Басты жаңалықтарДенсаулық

Ата-аналарға жігер берді…

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбеге сапарында «Аяла» балаларды әлеуметтік-психологиялық және медициналық оңалту орталығына барды. Бұл орталық церебральды сал ауруына, сүйек-бұлшық ет жүйесі және аутизм ауруына шалдыққан балаларды оңалту мақсатында жұмыс істейтін болады.

Елбасы орталықтың ішін аралап, дәрігерлермен, емделуші балалармен, олардың ата-аналарымен кездесті. Аталған мекеменің жұмысы туралы шағын бейнероликті қарады. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің айтуынша, облыстағы мүмкіндігі шектеулі 3300 баланың 1500-ге жуығы церебральды сал ауруына шалдыққан. Өкініштісі, бұл цифр артып барады: жыл сайын кемінде 50-65 балаға жаңадан осындай диагноз қойылады екен. Ал оларды емдеу ұзаққа созылатын күрделі процесс, әрі ата-аналар емге арнайы квота алу үшін кезекке тұрады, яғни ұзақ уақыттарын жоғалтып алатынын айтады.

— Жыл сайын орталықта 50 бала реабилитациялық ем алатын болады. Ем-домның барынша тиімді жағын қарастырып отырмыз: ауру анықталған сәттен бастап бала үш ай бойы үздіксіз емделеді, одан кейін араға уақыт салып, клиникалық қажеттілікке байланысты 10-24 күннен тағы қосымша ем алады. Орталық баланың аяғынан тұруына, жүруіне, ақпараттарды қабылдап, сөйлеуге үйренуіне арналған заманауи материалдық-техникалық базамен жарақтандырылды. Мұнда балаларды әлеуметтік-психологиялық және медициналық оңалтуға қажет барлық жағдай толығымен жасалып отыр, — дейді Ә.Қалиев.

Орталықта балаларға ем-дом жүргізілсе, олардың ата-аналарымен психологтар жұмыс істейді. Мұнда емдік дене шынықтырумен айналысуға арналған үш түрлі зал бар. Оның бірі 6 жасқа толғанға дейінгі балаларға арналған зал, мұнда кішкентайлар еңбектеуді, отыруды үйренеді, алғашқы қадамдарын жасайды, ал келесі залда 6-7 жастағы балалар кері биологиялық байланыс арқылы механикалық және робототерапия әдістері бойынша «отыру-тұру-жүруді» үйренеді. Сондай-ақ сезім мүшелері арқылы мидың ақпарат алуы және оны орындай алуы мүмкіндігін арттыратын сенсорлы зал да бар, бұл бөлме моториканы жақсартуға бағытталған жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Денені шынықтыру, балауызбен емдеу, массаж, су процедуралары, ине салу, рефлексті терапия, тұз шахтасы, арнайы жабдықталған логопедтер, психологтар бөлмелері, балалардың виртуалды дельфинмен байланыс жасау арқылы ем алуы, Монтессори бөлмелері бар. Балалар үшін, әсіресе, виртуалды дельфинмен «тіл табысу» емі қызықты: бала экранның бергі жағында тұрады, алайда экранда көрінетін дельфиннің қасында өзі тұрғандай әсерде болады, ол виртуалды дельфиннің қасына жақындап, сипай алады.

Мемлекет басшысы орталық ішін аралап келгеннен кейін церебральды сал ауруына шалдыққан балалардың ата-аналарымен кездесіп, сөйлесті.

— Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, мен сізбен 2001 жылы кездескен едім, араға 17 жыл салып, тағы да кездесіп отырғаныма өте қуаныштымын. Сізге мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жасап жатқан барлық қамқорлығыңыз үшін алғысымызды білдіремін. Біздің жұмыс істейміз десек те, оңалту, спортпен шұғылдану, басқа да мекемелерге баруымызға барлық жағдай бар. Бүгін де, міне, балалар үшін осындай орталық ашылып отыр. Бізге жасалған жан-жақты қамқорлығыңыз үшін сізге рахмет, — деді «Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау қоры» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Құралай Байменова.

Ал 12 жастағы қызы аяқастынан науқастанып қалған ойылдық Сейсенбай Сүйеуов баласын тұрақты емдету үшін облыс орталығына көшіп келгенін айтады. «Жұлында ісік бар» деген диагнозбен ауруханаға түскен қызына ота жасалғаннан кейін сап-сау жүрген бала церебральды сал ауруына шалдығады. Былтыр екі рет квота арқылы «Дару» оңалту орталығында ем алған. Ендігі үміт осы орталықтың мамандарында. Кездесуде Сейсенбай Сүйеуов Мемлекет басшысына ата-аналар атынан алғыс айтты:

— Церебральды сал ауруына шалдыққан балалардың ата-аналары атынан осындай мүмкіндік тудырып отырғаныңызға алғысымызды білдіреміз. Мұнда барлығы заманауи техникамен жабдықталған, балаларымыздың емделуіне толық жағдай жасалғанын көрдік. Балаларымыздың ем алып, сауығып кетуіне үміттенеміз, — деді ол.

Елбасы үміт арта келген ата-аналардың сенімінің ақталатынын айтып, жігер берді:

— Осы жерде алған емнің пайдасы байқала ма? Балалар емделіп, сауығып кетсін, — деді Президент.

Орталықты бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында «Ақтөбе мыс компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі салған. Ол Швейцария, Чехия, Польша және Ресейдің заманауи құрал-жабдықтарымен жабдықталған. Батыс-2 шағын ауданында орналасқан орталықтың жалпы құны — 500 млн теңге.

Енді балаларына ем іздеген ата-аналар басқа облыстарға, басқа елдерге бармайтын болады. Дәрігерлер үздіксіз әрі жүйелі жұмыс істесе, сал ауруына шалдыққан балаларды жарты жылдың ішінде аяққа тұрғызуға болатынын айтады. Бұл ата-аналарға үлкен үміт сыйлап отыр:

— Бүгінде қызым 12 жаста. Туғаннан бастап осы балама шипа іздеп бармаған жеріміз жоқ. Қазақстан қалаларына, соның ішінде Астана, Алматы, Қызылордаға, одан қалды Ресей, Қытай мемлекеттеріне де барып, ем алдық. Квота алуға кезек өте үлкен, кейде бір-екі жыл күтетіндер бар. Себебі мүгедек балалар көп, кезек өте баяу жылжиды. Ақтөбеде осындай орталықтың ашылуы біз, ата-аналар үшін үлкен қуаныш, — дейді ата-аналардың бірі Салтанат Байзақова.

«Аяла» — биыл өңірде «Бақытты бала» жобасы аясында мүгедек балаларды оңалту үшін жүзеге асырылған ерекше жобалардың бірі. Нұрсұлтан Назарбаевқа «Бақытты бала» облыстық жобасының жүзеге асырылу нәтижелері жөнінде де ақпарат берілді. Аталған жоба аясында ерекше мұқтаж балалар үшін арнайы коррекциялық балабақша, психологиялық және медициналық-педагогикалық кеңес беретін орындар, балаларды сауықтыруға арналған «Күншуақ» лагері, аудандарда психологиялық-педагогикалық коррекция кабинеттер және Ақтөбе қаласының орта мектептерінде инклюзивті білім беру ісін дамыту жөніндегі ресурсты кабинеттер ашылып, жұмыс істеп жатыр.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button