Темір өңіріндегі ескерткіштер

«Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі.Бұл — рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі. Біз — ұлан-ғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар елміз. Ұлы Даланың көз жеткізгісіз кең-байтақ аумағы тарихта түрлі рөл атқарған. Бірақ, осынау рухани географиялық белдеуді мекен еткен халықтың тонның ішкі бауындай байланысы ешқашан үзілмеген. Біз тарихымызда осынау көркем, рухани, қастерлі жерлеріміздің біртұтас желісін бұрын-соңды жасаған емеспіз».
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

«Ғажайып нақыштары әрбір түрмен,
Жазулы аят, хадис қызыл сырмен.
Көргенде сүйек еріп, тәнің балқып,
Толғандай мұсылманның көңілі нұрмен».
Әйгілі Досжан хазірет (1815-1896 жж.) салдырған мешіт Әбубәкір Кердерінің толғауында осылай сипатталған. Бұл мешіттің құрылысы 1868 жыл шамасында қолға алыныпты. Бүгінде көне мешіт ғимаратының сақталған бөлігі мемлекеттік қорғауға алынған. Бұл — «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, республикалық маңызы бар ескерткіш ретінде «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасына енген нысандардың бірі.
Киелі жерлер тізіміне Темір ауданынан, Досжан хазірет мешітінен бөлек, тағы екі ескерткіш енген: бірі — Мәулімберді қорымы, екіншісі — Темір қаласындағы Ахмет қалпе мешіті. Бұл екеуі — өңірлік маңызы бар ескерткіштер.

Досжан ишан мешіті мен кесенесі
«Ойылдың көшіп келді Шилісіне,
Асыл зат тәбәріктің милысына.
Келген соң мешіт салып, ғылым ашты,
Құдайым жолықтырды игі ісіне», — деп Әбубәкір Кердері (1861-1903 жж.) жырлағандай, Батыс Қазақстаннан шыққан ірі дін қайраткерлерінің бірі, ағартушы Досжан ишан Қашақұлы 1868 жылы Доңызтау өңірінен Ойыл бойына қоныс аударады. Бұл оның өз қалауымен емес, сол кездегі саяси жағдайларға байланысты болған оқиға еді.Патша өкіметі Досжан ишан секілді ел-жұртқа беделді, ықпалды тұлғаны орыс бекіністеріне жақынырақ ұстауды жөн көрген секілді.
Ойыл өзенінің Шилі сағасына көшіп келгеннен кейін, Досжан ишан жаңа қонысында мешіт салдыруды қолға алады. Ғұлама шайыр Әбубәкір Кердерінің жырларында осы мешіттің салыну тарихы да баяндалады:
«Мешітті таңғажайып салды оңдап,
Ұстаны Бірман атты алды таңдап,
Ойы мен зейіні артық шеберлерді,
Қасына жүз шамалы қосты жалдап.
Бір жылда салып болды керегесін,
Қондырып кісі бойы терезесін.
Төбесі бөлме-бөлме, іші бұрау,
Бағана асты-үстіне жоқ-ты, тіреу.
Қиық жоқ, белдігі жоқ үстін басқан,
Төбесін күмбез қылып бұрып қосқан».
Мұнда айтылған Бірман шебер де тарихта дерегі қалған адам, оның ұрпақтары бүгінде Ақтөбе жерінде өмір сүріп жатыр. Бірман шебердің толық аты-жөні — Бірмағамбет Көшімқұлұлы. Ол Досжан хазірет мешітінен бөлек, біздің облыс аумағында тағы да бірнеше мешіттерді салу ісін басқарған: Ақыраптағы Құсайын хазіреттің мешіті; Сарытоғайдағы Шәкен ишан мешіті; Жаманкөлдегі Бисен хазірет мешіті, т.б.
Досжан хазірет мешіті алты, кейбір деректерде тоғыз күмбезді, ұзындығы — 28 метр, ені 11 метр болған. Мешіт жанына 150 орындық медресе мен басқа жақтан келген қонақтарға арналған орын болған. Бөлмелері — алтау, олардың ішінде бірде-бір тіреу болмаған деседі. Құрылысқа мал сүйегі, бие сүті қосылып, қолдан құйылған кірпіш пайдаланылған. Құрылыстың негізгі жұмыстарына жергілікті халық көмектесіп, асарлатып, бір жыл ішінде бітірген.
Бұл мешіт халық арасында «Ақши мешіті» атанған. Темір ауданының орталығы Шұбарқұдықтан 5 шақырымдай жерде тұр.
Қазаққа бөлек мүфтилік сұрау ісіне белсене араласуы себепті, Досжан хазірет өмірінің соңғы жылдарында патша өкіметі тарапынан қуғын көрген. Ол салдырған Ақши мешітінің күмбездері кеңес заманында құлатылған. Мешіт ғимаратын бір мезгіл — дүкен, одан соң ат қора еткен…

