Әлеумет

Бұқара

  • Ұстаз

Күндейдің күнгей әлемі

… «МАБ», «ҰБТ» деген  дауыссыздар сау адамды тұтықтырып, білім деңгейіне жасалатын емтихандар тек оқушылардың бас ауруы болып отырған жоқ, ұстаздардың өзін қажытып бітті десек, қателесе қоймаспыз.

Шәкіртін тестілеуге дайындаймын деп жүріп көптеген ұстаздардың білімдерін көтеруге, өз пәнін жан-жақты дамытуға мұршалары болмай жатады. Тіпті,  ұстаздың талай жылғы ұлан-ғайыр еңбегін  шәкіртінің «ҰБТ»-дан өткен деңгейімен салыстыратын да жағдайға келдік. Лотерея билеті тәрізді, оның үстіне «Абай Әйгеріммен кездескенде үстіндегі көйлегі қандай еді?» дейтіндей миыңды шағатын сұрақтары бар бұл тестілеудің нағыз мамандар түсінетін жақсы жақтары да бар шығар, дегенмен  түлек пен ата-анаға оңай болып тұрған жоқ, ақыры қайырын берсін…

Мұғалім үшін «Байтал түгіл бас қайғы» болып кеткен осынау кезеңде, нағыз ұстаздар ғана  өзінің өмірлік ұстаным-мақсатын ұстанып қала беретінін Бестамақ орта мектебінің музыка пәнінің дәріскері Күндей Бөлекбаеваның  жыл бойғы еңбегінің қорытындысына арналған есептік сабағына барғанда аңғардық. Өнерлі отбасынан шыққан Күндей Ақтөбе педагогикалық институтын бітірген соң мамандығы бойынша қызмет жасап келеді.

Педагогтың сабағына қатысып отырып, қазақтың «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген ұлағатты сөзі ойымызға оралды. Тек сабағының аясында қалып қоймай, мектептің өнерлі өрендерін жинап алып, үйірме жасақтап, оларды  әртүрлі дәрежедегі өнер байқауларына үкілеп қосып, жүлделі орындарды иемденіп жүрген Күндей Имаммадинқызының есептік сабағы өзінің ерекшелігімен тәнті қылды. «Көрсеткіш, диаграмма» дейтін құрғақ көрнекіліктер емес, ұстаздың талантты шәкірттері өздерінің өнерлерін көпшілік сынағына ұсынды.

Түрікменстанда сол ұлттың тілінде сабақ алған Әйгерім Түйешованың Бестамаққа келгеніне көп уақыт болмаса да, дәстүрлі әндерді қоңыр домбырамен  әдемі орындайтынын,  ән жазатынын, аздап өлең сабақтайтынын аңғарған Күндей ұстаз оны өз қанатының астына алып, тәрбиелеп жүргеніне үш-төрт жылдың жүзі болды. Осы кеште Әйгерім де ұстазының еңбегін ақтады. Оның алғашқы балаң әндерінің тұсауы кесілді. Дәстүрлі әндеріне көпшілік қошеметпен қол соқты.

Бірнешелеген аудандық, облыстық байқаулардың жүлдегері Сағадат Нұрмағанбет те Күндейдің шәкірті. Жақында ғана үлкен бір байқауға «Атамекен» мен «Елім менің» әндерін апарған екен, «даусы жетпей қалар» деп байқау ұйымдастырушылары Сағадатты қатыстырмапты. «Күш атасын танымас» деген нақылды ұмыт қалдырған ұйымдастырушыларға не айтасың енді?! Осы екі қиын әнді еш қысылмай еркін орындап шықты.

Күндей Имаммадинқызынан  тәлім алатын тағы бір шәкірт Жаңыл Абатова Ә.Желдібаевтың «Ерке сылқымын», Құрманғазының «Балбырауынын» күмбірлетті. Тіпті «Бейбітшілік корпусынан» келіп балаларға ағылшын тілін үйретіп жүрген волонтер Лорен де «Наурыз» күйін шертіп, көпшілік қошеметіне бөленді.

