БілімБасты жаңалықтарМереке

Әбіш Кекілбаев атындағы мектеп ашылып, Фариза Оңғарсынова атындағы білім ошағында мемориалдық тақта орнатылды

Кеше Тәуелсіздік күні қарсаңында Ақтөбе қаласындағы Әуе қалашығы ауданында жаңа білім ордасы пайдалануға беріліп, Қазақстанның Халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев пен қазақтың белгілі ақыны Фариза Оңғарсыноваға арналған мемориалдық тақта ашылды. Салтанатты шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова, Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов, Әбіш Кекілбаевтың жары Клара Жұмабаева мен ұлы Дәулет Кекілбаев, Фариза Оңғарсынованың баласы Алмас Оңғарсынов, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері қатысты.

 150 оқушы «жас ұланға» мүше болды

Алдымен облыс әкімі қала сыртындағы «Әсем» балалар лагерінің «Жастар ордасы» залында өткен «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының қатарына оқушыларды қабылдауға арналған салтанатты жиынға қатысты.

Жиында облыстық мектеп-интернат, қала және аудан мектептерінде оқитын үздік және белсенді 150 оқушы «Жас Ұлан» ұйымына салтанатты түрде қабылданып, ант берді.

Шарада облыс басшысы балаларға жылы лебізін білдірді.

Бүгін — балалар үшін ерекше күн. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында оқушылар «Жас ұлан» бірлестігіне мүше болып отыр. Тәуелсіздігіміздің мәңгілік болуы, мемлекетіміздің, ұлтымыздың дамуы біздің болашағымыз — балаларға байланысты. Егер сіздер жақсы оқып, тәрбиелі, денсаулықтарыңыз мықты, мәдениетті болсаңыздар, ертең еліміз дамиды, әлем Қазақстанды таниды. Ант беру рәсімінде сіздер Отанға адал қызмет етуге, туған елді сүюге, салауатты өмір сүруге ант еттіңіздер. Сондықтан алдағы уақытта сіздер соған сәйкес болып, ел, Отан, ұстаз, ата-аналарыңыздың алдында берген анттарыңызды бұлжытпай орындауларыңыз керек.

«Жас ұлан» ұйымы — мемлекеттегі қоғамдық ұйымдардың ең басы, негізі. Қазір облыста 90 мыңнан астам бала осы ұйымның мүшесі. Облыс басшылығы атынан балаларды бүгінгі қуаныштарымен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, оқуда озат болуларыңызды тілеймін. Барлығыңызды алда келе жатқан мерекемен құттықтаймын, — деді облыс әкімі Б.Сапарбаев.

Салтанатты жиында барабаншылар тобы марш орындап, оқушылар патриоттық әндер шырқады. Сондай-ақ шарада жас сарбаздардың дефилесі көрсетілді.

Бұл күні «Жас ұлан» ұйымының қатарына қабылданғандардың бірі — Ақтөбе қаласындағы №32 мектеп-гимназияның 4-сынып оқушысы Исламби Әбілқайыр.

Ол салтанатты жиында ұйымға мүше болып қабылданып, жиналғандар алдында ант берді.

— Мен «Жас ұлан» ұйымының қатарына мүше болып қабылданғаныма өте қуаныштымын. Енді мектепте өтетін барлық қоғамдық шараларға қатысатын боламын. Мен өз елімнің патриотымын, — дейді Исламби.

Әбіш атындағы мектеп

Бұдан кейін облыс әкімі бастаған топ Әуе қалашығындағы 900 орындық №72 Әбіш Кекілбаев атындағы жалпы білім беретін ІТ мектеп-лицейінің ашылу рәсіміне қатысты.

Шара Әбіш Кекілбаевтың құрметіне арналған мемориалдық тақтаның салтанатты түрде ашылуынан басталды.

Салтанатты шарада облыс әкімі жиналғандарды жаңа білім ордасының ашылуымен және Тәуелсіздік күнімен құттықтады.

Қазақтың тарихында Әбіш Кекілбаевтың орны бөлек. «Тұлғалар екі ғасыр тоғысында дүниеге келеді» — деп бекерден айтылмаған. Өткен ғасыр мен қазіргі ғасырда өмір сүрген Әбіш Кекілбаев қазақтың қазақ болуына, қазақтың тарихын, әдебиетін танытуға, қазақтың тәуелсіз мемлекет болуына мол еңбек сіңірді. Оның әдебиеттегі орны ерекше. Проза, драматургия жанрларында қаншама кітап жазғанын өздеріңіз білесіздер. Әбіш Кекілбаевтың туындылары тек қазақ, орыс тілдерінде ғана емес, көптеген тілдерде жарық көрді. Ол кісі жүрегі кең, әділ адам болатын. Біз ұлы тұлғаны ешқашан ұмытпаймыз. Алдағы уақытта біз оның еңбектерін жастарға оқытуымыз керек. Бүгін, міне, облыс орталығында жаңа заманның талабына сай жабдықталған мектепке ұлы тұлғаның есімі беріліп, білім ордасы балаларға есігін айқара ашып отыр. Сондықтан бүгінгі шараға жиналған баршаңызды осы қуанышпен, алда келе жатқан Тәуелсіздік мерекесімен құттықтаймын. Осы білім ордасынан Әбіш Кекілбаев сияқты еліміздің атын шығаратын жастар шықсын деп тілеймін, — деді облыс басшысы.

Салтанатты жиында Әбіш Кекілбаевтың жары Клара Жұмабаева жиналғандарға жүрекжарды лебізін білдірді.

