Рухани жаңғыру

Жаңғырудың лайықты жалғасы

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын талқылау мақсатында жиын өтті.

Шараға аталған университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы мен студенттер қатысты. Олар Елбасы мақаласында айтылған ойларды саралап, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Жиынды ашқан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова маңызды мақала қазақ халқының терең тарихын түлетіп, оны төрткүл дүниеге дәріптеуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

— Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы осыған дейін бір жарым жыл бұрын жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының жалғасы болып табылмақ.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыста бірқатар нәтижелі жұмыстар атқарылды. Көптеген тың идеялар мен жобалар бастау алды. Батырларымызға ескерткіштер орнатылып, ауқымды конференциялар өткізілді. Сондай-ақ қаламызда әлеуметтік нысандар пайдалануға беріліп, республикада тұңғыш рет «Туған жер» форумы ұйымдастырылды.

Президенттің күні кеше жарияланған мақаласында біздің бүкіл болмысымыз, өткен тарихымыз, рухани бейнеміз ашылған. Ұлы даламызды әлемге жарқырата көрсетуге лайықты көптеген жәдігерлер бар. Қазақтың салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын жас ұрпақтың бойына сіңіруіміз керек. Бұл бағытта облыс аудандарында насихат жұмыстары жүргізіліп жатыр, — деді Бұлбұл Елеусінова.

Бұдан соң тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Дәулет Әбенов сөз сөйлеп, Елбасы мақаласындағы тарихи сананы жаңғыртуға бағытталған «Архив — 2025» жобасына кеңірек тоқталды.

— Ақтөбе өңірінен шыққан әйгілі азаматтар, ғұлама ғалымдар мен батырлар, түрлі салада жетістікке жеткен нар тұлғалар аз емес. Олардың есімдерін ұлықтайтын арнайы бағдарлама дайындап, фольклорлық мұраларды және жер-су атауларын жинау үшін экспедициялық, шығармашылық топтар құру қажет, — деді филология ғылымдарының докторы, доцент Абат Пангереев.

Жиында тарих ғылымдарының докторы, профессор Нұртаза Абдуллаев, саяси ғылымдардың кандидаты Асхат Кеңесов, т.б. ғалымдар Елбасы мақаласына қатысты өз пікірлерімен бөлісті.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button