Жалпы, сабақтың құрылымы, берілу тәсілі бөлекше, ерекше болды. Оның кульминациясындай болып Күндейдің екі ұлы Береке мен Айдар Бөлекбаевтар мен  кішкентай сіңлісі Арай Имаммадин орындаған «Қоңыр» тобының «Алтын бесік» әні көрермен ықыласына бөленді.

Дәріс барысын тәптіштеп отырған себебіміз — сабақтың өн бойынан ұстаздың үлкен еңбегі, шәкірттеріне деген ерекше махаббаты, өз мамандығына деген ыстық ықыласы сезіліп тұрды. «Кей ұстазға жетіспейтіні осы-ау» деген ой кетті көңілде.

Шара ЕЛЕУСІЗ,

Алға ауданы.

  • Жәдігер

Шежірелі қос мешіт

Ұлан-ғайыр жерді алып жатқан  қазақ даласы мәдени-тарихи мұраларға толы. Олардың әрқайсысының өзіне тән тарихы, дерегі бар. Ырғыз ауданына қарасты Дүйсенбі және Исатай мешіттерінің шежіреге толы екенін көпшілік біле бермейді.

Тәуіптің табанында «Дүйсенбі ақынның мешіті» деген мешіт бар. Оның тарихы тереңде. Дүйсенбі Имашұлы 1885-1886 жылдары арнайы діни медреседе оқып, елге 1904 жылы оралады. Ауыл тұрғындары Дүйсенбіге 1908-1909 жылдары мешіт ашуға қолдау көрсетеді. Мешіт ағашын Сәрекен Имашұлы дайындаған. Ол он бір адаммен Қостанай облысының Семизор ауданына барып, қыстай сол жерде әзірлеген ағашын көктемде су ағысымен елге жеткізеді. Мешіт кесегін Қаракісі Әлімұлы аталығына жататын Жыға дейтін шебер ұста күйдіріп дайындаған. Ал іргетасын Орынбордан келген төрт кісі салыпты. Дүйсенбі Имашұлының туыс інісі Алшынбай Троицкіде арнайы айшық жасатып, оны түйемен әкелген. 1913 жылы мешіт құрылысы толық аяқталыпты.

Үлкендер Дүйсенбі атамызды көріпкел адам болған деседі. Мысалы, мешітке біреу ауырып келе жатса, оны алдын ала біліп, сезіп отырған. «Екі періні ұстап, оны мешіттің босағасына байлап тастаған» деген аңыз да бар. Үлкендердің айтуына қарағанда, ол кісі түн ішінде ақ көйлек, ақ дамбалмен мешітті айналып, кезіп жүретін болған. Бір күні қызметшісіне: «Мен кішкене көз іліндіріп алайын. Сен ұйықтамай күзетіп отыр. Ұйықтап кетсең маған қауіп төнеді», — деп ескертеді. Түн ұйқысы тәтті келеді емес пе? Әлгі қызметші таң ата қалғып кеткенде, босағадағы екі пері аққу болып ұшып кетеді. Міне, осы оқиғадан кейін Дүйсенбі мазасыз күй кешіп, 1920 жылы дүние салыпты.

Иесі кеткен мешіт сол тұстары қаңырап бос қалады. Кейін мұны Сүлеймен деген кісі бұздырып, есік-терезесін, тақтайларын өгіз арбамен Ырғызға тасиды. Бірақ баяғы қос аққу мешіт бұзылса да маңынан ұзамапты. Көш қонған жерде Сүлейменнің екі көзі бірдей су қараңғы болып көрмей қалады. Уақыт өте келе тұрғындар мешітті қайтадан жөндеп бала оқитын 7 жылдық мектеп етіп ашып,  жанынан интернат салады. Бірақ екі-үш жылдан соң мешіт тағы да иесіз қалады…

Ал «Исатай мешітінің» «Дүйсенбі мешітінен» айырмашылығы —  оны Жыға ұстаның тобы салған екен. Мешіт имамы Исатай Сатыпалдыұлы болыпты. «Исатай мешітінің» құрылысы шахмат ладьясын көз алдыңа әкеледі. Ұста кесекті күйдіріп, мұнара, 5-6 бөлмелік медіресе және отыратын үй салған. Кесектердің өрілуі, олардың өзара жымдасуы еріксіз таң қалдырады. Сонымен қатар бұл жерде Жапақ, Мылтықбай деген кісілерге арналған мазарлар да бар.

