Мәдениет

Мерген қыздың жүрегі мәңгі соғады

Ерлік

Маусымның 15-і күні Кеңестер Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 85 жылдығы мергеннің туған өлкесі — Қобда ауданының Әлия ауылында, кіндігі кесілген Бұлақта өтті. Рухқа тағзым ету арқылы батыр есімі ерліктің мәңгі өшпес үлгісіне айналғанын тағы бір айшықтаған қобдалықтар сол күні Мәскеудегі Әлия Молдағұлова атындағы №891 мектептен, батырдың асыл сүйегі жатқан Новосокольникиден келген қонақтарды және Орал, Астана, Қызылорда, Шымкент, Қарағанды, Ақтау, Павлодар, Ақтөбе қалаларынан шақырылған республикалық патриоттық әндер байқауының қатысушыларын күтіп алды.

Сонау соғыс жылдарынан бері батыр есімін ардақ тұтқан екі елдің жұртын жалғаған алтын көпір — халықтарға ортақ тағдыр, ортақ ерлік, ол ешқашан ұмытылмақ емес екенін Кеңестер Одағының дәурені тарих қана болып қалған уақыттардан бері араға жылдар салып ресейліктердің Әлия туған өлкеге аяқ басуы қайта нақтылады. Алғаш рет 1965 жылы батыр ұшқан ұяны Ленинград қаласының Әлия оқыған №140 мектебінің бір топ оқушыларын ертіп директоры Семен Синицкий іздеп келді. Оқушылар Әлия туралы, оның ерлігі жайында батырдың қаруластарынан естігендерін жеткізіп, сол кездері Әліпбайсай деп аталған ауылда мұражайдың іргетасы қалануына себепші болды. Ленинградтық оқушылар қалдырған Әлияның есімі жазылған класс журналы, «Отан үшін» газетінде ол туралы басылған мақала мен фотосуреттер тарихи тұрғыдан алғанда аса құнды деректер еді.

Ресейліктердің Әлияны ұлықтауға арналған сапары 1971 жылы осы өңірде қайта жалғасты. Әлия қару асынған №54 атқыштар бригадасының командирі, полковник Н. Уральский Молдағұловаға Кеңес Одағының Батыры атағын беру туралы ұсынысты, батырдың майдан даласында түскен суреттері мен құжаттар тапсырды. Сол сапарында мерген қыздың командирі Әлия ауылындағы қазіргі мұражайдың өз алдына ашылуына себепші болды. Н. Уральскийдің сапарынан арада 13 жыл өткенде Нұрсұлтан Назарбаев пен Дінмұхамед Қонаев Әлияның туған жерінде болып, мұражайда қолтаңбасын қалдырды.

Содан бері әлиялықтар батыр туралы деректерді жүріп өткен жерлерінен іздеуге кірісті. Санкт-Петербургке, Мәскеуге, Псков облысының Новосокольники ауданына, Казачиха даласы мен Монаковаға бірнеше мәрте барып, туған жердің бір уыс топырағын батыр жерленген бауырластар зиратына қосты.

Батырдың өмірі, ерлік жолы туралы деректерді ұрпаққа жеткізумен көп жылдардан бері айналысып жүрген «Қос шынар» қоғамдық қорының төрағасы Ғалымжан Байдербесов ленинградтық оқушылардың сапарынан кейін көп шаруа тындырды. Ол тынымсыз ізденуінің арқасында батырдың майдандас құрбыларымен кездесіп, көптеген деректерге қол жеткізді. Мерген қыздың Ресейде тұрған қаруластары И. Машкованың, Н. Матвееваның, Н. Бутурованың, Е. Логинованың хаттарын, фотосуреттерін жерлестеріне жеткізіп берді. Әлияның 80 жылдық мерейтойында Мәскеуде, одан бұрынырақ Псков даласында батырға арналып салынған ескерткіштердің ашылу рәсімдерінде болып, екі арадағы достық көпірді жалғауға себепші болғанын мақтан еткен Ғалымжан Байдербесов жастарға өнеге болатын естеліктерін айтудан жалыққан емес.

Ресейліктердің Әлияның ауылына алғаш келісінен арада 45 жыл өткенде ізгілікті сапарды қайта жандандырғандарын мақтан еткен мәскеулік оқушылар мен Новосокольникиден ат арытып келген топ Бұлақ ауылындағы Әлияның туған үйін, жерлестерінің батырдың 80 жылдығында ортасына мүсінін орнатып ашқан саябағын көріп, ауыл ақсақалдарының естеліктерін тыңдады. Мерейлі шараға жиналған көпшілікті облыстық мәдениет басқармасының бастығы Нәзира Табылдинова мен Қобда ауданы әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова қарсы алды. Мәскеу ұлттық зерттеу технологиялық университетінің оқытушысы, кафедра доценті, техника ғылымдарының кандидаты Асылбек Төлешов ресейлік делегацияны бастап келді.

