Басты жаңалықтарЭкономика

«Aktobe Invest-2018»: Сенім. Өсу. Даму

Инвестициялық форум кезінде жалпы сомасы 300 миллиард теңгеге 9 меморандумға қол қойылды

Кеше Ақтөбеде әлемнің 23 елінен 400-ден астам өкіл қатысқан «Aktobe Invest-2018» VI Халықаралық инвестициялық форумы өтті. Форум жұмысына қатысушылардың қатарында Қазақстан Республикасы Үкіметі, салалық министрліктер мен облыс әкімдіктері, квазимемлекеттік секторлардың, қазақстандық және халықаралық қаржы институттарының өкілдері, отандық бизнестің үздік менеджерлері, сондай-ақ Қытай, Оңтүстік Корея, Нидерланды, Әзірбайжан, Еуроодақ елдері, Белоруссия, Ресей, Өзбекстан және басқа да мемлекеттерден инвесторлар бар.

Көрме және келешегі мол жобалар

Облыста жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін іс-шараның ұйымдастырушысы — облыс әкімдігі. Форумның негізгі мақсаты — өңір экономикасына отандық және шетелдік инвестициялар ағынын тарту.

Ақтөбе қаласындағы Салтанат сарайында өткізілген VI Халықаралық инвестициялық «Aktobe Invest-2018» форумына қатысушылар алдымен көрмені тамашалады. Онда облыстың басым салаларындағы 30-ға жуық перспективті ірі жоба ұсынылды. Мұнай өндіру, газ өңдеу, қара және түсті металлургия, агроөнеркәсіп салаларына қатысты мұндай жобалар инвестицияны қажет етеді.  Сондай-ақ, форум аясында қонақтарға географиялық карта, мұнай-газ саласында тау-кен өндірудің жаңа технологиялары туралы ақпараттар мен перспективалық жобалар таныстырылды. Солардың бірі — Ақтөбеде жүзеге асырылып жатқан марал шаруашылығының жұмысы. Алдағы уақытта осы шаруашылықтың негізінде агротуризмді дамыту жоспарланыпты. Шаруашылық басшысы Бану Тілегенова елімізде кәсіпкерліктің дамуына ерекше қолдау барын айтты. «Марал шаруашылығын ауылдық жерде дамытып жатырмыз. Бүгінгі күні кәсіп ашып, іс бастаймын деушілерге мемлекеттен ерекше қолдау бар. Төленетін субсидиясы тағы бар. Өз жұмысын бастағалы бері «Зәру» пантоемдеу шипажайына отандастарымыздан бөлек, алыс-жақын шетелден келушілер де бар. Атап айтсам, поляктар, немістер, орынборлықтар тек ем алып қана қоймай, шаруашылық орналасқан өңірде саяхаттауды да мақсат етіпті. Әсіресе, сырттан келген қонақтар Мәртөк территориясындағы аққайың, қарағай шоғырларына ерекше қызығушылық танытты. Болашақта біз агротуризмді дамытуға күш саламыз. Қазірдің өзінде бұл іс жүзеге асырылып жатыр», — деген Б.Тілегенова еліміздің батыс аймағы бойынша Ақтөбеде бірінші болып іске асырылған шаруашылықтағы 150 марал осы жылы екінші рет қысқа түсетінін, бүгінде олардан 40-қа жуық төл алынғанын да айтты. Көрмеде форум қонақтарына Ақтөбедегі марал шаруашылығының қалай қалыптасып, алдағы жоспарлары таныстырылды.

Инвесторларға жағдай жасалады

«Aktobe Invest-2018» инвестициялық форумы кезінде өткізілген «Сенім. Өсу. Даму» тақырыбындағы пленарлық отырысқа Қазақстанда жұмыс тәжірибесі бар әлеуетті инвесторлар, жаңа жобалардың бастамашылары және мемлекеттік органдардың, трансұлттық компаниялардың өкілдері, сарапшылар қатысып, облыстың индустриялық-инновациялық дамуы саласында серіктестік мәселелерді талқылады.

Пленарлық отырыс кезінде облыста бұған дейін өткізілген бес инвестициялық форумның экономиканы дамытуға тигізген пайдасы турасында әзірленген бейнебаян көрсетілді. Форум модераторы, саясаттанушы Айдос Сарым инвестфорумның идеологиясы жайында былай деді: «Ақтөбеде өтіп жатқан инвестициялық форумның негізгі ұраны — «Сенім. Өсу. Даму» деп аталады. Бұл — бекерден-бекер емес. Экономиканың өсімі инвестицияға байланысты болса, ал инвестиция бір ғана жағдайда, яғни бизнестің жолы ашық, айқын болған жағдайда ғана сеніммен келеді. Сенім пайда болғанда өсуге де, дамуға да мүмкіндік ашылады. Сондықтан да форумның негізгі бағыты осы  үш үлкен ұғымның айналасында дамымақшы».

