АуылБасты жаңалықтар

Ел бесігі түзеліп келеді

«Біз ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғыртуға кірісуіміз қажет. Бұған арнайы «Ауыл — Ел бесігі» жобасының іске қосылуы септігін тигізеді. Бұл жоба арқылы өңірлердегі еңбекке қатысты идеологияны ілгерілетуді қолға алу керек».

 Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев.

Алысты жақындатқан

«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» транзиттік магистраль жолы алысты жақындатты. Болмаса, шалғайдағы Ырғызға жету күні кеше қиямет-қайым болатын. Бұл жол осы ауданның бұрулау жатқан талай ауылдарының да жағдайын жеңілдеткенін көруге болады. Мысалы, Құмтоғай ауылдық округіне қарасты үш ауыл да жолдан қашық емес, бір бағытта, Қарақұдық — 10, Құмтоғай — 15, Қарасай 25 шақырым жерде орналасқан. Әрине, жайлы жолдан шығып, асфальтталмаған, кедір-бұдыры мол, көтерме жолға түскенде жолаушы көңілді бола қоймас. Дегенмен, әргіректегі Қарасай болмаса, иек артпа жерде тұрған екі ауылға қазір-ақ жетіп баратынына сенімді отырады.

Құмтоғай ауылының әкімі Әл-Фараби Әлібекұлының осы ауылдардың тізгінін қолына алғанына тура бір жыл толыпты. Әйтседе жас жігіттің әңгімесінен мемлекеттік қызметке бүгін келмегендігі, біраз ысылғандығы байқалады.

— Осы Ырғыздың қазіргі Аманкөл ауылында туып-өскенмін. Құдайберген Жұбанов атындағы мемлекеттік университетінің заңгерлік факультетін 2007 жылы бітіріп келіп, Ырғыз аудандық сотында жұмыс істедім. Қысқартуға ұшырап, бір жылдай жұмыссыз жүріп қалдым. 2012 жылы конкурсқа қатысып, аудандық әкімшілікке заңгерлік қызметке орналастым. Екі-үш жылдан соң аудандық әкімшіліктің ұйымдастыру және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы болдым. Мемлекеттік қызметте жүргеніме он жылға таяп қалды, — дегенінен-ақ көп жай аңғарылғандай еді.

Әл-Фараби Құмтоғай ауылдық округінің әкіміне баламалы түрде түсіп, аудандық мәслихат депутаттарының көпшілік даусымен сайланған. Әкім округке қарасты үш ауылдың да қазіргі жай-күйін қолға ұстатқандай қылып баяндап берді.

Округ орталығы Құмтоғайда — 100, Қарақұдықта — 35, Қарасайда 40 үй бар екен. Орталығында орта мектеп, қалған екі елді мекенде негізгі мектептер жұмыс істейді. Мектептерге баратын бала саны да әзір талапқа сай сияқты, орта мектепте ֫ — 160, негізгі екі мектептің әрқайсысында 60-тан бала оқиды.

Біздің білгіміз келгені де оқшау жатқан ауылдардың бүгінгі тыныс-тіршілігі, ертеңгі болашағы болатын. Мемлекет басшысы биылғы халыққа арнаған Жолдауында ауылдардың болашағына үлкен алаңдаушылық білдірді. Ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғыртуға кірісуді тапсырды. «Ауыл — Ел бесігі» жобасының іске қосылатынын айтты.

Әрине, ауылдың ауыл болмағы әлеуметтік ортасына, халқының, бала санының өсуіне байланысты. Біз әңгімелеп отырған үш ауылдың да әлеуметтік жағдайы тұрақты. Кешегі қиын кездің өзінде де көші-қонға көп түспеген. Қай ауылда да табиғи өсім бар.

Соның бір дәлелі — округ орталығы Құмтоғай ауылында бос үй жоқ. Ауыл әкімінің өзі сайланғаннан кейін отбасын көшіріп әкеліп, бір жыл пәтер жалдап отырған. Екінші жылы ғана үй сатып алудың сәті түскен.

