Рухани жаңғыру

 Ұлы дала — рухани ұғым

Облыстық тарихи-өлкетану музейінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын талқылау мақсатында дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Дөңгелек үстелгеақтөбелік зиялы қауым өкілдері, қоғамдық ұйымдар жетекшілері, ардагерлер қатысты.Жиын облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен өтті.

Жиынның үйлестірушісі, белгілі ақын, «Адырна» журналының бас редакторы Мейірхан Ақдәулетұлы әңгімені:

— Өздеріңіз білесіздер, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы барша халықтан үлкен қолдау тапты. «Ұлы даланың жеті қыры» — сол мақаланың заңды жалғасы. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жолындағы қыруар істер текке кетіп жатқан жоқ. Сол істерге үлес қосу — әрқайсысымыздың парызымыз, — деп бастады.

М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің қоғамдық-гуманитарлық пәндер кафедрасының жетекшісі, философия ғылымдарының докторы, профессор Алтай Тайжанов та мақаланы оқығаннан кейінгі ойларын ортаға салды:

— Кеңестік кезеңде «Ұлы дала» деген ұғым болған жоқ. Даланың көлемі, кеңдігі ғана айтылды. Негізінде, Ұлы дала — рухани ұғым. Бодандық кезеңде ең алдымен біздің рухани құндылықтарымыз аяқасты болды. Біздің буынға тіпті мектеп қабырғасында халқымыздың тарихын оқу да бұйырған жоқ. Біз Қазан төңкерісінен бергі тарихты ғана оқып өстік. Ал тәуелсіздік кезеңінде ұлттық құндылықтарымызды танып-білу, насихаттау бағытындағы жұмыстар үзбей жүргізіліп келеді. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында сол жұмыстарды алда тереңдете, жандандыра түсу көзделген, — деді ол.

Ал облыстық мемлекеттік архив директорының орынбасары Светлана Книжник мақалада алға қойылған мақсатты жүзеге асыру жолында қолға алынатын жобалардың бірі — архив деректерімен жұмыс істеуді жандандыру екенін тілге тиек етті.

— Архивтердегі ең құнды құжаттарды электронды нұсқаға көшіріп, «Электронды құжаттардың біртұтас архиві» жүйесіне енгізу жұмыстары қолға алынып жатыр. Мұндағы басты мақсат — құнды құжаттардың сақталуын әрі зерттеушілер үшін қолжетімді болуын қамтамасыз ету. Архив сөрелерінде әлі еш зерттелмеген, құпиясы ашылмаған құжаттар өте-мөте көп. Біз Ресейдің көрші Орынбор облысының мемлекеттік архивімен әріптестік қарым-қатынас орнаттық. Ол жақта да Қазақстанның өткен ғасырлардағы тарихына қатысты құжаттар өте көп, — деді Светлана Книжник.

Жиында Қазақ-Орыс халықаралық университетінің оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Керімсал Жұбатқанов, «Әлия мен Мәншүк атындағы «Қос шынар» Ақтөбе қалалық қоғамдық қоры» ҚБ төрағасы Ғалымжан Байдербес, т.б. сөз сөйледі.

Соңынан жиынға қатысушылар облыстық тарихи-өлкетану музейінде ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы кітапханасының ұйымдастыруымен өтіп жатқан «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» атты көрмені аралады.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button