Басты жаңалықтарМереке

«Актюбинский вестник» газетінің ғасырлық тойы

Биыл облыстық қоғамдық-саяси «Актюбинский вестник» газетінің шыға бастағанына 100 жыл толды.  Облыстың тұңғыш басылымының алғашқы саны 1918 жылдың 19 маусымында жарық көрді. Сол күннен бастап 100 жыл бойы «Актюбинский вестник» облыс тұрғындарының үйіне өңіріміз бен елімізде болып жатқан жаңалықтарды «арқалап», апта сайын барады.

 100 жылдық тарих

Облыстық қоғамдық-саяси «Актюбинский вестник» газетінде алғашқы жылдары сол кездегі атқару комитетінің қаулылары, үндеулер, жиналыстардың шешімдері жарияланды, Ақтөбе губерниясының экономикалық жағдайына қатысты сараптау ақпараттары шықты. 1918 жылдың тамызында басылым «Известия» атауымен аптасына үш рет — сәрсенбі, жұма және жексенбі күндері шыға бастады. Ал келесі жылы «Правда» атауымен аптасына екі рет шығатын болды. «Правда» — Ресей коммунистік большевиктер партиясының Ақтөбе комитетінің үні еді. 1919 жылдың  8 қазанынан бастап «Правданың» орнын «Красная звезда» басты. Ол Ақтөбе революциялық комитетінің, одан кейін уездік атқару комитетінің, уездік комитеттің баспа органы саналды. 1921 жылдан бастап басылым халық шаруашылығы, кәсіподақ және жер басқармасы кеңесінің атынан «Киргизская степь» атауымен шыға бастады. 1921 жылдың 12 тамызы күнінен Ресей коммунистік большевиктер партиясының Ақтөбе губерниялық комитеті мен губерниялық атқару комитетінің идеологиялық құралына айналды. Сол уақыттағы азаматтық соғыс, аштық жылдары, құлдырау замандарында большевиктер газеттің қоғамға таралуына жүйелі түрде қолдау көрсетті.

1924 жылдың 1 желтоқсанынан бастап басылым атауы «Степная крестьянская газета» болып өзгерді. Төрт жылдан кейін, яғни 1929 жылдың 1 қаңтарынан «Степная крестьянская газета» «Степная правда» болып шыға бастады. 1932 жылдың наурыз айында Ақтөбе облысы құрылғаны белгілі, осы жылы 10 наурызда облыстық комитет бюросы облыстық газетті «Актюбинская правда»қылып өзгерту туралы қаулы қабылдайды. Оның шығарушылары ретінде БКП(б)  Ақтөбе облыстық комитеті, облыстық атқару комитеті, облыстық кәсіподақ кеңесі және БКП(б)  Ақтөбе аудандық комитеті тіркелді. Кейін Батыс Қазақстан өлкесі құрылды, оның орталығы Ақтөбе қаласы еді. Осы өзгеріске байланысты 1962 жылдың 3 мамырынан бастап «Западный Казахстан» өлкелік газеті шыға бастады. Ал өлке таратылғаннан кейін,  1965 жылдың 6 ақпаны күнінен бастап басылым қайтадан облыстық деңгейге ауыстырылып, атауы «Путь к коммунизму» болып өзгерді. ҚР мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданғаннан кейін екі аптадан соң, яғни 1990 жылдың 7 қарашасында басылым өзінің бастапқы  «Актюбинский вестник» атауын қайта алды.

Бүгінде облыстық газет аптасына үш рет — дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндері шығады. Бұл — газет оқырмандары күнара облыста, елімізде болып жатқан жаңалықтардан уақытылы хабардар болып отырады деген сөз. Облыстық газет қоғамда болып жатқан жайттардың ешбірін қалт жібермей, өз оқырманына жеткізіп отырады. Мәселен, «Новости. События. Факты» айдарларында Ақтөбе облысында болып жатқан барлық іс-шаралар туралы ақпараттар жарияланады. Басылым — облыстың айнасы. Ақтөбе қалай дамыса, айнада сол көрінеді. Бүгінгі Ақтөбе қарқынды дамып келе жатқан өңір, тартылған инвестиция есебінен салынған әлеуметтік нысандар қаланың көркін келтіріп, тұрғындарға қызмет етіп отыр. Олардың қатарында Қазақстанның батыс өңіріндегі ең ірі мәдени орталықтардың бірі — Өнер орталығы, «Жұбановтар әлемі» музей үйі, балаларды жан-жақты дамытуға арналған Шығармашылық академиясы, Жекпе-жек сарайы, Мұз сарайы, теннис орталығы, жастарды әлеуметтік бейімдеуге арналған «Мейірім» орталығы, рухани тәрбие беретін «Анаға тағзым» орталығы сынды ғимараттар бар.

