Әлеумет

Электронды төлем жүйесінің тиімділігі

Электронды төлем жүйесін пайдаланатын сервистік қызмет түрлері күн сайын көбейіп келеді. Бұл ретте соңғы технологиялармен бірге келген «электронды сауда», «оnline бизнес», «электронды дүкендер», «электронды төлемдер» сынды мүмкіндіктер артық шығындардан арылуға, уақытты үнемдеуге және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жол ашады. 

 Облыс тұрғындарының 80 пайызы төлем карточкаларын пайдаланады

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Ақтөбе облыстық филиалының қолма қол ақшамен жұмыс және кассалық операциялар бөлімі берген деректерге сүйенсек, облыста электронды төлем жасауды таңдайтын тұрғындар қатары жыл сайын артып келеді. Себебі бұл тез және ыңғайлы төлем әдісі болып табылады. Облыс тұрғындарының 80 пайыздан астамы төлем карточкаларын пайдаланады. Биыл облыста қолма-қол ақшасыз төлемдерді жүзеге асыру үшін төлем карточкаларын қабылдайтын 497 банкомат, 828 төлем терминалы орнатылған. Төлем терминалдарының саны өткен жылмен салыстырғанда 7,9 пайызға көбейген.Соңғы он жыл ішінде айналыстағы төлем карточкаларының санын талдау нәтижелері бойынша Ақтөбе облысында олардың өсімі 2 есе, ал төлем карточкаларын ұстаушылардың саны 2,2 есеге ұлғайды. Сондай-ақ биыл төлем карточкаларының нарығы 10,5 пайызға өскен. Бұл мәліметтерге қарасақ, облыс тұрғындарының көпшілігі қолма-қол ақшасыз есеп айырысуды таңдайтынын көрсетеді. Егер бұрын көптеген тұтынушы төлем карточкасын тек жалақы алу үшін пайдаланса, қазір оны ыңғайлы және сенімді төлем құралы ретінде қабылдайды. Осылайша, төлем карточкасының көмегімен дүкендер мен мейрамханаларда тауар мен қызмет көрсетулер үшін есеп айырысуға, коммуналдық қызмет, байланыс қызметі үшін ақы, салық және кеден төлемдерін төлеуге, несиелерді өтеуге, карточкадан карточкаға ақша аударуға, интернет арқылы тауарлар мен қызметтерге тапсырыс беруге болады. Екінші деңгейдегі банктер карточка ұстаушыларға арнайы карточкалық бағдарламалар, өз клиенттері үшін бірегей қызметтер ұсынуда. Сондай-ақ мобильді қосымшалар мен тегін онлайн трансферттерді іске қосып, атаулы карталарды ды шығару қарқын алуда. Сондықтан да, сатып алушы үшін тауарға қолма-қол ақшасыз есеп айырысу арқылы төлем жүргізу тиімдірек.

Электронды әмиян

Электронды төлем жүйелерінің басты пайдасы — коммуналдық қызмет ақысы мен несие төлеудегі ыңғайлылығы.  Банкке немесе поштаға барып төлем жасау қосымша уақытты талап етеді. Күні бойғы қызметтегі тұрғын үшін бұл өте тиімді болмақ. Себебі бұл жүйе тәулік бойы төлем қабылдай береді.

Мысалы, қазір халық арасында кәдімгі коммуналдық қызметтерге төлейтін төлемдерді, банктегі несиеңізді немесе ұялы телефонға салатын бірлігіңізді де ешқандай комиссиялық ақысыз үйде отырып төлеуіңізге болады. Тек қолыңызда ғаламторға қосылған ұялы телефоныңыз болса болғаны. Мұндай электрондық әмияндардың қатарынан «kaspi-әмиян» ерекшеленіп тұр. Себебі интернетте бұл әмиян арқылы төлем төлесеңіз, сізге бонустар беріледі. Ол үшін әуелі интернетке кіріп, электронды әмиян ашып аласыз, арнайы терминалдар арқылы оған ақша салып қоясыз. Кез келген уақытта интернетте сауда жасап немесе төлем төлегіңіз келсе, электрондық әмиян арқылы төлей қоясыз.

