Басты жаңалықтарМәселе

Жауыр болған «Жауыр ауруы» мәселесі қашан шешіледі?

«Ақтөбе» газетінің 2014 жылдың 31 шілдесіндегі санында мүгедектер арасында жиі кездесетін жауыр ауруын емдеу жөнінде айтылған «Жауырды емдейтін орталық қажет!» деген тақырыпта мақала жарияланған болатын. Төрт жылдан кейін осы мәселені тағы көтеруге тура келіп отыр. Себебі мәселенің түйіні әлі күнге дейін шешілген жоқ, оның артында жауыр ауруынан зардап шегіп отырған азаматтардың өмір мен өлім арасындағы арпалысы жатыр…

Қазанның екінші жексенбісі — елімізде Мүгедектер күні ретінде аталып өтіледі. Биыл осы күнге орай «Ақтөбе қалалық сал  ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігі басшылығы Алматыдан жауырды емдейтін дәрігерді арнайы шақыртып отырғанын айтады. Жауыр деген не? Оның адам өміріне қандай қаупі бар? Неге бізде жауырды емдейтін дәрігерлер жоқ? Неге бізде жауырды емдейтін орталықтар жоқ? Бұл сұрақтардың бірінің жауабы болса, екіншісінікі жоқ. Аталған қоғамдық бірлестіктің басшысы Құралай Байменовамен осы жөнінде пікірлескен едік.

Жауыр деген не?

Жауыр — тері жарақаты, терінің өліеттенуі. Ол терінің және тері асты тканьдерінің ұзақ уақыт бойы бастырылып, жаншылып отырғаннан не жатқаннан пайда болады. Адам ұзақ уақыт отырғанда, не жатқанда, сол жердегі ұсақ қан тамырлары басылып, теріге оттегі мен өзге қоректі заттар жеткізілмейді. Мұндай жағдай көбіне сүйектері шығыңқы жерлердің маңында болады. Адам бір қалыпта ұзақ жатса, тері өліеттеніп, сол жерде жауыр пайда болады. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар жұлынына зақым келгендіктен, денедегі қан айналымы жүйесі бұзылып, терінің ойылып жатқанын сезбейді. Ал мұның арты өте қайғылы жағдайларға ұласуы мүмкін.

— Жауыр өте тез арада пайда болады, оны емдеу өте ауыр және ұзаққа созылады. Санаулы сағаттарда пайда болған жауыр кейде жарты жыл, тіпті бір жыл бойы емдеуді қажет етеді. Науқас өзінің терісінің түсі өзгергенін байқаса, бірақ оған мән бермесе, жауыр пайда болуы мүмкін. Одан әрі тері қызарып, іседі де, сол іскен жер сыпырылып түсіп қалады, кейін сол жерде жара пайда болып, тері түсі қарайып кетеді. Егер бұл асқына берсе, өте терең жара май қабатынан өтіп, бұлшықет пен сүйекке дейін жетуі мүмкін. Сондықтан төсек тартып жатып қалған немесе арбаға таңылған азаматтарға күтім керек, — дейді Құралай Байменова.

Ойық жаралардың көпшілігі сегізкөзде, құйымшақ төмпешіктерінде, шүйде мен жауырында, шынтақ, өкшеде пайда болады екен. Жауыр пайда болған кезде адамдар көбіне үй жағдайында ем алуға тырысады. Жаңадан пайда болған тері ауруларын үй жағдайында емдеуге болады, алайда асқынған ауруды тек қана хирургиялық жолмен емдеу қажет. Әйтпесе…

— Әйтпесе, оның салдары өте ауыр болуы мүмкін. Адамның омыртқасы зақымданса, оған ота жасауға болады, алайда, омыртқасына зақым келіп, сал боп қалған азаматтар мүгедектігінен емес, төсекке, арбаға таңылғандықтан пайда болған жауыр ауруынан көз жұмуы мүмкін. Тек төсек пен арбаға таңылғандар ғана емес, жарақат алып, біраз уақыт бойы гипс салынған немесе басқа да себептермен ұзақ уақыт жатып қалған адамдарда да тері тесіліп қалуы мүмкін. Жауыр деген өте қауіпті ауру, адам тірілей шіріп, еті тесіліп, жара сүйекке дейін барады. Қазақстанда жауырды емдейтін арнайы мамандар да, арнайы медициналық орталықтар да жоқ! Біз бұл мәселені көтеріп келе жатқанымызға жиырма жылдай болды: құзырлы министрлікке де хат жаздық, сөзіміз жеткен жерге дейін айтып, дауысымыз жеткен жерге дейін айқайладық. Бірақ айта-айта жауыр болған жауыр мәселесінің түйіні шешілер емес, — дейді Қ.Байменова.

Мүгедектер жанайқайын кім естиді?

Жауыр ауруын емдеу туралы жанайқайды ешкім естімегесін «Ақтөбе қалалық сал  ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігі басшылығының өздері әрекет еткеннен басқа амалы қалмады: облыстық денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп тері ауруының алдын алу, төсекке таңылғанда, арбаға отырғанда қандай көрпелер пайдалану керек, мүгедектер күтімі туралы лекциялар, семинарлар жиі ұйымдастырылып тұрады. Ал жақында Ақтөбеге Алматыдан жауырды емдейтін дәрігер арнайы шақыртумен келмек.

