиыр бар. Қазіргі уақытта Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ғалымдарымен бірлесіп будандастыру бағытында жұмыс істеп жатырмыз, — дейді ол.

Салтанатты шара барысында бес адамға «Ақтөбе облысының Құрметті Азаматы» атағы берілді. Олардың қатарында журналистика саласының ардагері Нұқы Қартбаев та бар. Сонымен бірге үш адам «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, әлеуметтік-экономикалық дамуына және өндірістік әлеуетін арттыруға қосқан зор үлесі үшін облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Мұндай құрметке «Gas Processing Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің техникалық директоры Болат Сақтағанов да ие болды. Айта кету керек, жақында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев индустрияландыру күніне арналған дәстүрлі телекөпір барысында аталған компанияның заманауи газ өңдеу кешенінің жұмысын бастауына пәрмен берген болатын.

Бұл зауыт жүйесі толық автоматтандырылған. Жобаның ерекшелігі — бастапқы газды меркаптан мен күкіртті сутектен тазартуға мүмкіндік беретін, «Дао» америкалық компаниясының инновациялық технологиясын қолданып жұмыс істеуінде. Тағы бір ерекшелігі — егер бұрын газ өңдеу зауытын жер қойнауын пайдаланушылар ғана салып келген  еді, біздің компания жер қойнауын пайдаланушы емес, яғни, осындай компаниялар арасында біз республикада алғашқылардың бірі болып осындай кәсіпорын аштық. Бұл облыс үшін өте тиімді, біріншіден, 300 миллион тонна ілеспе және мұнайгазын өңдеуге мүмкіндік береді, нәтижесінде ауаға зиянды заттардың шығуын қысқартуға жағдай жасайды. Сайып келгенде,аймақтың экономикасының жақсаруына сүбелі үлес қосады, — дейді ол.

Салтанатты шара әдемі ән-жырмен, би-күймен жалғасты. Кеш соңында сахнаға 1991 жылы — тәуелсіздік жылы өмірге келген жігіттер мен қыздар шығып, өнер көрсетті. Олардың арасында «Ақтөбе» газетінің тілшісі Айбек Серікұлы да бар.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button