Бұдан кейін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев форумға келген қонақтарға жерлестердің атынан алғысын білдірді.

Әрбір мемлекеттің дамуы сол елдің экономикасына келетін инвестицияға байланысты. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бірінші күннен бастап жүргізіп жатқан саясаты — өзіміздің, сырттан келетін инвесторларға жағдай жасап, солардың қаржысын Қазақстан экономикасына құю. Соның нәтижесінде 27 жыл ішінде Қазақстанның экономикасы дамып, әлемнің дамыған елу елінің қатарына енді. Сол инвестицияны тартудың бір жолы — осындай форумдар өткізу. Біз әрдайым облысқа келетін инвесторларға жағдай жасауға тырысамыз, — деді Бердібек Сапарбаев.

Инвестфорум бізге не береді?

Облыс әкімі өз сөзінде Мемлекет басшысының талабы бойынша елімізде трансұлттық компаниялардың қатары көп болғанын айтты. Бұрын мұндай компаниялардың үшеуі ғана жұмыс жасаса, қазір олардың саны — бесеу. Бұл орайда Бердібек Сапарбаев облыс экономикасын ілгері қарай дамытуда осындай трансұлттық компаниялардың ықпалы зор екенін ерекше айтты. Оның айтуынша, Қытайдың «СNPC» трансұлттық корпорациясы облыс экономикасына өткен жиырма жылда 10 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция салса, «ERG» компаниясы 2 миллиард АҚШ долларына жуық қаржы инвестициялаған. Сол сияқты, форум кезінде облыс экономикасына инвестиция тартқан «Орыс мыс компаниясы», «Синопек» сынды кәсіпорындардың да аттары аталды.

Біз әр салаға жаңа технология енгізуге тырысамыз. Қазақстанда төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа дәуірі басталды. Сондықтан да облыста жұмыс істейтін кәсіпорындарды модернизациялау жұмыстары жүзеге асырылып жатыр, — деді Бердібек Машбекұлы.

Бұл орайда облыс басшысы «Орыс мыс компаниясы» акционерлік қоғамымен  Хромтау ауданының Дөң ауылындағы тау-кен байыту комбинатын қайта жабдықтау үшін келісім жүргізілгенін айтты. Облыс әкімі «ENI» трансұлттық компаниясы басшылығына ұсынысты қабыл алып, Ақтөбе нарығына келгені үшін ерекше алғыс білдірді. Аталған компания Қарғалы ауданының Бадамша ауылында қуаттылығы 48 МВт болатын жалпы сомасы 33 миллиард теңгеге жел электр стансасының құрылысы салынатынын айтты.

— Мұндай форумның облыс экономикасын өркендетуде берері мол. Осыған дейін өткізілген 5 инвестфорумда 50 меморандумға қол қойылды. Инвестиция сомасы — 1 триллион теңге. Нәтижесінде жаңадан 8 мың тұрақты жұмыс орны ашылып, облыс бюджетіне 45 миллиард теңге көлемінде салық түсті, — деген облыс әкімі форум қатысушыларына трансұлттық компаниялар мен кәсіпорындардың бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында облыс аумағында жүргізген жұмыстары турасында да атап өтті. Сондай-ақ, ол облыста шағын және орта бизнеске, инвесторларды қолдау мақсатында атқарылып жатқан іс-шараларға да тоқталып өтті.

— Соңғы бес жылда облыс экономикасының өсімі 23 пайызға жетті. Бұл жаман көрсеткіш емес. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс секілді барлық бағытта өсім бар. Өткен жылы бізде экономикалық өсім 5 пайызға жуықтаса, биыл 11 айдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш осындай межеге жетті. Жылдық экономиканың өсім қарқыны 5 пайыздан төмен болмайды, — деген Бердібек Сапарбаев облыста инвесторларға өз бизнесін қорғау мен олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ешқандай мәселе жоқ екенін тағы бір мәрте айтып өтті. Бұл орайда ол көпшіліктің әкімшілік тексерістен сескенетінін айтып, бұл бағытта облыста «Кедергісіз кәсіпкерлік» жобасы жүзеге асырылып жатқанын, қадағалаушы органдармен арада келісімнің орнағанын да атап өтті.  Бердібек Машбекұлы облысқа тартылатын инвестицияның 70 пайызы сырттан, ал қалғаны  бюджеттік инвестиция екенін баса айтты.

