Басты жаңалықтар

«Нұрлы жер» — баспаналы болудың ең оңтайлы жолы

Баспасөз туры

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің өнімдері мен бағдарламалары халық арасында үлкен сұранысқа ие. Мәселен, осы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша елімізде 26 мың азамат аталған банктің үлесі арқылы баспаналы болса, оның 6 мыңнан астамы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы арқылы үйлі болды.

Бұл туралы Ақтөбе қаласында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынып жатқан құрылыс объектілеріне жасаған баспасөз туры барысында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Ақтөбе облыстық филиалы директорының орынбасары Рауан Баяш айтты.

Жыл басынан бері 1400-ден астам ақтөбелік отбасы аталған бағдарлама бойынша баспаналы болған. Ал қазіргі уақытта 300-ден астам адам құжаттарын рәсімдеу үстінде. Жыл соңына дейін тағы 1000 ақтөбелік аталған бағдарлама бойынша баспаналы болады деген жоспар бар.

«Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы берілетін үйлер Ақтөбе қаласының Алматы ауданына қарасты «Нұр Ақтөбе» ауданында салынып жатыр. Бүгінде 5 шағын ауданнан тұратын «Нұр Ақтөбеде» көппәтерлі таунхаустар, коттедждер, көп қабатты пәтерлі үйлер тұрғызылуда. Пәтерлер аумағы 31,6-99,6 шаршы метр, ал коттедждер 114-152 шаршы метр аралығында. Таза әрлеудегі пәтерлердің 1 шаршы метрінің бағасы 100 000-135 000 теңге аралығында. Банк қызметкерлері бұл нарықтық бағадан әлдеқайда төмен екендігін айтады.

— «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы қолжетімді шарттары  арқылы пәтер сатып алуға мүмкіндік беріп отыр. Ол үшін тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшысы атанып, үй бағасының кем дегенде 20%-ын жинауы қажет немесе бірден шотқа аударуы тиіс. Бұл — «Нұрлы жер» бағдарламасына қатысу талаптары. Ал берілетін заем бойынша жылдық мөлшерлеме 5%-ды құрайды, — деді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі Ақтөбе  облыстық филиалы директорының орынбасары Рауан Баяш.

Мәселен, аумағы 45 шаршы метр болатын пәтердің бағасы шамамен 5 млн теңгені құрайды. Оны сатып алу үшін банктегі салымда бар болғаны 10%-дың, яғни 500 000 теңгенің болуы жеткілікті, ал бастапқы жарна үшін қажет қалған 10%-ды әкімдік бюджеттен бөліп береді. Оны заемшы бес жыл ішінде үстемеақысыз қайтарады. Кезекте тұрған азаматтардан бұл бағыт бойынша арыздар Халықтық кеңсе ғимаратында немесе Ақтөбе қаласының тұрғын үй қатынастары бөлімінде қабылданады.

— «Нұрлы жер» бойынша тұрғын үйлер 50/50 қағидасымен бөлістіріледі. Яғни пәтерлердің кем дегенде 50%-ы әкімдікте тұрғын үй кезегінде тұрғандарға берілсе, қалған 50%-ы кезекте жоқ Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшылары арасында сатылады. Бұл ретте кезекте тұрған азаматтарға да Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшысы атанып, шот ашып, ақша жинау керек екенін айта кету керек. Мемлекеттік бағдарлама үйлері жеңілдетілген шарттармен берілетіндіктен, үміткерлерге қойылатын белгілі бір талаптар бар. Мәселен, үйге өтініш білдірген адам алдымен Қазақстан Республикасының азаматы немесе оралман мәртебесіне ие болуы керек. Сондай-ақ өтініш берушінің және оның отбасы мүшелерінің соңғы 5 жыл ішінде Қазақстан Республикасының аумағында жекеменшік үйінің болмауы және Ақтөбе қаласында тұрақты тіркеуде болуы тиіс. Және, әрине, төлем қабілеттілігін растай алуы қажет, — дейді Ақтөбе қаласының тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Жанаргүл Дүйсекенова.

Айта кетейік, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы салынып жатқан нысандар туралы ақпаратты baspana.kz порталынан білуге болады. Қолжетімді тұрғын үйден үміткер жеке кабинетіне кіріп, өзі пәтер алғысы келетін нысанды таңдап, ұнаған пәтерді көрсетіп, тұрғын үй сатып алушылар пулына қатысу үшін өтініш береді. Сондай-ақ аталған бағдарлама жаңалықтарын банктің әлеуметтік желілердегі парақшалары арқылы да біліп отыруға мүмкіндік бар.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button