Рухани жаңғыру

Қазақ өркениеті ұлттық құндылықтарымен құнды

Бейсенбі күні С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын талқылауға арналған жиын өтті. Оған зиялы қауым өкілдері, мәдениет саласының қызметкерлері және оқырмандар қатысты.

Жиынды Қазақстан Жазушылар одағының Ақтөбе облыстық филиалының директоры, ақын Бауыржан Бабажанұлы жүргізіп отырды.

Басқосуда философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталы аталған мақаланың ұлт руханиятын көтерудегі маңызына жан-жақты тоқталды.

  • Бүгінгі заманның үлкен бір қаупі жаһандану болса, бұл, әсіресе, біз сияқты шағын халықтарға, сол халықтың мәдениетіне, әдебиетіне, ұлттық құндылықтарына қауіпті. Осы қауіп төнген тұста біз көп халықтың бірі, осы байырғы жердің ғана иесі емес екенімізді түсіндік. Біз — үлкен өркениеттің иесіміз. Түркі өркениетінің түп тамыры осы жерде. Бүгінде қазақ кім дегенде, біздің әртүрлі деңгейде ауыз толтырып айта алатын байлықтарымыз бар. Міне, Елбасы мақаласында біздің осы байлықтарымыз, ұлттық құндылықтарымыз баяндалып, қазақ өркениетінің мұрагері екендігіміз айтылады. Біз мұны айтуымыз керек, бізді басқа халықтар сыйлау керек және сыйлата білу керек, — деді ол.

Бұдан кейін жиында сөз алған «Вайнах» шешен этномәдени бірлестігінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Хасан Сагаев Мемлекет басшысы өз мақаласында қазақ халқының әлемдік өркениетке қосқан үлесін, жаһандық даму үрдісіне тигізген айтарлықтай септігін қайтадан зерделеп бергенін, бұл еңбекте айтылған маңызды ойларды жас буын өкілдеріне түсіндіруде диаспоралар мен бірлестік өкілдері жан-жақты жұмыс жасайтынын жеткізді.

Басқосуда облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова баяндама жасап, Елбасының бұл мақаласы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы ретінде халықтың көңілінен шыққанын, төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін кез келген азамат үшін бұл мақаланың маңызы зор екенін, оны халыққа жан-жақты түсіндіруде облыс көлемінде бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылып жатқанын жеткізді.

  • Облыс басшысының бастамасымен алдағы жылдары Ақтөбеде түркі елдерінің құрылтайы өткізілмек. Соңғы жылдары облыс орталығында көптеген мәдениет ошақтары салынып, батырларымыздың ескерткіштерін орнаттық, жәдігерлерімізді жинақтап жатырмыз. Сондықтан бұл бастама сіздердің тараптарыңыздан қолдау табады деп сенемін. Сондай-ақ архив саласындағы жұмыстар өзіндік мақсатты бағытындағы жүйелі жұмысын табады, талай тарихты елге әкелеміз деп ойлаймын, — деді басқарма басшысы.

Бұдан кейін жиында облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мейрам Дүйсенғали, өлкетанушы Бекарыстан Мырзабай, облыстық «Қазақ тілі» қоғамы төрағасының орынбасары Жанғабыл Қабақбаев, «Парасат-Ғылым» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Көшкінбай Ахметов, облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі Айнұр Мақсатқызы, т.б. Елбасы белгілеген Ұлы даланың жеті қыры туралы өз ой-пікірлерін білдірді.

  • Ұлы даланың тарихы тым тереңнен басталады. Мәселен, мақаладағы «Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт» атты тарауда энеолит дәуіріне жататын «Ботай» қонысына жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде алғаш рет жылқы малы біздің еліміздің аумағында үйретілгені туралы айтылады. Батысты зерттеп жүрген, «Қазақстанның бүгінгі Марғұланы» атанған Серік Әжіғалиев: «Ботайдан бұрын біздің елімізде Арал, Каспий маңында жылқыларды үйреткен қоныстардың ізі бар», — дейді. Ғалым оны қандай дерекке сүйеніп айтады, оған оның дәлелі болуы керек. Демек, ат үйреткен бабаларымыз Арал, Каспийдің аумағында болған. Сондай-ақ Елбасы мақаласында айтылған ежелгі металлургияға келсек, біздің Мұғалжарда көне дәуірде алтынды, мысты, темірді қорытқан орындар болған. Мәселен, ХІХ ғасырда Ырғызда салынған Тақтакөпірді «К-700» тракторымен сүйреп ала алмады. Ел арасында оны Мәскеу мен Санкт-Петербургте құйып, пойызбен Шалқар арқылы, кейін түйеге артып әкелінгені туралы аңыз әңгімелер тараған. Қарап отырсақ, оны бүгінге дейін ешқандай дәнекерлеу құралдары бұза алмаған. Демек, біздің өңірімізде де құнды дүниелер көп, — дейді Б.Мырзабай.

Басқосу соңында зиялы қауым өкілдері Елбасы мақаласында айтылған тұжырымдар мен ұсыныстарға талдау жасап, оны бірауыздан қолдайтындарын жеткізді.

Данагүл ҚАЗИХАН.  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button