Ақтөбеліктерге Әбішті еске алғандары үшін алғыс айтамын. Әбіш 77 жасында өмірден өтті, бірақ артында үлкен із қалдырды. Оның басты тілегі өз елінің бай, бейбіт болуын, гүлденгенін көру еді. Бүгінде біз сондай уақытта өмір сүріп жатырмыз. Балалар, осы сыйды бағалай біліңіздер. Үлкендердің сіздер үшін жасағандарын бағалап, осындай игі істерді жалғастыруға ұмтылыңыздар, — деді ол.

Лента қию рәсімінен кейін облыс әкімі бастаған топ мектепті аралады. Келген қонақтар «Әбіштану» кабинетін көріп, оқушылар Әбіш Кекілбаевтың шығармаларынан үзінділер оқып берді.

Айта кету керек, 900 оқушыға арналған мектеп-лицейдің құрылысына бюджеттен

1,6 млрд теңге бөлінген. Мектепте 40 оқу кабинеті, кітапхана, медиатека, 2 спорт зал, 4 технологиялық шеберхана, 300 орындық асхана жұмыс жасайды. Мектеп өз жұмысын 10 қаңтардан бастайды. Қазір мектепке 567 бала қабылданған.

— Бүгін Маңғыстаудан Ақтөбеге арнайы келіп, жаңа білім ордасының ашылу рәсіміне қатысып отырмыз. Біз үшін бұл үлкен қуаныш. Әкеміздің есімін құрметтеп, осындай зәулім мектепке атын беріп жатқанына ерекше қуанып отырмын. Мектепті аралап шықтым, мұнда балаларға барлық жағдай жасалған. Бұған дейін Маңғыстаудағы Оңды ауылындағы мектепке әкеміздің есімі берілген болатын. Бүгін, міне, Ақтөбе қаласында облыс әкімі Бердібек Машбекұлының бастамасымен әкеміздің атындағы тағы бір білім ордасы ашылып отыр. Осы игілікті істің басында жүрген барлық азаматтарға рақмет айтамын, — дейді Ә.Кекілбаевтың ұлы Дәулет Кекілбаев.

Ақынға мемориалдық тақта орнатылды

Бұл күні Ясный-2 елді мекеніндегі Фариза Оңғарсынова атындағы №41 мектеп-гимназия ғимаратының қабырғасына қазақтың әйгілі ақыны, поэзия падишасы Фариза Оңғарсыноваға арналған мемориалдық тақта ашылды.

Салтанатты шарада облыс әкімі жиналғандарға тілегін жеткізді.

— Қазақта Фаризаны «қазақтың батыр, ақын қызы» — дейді. Шынында, Фариза апамыз өте қайсар, өжет болатын. Еліміз үшін қаймықпай, қорықпай, өзінің ойын, пікірін айтатын. Апамыз өмірден ерте кетті. Алайда артына өшпес өнеге, мұра қалдырды. Жастар оның өлеңдерін жатқа айтады, ол сияқты батыр, ақын болғысы келеді. Биыл апамыздың есімін мәңгілік сақтау үшін жаңа мектепке ақынның есімі берілген болатын. Бүгін, міне, мереке қарсаңында мемориалдық тақта ашып отырмыз.Облыс басшылығы атынан осы шараға келіп отырған апамыздың жақындарына ризашылығымызды айта отырып, барлығыңызға амандық, береке-бірлік тілеймін! — деді облыс басшысы.

Салтанатты жиында ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Ертай Ашықбаев Фариза Оңғарсынованың әдебиетте, поэзияда алар орны ерекше екенін айтып, жүрекжарды лебізін жеткізді.

Фариза Оңғарсынова — қазақтың мақтанышы. Кешегі кеңес заманында Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметовадан кейін қазақта ең даңқты болған қыз — Фариза Оңғарсынова. Біздің қазақ Әлия мен Мәншүктің атын қалай қадірлесе, Фариза апамыздың есімін де тап солай қадірледі. Фариза апамыздың халқымызға сіңірген еңбегі, қалдырған мол қазынасы әр уақытта қазақпен бірге жасайды, біздің ғасырлардан ғасырларға жететін қасиетті мұраларымыздың бірі ретінде сақталады.

Мереке қарсаңында облысымызда екі бірдей тұлғаға арнап мектептің ашылуына ұйытқы болған облыс әкіміне алғысымызды айтамыз. Осы мектепте оқыған әрбір шәкірт Әбіш ағамыз бен Фариза апамыз сияқты қазақтың атын әлемге танытатын, мойындататын ұрпақ болып өссін! — деді Е.Ашықбаев.

Бұдан кейін шарада Фариза Оңғарсынованың баласы Алмас Оңғарсынов сөз сөйлеп, облыс әкіміне және мектеп басшылығына ризашылығын білдірді.

Одан соң облыс әкімі бастаған топ Фариза Оңғарсыноваға арнап жасақталған мұражайды аралап, мектептің тыныс-тіршілігімен танысты.

Сондай-ақ облыс басшысы аталған мектептің үздік ұстаздарына «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі» төсбелгісін табыс етті.

Мұражайда Фариза Оңғарсынованың баласы Алмас Оңғарсынов мектеп директорына ақынның 12 томдық еңбегін табыстап, алдағы уақытта білім ордасымен тығыз байланыста жұмыс жасайтынын жеткізді.

Мектептің іші де, сырты да керемет. Бұған дейін анамызға сонау 90 жылдары Атырау облысында мектеп ашылған болатын. Бүгін, міне, Ақтөбе қаласында ашылған мектепке мемориалдық тақта орнатылып жатыр. Мен өте қуаныштымын. Осы істің басы-қасында жүрген барлық жандарға ерекше алғыс айтамын, — дейді А.Оңғарсынов.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button