Бір адамның берекеті

Қарақұдық елді мекенінің тұрғындары тіпті орнықты, қозғалмайды. Мұнда талай жылдан бері облысқа танымал белгілі кәсіпкер, «Парасат» орденінің иегері Хамит Өтеуұлы басқаратын «Алтын-Әсел» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмыс істейді. Әзірге 35 үй тұрғанмен, бұл ауылдың болашағы зор. Алда елді мекеннің ұлғаятынына күмән жоқ. Ауыл тұрғындары негізінен аталған серіктестіктен жұмыс тауып отыр. Серіктестіктің қарамағында 2 мың жылқы, 7 мың қой, 250 сиыр бар. Серіктестік директорының өзі де бала-шағасымен осы ауылда тұрады. Ұзақ жыл Құмтоғайда отырып, кейін аталған шағын ауылдың болашағын ойлап, қонысын өзгерткен. Шағын болғанмен, бұл мекенде мемлекеттік мекемелер жақсы жұмыс істеп тұр. Фельдшерлік пункт, мектеп, интернат, қоғамдық монша, дүкен бар. Шынын айтсақ, бұл өңірде берекет бір адамда —серіктестік басшысы Хамит Өтеуұлында тұрғандай. Әлгі үш елді мекендегі біткен істің басында осы азамат жүреді. Ауыл тұрғындары қызығын көріп отырған игіліктердің бәрінде оның есімі аталады. Округ орталығына стадион, боздақтар алаңын салып, онда осы ауылдан шыққан 6 Социалистік Еңбек Еріне, соғыстан қайтпай қалған жерлестеріне тақта орнатқан.

Округ орталығында ауылдың ардагерлері бас қосатын бұрыннан арнайы бөлме бар еді. Алайда ішіне қойылған жиһаздары көне болатын. Биылғы жылдың ақпан айында серіктестік басшысы сол бөлмеге жаңа жиһаздар қойып, қайта жасақтатып берген. Ардагерлер бөлмесін бірнеше мерзімдік баспасөздерге жаздырған.

Ал өзі тұратын Қарақұдық ауылына айрықша қарасып-ақ тұр. Бұл жердегі бар шаруа өзінің тікелей қамқорлығында. Елбасы Жолдауында айтылған ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғырту деген осы емес пе? Бұған әр адам Хамит Өтеуұлындай үлес қосса, кәне!

— Осы жылдың қыркүйек айында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен Ырғыз ауданында болғанда, «Алтын-Әсел» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» дәлізі бойындағы «Ұлы дала» кемпингін, «Туған жерге тағзым» аясында Қарқұдық ауылында салынған демалыс саябағын, осы саябақта ана мен балаға арнап орнатылған «Ару ана» ескерткішін ашты. Ауылшаруашылық жәрмеңкесі, көрмесі ұйымдастырылып, ауданның барлық округтеріне үлгі етілді, — дейді ауыл әкімі.

Бұл округтің  үш аулы да негізінен мал өсіріп тіршілік етеді. «Алтын-Әсел» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен бөлек, 20 шаруа қожалығы бар. Ауыл әкімінің айтуынша, тек «Орынбай» шаруа қожалығында 12 үйірдей жылқы бар.

Қайда барсаң да, ақпа тегін судың бойында отырған Ырғыздың елді қоныстары жерге бай. Ал «Жері байдың — елі бай» деп халқымыз тегін айтпаған. Соның арқасында мыңғыртып мал бағады, бау-бақша салады, қаптатып құс өсіреді. Қай ауылында да шаруаның қанатын кеңге жаюға мүмкіндіктер жетеді.

Өркенді тұрмыстың талабы

Әңгіме ауылдың проблемасына ауысқанда, Әл-Фараби Қарасай ауылының кем-кетігін бөлек толғады.

— Қысқа қарай жол қатынасы қиын. Әсіресе, көктемде мүлде қатынас үзіледі. Себебі ауылдың іргесіменен Ырғыз өзені өтеді. Жазғытұры жоғарыдан су келіп, тасып, жайылған кезде уақытша салынған көпірді шайып кетеді. Осы кезде ауыл арғы бетте қалып қояды да, өзге жермен  қатыса алмай, суға қайық салады. Сондай қиындықты білетін ауыл адамдары қысқа қарай азық-түлігін алдын ала мол қылып қамдайды. Бұл жерге Ырғыз селосының тұсындағы өзен үстіне салынғандай, үлкен көпір керек. Ал ол ауданның шамасы жететін шаруа емес. Болмаса, көктемде су қашып, қайтқаннан соң, әрлі-берлі көліктер өтетін уақытша көпір Хамит Өтеуұлының көмегімен жылда салынып жүр — деді.

Әкімнің айтуынша, ауылдардың тұрғындарын мазалайтын тағы бір мәселе мектептердің жайы екен. Үш ауылдың да мектебі бір кезде қамыстан салынып, сырты кірпішпен қапталған баспанаға орналасқан. Материалдық базасы нашар. Спорт, үгіт залдары жоқ. Бірақ таяу жылдарда мектептердің жаңартылатынына ырғыздықтардың үміті мол. Себебі алдыңғы жылдары салынып, пайдалануға берілгендерін айтпағанда, тек осы жылы ауданда 3 мектептің құрылысы жүргізілуде. Сол мектептер бітсе, келесі жылдары Құмтоғай округінің орталығынан салынатын орта  мектептің де жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеудің кезегі жетіп тұрғандай.