Төбесі күмбезденген төрт жақтаулы мазарларда Жыға ұста мен Хасен шәкіртінің қолтаңбалары қалды. Ұсталығымен танылған Жыға қыр жағынан келген кірме көрінеді. Осы өңірдің бір қызын ұнатып келген екен. Алайда қолынан келгендер қонышынан басатын заманда ол өз өнерін паш етіп, құрылыс жұмысын жүргізеді. Оның бір еңбегі — «Исатай мешіті». Қырық жастың қырқасына шыққаннан кейін Жыға туған жеріне кетеді…

Міне, өзіндік тарихы бар, шежірелі қос мешіт жыл сайын тозып, ескіре бастады. Ал мұндағы тарихи ескерткіштер қамқорлықты қажет етеді. Қазірде бұлар «Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерваты» территориясындағы тарихи-мәдени ескерткіш қатарында.

Баян ӘБДІНӘБИҚЫЗЫ,

«Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерваты»

мекемесінің қызметкері.

  • Тірлік

Есек неге еленбейді?

Бала кезімізде Қалалыкөл ауылында есек атаулы көп болатын. Өрісте жайылып жүрген есекті қолымызға түскен жіппен жүгендеп, таласа мінетініміз әлі есімде. Атқа мінуді де осы жануар арқылы үйрендік. Жұртшылық көлік есебінде пайдаланған есектер соңғы уақытта еленбей жүр…

Бұрын ауыл тұрғындары есекке көп жүк артатын. Жолға шықса серігі, жүк артса көлігі ретінде пайдаланған есекті аталарымыз «еңбегі адал, еті арам» деп отыратын еді. Ырғызда өзім білетін үш-төрт қария есектерін шағын арбаға жегіп алып, ауанымен отын-суларын тасып жүретін. Ақырғанда даусы құлаққа түрпідей тиетін, бойы қысқа, құлағы ұзын, тұрпаты ебедейсіздеу осы бір жануарды қазір ауыл адамдары аса көп жақтыра бермейді. Әрі техниканың қарыштап дамыған кезінде ауданымызда есек саны азайып барады.

Қолыма қалам алып, ауылда азайып бара жатқан есек жайын қозғауға мына бір оқиға түрткі болды. Жақында облыс орталығынан Ырғызға қарай бағыттаған автобусқа жасы елуді алқымдаған жігіт ағасы мінді. Жол бойында әлгі ағамыз  біздің ауданнан есек сатып алғысы келетін айтты. «Өзім Ақтөбенің маңындағы шағын ауылдардың бірінде тұрамын, биыл немерем мектепке барады. Оған есектің баласын алып беремін деп уәде беріп едім. Қолымдағы «Москвич» автокөлігін бір күрәға айырбастаймын», — деді ол.

Азияның кей елдері есекті кәдімгідей жұмыс күші ретінде пайдаланады. Ал бізде ежелден көлік ретінде пайдаланған есек саны күн санап жойылып барады. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары есек малы төрт түлікке жатпайтындықтан, оның есебі, өсімі туралы нақты мәлімет жинақталмайтындығын сөз етті.

Ырғыздың Нұра селолық округінің Мамыр ауылында ғана есек баршылық. Осы ауылға жұмыс бабымен барған сайын есекті шөп, отын тасуға әлі күнге дейін пайдаланып жүргенін көремін. Меніңше, ауылдағы жас жеткіншектер есекті ермек етіп, еңбекке пайдаланса үлкендер үшін үлкен пайда. Балалар отын-суларын есек-арбамен тасып, қора-қопсысын толтырып қойса, жанар-жағармайға шығын шықпайды.

Рас, бүгінгідей техниканың дамыған заманында, «темір тұлпарды» тізгіндеген жастарға «есек өсір» деу әбестік болар. Дейтұрғанмен ауыл балалары үшін бұл керек жануар. Сіз менің ойыммен келісер ме едіңіз, құрметті оқырман?!

Дархан МЕКТЕПБАЙ,

Ырғыз  ауданы.

  • Алғыс

Тәрбиешіге ризамыз

Әр үйдің еркелерін тәрбиелеген балабақша тәрбиешісінің еңбегі жеңілге жатпайды. Баланың тілін табу үшін де терең білім, сабырлылық, шыдамдылық керек-ақ.

