БилікМереке

Ақтөбеде тұңғыш баспасөз үйі ашылды

Кеше Ақтөбеде облыс әкімдігінің қолдауымен тұңғыш Баспасөз үйі ашылды. Ғимараттың салтанатты ашылу рәсіміне  облыс әкімі Бердібек Сапарбаев,  Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов, сондай-ақ Қазақстанның Еңбек Ері, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультеті телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі Ғаділбек Шалахметов, белгілі журналистер Қайнар Олжай мен Нұртілеу Иманғалиев, көрші Ресейден, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Атырау облыстары мен аудандардан әріптестер жиналды.  

Мерекелік шарада облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жиналғандарды, әсіресе журналистер қауымын Баспасөз үйінің ашылуымен құттықтады.

— Бүгін қуанышты күн. Үлкен мерекелердің алдында Баспасөз үйі ашылып отыр. Бұл  ұжымның өз баспанасы, жағдайы болған жоқ. Осыны ескере келе, біз осылай шешім қабылдадық. Баспасөз үйін тек бір ұжыммен шектемей, жалпы өңірде шығарылып жатқан басқа да газеттер, журналдар, сайттардың бәрін меншік иесіне қарамастан, осы жерде орналастыруды жоспарладық. Бір сөзбен айтқанда, бұл ғимарат барлық баспасөз қызметкерлерінің бір жерде басын тоғыстыратын орынға айналмақ.

Баспасөздің мемлекет, қоғам, адам үшін қандай маңызы бар екенін жақсы білесіздер. «Газет — халықтың көзі, құлағы һәм тілі»  деген ұлағатты сөз бар. Баспасөз — билік пен қарапайым халықты байланыстыратын көпір. Себебі, біздер сіздердің қаламдарыңыздан шыққан мақалаларыңыздың, мәліметтеріңіздің арқасында елдегі болып жатқан жағдайды, жалпы халқымыздың тұрмысын, шешілмей жатқан мәселелерді білеміз. Қанша жылдан бері сіздермен бірге жұмыс жасаймыз. Ең біріншіден, облыс басшылығы атынан сіздердің жасап жатқан еңбектеріңіз үшін үлкен рахмет айтамын. Бүгінгі қуаныш, ертеңгі мереке құтты болсын, — деген Бердібек Машбекұлы өз сөзінде Баспасөз үйі ғимаратын күрделі жөндеуге «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының ықпалымен шамамен 200 миллион теңге бөлінгенін айтып өтті. «Біз бұл жерде барлық жағдай жасалған деп ойлаймыз. Ең бастысы — өздерінің полиграфиялық базасы болады. Жұмыс мұнымен аяқталған жоқ, бұл істі келер жылы да жалғастырамыз», — деген облыс әкімі көпшілікке сырттан келген қонақтарды таныстырып өтті.

Бұдан кейін журналистика сардары Ғаділбек Шалахметов құттықтау сөз алды. Баспасөз үйінің ашылу салтанатына арналған лентаны қию рәсімі Қазақстанның Еңбек Ері, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, журналистика саласының ардагерлері Ғаділбек Шалахметов пен Нұқы Қартбаевтарға ұсынылды. Аталған рәсімнен кейін Баспасөз үйі ғимараты алдындағы мемориалдық тақтаны ашу құрметі белгілі журналист Қайнар Олжай мен журналистика ардагері Идош Асқарға берілді. Мерекелік шарада шашу шашылып, қонақтар ыстық бауырсақ пен ақтан ауыз тиіп, ішке енді.

Мұражайдағы мол мұра

Облыс әкімі бастаған топ алаңы шамамен 6,8 мың шаршы метр болатын Баспасөз үйінің төрт қабатты кең әрі жарық ғимаратын аралады. Бүгінде мұнда баспахана мен облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттері, олардың сайттары, «Ақтөбе», «Адырна», «Үш таған» журналдарының,  «АқтөбеМедиа.kz» медиа порталының, «Aktobenews» ақпараттық сайтының меншік иесі «Ақтөбе Медиа» ЖШС орналасқан. Қонақтарға ғимараттың бірінші қабатында орналасқан музей ішін  экскурсовод Алмагүл Сарыбай таныстырды. Ол қонақтарға Баспасөз үйінде жасақталған музейдің Тұңғыш Президент күні қарсаңында және «Актюбинский вестник» газетінің 100 жылдығына, «Ақтөбе» газетінің 95 жылдығына орай «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ашылғанын айтты.