Өңдеу секторында өсім бар

Форумда ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Инвестициялар комитетінің төрағасы Ерлан Хаиров өз сөзінде Мемлекет басшысының елімізге инвестиция тарту мәселесіне әрдайым көңіл бөлетінін айтып, осыған байланысты Ақтөбе облысы әкімдігі тыңғылықты жұмыс атқарып жатқанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, өткен 13 жылда Қазақстанға 277 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылған. Ол инвестицияның көп мөлшері тау-кен жұмыстарын жүргізуге тартылатынын айтты. Алайда Елбасы тапсырмасына сәйкес, инвестицияны неғұрлым өңдеу өнеркәсібі саласына тартуға мән беру қажет.

Биыл өткен 10 айда Ақтөбе облысында өсім — 13,6 пайыз. Еліміздің өзге аймақтарымен салыстырғанда, өңдеу секторы бойынша Ақтөбе облысы екінші орынды иеленеді, — деген Е.Хаиров бұдан әрі елімізге инвесторларды тартуда мемлекеттік өз алдына қандай тапсырмаларды қойғанына егжей-тегжейлі тоқталып өтті.

Сонымен қатар, форумда бірінші вице-губернатор — Орынбор облысы Үкіметі төрағысының бірінші орынбасары Сергей Балыкин, «Самұрық-Қазына Инвест» ЖШС бас директоры Нұржан Әбдімомынов, «Kazakh Invest» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Біржан Кенешов, Қостанай облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев, итальяндық «ENI» трансұлттық компаниясының вице-президенті Азароне Донато, Қазақстан Республикасындағы Италья елшісі Паскуале де Авинолар сөз сөйледі.

 «ЕNI» АҚТӨБЕ НАРЫҒЫНА КЕЛДІ 

Бердібек Машбекұлы атап өткендей,  бүгінгі таңда Ақтөбе облысында өнеркәсіптің түрлі салаларында 5 трансұлттық корпорация жұмыс жасайды. Елбасы Жолдауының 55-қадамын орындау мақсатында, трансұлттық компанияларды қайта өңдеу секторына тарту бойынша экспорттық тауарлар құру және Қазақстанның әлемдік нарыққа шығуы үшін трансұлттық компаниялар тізімі кеңейтілуде. Осылайша биылдан бастап меншік иелері «ENI» (90 пайыз) және «General Electric» (10 пайыз) екі ірі трансұлттық компанияcы болып табылатын «Arm Wind» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі инвестициялық жобасымен Ақтөбе нарығына келді. Форум аясында Қазақстан Республикасындағы Италия елшісі Паскуале де Авино облыс территориясында жүзеге асырылғалы жатқан ірі жобаны таныстырды. Оның айтуынша, Қарғалы ауданының Бадамша ауылында қуаттылығы 48 МВт болатын жалпы сомасы 33 миллиард теңгеге жел электр стансасының құрылысын жүзеге асырмақ. Аталған жоба бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жақын аралықта басталып, келер жылдың төртінші тоқсанында пайдалануға берілмек. Бадамша ауылынан 15 шақырым жерде жүзеге асырылатын бұл инвестициялық жоба 2017 жылдың маусым айында ҚР Энергетика министрлігі, америкалық «General Electric» және табысы бойынша әлемнің үздік 100 компаниясы қатарына кіретін, әлем бойынша 71 елде жұмыс жасайтын халықаралық мұнай-газ және энергетика саласының ірі ойыншыларының бірі — итальяндық «ENI» компаниясы қол қойған өзара түсіністік туралы меморандум аясындағы келісімдердің нәтижесі болды.

Сондай-ақ, форумға Түркияның «Дал Холдинг» компаниясы консультативтік кеңес мүшесі, жетекші орындаушы Косе Демирджан да қатысты. Негізі 1985 жылы қаланған бұл компания жоғары сапалы электр қозғалтқыштар мен электр жетегін, сондай-ақ өндіріске қажетті түрлі бұйымдар өндірумен қажеттілікті қанағаттандырған. Сондай-ақ, Түрік нарығында көптеген халықаралық брендтерді ұсынған компания Түркия мен Қазақстан елдері басшылары арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылғаны белгілі. Содан бері екі ел арасында ынтымақтастық байланыс орнады. Бүгінде «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы түріктің «Дал Холдинг» кәсіпорнымен бастапқы келіссөздер де жүргізіпті. Осының барысында химиялық және механикалық талдау үшін шикізаттың технологиялық үлгілері жолданған. Корпорациямен арадағы келіссөздің нәтижесінде, «Дал Холдинг»  компаниясы Байғанин ауданында жылына қуаттылығы 1,5 миллион тонна цемент өндіретін зауыт құрылысын салуға келісім берген. Жобаның жобалау құны — 275 миллион АҚШ доллары. Осы жобаны жүзеге асыру жұмыстары келер жылдың екінші тоқсанына жоспарланып отыр.