«Экономика», «Ауыл» айдарлары экономика және ауыл шаруашылығы салалары тақырыптарына арналған, бұл айдарларда жарияланған мақалалар арқылы оқырман жаңа мемлекеттік бағдарламалар мен бизнеске, ауылға көрсетіліп отырған қолдаулар, сондай-ақ, елдің дамуына үлес қосып жүрген облыстағы кәсіпкерлер мен шаруалар жайын біле алады.

Газеттің жұма күнгі санын оқырман «Главная тема» айдары үшін күтеді. Мұнда басылым журналистері қоғамдағы күйіп тұрған мәселелер мен маңызды тақырыптарды қаузайды. «Главная тема» айдарында жарияланған мақалаларда көтерілген мәселелерді шешу үшін көп жағдайда жергілікті атқарушы органдар тарапынан шаралар қолға алынады.

Оқырманның іздеп жүріп оқитын тағы бір айдары — «Социум». Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың, аз қамтылған отбасылардың, қолдау-көмекке мұқтаж басқа да қоғам мүшелерінің тағдыры ешқашан журналистердің назарынан тыс қалған емес.

«Сакральная география» (облыстағы қасиетті жерлер туралы) айдары, «Рухани жаңғыру», «Третий сектор» (үкіметтік емес ұйымдар қызметі туралы), «Большая перемена» (педагогтардың күнделікті жұмысы мен осы саладағы мәселелер төңірегінде), «Культура», «Литклуб», «Домашний очаг» (отбасы құндылықтары мен кейінгі ұрпақ тәрбиесі жайындағы) айдарлар да оқырман тарапынан үлкен сұранысқа ие болып отыр. Бұл заңды да, себебі «АВ» журналистері өз мақалаларын көзбен көріп, көңілден өткізіп, оқырманға шынайы әрі нақты деректер мен ақпараттар негізінде жеткізуге тырысады.

«Актюбинский вестник» журналистерінің еңбегін тек оқырмандар ғана емес, осы саладағы сарапшы мамандар да жоғары бағалап отыр. Оған басылым журналистерінің бірнеше рет республикалық байқаулардың жүлдесіне ие болғаны дәлел.

Газеттің екі ірі жобасын ерекше айта кеткен жөн. Олар — жетім балалардың отбасын табуына көмектесетін «Найди меня, мама!» және «Место встречи» атты іздеу қызметі жобалары. «Место встречи» жобасы 2010 жылы қазан айында қолға алынды. Жоба аясында ресейлік «Жди меня» ұлттық іздеу қызметімен байланыс орнатылды. Осы жоба арқылы сегіз жылдың ішінде бір-бірінен қол үзіп қалған туыстар, бауырлар, достар табысты. Ал «Найди меня, мама!» жобасы қоғамды жетім балаларды асырап алуға, патронаттық тәрбиеге алуға шақырады, балаларды бауырына басқан отбасыларды көпке үлгі ретінде көрсетеді. 2009 жылы қолға алған бұл жоба аясында ата-ана құшағын аңсаған ондаған жетім бала отбасына «оралды». Бұл айдарды газеттің әлеуметтік саясат бөлімінің басшысы Гүлсім Назарбаева жүргізеді.

Газет жетістіктері

2013 жылдың маусым айында «Актюбинский вестник» газетінің 95 жылдық тойында басылым ұжымына Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хаты берілді. Мемлекеттік саясаттың дамуы барысын белсенді түрде жұртшылыққа жеткізу және отандық медиа-кеңістіктің дамуына қосқан үлесі үшін газет ұжымы осындай жоғары мемлекеттік наградаға ие болды. «Актюбинский вестник» —Мемлекет басшысының Алғыс хатымен марапатталған Ақтөбе облысындағы алғашқы және жалғыз басылым.