Музей залында Елбасы Н.Назарбаевқа арнап жасақталған бұрыш бар. Мұнда Президенттің газет оқып отырған суреті де ілінген. Президент туралы кітаптар да музей төрінен орын алған.

Президенттің Ақтөбеге келгендегі, оның ішінде өңірімізге жасаған алғашқы сапарынан сыр шертетін фотосуреттері көпшіліктің қызығушылығын туғызды. Сырттан келген қонақтарға өткен жылы республикада тұңғыш рет Ақтөбеде «Туған жер» жерлестер форумы өткенін, оған 19 елден ақтөбеліктер қатысқаны жайында баяндалып, осы айтулы шарадан сыр шертетін суреттердің де музей экспозициясына қойылғаны айтылды.

Қонақтар музейде екі басылымның да ескі тігінділерін көрді.  Сонымен қатар, «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінде бұрын еңбек еткен қызметкерлердің фотосуреттері, тұтынған заттары да сақталыпты. Газет ұжымының, журналистердің түрлі марапаттары да музей төрінен орын алған. Мұндағы көне мәшеңке келушілер үшін көз тоқтатып қараған ескі  жәдігерлердің бірі болды.

1918 жылдың 19 маусымында алғашқы саны жарық көрген облыстағы ең қарт басылым — «Актюбинский вестник» және келер жылы 95 жасқа толатын «Ақтөбе» газетінің әрбір мерейлі датасына арнап шығарған түрлі кітаптарды, шығармашыл қауымның еңбектерін, Қобыланды батырға, Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұловаға, Ахмет Жұбановқа арнап шығарылған фотоальбомдар да Баспасөз үйі музейіне қойылған.

Бұдан кейін облыс әкімі бастаған топ ғасыр төріне шыққан «Актюбинский вестник» және «Ақтөбе» газеттерінің редакциясын аралап көрді. «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин қонақтарға газеттің баспаға дайындалу үлгісін таныстырды. «Актюбинский вестник» газетінің редакциясында компьютер бөлімінің беттеушісі Диана Әбдірова облыс басшысына осындай жайлы ғимаратта қызмет етуге ықпал жасағаны үшін алғысын білдірді. Бердібек Машбекұлы: «Енді әдемі ғимаратта әдемі әрі жаңаша жұмыс жасау керек. Жақсы мақалалар газет бетінде жиі жазылуы қажет»,— деді.

Белгілі ақын, «Ақтөбе» облыстық газеті бас редакторының орынбасары Ертай Ашықбаев Бердібек Машбекұлына: «Университет бітіріп, осы ұжымға келгеніме биыл 15 қарашада 35 жыл толды. Содан бері де, одан арғы кезеңде де жеке баспанамыз болмай көшіп-қонып жүрдік. Енді, міне, еншімізді алғандай мәз болып жатырмыз. Сізге көп рахмет», — деп ұжым атынан алғысын білдірді.

Медиа порталдағы алғашқы сұхбат

Бұл күні Баспасөз үйінде «AktobeMedia.kz» медиа порталының ашылу рәсімі болды. Бұл жерде қонақтарға медиа порталдың заманауи үлгіде жұмыс жасау технологиясы түсіндіріліп, «Ақтөбе Медианың» мобильді қосымшасы да ұялы телефонға енгізілгені мәлімденді.

Медиа порталдағы ең бірінші сұхбат облыс әкімі Бердібек Сапарбаевпен жүргізілді. «Актюбинский вестник» газетінің тілшісі Санат Раштың «Облыстық газеттерден алдағы уақытта қандай жаңалықтарды көргіңіз келеді?» — деген сауалына: «Мен өзімнің жұмыс күнімді барлық бұқаралық ақпарат құралдарындағы жаңалықтармен танысудан бастаймын. Оның ішінде әлеуметтік желілердегі жарияланымдарды қараймын. Облыстық газеттерге қатысты айтар болсам, сіздердің оқырмандарыңыз көп болса деймін. Бүгінгі күні біздің тұрғындарымызды қызықтыратын, толғандырып жүрген  мақалалар газет бетінде жиі жарияланса, онда басылымның оқырмандары да көбейе түседі. Сондықтан мен ондай жарияланымдардың бірінші кезекте шынайы, әділетті болғанын қалаймын. Әрине, онда тек құр мақтаудан тұратын мақалалар ғана емес, сын материалдардың да болғанын қалаймын. Ең бастысы — біздің шалғайдағы елді мекендерімізде жасалып жатқан жұмыстардың көрсетілгені дұрыс. Себебі, ауылдарда да жұмысын жүргізіп отырған мықты кәсіпкерлер, шаруалар бар. Осындай адамдардың ісін көрсету керек. Міне, осындай медиа портал ашқаннан кейін, біздің газеттерде кейде  өзге өңірлердегі облыстық басылымдардың да мақалаларын жариялаған дұрыс. Өйткені, біз көршілеріміздегі жақсы жаңалықтардан хабардар болып отыруымыз керек. Әрине, тек Қазақстан аймағын ғана емес, мәселен, біз қазір тығыз байланыс жасап отырған көрші Ресейдің Орынбор, Ульяновск облыстары, Татарстан, Башқұртстан секілді өңірлер де назардан тыс қалмағаны жөн. Сондықтан газет әрдайым мазмұнын өзгертіп отыруы керек», — деп Б.Сапарбаев Жаңа жылдан бастап облыстық газеттер өз келбетін өзгертетініне сенім білдірді.

