Әлеумет

Пластикалық қалдықтар қоршаған ортаға қауіп төндіреді

Жадынама


Пластик өндірістен бастап кәдеге жаратылғанға дейін қоршаған ортаға елеулі зиян келтіреді. Пластикалық өнімдерді өндіретін зауыттар жылына атмосфераға 400 миллион тоннаға дейін көмірқышқыл газын шығарады. Бүгінде жануарлардың шамамен 800-дей түріне пластикалық заттарды жеп қою және пластикпен улануы салдарынан жойылып кету қаупі төніп тұр.

Бір реттік қалталар қаланың кәріз жүйесін толтырып тастайды және су басу қаупін тудырады. Пластмасса қоқыстары демалуға арналған орындарды, жағалаулар мен жағалау аймақтарын ластайды.

Мұхиттарда пластмасса қалдықтары жыл бойы ыдырайды, бірақ толықтай емес және бұл процесс барысында бифенол А және полистирол сияқты улы химикаттар суға түседі. 2014 жылғы бағалау бойынша мұхит бетінде 268 940 тонна пластик бар деп есептелсе, ал пластикалық қалдықтардың бөлек бөлшектерінің жалпы саны 5,25 триллион тоннаны құраған.

Жыл сайын шығарылатын пластмассадан жасалған өнімдердің көп мөлшері бір рет қолдануға арналған. Пластиктің екі жүз жылға жуық уақытта ыдырайтындығы белгілі. Пластмассалар жерге түскенде ұсақ бөлшектерге ажырайды да, өзінен қоршаған ортаға химиялық заттарды бөле бастайды. Жер асты сулары арқылы пластиктің ұсақ түйіршіктері және оның химиялық заттары ең жақын су көздеріне түседі, бұл жануарлардың жаппай қырылуына әкеліп соғады.

Тұрмыстық қатты қалдықтар полигондары үнемі пластмассаның әр түрімен толтырылады. Қоқыстың мұндай түрінде пластиктің биодеградациясын жеделдететін көптеген микроорганизм бар. Биоыдырайтын пластиктерге келер болсақ, олар ыдыраған кезде метан бөлініп шығады. Бұл — атмосфераға диоксиндер мен фурандар бөліп шығаратын өте күшті парниктік газ.

Пластмассалар құрамында пластиктің түріне байланысты көптеген химиялық заттардың түрі болады. Пластмасса өндірісінде пайдаланылатын кейбір химиялық заттар адам организміне тамақ арқылы түсуі мүмкін. Сондай-ақ пластикалық ластанудың әсерінен жануарлардың да улану қаупі бар.

Пластикалық ластану ірі теңіз сүтқоректілеріне өте зиянды әсер ететін заттар ретінде сипатталған және «Introduction to Marine Biology» кітабында олар үшін «ең қауіпті қатер» деп аталды. Пластмасса жануарлардың асқазан-ішек жолдарын бекітіп тастайды, теңіз сүтқоректілері пластмассалық торларда шырмалып қалады да, оның соңы өлімге немесе ауыр жаралануға алып келеді.

Өркениеттің заманауи игіліктері көбінесе адамдар үшін жайлылық тудырып қана қоймай, табиғатқа орны толмас залал келтіреді. Жиырмасыншы ғасырмен салыстырғанда тек өткен он жыл шамасында әлемде пластикалық өнімдер көп өндірілген.

Бір реттік ыдыс, қалталар, қаптамалар, бөтелкелер және түрлі пішіндегі қалыптар —  күнделікті «өндіретін» пластикалық қалдықтардың ең көп тараған түріне жатады. Қазақстанда қалыптасқан көлемнің тек 28,7 пайызы ғана қайта өңделген және адам өмірінде тұрмыстық шарттарда қайта қолданылады.

2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ҚР Экологиялық кодексінің 301-бабына сәйкес полигондарда пластмасса, пластика, полиэтилен қалдықтары және полиэтилентерефталат орамасы; макулатура, картон және қағаз қалдықтары; құрамында сынап бар лампалар мен аспаптар; шыны сынықтары; түсті және қара металдар сынықтары; литий, қорғасын-қышқыл батареялары; электрондық және электр жабдықтары қалдықтарын көмуге тыйым салу енгізіледі.

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап тамақ қалдықтарын және құрылыс материалдарының қалдықтарын полигондарда көмуге тыйым салынады.

Жергілікті атқарушы органдар тарапынан қолға алынған шаралар бойынша қатты тұрмыстық қалдықтардың пайда болуы және көмуі жыл сайын азаюда, ал оларды қайта өңдеу ісі жетілдірілуде.  Мәселен, 2016 жылы 348,0 мың тонна қатты тұрмыстық қалдық пайда болса, оның 5,2 мың тоннасы қайта өңделген (1,5 пайыз);  2017 жылы — 300,5 мың тонна қатты тұрмыстық қалдықтың қайта өңделіп немесе залалсыздандыруға жіберілгені — 7,5 мың тонна (2,5 пайыз). Ағымдағы жылдың 6 айында 158,6 мың тонна қатты тұрмыстық қалдық пайда болса, соның қайта өңделгені — 9,2 мың тонна, яғни 6,14 пайызға көбейген.

Сондай-ақ Ақтөбе қаласының тұрғындары үшін пластик қалдықтарды жинауға арналған торлы контейнерлер қарастырылған.

ҚР Энергетика министрлігі әкімдікпен бірлесе отырып, қайта өңдеуге болатын «құрғақ қалдықтарды» және көмуге болатын «ылғалды қалдықтарды» жеке жинау қағидасын қала тұрғындарының назарына ұсынады.

ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚАУІПСІЗ ӘРІ ТАЗА ҰСТАУ — БІЗДІҢ ҚОЛЫМЫЗДА!

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button