Лаураның интернет дүкені

Уақыттың талабына қарай түрлі әлеуметтік желілер адамдар арасында қарым-қатынас орнатудың ғана емес, сауда-саттықпен айналысудың да танымал құралына айналды. Қолында интернетке қосылған ұялы телефоны бар кез келген адам өзіне қолайлы уақытты хабарландыру беріп немесе қажетті дүниесін сатып ала алады.

Тауарларын ұсынған хабарландыруларды «Инстаграм», «ВKонтакте» желілері арқылы күнделікті көзіміз шалып жүр. Мәселен, ақтөбелік Лаура  Қайдуллина осыдан бес жыл бұрын бала күтімі бойынша демалыста отырып, интернет саудамен айналысуды бастады.

— Әрине, бастапқы кезде сатып алушылар аз болды. Кейін уақыт өте келе тұрақты клиенттер жинай бастадым. Интернетте түрлі киімдер мен үйлену тойына арналған көйлектер сатамын. Ол үшін «Инстаграм» желісінен арнайы парақша аштым. «ВКонтакте», «Ғacebook» әлеуметтік желілеріне қарағанда, «Инстаграмда» халық көп тапсырыс береді. Киімдер әр науқанға байланысты өзгеріп отырады. Онлайн сауданың бір тиімді тұсы дәстүрлі киім дүкендеріне қарағанда әлдеқайда арзан бағамен сатылады. Тиісті қаражаттың тең жартысын төлеп, қалғанын қолына алғанннан кейін төлейді. Тапсырысты үйіне жеткізіп береміз, — дейді ол.

Тұрғындар не дейді?

Ерлан КӨНЕБАЕВ, магистрант:

 — Жалпы, онлайн-сауда өте тиімді. Үйден шықпай-ақ қалаған затыңды ғаламтор арқылы ала аласың. Негізінен әсіресе киімдерімді онлайн-сауда арқылы сатып аламын. Көп жағдайда онлайн дүкенде көрген киімімді қаладағы дүкендерден іздеп көремін. Егер бар болса, жақсылап қарап, кейін тапсырыс беремін. Себебі дәстүрлі дүкендерге қарағанда 50-60 пайыз арзан бағаға шығады.

 Нұргүл ІЗБАСҚАН, қала тұрғыны:

— Kaspi.kz қосымшасы өте ыңғайлы. Коммуналдық қызмет, білім курстарының ақысын төлеу, ұялы телефон, интернет, т.б. Мұның бәрін kaspi.kz арқылы төлеймін. Сондай-ақ жиі билет сатып аламын. Сапарға шығатын кезде онлайн төлем жасап, сатып алған жеңіл. Банк бөлімшесіне барғанда төлем жасап, комиссиялық ақы төлейсің. Мұнда керісінше саған бонус береді. Әуе билетін сатып алсаң, оған түскен бонусқа коммуналдық қызметтің жартысынан астамын төлеп тастауға болады. Үнемдеуге тамаша мүмкіндік.  Кез келген адам үшін түсінікті. Қосымшаға кірдің, қажетті төлемді жасадың, кейін қаражатыңды қайда жұмсағаныңды біліп отырасың. Қазір қолма-қол ақша ұстамауға тырысамын. Жалақымды бірден kaspi Gold-қа аударып, kaspi.kz арқылы төлем жасаймын. Айдың аяғында кіріс, шығысымды есептеуге ыңғайлы. Kaspi.kz қосымшасы өте жеңіл жасалған. Жасы үлкен кісіге де қиындық туғызбайды.

Сымбат АЙТЖАН, қала тұрғыны:

— Үйге қажетті заттар алу керек болып, дүкенге барғанбыз. Қажетті затты таңдаған соң, сатушы бөліп төлеу арқылы сатып алуға болатынын және Kaspi.kz туралы айтты. Тура сол күні коммуналдық төлем жасау керек болатын. Менеджерден бірден қажет ақпаратты түгел сұрап, анықтап алдым. Кешке kaspi-әмиян арқылы қаражат толтырып, еш комиссиялық ақысыз төлем жасадық. Қазір өзі уақыт аз, тығыз кез ғой. Балаларымның мектебі, қосымша сабағы, үйдің жұмыстарымен күннің қалай өткенін байқамай қаламын. Мұндайда kaspi.kz-ке жүгінеміз. Ең жиі қолданатынымыз — коммуналдық және ұялы телефон төлемі.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button