Жағдай жақсарған сайын, ауыл тұрғындарының да талабы өсе береді екен. Кеше ғана алысты жақындатып, ауылдың тұсынан күре жол салынғанда, бірсыпыра уақыт жол мәселесі ұмтылғандай болған. Халықаралық дәлізге дейінгі жергілікті 25 шақырым жолдың нашарлығы еленбей келген. Енді сол жолдар жақсартылса, мектептер жаңартылып, балабақша салынса деген тілектер жиі айтыла бастады. Көтерме жолдың қыста қар басатын жерлері бар. Көктемгі, күзгі лайсаңда көліктердің жүруі ауырлайды.

Елбасының тапсырмасы бойынша бүкіл қызметтің түйіні ауылдың тұрмысын жеңілдетуге тірелгенде, шалғайдағы ырғыздықтардың тұрмысынан да оңға басқан нәтижелерді көруге болады. Ауданның орталығына газ барып, халық қуанып еді. Іле Құрылыс ауылы да осы игілікті пайдаланды. Бүгінде Жаңақұрылыс ауылына да газ жетіп, әр үйге құбыр тартылуда. Демек, қатар жатқан мына үш ауылға да таяу жылдарда газ құбыры тартылып жатса, таңғалуға болмайды.

Бір кезде ауылдықтар үшін арман болған ауызсудың рахатын округ орталығындағы құмтоғайлықтар үш жылдан бері көріп отыр. Орталықтандырылған су құбырынан әр үйге су кіріп тұр. Әзірге екі ауыл ауызсуды бұрынғыша құдықтан алады. Қарқұдыққа қуаныш бұрын жететін сияқты. Өйткені мұнда зерттеу жұмыстары жүргізіліп, ауызсудың қоры табылған. Енді мәселе жобалау-сметалық құжаттарын жасауға қажетті қаржыға тіреліп тұр.

Қыс алдында қапылыс жоқ

«Бай — бір жұттық» деп отыратын арғы заманның әңгімесін айтпағанда, кешегі кеңестік кезеңнің өзінде қоғамдық  шаруашылықтар «Қылышын сүйретіп қыс келеді» деп қапылып жатушы еді. Бүгінгі ауылдың, жекеге негізделген шаруа қожалықтарының тірлігінен оны сезбейсің. Қысқа қажетті жемшөп қорын, қора-қопсысын, отын-суын толық дайындап алған.

Өйткені құмағы да, тепсеңі де жеткілікті, шұрайлы шабындықты бұл өңірлерден табиғи пішен дайындап алу қиындық келтірмейді. Оның сыртында, мерзімімен дайындалған пішен қолма-қол қаржы әкелетінін шаруа қожалықтары да жақсы біліп алған. Науқанды өткізбей өздерін қамтып, артылған пішенді сыртқа шығарып сатады. Ауылдардағы жеке шарбақтарға өткізеді. Бірен-саран жағдайы қиын, қолы қысқа отбасыларына кәсіпкерлер бірер көлік жемшөпті тегін түсіріп береді.

— Жұмыссыздық мәселесі барлық жерде бар ғой. Ауылда отырғасын мал ұстамай болмайды, малды көбейтіңдер, отбасылық кәсіп ашыңдар, бау-бақша өсіріңдер деп тұрғындарға әр жиын сайын айтып жатамыз. Өзім алты қыз, екі ұл тәрбиелеп өсірген көпбалалы отбасынан шыққанмын. Ұлдың үлкенімін. Отбасымда жолдасым, екі кішкентай балам бар. Ауылға көшіп келгесін біз де мал ұстадық. Қазір екі сиыр сауып отырмыз. Қарап отырсаң, ықылас танытқан адамға тап осы ауылдың өзінен де жұмыс табылады. Қазір жеке шаруа қожалықтары қой өсіруді шектеп жатыр. Себебі, ауылдан  қой бағатын адам шықпайды. Қалаларға барып «көшеде жүрген адамдарды» алып келеді. Олар бір ай, екі ай болып, кетіп қалып жатады. Ал жергілікті тұрғындар қанша айлық төлесе де, бейнетінен қашып, барғысы жоқ, — дейді ауыл әкімі.

Елбасының биылғы халыққа арнаған Жолдауының басты мақсаты — тақырыбынан көрініп тұрғандай, тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту, табысын арттыру. Сол үшін мемлекет барлық жағдайды жасамақ, бұған дейін де жасап та келді. Соның бірсыпыра мысалын шалғайдағы Құмтоғай ауылдық округінен де көрдік. Халқымыздың табысты болуы мемлекет тарапынан жасалатын қамқорлықпен бірге, қоғамның әр мүшесінің белсенділігіне, ауыл тұрғындарының еңбекке қатысына да байланысты екені және аян.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ,

Ырғыз ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button