Медиа порталдың ашылу сәтінде Нұртілеу Иманғалиұлы облыс әкіміне: «Атаулары «А»-дан басталатын облыстардың осындай үлкен шаруа жасағанын астын сызып айтқым келеді. Өздеріңіз білетіндей, әң әуелі осындай Баспасөз үйі Атырауда ашылды, кейін Алматы облысы ашты. Енді, міне, Ақтөбе облысы ашып отыр. Демек, басқа әріптерден басталатын облыстар да сіздерден үлгі алып, әрмен қарай осы жұмыс республикада қарқын алатындығына сенімдімін», — деді.

Кітапханаға берілген 100 кітап

Бұдан кейін облыс әкімі бастаған қонақтар Баспасөз үйінің төртінші қабатында орналасқан белгілі журналист Гүлназ Әлімгерейдің онлайн-студиясы мен авторлық медиа мектебінің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.

Меймандар одан әрі «Ақтөбе Медиа» ЖШС-ның мәжіліс залында бас қосты. Бұл жерде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев: «Облыста бірінші рет журналистерді даярлайтын медиа мектеп, оның үстіне  медиа портал ашылып жатыр. Мұның барлығы қазіргі заманның талабына сай болуы керек. Біздің журналистер басқа мемлекеттегі өз әріптестерінен қалмауы керек. Әрине, бұл жерде біраз атқарылмаған жұмыстар бар. Ең негізгісі — басылымның өз полиграфиялық әлеуеті болуы керек. Тек газет, журналдар ғана емес, бізге керекті қандай қағаздар бар, соның бәрін осы жерден шығарсақ, мысалы, Баспасөз үйі қаражат табады.  Келешекте бұл жерде үлкен Журналистер аллеясы салынатын болады», — деді.

Облыс басшысының айтуынша, қазіргі күні қаладағы аллеялар мен скверлер кәсіпкерлер мен кәсіпорындардың, мекемелердің есебінен іске қосылып жатыр. Бүгінгі күні Ақтөбеде ашылған осындай орындардың саны — 37. Б.Сапарбаевтың айтуынша, Журналистер аллеясы шығармашыл адамдардың кездесіп, бір-бірімен пікірлесетін орнына айналмақ. Ол үшін барлық жағдай жасалады.  «Ең негізгісі — осындағы екі басылымға, жұмыс жасайтын қаламгерлерге шығармашылық табыс тілеймін», — деп сөзін қорытындылады облыс басшысы.

Облыс әкімінің қатысуымен өткен басқосуда «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин жиналғандарға бүгін тойланғалы отырған «Актюбинский вестник» газетінің 100 жылдығына байланысты энциклопедия шығарылғанын, сонымен қатар «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында екі облыстық басылымның әр жылдардағы тігіндісі электронды түрге көшірілгенін айтып өтті. Р.Отыншин газеттің жүз жылдығына байланысты 100 кітапты әрі облыстық газеттердің барлық санының электронды нұсқасы жазылған құрылғыны С.Бәйішев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы басшылығына тарту етті.

Шарада кітаптың тұсаукесері жасалып, жаңа энциклопедия қонақтарға үлестірілді. ТМД Журналистер конфедерациясы сыйлығының лауреаты Қайнар Олжай, Ресейден келген «Актюбинский вестник» газетінің бұрынғы қызметкері Владимир Рогожин, ардагер журналист Қуаныш Кенжеғалиевтер жылы лебіздерін білдірді. Қонақтар естелік суретке түсіп, бірқатары Баспасөз үйіндегі мұражай қорын толықтыруға өз үлестерін қосты.

Арайлым НҰРБАЕВА. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button