Рухани жаңғыру

Өткенді мақтан тұтып, бүгінді бағалай білуге жетелейді

Көшкінбай АХМЕТОВ,

«Парасат-ғылым» қоғамдық

бірлестігінің төрағасы.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы іспетті. Бұл еліміздің тарихын зерделеуге, жалпы ұлттық идеологияны қалыптастыруға бағыт-бағдар беретіні сөзсіз.

Елбасы аталған мақалада «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты жоба ұсынды. Кез келген ұлтымыздың перзенті осы топырақта дүниеге келіп, еліне, халқына адал қызмет еткен қазақтың біртуар тұлғаларын өнеге тұтып өсуі керек.

Бүгінде балаларға арналған мультфильмдер мен бағдарламалар олардың өмір сүру салтын, көзқарастарын, өмірде ұстанатын принциптерін қалыптастыратынын естен шығармаған жөн. Қазіргі таңда теледидарды қосып қалсақ,  мультфильмдердегі қиялдан туған кейіпкерлерден көзің сүрінеді. Біздің соңымыздан ерген өскелең ұрпақ Қобыланды, Бейбарыс, Алпамыстардай ержүрек батыр, Тоқтар мен Талғаттай ғарышкер боламын деп өсуі керек.

Сол даңқты бабаларымыз бен ұлы ойшылдарымыздың жетістіктерімен, тарихымыздың қыр-сырымен балаларымызды тәрбиелесек, әлі де талай мақтан тұтар жастарымыз шығатыны сөзсіз. Ұлы дала кеңістігінен шыққан жетістіктерді ұмытпау әрі дәріптеу — келер ұрпақтың үлесінде.

Осылай зерделегенде бұл мақала өткенінімізді мақтан тұтып, бүгінімізді бағалай білуге жетелейтін еңбек болып есептеледі.

Ендігі кезекте жалпы ел болып мақалада көзделген бағдарламалардың жүзеге асырылуына үлес қосуымыз керек.

Ақтөбе қаласы.

ЖАНУАРЛАР БЕЙНЕСІ ОТАНДЫҚ ӨНІМДЕРІМІЗДЕ КӨРІНІС ТАБАДЫ

Рафиха ҚОЖАШЕВА,

Қандыағаш қаласының тұрғыны.

Елбасымыздың кезекті мақаласы «Ұлы даланың жеті қыры» тақырыбымен аталған екен. Мақаланы мұқият оқып шықтым. Әсіресе, маған ата-бабамыздан мұра болып келе жатқан  шеберлер ісіне қатысты айтылған тұсы қатты ұнады. Мұны айтып отырған себебім, ұлым  Нұрлыбек Қожашев Жамбыл облысының Қордай ауданындағы аяқ киім фабрикасында етік тігіп жүргеніне төрт жылдың жүзі болды. Ішіне киізден астар салып, таза былғарыдан тігілетін жылы аяқ киімдердің бірі — саптама етік. Осы фабрикада тігілген отандық өнім қазір Қандыағаш қаласында саудаланады. Етікке деген сұраныс жоғары. Түрлі қазақы ою-өрнекпен бейнеленетін етіктің ерлерге де, әйелдерге де арналған түрін сатамын. Ақтөбеден тапсырысты өзім қабылдаймын. Тапсырыс берушілерден аяқтың мөлшерін өзім аламын. Көп жағдайда тапсырыс берушілер етіктегі ою-өрнектерге үлкен мән беріп жатады. Ерлер жағы саптама етікте «аң стилі» өнерінің болғанын қалайды. Елбасымыздың кезекті мақаласында өнердің осы бір түрі баса айтылған. Президент:  «Біздің ата-бабаларымыз қоршаған ортамен етене өмір сүріп, өздерін табиғаттың ажырамас бөлшегі санаған. Бұл басты тұрмыс қағидаты Ұлы даланы мекендеген халықтардың дүниетанымы мен құндылықтарын қалыптастырды. Өз жазуы мен мифологиясы бар Қазақстанның ежелгі тұрғындарының озық мәдениеті болды. Олардың мұрасының жарқын көрінісі, көркем болмысы мен рухани байлығының айшықты белгісі – «аң стилі» өнері. Жануарлар бейнесін тұрмыста пайдалану адам мен табиғаттың өзара байланысының символына баланып, көшпенділердің рухани бағдарын айқындап отырған», — деді.

Әрине, отандық өнімдер сататын дүкенімізде бір ғана етікте емес, жануарлар бейнесінде көркемделген өрнектері бар ер-тұрман секілді бұйымдар да сатылады. Көбінесе былғарыға қошқар мүйіз оюы жиі басылады. Алдағы уақытта да бұл ісімізді жетілдіру мақсатында ізденіп, еңбектенетін боламыз. Жануарлар бейнесіндегі ою-өрнектердің сан түрін тапсырыс берушілерімізге ұсынбақпыз.

Аталған фабриканың Қандыағаштағы филиалы ретінде жұмыс жасайтын біздің бұл ісімізді жергілікті билік ерекше қолдап отыр. Отандық өнімге қолдау білдіру мақсатында жергілікті атқарушы билік жақын күндері өз алдымызға ғимарат беру мәселесін оңтайлы шешіп бермек.

Мұғалжар ауданы.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button