«Aktobe Invest-2018» VI Халықаралық инвестициялық форумы аясында панельдік сессиялар да ұйымдастырылды. Онда қатысушылар тәжірибе мен білім алмасты.

Форум жұмысының қорытындысы бойынша жалпы сомасы 300 миллиард теңгеден астам 9 меморандумға қол қойылды. Соңынан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев аймақ экономикасын дамытуға сүбелі үлес қосып жүрген бірқатар компания басшысына ризашылығын білдіріп, Алғыс хаттармен марапаттады.

Чэнь Чжэнхай, «Қытай халықаралық түсті металлургия инженерлік-құрылыс компаниясы» ААҚ директордың халықаралық жобалар жөніндегі орынбасары:

— Облыс әкімдігінің шақыртуымен осындай шараға қатысып, Ақтөбеге келгенім үшін қуаныштымын. Біздің компания түсті металлургия өндірісімен айналысады. Біз Ақтөбенің жер қойнауы пайдалы қазбаға мол екенін білдік. Әсіресе, хром, никель, титан, темірге бай. Біз екі мүдделі жобаға таңдау білдірдік. Енді алдағы уақытта әріптестік байланыс орнатып, жұмыс жасайтын боламыз. Бүгінгі күні біздің компания Қазақстанның Алматы, Павлодар өңірлерінде жұмыс жүргізіп жатыр.

Ақтөбенің инвестициялық климаты өте жақсы. Ең бастысы — бұл бағытта облыс әкімдігі белсенді әрі объективті жұмыс жүргізеді.

Pekka Puolakka, UROS компаниясының басқарушысы директоры:

— UROS — Финляндия тарихында жылдам дамыған компаниялардың бірі. Кәсіпорынның жыл сайынғы тауар айналымы — 1 миллиард еуро. Біз Қазақстан нарығына бірқатар кәсіпорындармен келісім жасасып, жұмыс жүргізіп жатырмыз.  Мұнда біз цифрландыру технологиясын жетілдіруге күш салмақпыз. Сондай-ақ, инвестициялық компания ретінде Қазақстанда «Индустрия 4.0» дәуірін құруға айрықша жұмыс жасаймыз.  Бүгінде UROS компаниясы әлем бойынша су құбырын өткізуде цифрлы технологияны пайдаланатын жетекші кәсіпорын саналады. Заманауи технология су сапасын бақылауға, шығынды азайтуға мүмкіндік береді.  «Aktobe Invest-2018» инвестициялық форумы аясында «Ақбұлақ» жергілікті кәсіпорнымен келісім жасаспақпыз. Бұл — біздің Ақтөбедегі іске асырылатын бірінші жобамыз. Ақтөбе — инвесторлар үшін тартымды аймақ. Бұл — өндірісті аймақ. Ақтөбеде инвесторлар үшін әртүрлі бағытта, атап айтқанда, тау-кен өндірісі, мұнай-газ саласы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бағытында да іс жүргізудің мол мүмкіндігі бар. Әлеуеті жоғары өңірде нәтижелі жұмыс жасайтынымызға сенім мол.

Рустам Шаяхметов, «Уфаневтегазмаш» ААҚ директоры:

— Осындай форумды ұйымдастырғандарға ерекше алғысымды білдіремін. Мұндай форматта кездесу өткізу, тек мәселелерді талқылап қана қоймай, шешім шығаруға да мүмкіндік береді. Біздің компания  «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен бірлесіп мұнай-газ жабдықтарын шығару мақсатында іргелі жобаны жүзеге асыруды көздеп отыр. Бұл жобаның біздің ел үшін де, сіздің ел үшін де экономикалық тиімділігі зор. Яғни зауыт құрылысы Ақтөбедегі индустриалды аймақта салынбақ. Бүгінгі күні корпорациямен арада меморандум жасалды, жер учаскесін бөлу жайында келіссөздер жүргізілді. Бұл — екі ел арасындағы бірлескен бірінші жоба. Жобаның жобалау құны — 100 миллион еуро. Мұнай-газ кен орындарына модульдік блок және қабырғалық блоктар шығарумен айналысатын технологиялық кешенде өндірілетін өнімдер Қазақстанның экологиялық талаптарына сәйкес келетін болатын. Жобаны келер жылдың екінші тоқсанында жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button