— Мәскеуде тұратын қазақ диаспорасы елге дұғай-дұғай сәлемін айтты. Алдымен қандастардың сағынышын, жалынды сәлемін, жыл өткен сайын көркейіп, әлемге таныла бастаған атамекен туралы мақтаныш сезімдерін жеткізгім келеді. Біз, әрқилы тағдырдың жетегінде кеткен ағайын сыртта жүрсек те, жүрегіміз елде қалғанын, сіздермен бірге екенін әрдайым айтып жүреміз. Ресейде өмір сүріп жатқан қазақтар үшін Әлия бейнесі ерліктің өнегесі ғана емес, орыс халқының алдында мерейімізді үстем етеді, рухымыздың мықты екенін дәлелдейді. Осы делегацияны Ресейден Қазақстанға әкеліп, Әлияның туған топырағындағы қонақжайлықты, кең пейілді көрсету, достықты жоғары бағалайтын мәрттікті көрсету көптен бергі арманым еді. Оны бүгін орындап қана қойғаным жоқ, осы көргендерін болашаққа айтып жеткізетін ресейлік жастарды алып келгенім екі есе ұтқаным деп ойлаймын. Ол жақта батырдың есіміне деген құрмет ерекше. Әлияның өмірі мен ерлігін бізден артық біледі десем, артық айтпаған болар едім. Жыл сайын Әлия ерлігіне тағзым еткен шаралар мектептерінде, мәдениет ошақтарында өткізіліп, оған біздерді шақырады, — дейді А. Төлешов.

Арада 45 жыл өткенде ленинградтық оқушылардың сапарын қайта жалғауға мүмкіндік берілгеніне қуанған оқушылардың шын бақытты екенін жеткізген №891 Мәскеу мектебіндегі батыр мұражайының жетекшісі Людмила Дежурова көп жылдардан бері Әлия туралы деректерді толықтыра түсу үшін Ресейдегі қазақ диаспорасының өкілдерімен, Әлияның туған өлкесі Ақтөбемен тығыз байланыс орнатуға тырысып жүргенін айтады. Ол Бұлаққа келмес бұрын облыс орталығындағы батыр музейінде болып, Мәскеу мектебіндегі музейдің одан бұрынырақ ашылғанына қатты таңырқапты.

— Осы сапарға шықпас бұрын оқушыларымыз картадан Қазақстанды, Ақтөбені іздеді. Мәскеу мен мерген қызға өмір берген кішкентай Бұлақтың арасы картадан тым алыс көрінгенін елдеріңізге аяқ басқаннан-ақ сезіндік. Алдымен Ақтөбедегі батыр музейінде болып, біздің мектептегі музей сәл бұрынырақ ашылғанына таңырқадық әрі мақтанышпен айтып жеткіздік. Мәскеудегі батыр аты берілген мектеп 1971 жылы, ал музей 1973 жылдың бірінші қыркүйегінде ашылды. Бұрын Мәскеуде №73 мектеп-интернат батыр атында болса, 1998 жылы қала мэрі Ю. Лужковтың шешімімен Перов ауданына қарасты Әлия Молдағұлова даңғылының бойында орналасқан №891 мектепке батыр есімі берілді.

Біз күн санап көркейіп келе жатқан Қазақстан туралы көп білеміз. Әлия Молдағұлованы зерттеу арқылы қазақ халқы туралы да көбірек білуге тырысамыз. Қонақжайлылық, қарапайымдылық, үлкендерді құрметтеу деген нағыз таптырмас құнды қасиеттерді сіздерден үйренуіміз керек сияқты.

Осы сапар оқушыларыма қатты әсер етті, тіпті мінездерінде бір ұяңдық байқалды. Әр нәрсені айтып, жол бойы шулап келе жатқан еді. Әлияның туған ауылына аяқ басқаннан-ақ ойға шомды, үлкен кісілердей батыр туралы бұрыннан білетіндерін қайта сұрай бастады. Олардың бойларында қазір біздің жастарымызға жетпейтін ерлікке, елге, достыққа деген сүйіспеншілікті, патриоттық сезімді оята алған сияқтымыз. Шынымен де батырға жарық дүниені сыйлаған осы бір қасиетті топырақ адамды қайраттандырып жібереді екен, — дейді Людмила Дежурова.