1968 жылдың 18 маусымында «Путь к коммунизму» газетінің («АВ» газетінің сол кездегі атауы) 50 жылдық тойында басылымға КСРО-ның мемлекеттік наградасы «Құрмет белгісі» ордені  берілді. Бұл награда өндіріс, ғылыми-зерттеу, мемлекеттік, әлеуметтік-мәдени, спорт және басқа да салаларды көрсетудегі жоғары жетістіктері үшін берілген.

Облыстық қоғамдық-саяси «Актюбинский вестник» газеті 2011 жылы осы жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының энергетикалық саласының даму мәселелерін жариялау бойынша ең үздік аймақтық газет ретінде танылды.

Газет атындағы шың

Басылымның бір ғасырлық тойына арналған шаралар жыл басынан бері ұйымдастырылып келеді. Сондай ерекше шаралардың бірі —  еліміздегі ең биік шыңдарының біріне газет атауының берілуі болды.

Биыл жаз мезгілінде ақтөбелік альпинистер республикалық альпиниада аясында адам аяғы баспаған жаңа биікке шығып, оған «Актюбинский вестник шыңы» деген атау беріп қайтты.

Әлем картасына «Актюбинский вестник шыңы» деген атаумен енген жота теңіз деңгейінен  3 353 метр жоғарыда тұр. Ол Оңтүстік Қазақстан облысының аумағындағы Оңтүстік-Батыс Тянь-Шань тауындағы Өгем жотасында 42,12338 градус солтүстік ендікте және 70,360346 шығыс бойлықта орналасқан.

2 мамыр күні ақтөбелік альпинистер Әнуар Хаметов, Аяз Ахмедов, Данияр Жұмағалиев пен шымкенттік альпинист Антон Князевтер осы шыңның биігіне шығып, «Актюбинский вестник» ұштағанын орнатты. Идея авторы — «АВ» редакциясы. Оңтүстік Қазақстан облысы альпинизм федерациясының президенті Бақытжан Асановтың айтуынша, Қазақстан Республикасы альпинизм және шыңға шығу  федерациясымен келіскеннен кейін «Актюбинский вестник шыңы» картаға енгізіледі, бұдан соң шыңға тәжірибелі инструкторлар шыққаннан кейін оған апаратын жол бағыты жасалады.

«Актюбинский вестник» энциклопедиясы

Ғасырлық тойдың тағы бір тәбәрігі — «Актюбинский вестник» энциклопедиясы. Жүз жылдық уақыттың жылнамасы 110 беттік жинақ болып шығарылды. «АВ»-ның бас редакторы Айгүл Нүркееваның айтуынша, биыл жазда газет тілшісі Муапих Боранқұлов облыстық мұрағатта мәлімет жинаумен айналысты.

— Қызықты мәліметтер табылды. Мәселен, газетіміздің ең алғашқы редакторының 18 жастағы жігіт болғанын білдік. Будашкин деген азаматтың тіркеу карточкасы табылды, ондағы мәліметте Будашкиннің 1900 жылы туғаны, 1918 жылдың қарашасына дейін газеттің бас редакторы қызметін атқарғаны жазылған. Ол — 100 жылдық тарихы бар газеттің ең алғашқы әрі ең жас редакторы. Мұндай ақпаратты табуымыздың өзі біз үшін үлкен жеңіс. Одан да өзге мәліметтер, суреттер жинақталды. Әрине, 100 жылда істелген жұмыстардың бүге-шігесіне дейін энциклопедияға сыйғызу мүмкін емес шығар, дегенмен барынша толық зерттеуге, тапқан ақпараттарды жинаққа толық енгізуге тырыстық, — дейді ол.

Расында, жүз жылда бұл жерде мыңдаған адам жұмыс істеді, газеттің жиырма мыңнан астам номері шығарылды, онда түрлі айдарлар, қызықты жобалар жүзеге асырылды. Экциклопедияның «История. Век на службе у читателя» атты бірінші тарауында сол уақыттағы қоғам өмірімен біте қайнасқан басылым тарихы туралы айтылған. Ал екінші, «Они делали газету» бөлімінде осы газетті басқарған редакторлар мен түрлі жылдары редакцияда жұмыс істеген адамдар туралы энциклопедиялық мағлұматтар берілген. «Актюбинский вестник» глазами современников» бөлімінде журналистердің әр жылдары жарық көрген мақалалары, естеліктері жарияланған. Сондай-ақ оқырман «Проекты, рубрики, названия» тарауында басылымның атауына, осы газет бетінде жүргізілген айдарлар мен редакция ұйымдастырған ерекше жобалар туралы біле алады.

