Жаңалықтар

Он мың түп ағаш егілді

Ақтөбе қаласын көркейту жұмыстары жалғасын табуда

Өткен аптадағы жалпықалалық сенбілікке қала тұрғындары, мемлекеттік қызметшілер, студенттер, мектеп оқушылары, сондай-ақ Қытай, Түркия, Германия, Словакия, Ресейден келген шетелдік 50 инвестор-компания ұжымдары қатысты.

Облыс орталығын көркейту жұмыстарынан облыс және қала басшылары да тыс қалған жоқ. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Достық» саябағын көгалдандыру жұмысына қатысты.

«Достық» саябағы аумағында шетелдік компаниялардың қызметкерлері жалпы саны 1000-нан асатын 15 түрлі көшеттерді отырғызды. «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамының қаржысына құрылымдалған «Достық» отбасылық саябағы қыркүйек айында, Мұнайшылар күні қарсаңында ашылған болатын. Күтімге алынған және қолайлы аймақта балалар және спорт алаңдары, футбол және баскетбол ойнайтын жерлер, қала тұрғындарының демалысы үшін отырғыштар орналастырылған. Сенбілік күні саябақ шаған, үйеңкі, қарағай және алма көшеттерімен көркейе түсті.

— Күн өткен сайын Ақтөбе қаласы көркейіп келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қаланы көгалдандыру мен экология мәселесіне айрықша назар аударылуда, ақтөбеліктердің жақсы тынығып-демалуы үшін қолайлы жағдайлар жасалуда. Соңғы үш жыл ішінде ғана Ақтөбеде 48 жаңа саябақ пен алаңдар ашылды, — деп атап көрсетті облыс әкімі.

5-шағын аудандағы жаңа көпір аумағындағы автожол байланыстары маңайын көгалдандыруға қаланың әртүрлі мемлекеттік мекемелерінің 300-ден астам қызметкері қатысты. Ақтөбе қаласы әкімі Ілияс Испанов осы шаруалардың ортасында жүрді.

— Мұнда алма, үйеңкі, бүрген, шетен, басқа да жапырақты және қылқанды ағаштардың екі мыңнан астам көшеттері отырғызылуда,— деді жұмыс барысында Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары Жандос Өтеулин.— Бұл учаскеге ағаш отырғызуға қалалық мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері келді, сонымен бірге біздің ардагерлеріміз де белсене қатысуда. Ағаш көшеттерін қалалық «Орман шаруашылығы» кәсіпорнынан алдық.

Осында келген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ардагерлермен бірге ағаш отырғызуға белсене кірісіп те кетті.

— Біздің қаламыз көрікті де көркем болуы тиіс, — деді ол. — Біздің саябақтарымызда, көшелеріміз бен алаңдарымызда тал-теректер көбейген сайын айналамыз да жасарып, жаңара түседі.

Сенбілікке сегіз мыңнан астам адам қатысты, сондай-ақ 100 шақты техника жұмылдырылды. Жалпы көлемі 1,3 миллион шаршы метр аумақты алатын саябақтар, алаңдар мен көшелер тазартылды. Қаладан 70 тонна қоқыс шығарылды. 10 мың көшет (тал, қарағай, аққайың, терек, алма) және 500 бұта отырғызылды.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, биылғы күзде облыс бойынша 40 мыңнан астам ағаш отырғызылады.

Санат РӘШ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button