Ахмет қалпе мешіті
Бұл — кезінде уезд, кейіннен аудан орталығы болған; Құдайберген, Ахмет Жұбановтардың, Жиенғали Тілепбергеновтің ізі қалған Темір қаласындағы көне мешіт.
Іргетасы 1905 жылы қаланған мешіттің ғимараты бүгінгі күнге дейін сақталып, әлі де қолданыста келеді.Оның құрылысына Темір жәрмеңкесіне жиі келетін Мәжит Батхуллин есімді татар көпесі қаржы бөлген.
Мешіт екі қатарлы, бір күмбезді етіп салынған. Мұнарасына тұрғызылған жылы «Мәжит» деген есім жазылыпты. Бүгінгі зерттеушілер мешіттің сақталып қалуын оның іргетасының мықтылығымен байланыстырады. Іргетасын жерді терең қазып, кірпіштен қалап салған. Ғимараттың ұзындығы — 22 метр, ені — 11 метр. Барлық терезелердің саны — 32.
Мешіттің «Ахмет қалпе мешіті» атануы осында 1937 жылға дейінбас имам болған Ахмет Насыровтың атымен байланыстырылады. Жұртшылық Ахмет қалпені ерекше құрметтеген деседі. Ахмет Насыров башқұрт жерінде, Мензалы қаласында дүниеге келген. Оның дүниеге келген жылы туралы деректерде әртүрлі мерзімкөрсетіледі. Сондай-ақ, Ахмет қалпенің кеңес заманындағы қуғын-сүргін кезінде жазалануы жөнінде де әртүрлі айтылады: бір деректер «1937 жылы атылған» десе, екіншілері Орал жағына жер аударылып, өзі секілдіжазықсыз сотталған жандармен бірге теміржол салуға қатысқан дейді. Имамы ұсталып кеткеннен кейін, бұл мешіттің ғимараты да, қазақ жеріндегі басқа мешіттер секілді, шаруашылыққа, жатақхана ретінде, т.б. мақсаттарға қолданылған.
Қазіргі күні мешітте, «Туған жерге тағзым» акциясы аясында, демеушілік қаржығакүрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.

Мәулімберді қорымы
Зерттеушілердің айтуынша, бұл — ерте темір дәуірінен келе жатқан көне қорым. Кеңқияқ ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 4,5 шақырымдай жерде орналасқан. Қорымның өзі ерте темір дәуірінен бері келе жатқанмен, атауы ортағасырлық тұлғамен байланыстырылады.
Көптеген зерттеушілер орта ғасырларда қазіргі Ойыл ауданы аумағында Мәулімберді атты қала болған деп болжайды. Болжамдар бойынша, қала Барқын құмының астында қалған. Дегенмен, бұл дерек әзірге мүлде зерттеусіз қалып отыр.
Ал өлкетанушы Жақсылық Бисалиев былай деп жазған еді:
«Шерғұттының Қазтуғанға:
«Орманбет хан онда өлді,
Байтақ баба мұнда өлді.
Қарасақал Мәулім хан
Ойылдан кетіп Жемде өлді», — деуіне қарағанда Барқын құмының астындағы қала Мәулімберді, ал Жемге жақын Кеңқияқ елді мекеніндегі ханның сүйегі калған қорым Мәулімберді қорымы деп аталады».
Филология ғылымдарының кандидаты Мақсат Тәжмұраттың жазуынша, Батыс аймақта Мәулімберді кең таралған антропонимнің қатарына жатады. Бұған келтірілген мысалдар қатарында Ащы Ойыл бойындағы Мәулімберді қаласы аталған.
Бізге белгілісі — Кеңқияқ жақта жерленген Мәулімбердіні халықтың әулие санағаны. Бұл қорым кешегі кеңес дәуіріне дейін қасиетті жер саналған. Көнекөз қариялардың кейбірі Мәулімбердіні Асанқайғының баласы деп естігендерін де жеткізіпті.
Мұндағы ортағасырлық мазарлар қазір мүлгіген үйіндіге айналған…
И. ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.



