Жаңалықтар

Саяси партиялар өкілдері қолдау білдірді

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ұйымдастыруымен өткен Демократиялық күштердің «Қазақстан — 2050» аймақтық коалициясының кезекті отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа Жолдауы талқыланды.

Жиынға саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың, этномәдени бірлестіктер мен жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.

Жиынды «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Нұрхан Ағниязов ашып, өз сөзінде халықтың әл-ауқатын көтеру мақсатында Жолдауда алға қойылған міндеттерге тоқталды және саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар мүшелерін осы мақсат-міндеттерді жүзеге асыру жолында бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

— Елбасы Жолдауын халыққа түсіндіру және насихаттау жұмыстары басталып кетті. Сіздерді де осы іске белсене атсалысады деп сенеміз, — деді Нұрхан Ағниязов.

Жиында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» ақсақалдар кеңесінің төрағасы Еркін Құрманбек, «Ақтөбе облыстық үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы Айгүл Дүйсенова, т.б. сөз сөйлеп, өз ой-пікірлерін ортаға салды.

— «Адамның дамуы» ұғымының мемлекет дамуындағы рөлі зор. Елбасы Жолдауында осы мәселеге қатты көңіл бөлінген. Адамның дамуы, әрине, оның білім деңгейіне байланысты болмақ. Осы орайда Жолдауда мектепке дейінгі білімнен бастап, білім берудің барлық сатысында сапаға барынша көңіл бөлу керектігі баса айтылды. Алдағы 5 жыл ішінде білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларына барлық көздерден жұмсалатын қаражатты ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына дейін жеткізу көзделген. Келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылдау қажеттігі өте орынды айтылды. Қазіргі күні сайлау, санақтар былай тұрсын, жиналыстар мен концерттерде залды толтыруға да мұғалімдерді тартады. Мұғалім беделін бұлайша аяқасты етуден бүкіл қоғам зардап шегеді. «Педагог мәртебесі туралы» заң, Елбасы Жолдауында айтылғандай, мұғалімдерді міндеттен тыс функциялардан арашалайтын болады, — деді Еркін Құрманбек.

Сондай-ақ, аймақтық коалиция мүшелері Демократиялық күштердің «Қазақстан — 2050» жалпыұлттық коалициясының Елбасы Жолдауына жан-жақты қолдау білдіру мақсатындағы Үндеуіне үн қосатындарын жеткізді.

 И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button