Біз әңгіме еткелі отырған №19 «Бұлақ» балабақшасының тәрбиешісі Мәриям Кенжебай бала тілін түсініп, бөбектерге қамқор бола білетін жанашыр адам. Ол өзінің талмай ізденуімен, жоғары білімділігімен, ұлттық салт-дәстүрді бүлдіршіндер санасына сіңіре білуімен ерекшеленеді. Оның балабақша қабырғасында өткізген шаралары қашанда жоғары бағаланады. Мәриям тәрбиелеген балалар мектеп қабырғасында да жақсы үлгерімге қол жеткізуде.

Біз, балабақшадағы естияр топтың ата-аналары, облыстық «Ақтөбе» газеті арқылы Мәриям апайға ұрпақ тәрбиесінде жақсы жетістіктерге жетуіне тілекшіміз.

Бір топ ата-аналар атынан Ж.ШІЛМАҒАНБЕТОВА,

Ақтөбе қаласы.

  • Мұң

Бала сатудан Қытайдың алдына шығыппыз…

Қамшының сабындай қысқа ғұмыр көбіне біз ойлағандай бола бермейді. Бес күндік тірлікте біреу бақытқа кенелсе, енді біреулер қамқоршы адам таба алмай қиналады…

Мен сөз еткелі отырған мәселе — тастанды бүлдіршіндер турасында. Дүние есігін ашқан әрбір бөбек бақытты болуы тиіс. Бірақ арамызда ана әлдиіне, әке алақанына зәру сәбилер көп. Балалар үйіне бас сұқсаң, терезеге телміріп, ата-аналарын күтіп, өз үйлерін аңсайтын жәудіркөздерге куә боласың.                                                                                                               Қазақ әу бастан жесірі мен жетімін жылатпаған ел еді. Ел шетіне жау тиген небір заманда да ерлеріміз әйел-баласын қорғай білген. Ал қазір ше? Бүгінде балалар үйіндегі небір сүйкімді бөбектер шетелге сатылып жатыр. Біз шетелдіктерге бала беруден 1,5 миллиард халқы бар Қытайдың да алдына шығып отырмыз. Әлемде  үшінші орындамыз…

Мен жас болсам да, өзімнен әлдеқайда кіші шетел асқан бауырлардың тағдырына алаңдаймын. Тегі қазақ болғанымен, тәрбиесі өзге бүлдіршіннің бара-бара өз Отанына, жұртына лағынет айтпасына кім кепіл?! Сондықтан сәбиердің бейкүнә жанарларын жат жұртта жәутеңдетпей, өзгеге сатпай бауырымызға тартып, оларға аялы алақан танытсақ екен. Қандай  қиын-қыстау кезеңдерде де жетімін жылатпаған ел едік қой.

Әйгерім АБДОЛКӘРІМ,

№40 орта мектептің оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

  • Ауыл

Бізге таза су керек!

Хромтау ауданына қарасты Жазық бекетінің тұрғындары он жылдан бері ауыз су мәселесінен азап шегіп отыр. Ескі құбырлар жөнделіп, жаңа бағаналар орнатылғанымен, ауылда әлі су жоқ.

2003-2005 Ауыл жылдарында біздің ауылға да бюджеттен арнайы қаражат бөлініп, бұрынғы су желісін қайта жөндеу жұмыстары қолға алынған болатын. 2005 жылы тендер арқылы ұтысқа қол жеткізген жеке фирма су құбырларына жөндеу жұмыстарын жүргізгенімен, шаруаны талапқа сай орындамаған. Ауылдың үш-төрт жеріне жаңа колонка орнатылып, аз уақыт там-тұмдап аққан суға біз балаша қуанып едік. Алайда бұл қуанышымыз ұзаққа созылмады.

Жаңа құбыр жүргізу барысында мамандар су айдайтын мұнараға дейін металлопластик трубасын, ал ауыл ішіне темір қондырғылар жүргізген. Құбырлар ескі ұңғымаларға жалғанған. 2005 жылдың тамызында тұрғындарға пайдалануға берілген колонкалар қараша айында кәдеге аспай қалды. Бірде құбыр жарылса, енді бірде насос істен шығады немесе колонкалар қатып қалады. Бір жылдан соң насос қайта алмастырылып, жаңартылғанымен, мұның да «ғұмыры» ұзаққа бармады. Енді ауыл тұрғындары ауыз судан азап тартып отыр.