Басылымның барлық саны сандық жүйеге көшірілді

«АВ» газетінің жүз жыл бойы жарық көрген барлық саны сандық жүйеге көшірілді. Басылымның бірінші номері бұл күнге дейін сақталмаған, алайда, оның суреттері қолда бар. «Газет номерлерінің барлығын сканерден өткізіп, сандық жүйеге көшіргеннен кейін, дискілерге жазып, барлық кітапханаларға таратамыз», — дейді «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин.Серіктестік директорының айтуынша, жақын күндері ғасырлық тарихы бар басылымның сандық форматтағы жинағы С.Бәйішев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасына, одан әрі бсқа да кітапханаларға таратыла бастайды. Бұл оқырман үшін, ғылыми жұмыстармен айналысып жүрген азаматтар үшін үлкен олжа болмақ.

«АВ» — ғаламтор әлемінде

«АВ» газетінің www.avestnik.kz сайты онлайн-оқырман арасында үлкен сұранысқа ие. Оқырман газет ұжымымен әлеуметтік желілер арқылы да байланыс жасайды: басылымның әлеуметтік желілерде 19 аккаунты және YouTube желісінде жеке арнасы бар. Мәселен, Инстаграм желісіндегі парақшасына 20 мыңнан астам оқырманы жазылған.

Той қарсаңында…

Ғасырлық той тұсында құрамында екі облыстық газет, журналдар мен ақпараттық сайттар бар «Ақтөбе Медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бірнеше дәстүрлі спорттық шаралар өткізді. Шаңғы тебуден, жеңіл атлетикадан және тоғызқұмалақтан жарыстар болды. Биыл бірінші рет балалар арасында жүзу спортынан және футболдан жарыстар ұйымдастырылды.

С.Бәйішев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында, аудандарда оқырмандармен кездесулер өткізілді.

Газет тойы аясында Қазақстанның және Ресейдің басылымдарымен өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.«Сто добрых дел «АВ» және «Бақытты бала» балалар жылы шеңберінде ұйымдастырылған жобалар аясында «Ақтөбе Медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі«Алақай» қуыршақ театрының  «Теплые ладошки» акциясына қатысты. Осы акция аясында «Легенды степей — О, Алдар!» қойылымынан түскен қаражат бір жасар Сырғалым Өтептің еміне аударылды. Бұл — облыстың бірінші газетінің әлеуметтік жауапкершілік жұмыстары аясында жасаған алғашқы қадамдарының бірі.

«Ақтөбе Медиа» ЖШС басылымның бір ғасырлық мерекесі тұсында Еліміздің бас қаласы — Астананың 20 жылдығына һәм газет тойына арналған «Арайлы Ақтөбеден — Айбынды Астанаға» атты автоэкспедиция ұйымдастырды. Оның мақсаты — Астананың 20 жылда жеткен жетістіктерімен танысу,  еліміздің және Елорданың дамуына үлес қосқан белгілі ақтөбеліктермен кездесу болды. Дәл осындай автоэкспедиция Қызылорда облысында және Орынбор қаласында да ұйымдастырылды.

… Міне, облыстың ең бірінші басылымы өзінің бір ғасырлық тойын осындай жетістіктермен қарсы алып отыр. Бірнеше ондаған жылдар ішінде атауы, сыртқы дизайны қанша өзгерсе де, газет қоғамға қызмет ететін өз мақсатынан ауытқыған жоқ, журналистік мәдениет пен этика, ұжымның өз ісіне кәсіби шеберлікпен, жауапкершілікпен қарау үрдісі де тиісті деңгейден төмендеген жоқ. Оған куә — оқырманның басылымға деген сенімінің беріктігі, газет пен оқырман арасындағы жүз жылдық диалогтың үзілмеуі һәм аға буын мен бүгінгі сөз шеберлерінің берекелі ынтымақтастығы… 

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button