Басты жаңалықтарБилік

«Нұр Отан»: атқарылған істер және жаңа бастамалар

Бейсенбі күні «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының XXV есеп беру-сайлау конференциясы өтті.

Конференцияға Ақтөбе қаласы мен барлық аудандардан 235 делегат шақырылған. Сондай-ақ, жиынға «Нұр Отан» партиясының хатшысы Илья Теренченко мен партияның облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты.

Жиында партияның еліміздегі стратегиялық реформаларды жүзеге асыру жолында атқарған жұмыстары талқыланды. Облыстық партия ұйымының осы іске қосқан үлесі жөнінде облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары Дариға Исмағамбетова баяндады.

Жалпы, біздің аймақта «Нұр Отан» партиясына мүше 44 мыңнан астам адам бар.

— Биыл «Балаларға арналған тегін IT-сыныптар» жобасы облыстың барлық аудандарында қолға алынды, бүгінгі күні бұл сыныптарда 1000-нан астам бала оқып жүр. 100-ден астам бала Скрэтч-бағдарламалаудың бірінші модулін аяқтады. Ақтөбе политехникалық колледжінің базасында «Киберқауіпсіздік», «Биг дата-талдау», «Фул стэк және мобильдік өңдеу» бағыттары бойынша мамандар даярлайтын ІТ орталық жұмыс істейді.

Облыста төрт коворкинг-орталық бар, осы жылдың соңына дейін тағы үшеуі ашылады. Алдағы жылы барлық аудандық орталық кітапханалар жаңа форматта жұмыс істейтін болады, — деді Дариға Исмағамбетова.

Соңғы екі жыл уақыт ішінде облыстық партия ұйымының қатары 7 мың адаммен толыққан. Өткен жылы партияны жаңғырту мәселесі көтерілгені белгілі, осыған байланысты бастауыш партия ұйымдарының саны 442-ден 261-ге дейін қысқартылды.

«Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында облыстағы барлық ардагерлерге — 50 Ұлы Отан соғысы ардагері мен 6 мың тыл еңбеккері және оларға теңестірілгендерге — құрмет көрсетілді. Отбасы қамқорлығынсыз қалған 400 қарияға әрдайым қолдау-көмек ұйымдастырылады.

Баяндаманы талқылау барысында Қарғалы аудандық орталық ауруханасы бастауыш партия ұйымының төрағасы Берік Жаржанов, Темір ауданы Шұбарқұдық гимназиясының мұғалімі, жас маман Тоғжан Жолановалар сөз сөйледі. Сондай-ақ, жиында партияның облыстық филиалы бақылау-тексеру комиссиясының және «Жас Отан» жастар қанатының 2017-2018 жылдардағы жұмысы қорытындыланды.

«Нұр Отан» партиясының хатшысы Илья Теренченко жиында сөйлеген сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың партияның алдына нақты міндеттер қойғанын, ал түпкі мақсат — елдегі ең ірі саяси күш ретінде халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған бастамаларға ұйытқы болу, оларды іске асыру екенін атап өтті.

Ол партия бастамасымен қолға алынған «Балаларға арналған тегін IT-сыныптар», «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек», т.б. жобалар аясында еліміздің түкпір-түкпірінде жасалып жатқан істер жөнінде баяндады, ақтөбеліктердің де осы істерге үлес қосып отырғанын айтып, өзінің алғысын жеткізді. Сондай-ақ, алдағы жоспарларға да тоқталды.

— Соңғы уақытта мектеп асханаларында берілетін тамақтың сапасына қатысты мәселе жиі көтеріліп жүр. Осыған байланысты айта кеткім келеді, бұл жерде партия қандай да бір нақты кәсіпорынның мүддесін көздемейді. Кәсіпкерлердің ісіне ешкім де араласқалы жатқан жоқ. Біздің мақсатымыз біреу ғана — оқушы балаларға берілетін тамақтың сапалы болуына қол жеткізу. Сапалы да құнарлы тағам — денсаулық кепілі. Бүгінгі күні партияның облыстардағы филиалдары осы іске кірісіп кетті, — деді Илья Теренченко.

Айта кетелік, осыған байланысты біздің облыста «Бірыңғай тамақтандыру комбинаты» жобасы қолға алынып отыр. Оны басқа облыстарға тарату Ақтөбе өңіріндегі тәжірибенің нәтижесіне байланысты болады.

Жиында делегаттар партияның облыстық филиалының саяси кеңесі мен бақылау-тексеру комиссиясының жаңа құрамдарын сайлады.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жиынды қорытындылай отырып сөйлеген сөзінде:

— Біздің басты міндетіміз — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауында алға қойылған міндеттердің уақытында орындалуын қамтамасыз ету, — деді. Соның ішінде, алдағы 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалақыны көтеру — назарда ұсталуы тиіс басты мәселелердің бірі екенін атап көрсетті.

Жиын соңында партияның белсенді мүшелеріне марапаттар табысталды. Марапатталғандар қатарында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Маржан Қорғанбаева, «Рокос» КТ-ның бас директоры Аркадий Ни, Ақтөбе көлік, коммуникациялар және жаңа технологиялар колледжінің директоры Жеңісгүл Мұхамбетпайызова, т.б. болды. «Үздік бастауыш партия ұйымы» республикалық байқауының жүлдегерлері — жеті ұйым жетекшілеріне де марапаттар тапсырылды. Он адам партияның облыстық филиалы төрағасының алғыс хатына ие болды.

Сондай-ақ, «Scratch Актобе» облыстық олимпиадасының жеңімпаздары да жарияланды. Олар — ақтөбелік Азамат Қалдашев, Ырғыз ауданының «БИОС» және Мұғалжар ауданының «Айти КИКС» командалары.

Есеп беру-сайлау жиынынан кейін «Нұр Отан» партиясының хатшысы Илья Теренченко бастаған топ Ақтөбедегі №56 мектепте болып, робот техникасы үйірмесіне қатысатын және IT-сыныпта оқитын балалардың жұмыстарымен танысты.

IT-сынып жетекшісі Еркін Сариннің айтуынша, қазір мұнда 90 бала оқып жүр. IT-сынып жазғы демалыс кезінде де жұмыс істеп, 50 бала оқыған. Балалар әзірге аннимациялық фильмдер, ойындар құрастырумен айналысады.

Балалардың бірі — 5 «а» сынып оқушысы Сәбина Қадырқұлованы қонақтар «мыстан кемпір сиқырлаған ханшайымды құтқару жоспарын» құрып отырған жерінен сөзге тартты:

— Бұл жерде жұмыс істеу маған қатты ұнайды. Көп нәрсе үйреніп жатырмыз, —  деді ол.

«Нұр Отан» партиясының хатшысы Илья Теренченко осы мектептегі коворкинг-орталықтың ашылуына да қатысты.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button