Қазір тұрғындарға ауыз су  темір жол арқылы әкелінеді. Аптасына бір рет цистернамен әкелген су тек күнделікті қолданыстан артылмайды. Ауылда тұрған әр отбасы мал асырап, егін салады. Әсіресе, қыс мезгілінде қорада тұрған малды суару біз үшін  азап. «Сен салар да мен салар…» деп отырғанда қолдағы малымыздан айырылып қаламыз ба деп қорқамыз. Бұл мәселе турасында тұрғындар ауыл әкіміне, аудан басшысына шағымданды. Бірақ «Баяғы жартас — бір жартас».

Жүзге тарта үйі бар Жазық тұрғындарының жайы осындай… Бізге таза ауыз суы керек!

Кеулімжай БАЛМҰРАТОВ,

Жазық ауылының тұрғыны.

Хромтау ауданы.

  • Масқара

Біздің «Келіннен», өзбектің «Суперкеліні» артық

Қазір көпшілік кітап оқығаннан гөрі, бүгінгі үлгіде түсірілген шетелдік, отандық киноларды көргенді ұнатады. Алайда тамыры тереңге бітпеген бүгінгі кинолардың ғұмыры жылт еткен жылтырақпен пара-пар. Айтайын дегеніміз, жақында базарда үлкен сұраныспен сатылып жатқан «Қазақ кинолары» деп аталатын топтаманы көріп, жағамызды ұстадық…

Жаңа кино десе елеңдей қалатынымыз рас. Оның үстіне өз елімізден түсірілген киноларға қуанып, сыни көзбен қарайтынымыз және бар. Әрине, «Біткен іске сыншы көп». Бірақ қазір елде халықты қорлайтын кинолар көбейіп кетті. «Келін», «Қарой», «Махаббат тәлкегі (Ирония Любви)», «Ойпырмай», «Қайрат чемпион. Девственник», «Әке қорлығы» кинолары қазақтың салтында жоқ дәстүрлерді насихаттайды. Айталық, жаңа киноларда айы-күні жақындаған әйелді зорлау, баласының анасын өлтіруі, әкесінің қызын зорлауы, жезөкше келін, алқаш ата-ана, т.б. адам аузы бармайтын сюжеттер көп.

Жақында «Оскар» сыйлығына ұсынған «Келінді» көріп ұяттан өртене жаздадық. Біз бұл кинодан қазақтың ибалы, инабатты биязы келінінің бейнесін әлем алдында паш етіп марқайып қалатын болдық деп дәмеленгенбіз. Бірақ біз ойлағандай болмады. «Келін» сюжеті ұят пен ардан безгендердің жын-ойнағына толы.

««Келiн» он төрт елдi аралап, жоғары бағаға ие болды. Әлемдегi ең үздiк тоғыз фильмнiң қатарына ендi», — деп кей ағаларымыз бөркін аспанға атып, балаша қуанды. Бізше, шетелдіктердің бұл фильмді таңдаулы тоғыз картинаның арасына енгізуінің астарында қулық, болмаса кекесін бар. Қазақ қызының, келінінің бейнесін Баян сұлу, Қыз Жібек, Бопай ханым тәрізді хас сұлулар арқылы әлемді мойындатуға болар еді…

Жақында өзбек әкәлардың «Суперкеліншегін» көріп, бір марқайып, қалдық. Байдың ерке қызының ибалы келін болып атасына сәлем салуы, енесіне қолғабыс етуі, үй тірлігін тындырғаны кәдімгідей қуантады. Бұл кинодағы қыз нағыз біздің ауылға керек «суперкелін» екен деген ой да  туды көңілде.

Анығын айту керек, қазақтың «Келіні» өзбектің «Суперкеліншегінен» «қалып» қойды…

М.Төлегенов атындағы орта мектептің

11-сынып оқушылары.

Ақши ауылы.

Ырғыз ауданы.