— Жауырды емдейтін арнайы маманданған дәрігерлер республика бойынша жоқ. Медицина қызметкерлері арасында өздері икемделіп, осы саланы зерттеп, жауырды емдеуге маманданып жүргендер санаулы. Қостанайда жақсы бір дәрігер болған еді, сол кісіге біздің бірлестік атынан екі қыз баланы емдеттік. Алайда, өкініштісі, қазір ол кісі о дүниелік болып кетті. Енді Алматыдағы бір ауруханада жұмыс істейтін Рашидхан Юнусов деген пластикалық хирург, микрохирургті шақыртып отырмыз. Ол кісі бүгін келеді, алдымен жауыр ауруының алдын алу, оны бастапқы сатыларда емдеу, науқастар күтімі туралы семинар, лекциялар ұйымдастырылады. Одан соң хирург біздің бір жігітімізге ота жасайды. Ол жігітіміз қазір қарттар мен мүгедектер үйінде тұрып жатыр, жалғызбасты жігіт. Бізге арызын, қолхатын жазып: «Маған көмектесіңіздерші», — деп өтінішін білдірді, — дейді Қ.Байменова.

Алматыдан келетін дәрігердің жол-пұлын «Ақтөбе қалалық сал  ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігі көтеріп отыр. Өз «жарасын» осылай емдеуге көшкен қоғамдық бірлестіктің жаңа бастамасына денсаулық сақтау басқармасы барынша қолдау көрсетпек: құзырлы басқарма отадан шыққан науқастың күтімін өз мойнына алып отыр. Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығы тарапынан жедел-жәрдем ауруханасындағы бір палата арнайы жабдықталған, төсекке таңылған науқасқа жайлы болуы үшін кереует апарылған.

— Біздің қоғамға мүше мыңнан астам адам бар. Олардың көбісі жауырмен ауырады.Терісі шіріп, сүйегі тесілген адам осындай ауруға шалдыққанын ешкімге айта алмайды, бұл өте деликатты мәселе. Үйде, ерекше күтіммен отырғандардың туған-туыстары жағдайды бақылап отыруы мүмкін, науқасқа жеке бір бөлме беріп, әлсін-әлсін төсек-орнын ауыстырып отыруға мүмкіндігі болады. Ал стационарлық интернаттарда өмір сүріп жатқандар өз денсаулығына қатысты мұндай жайттарды ұзақ уақыт бойы ешкімге айтпай жүре беруі мүмкін. Қалыпты өмір сүруге кедергі келтіретін бұл қасіретті дертпен енді ғана дендей бастағанда күресу керек, — дейді Қ.Байменова.

«Жауыр ауруын емдеу, оңалту орталығы республика бойынша жоқ. Оны ірі агломерация орталығы болатын Ақтөбеде ашса, дұрыс болар еді», — дейді сал ауру қоғамы мүшелері.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Ауру батпандап кіріп, мысқалдап шығады. Бір дерттен айыға алмай, ауру үстіне ауру жамағаннан жаманы жоқ. Сондықтан арбаға, төсекке таңылған азаматтарға ерекше күтім қажет. Күтім туралы ақпараттарды науқастың өзі ғана емес, оның туыстары да білуі шарт.

Төменде үйде және ауруханада ем алуға шешім қабылдау үшін қажетті кеңестер берілген:

Үйдегі күтім:

Үйде емделгеннің бір жақсы жері — жанашырларың, жақындарың қасыңда болады. Егер күтім жақсы жүргізілсе, ауруды асқындырмай, тезірек емдеуге болады. Ал ем дұрыс жүргізілмесе немесе ауру асқынып кетсе, оның емделуі қиын болады.

Ауруханадағы ем:

Медицина мекемесінде емделудің бір жағымды жағы — кәсіби ем қабылдау тез арада жазылуға кепілдік береді. Бірақ үйреншікті өмір ағымынан, жақындарыңнан алшақтап кетесің.

Егер үйде емделгің келсе, онда мыналарды еске сақта:

Зақымдалған тері бөлігін антисептикпен тазартып, құрғатып кептір. Егер үшінші сатыдағы ашық жара болса, стерильді таңбамен таңып, тез арада дәрігермен хабарлас.

Арнайы матрасқа, түрлі көпшіктердің көмегімен жауырға салмақ түспейтіндей болып жату керек. Мүмкіндігінше әр үш сағат сайын дене қалпын өзгерту қажет.

Бір бүйіріңдегі жауырға салмақ салмаймын деп жүргенде екінші жақ бүйіріңді абайла. Екі жағыңды да тесіп алу қаупің бар екенін ұмытпа!

Мүмкіндігіңше етпетіңнен жат. Төсек тартып жатқан кезде бұл тері ауруларынан қорғанудың ең тиімді тәсілі. Әрі жауырды ерте байқап емдеу, оның асқынбай тез жазылуының белгісі екенін ұмытпа.

Жазылу үшін уақыт керек, өйткені сыртқы симптомдардың жойылуы жауырдың толық жазылуын білдірмейді.

Жауырдан толық жазылу үшін бір күн жеткіліксіз. Жара жазылмай тұрып, сол баяғы қалпыңда отырма және осы жауырдың пайда болуына себеп болған нәрселерді қайталама. Кейін де біршама сақтық жасау керек.

Төсек тартып жатқан кезінде спастика ұлғаюы мүмкін. Бұдан сақтанудың жолы — жеңіл физикалық жаттығулар жасау. Мұндай жаттығуды күніне екі рет жасаса жеткілікті. Егер ауру күшейсе, оны дереу емдеуші дәрігерге айту керек.

(Ақпаратты «Ақтөбе қалалық сал  ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігі ұсынды).

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button