Псков даласында болған Казачиха үшін шайқаста Әлияның жаны мәңгілік байыз тапқан Новосокольники жерінің делегациясын бастап келген қалалық мәдениет бөлімінің бастығы Галина Куркованың жанына жиналған ресейлік оқушылар: «Әлия батырдың туған жеріне келгеніміз біз үшін үлкен бақыт. Ата-аналарымыз алыс сапарға көп ойланып жіберді. Осы жолы біз елімізге үлкен міндетті арқалап барамыз. Қазір жан-жағымызға, достарымызға, ата-аналарымызға, болашақта өзімізден кейінгі ұрпаққа батырдың еліндегі құрметті, ерлікке деген тағзымды, достық ықыласты жеткізу біздің парызымыз екенін сезіп отырмыз. Әлияның ауылындағы тазалық, әдемі мұражай, сәулетті патриоттық орталық сән-салтанаты жарасқан өңір екенін байқатты. Республикалық деңгейде өтіп жатқан батыр атындағы патриоттық әндер байқауы дегенді Мәскеуде ұйымдастыру туралы ой туды. Осы кешті тамашалап, қазақ жастарының өнеріне тәнті болдық, байтақ дала төсіндегі қазақ деген халықтың даласындай дархан көңіліне риза болдық. Оны айтып жеткізу мүмкін емес, тек көріп, сезіну керек екен», — дейді.

Әлияның 85 жылдық мерейтойын өткізуге биыл Әлия ауылында төртінші рет ұйымдастырылып отырған республикалық деңгейдегі патриоттық әндер байқауына еліміздің әр түпкірінен келген өнерлі жастар да атсалысты. Осы байқауға қазылық еткен Қазақстан Республикасы Композиторлар одағының төрағасы Балнұр Қыдырбек жыл сайын байқаудың мазмұнына байланысты салмағы артып, әр облыстан ұсыныс түсіп жатқанын айтты.

Әлияның туған күніне бауырлары Әліп Үсенова мен Тәжен Жаңабергенова да келіп, сонау алпысыншы жылдардан кейін басталған батырды дәріптеу, ұлықтау шараларына қатысып жүрген ресейліктерге алғыстарын жеткізді. Ізгілікті іздейтін ұрпақ барда мерген қыздың жүрегі мәңгі соғатынын дәлелдеген мерекелік шара соңы жастардың Әлия ауылында ұйымдастырылған гала-концертіне ұласты.

Айгүл БАЙМЕНОВА.

***

Ақтөбе Әлиясын ұмытпайды

Өткен сейсенбіде Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың туғанына 85 жылдығына арналған «Әлия — біздің жүрегімізде» атты салтанатты жиын болып өтті. Оны ұйымдастырған — Әлия Молдағұлованың облыстық мемориалды музейі.

Батыр жерлесіміздің мемориалды кешенінің жанында өткен бұл шараға қонақ ретінде Әлияның сіңлілері Ария және Райса Бисенбайқызы, Әліп Нұрмұхамбетқызы шақырылды. Алматыдан  «Аружан» журналының бас редакторы Дина Игсатова арнайы келді.   Сондай-ақ  № 6655 әкери бөлімінің  жауынгерлері, заң , мұнай-газ колледждерінің  студенттері қатысты. Жиын «Әлия гүлі» би ансамблінің  «Әлия» атты композициясымен ашылды. Жүргізушілер 19 жасында Отан үшін жанын қиған  даңқты жерлесіміздің өмірі мен ерлігі жайында жан-жақты мағлұмат берді.  Күйші Жайлау Асылханов, әнші Нұржан Қаражанов, заң колледжінің студенті Асланбек Қартбаевтар өнер көрсетті.

Ұлы Жеңістің 65  жылдығы мен қазақтың қаһарман қызының 85 жылдығына арналған  шараның аясында  бір күн бұрын кәсіпқой суретшілер арасында облыстық байқау өткізілген болатын. Музейде суретшілердің осы тақырыптағы жұмыстары  көрмеге қойылып, қала жұртшылығы оны тамашалауға мүмкіндік алған еді.  Сол байқаудың  жеңімпаздарын  марапаттау осы жиында жүзеге асырылды. Графика бойынша бірінші орынды Әнуар Өтеген-Тана, екінші орынды Гүлбарам Асқарова, үшінші орынды Айгүл Құрманалина жеңіп алды. Ал кескіндеме бойынша Әділғали Баяндин бірінші орынды иеленді. Екінші орын Ахмет  Құбаевқа, үшінші орын Сағынтай Әлімбетовке бұйырды. Оларға музей әкімшілігі атынан дипломдар мен бағалы сыйлықтар тапсырылды.

Сондай-ақ осы мекемеде Ұлы Отан соғысы мен ауған соғысына қатысты мәліметтерді жинақтауды мақсат еткен «Естелік» акциясы жыл бойы жүргізіледі. Соған орай  Ауған соғысы интернационалист жауынгерлерінің Ақтөбе облыстық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Амангелді Жұмабеков  музей қорына  ауған соғысына қатысқан жауынгерлердің кительдері мен алған марапаттарын және құнды құжаттарды тарту етті.

Жастарды отансүйгіштікке тәрбиелейтін, өз елінің тарихын білуге, Ұлы Отан соғысының мәні мен мағынасын терең түсінуге  шақыратын, Әлияның өнегелі өмір жолымен таныстыратын мұндай шараның  кейінгі буынға берері аз болмасы анық..

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button