  • Лебіз

Дәрігер, саған мың алғыс!

Өмір болғасын дәрігердің қабылдауына бармай тұрмайсың. Ақ халатты абзал жандардың қоғамда орны ерекше. Сондықтан олардың қызметіне әр кез құрметпен қарайсың.

Кейбіреулердің дәрігер мамандарға кінә артып жататыны бар. Әрине, көп ішінде өз міндетіне немқұрайды қарап, емделушіге дөрекілік танытатыны кездесіп қалатыны болады. Бірақ бір адам үшін барлық дәрігерді қиянатқа қию дұрыс емес. Мен мереке қарсаңында Әйтеке би аудандық орталық ауруханасының дәрігер-неонатологы Үсен Ереновке жылы лебізімді білдіргім келеді.

Өткен жылдың желтоқсанында егіз бала босандым. Уақыты жетпей босанғандығымнан шығар, балаларым әлсіз болды, тіпті үміт күту де қиын еді. Алайда Үсен Тәженұлының еңбегінің, өз жұмысына деген жауапкершілігінің және күн демей, түн демей қатаң бақылауының арқасында екі балам адам қатарына іліне бастады. Одан кейін қаладағы ауруханаға тексеріліп 18 күн ем алғаннан соң  қайтадан Ү.Ереновтің қабылдауына келдік. Енді міне, өз отбасыма оралдым.

М.Мақатаевтың «Мен сенің кәсібіңе басымды ием, несіне арланайын» дегеніндей осы мерекелі күні балалардың білікті дәрігері, талай бөбектің сәби күлкісін ұясына оралтуға септігін тигізген Үсен Тәженұлының еңбегіне жеміс тілей отырып, ел алғысына бөлене берсін демекпін.

Әсем ТОМАЕВА,

Әйтеке би ауданы.

  • Табиғат

Темір өзенінің арнасын тазартайық!

Менің Темір ауданында тұрғаныма 40 жылдан асты. Өмірімнің саналы бөлігін ұрпақ тәрбиелеуге арнадым. Қолыма қалам алып, редакцияға хат жолдауыма Темір өзенінің тағдыры себепші болып отыр.

Темір өзені Қарабұлақ кеңшарындағы бұлақтан басталып, Жем өзеніне құяды. Дерекке сүйенсек, бұл өзеннің бойына 1869 жылы жаңа бекініс салынған. Бұл өзен темірліктер үшін құт-ғанибет. Өзен суын тұрғындар шабындыққа, егістікке, мал суару жұмыстарына пайдаланады. Су жағасында  жасыл желек пен шабындық та мол.

Мені мазалайтыны, соңғы жылдары темірліктер игілігіне пайдаланып жүрген су көзі бітеліп қалған. Өзен жанында жылда мәуелеп өсіп,  жеміс төгетін бақ та шөлдеп тұр. Ал құзырлы мекеме басшылары өзен көзін ашуға «қаражат жоқ» деген сылтауды желеу етіп, селт етер емес.

Шілденің аптап ыстығында балалар шомылатын орын жоқ. Өзен жағасын қамыс  пен қоға басып кеткен. Өткен жылы ауылда ашылған маусымдық лагерьде  бүлдіршіндердің өзенге шомылуына мүмкіндігі болмап еді. Бұл жағдай биыл да қаз-қалпында қайталанбақшы.

Бүгінгі күні біз үшін өзеннің арнасы суға толып, жағасында демалғанымыз ертегі сияқты. Өзен арнасы күн санап сарқылып барады. Енді біздің балаларымыз Темір өзенінің ерекше көрінісіне куә болып, табиғатында тыныстаса деген арманымыз бар. Мұны өзеннің суын ішіп, ауасын жұтқан, топырағында аунап өскен азаматтар қолдар, су жағасын тазартуға қолдау көрсетер деген үміттеміз.

Өзен гүрілдеп тасып, көктемде сеңдердің «жарысқанын» темірліктер сағынып жүр!

Мария ЕШІМБЕТОВА,

өлкетанушы, тарихшы,

Халыққа білім беру ісінің үздігі.

Темір қаласы.

Оқырман хаттарын топтастырған Айгүл ЖҰБАНЫШ.

bukara07 @mail.ru

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button