БілімБасты жаңалықтар

Ұстаздарға құрмет көрсетілді

Өнер орталығында мұғалімдер мерекесіне арналған шара салтанатты түрде өтті. Жиынға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова, Білім және ғылым министрлігінің мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры Шолпан Каринова қатысты. Сондай-ақ, шараға облыстағы ардагер ұстаздар, педагогтар жиналды.

Алдымен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев құттықтау сөз сөйлеп, мемлекет тарапынан білім саласына көрсетіліп жатқан қолдау мен мұғалімдердің қоғамдағы арқалар жүгі ауыр екенін тілге тиек етті.

  • Мамандықтардың ішіндегі ең қадірлісі — мұғалім. Жас ұрпақ — ел болашағы, ел ертеңі десек, сол ұлт болашағын тәрбиелеушілер — педагогтар. Әрбір мемлекеттің дамуы, болашағы саналы тәрбие, сапалы білім алған, денсаулығы мықты азаматтарына тікелей байланысты. Тәуелсіздік алған 27 жылға жуық уақыттың ішінде жас мемлекетіміз қандай қиындықты бастан өткерсе де, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев әр кез білім саласына үлкен көңіл бөліп, ерекше қолдау көрсетуде. Бұған қабылданған түрлі мемлекеттік бағдарламалар, заңдар, бюджеттен бөлініп жатқан қыруар қаржы айқын дәлел бола алады. Елбасының жыл сайынғы Жолдауларында да білім саласына басымдық беріледі. Биылғы Жолдауда жүктелген міндетке байланысты жаңартылған мазмұн бойынша сабақ беретін мұғалімдердің жалақылары көбейді, — деді Бердібек Сапарбаев.

Елбасы тапсырмаларын орындау мақсатында біздің облыста да көптеген жұмыстар жүзеге асырылып жатыр. Облыс әкімінің айтуынша, облыс бюджетінің 40 пайызы білім саласына бөлінген. Биылдың өзінде 26 мектептің құрылысын жүргізу жоспарланған болса, соның 11-і қазірдің өзінде ел игілігі үшін пайдалануға берілді. 4 мектеп жыл аяғына дейін еңсе көтеретін болады.

  • Жақында балаларға арналған жыл бойы жұмыс жасайтын, әрі демалатын, әрі білім беретін лагерьдің тұсауы кесіледі. Онда облыстың әр ауданынан, әр ауылынан дарынды, талантты балалар келіп, тынығатын болады. Бұл лагерьдің оқу базасында мықты педагогтар еңбек етеді.

Мүмкіндігі шектеулі балаларды да қолдау біздің басты назарымызда тұр. Алға ауданында Қазақстан түгілі, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері арасында баламасы жоқ «Күншуақ» сауықтыру инклюзивті балалар лагері бой көтерді. Мұнда мүмкіндігі шектеулі, ерекше балалар тынығатын болады. Бұл лагерь жыл бойы 6 ауысымда жұмыс жасайды. 600 ерекше баланы қамтиды. Жақында Ақтөбе қаласында жарымжан балаларды емдеуге арналған орталық ашылады, — деді облыс әкімі.

Ол өз сөзінде облыстың білім сапасы жоғары екенін жеткізді.

  • Күні кеше ғана Білім және ғылым министрі үздік педагогтарды марапаттады. Сол жеңімпаздардың 5-еуі — ақтөбелік. Бұл — облыс үшін үлкен жетістік, үлкен абырой, зор мақтаныш.

Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы бойынша соңғы жылдары біздің облыс еліміз бойынша ең үздік бестіктің қатарынан төмендеген  емес. Мұның бәрі —сіздердің еңбектеріңіздің нәтижесі, — деп Бердібек Машбекұлы педагогтардың еңбегіне табыс тіледі.

Бұдан кейін Бердібек Машбекұлы «Үздік педагог-2018» облыстық байқауының 9 жеңімпазына 100 мың теңге сыйақы табыс етті. Олардың арасында М.Құсайынов атындағы облыстық мектеп-интернаттың мұғалімі Гүлзат Жолаева, Ақтөбе ауылшаруашылық колледжінің оқытушысы Әсел Айтекова, т.б. бар. Сондай-ақ, 2017-2018 оқу жылында жоғары көрсеткішке ие болған  22 мұғалім облыс әкімінің 50 мың теңге сыйақысымен марапатталды.

Марапаттау рәсімінен кейін министрліктің департамент директоры Шолпан Каринова сөз алып, ұстаздарды Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің атынан құттықтады.

  • Педагогтарға қоғамдағы ең жауапты жұмыс — жас ұрпақ тәрбиесі жүктелген. Мемлекет басшысының Жолдауларында білім саласы, мұғалім мәртебесі, жас ұрпақ тәрбиесі назардан тыс қалған емес. Елбасының күні кешегі ғана Жолдауы еліміздегі педагогтар қауымына төл мерекелерінде үлкен сый болды. Елбасы Жолдауда «Педагогтардың мәртебесі туралы» заң әзірленіп, қабылдау керектігін тапсырды. Бұл біздің, педагогтардың көптен күткен құжаты болатын. Мемлекет басшысының бұл бастамасы мұғалімдерді қанаттандыратыны, олардың жұмысына тың серпін беретіні анық, — деді Шолпан Каринова.

Ол өз сөзінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа білім саласына көрсеткен ерекше қолдауы үшін министрліктің атынан алғыс айтты.

  • Қадірлі Бердібек Машбекұлы, соңғы 3 жылдың ішінде Ақтөбе облысында 48 мектеп (!) еңсе тіктеді. Бұл — үлкен көрсеткіш. Сондай-ақ, еліміз бойынша өзекті мәселеге айналған үш ауысымды мектептердің мәселесін шешу жөнінен Ақтөбе облысы алдыңғы лекте тұр.

Жарымжан балаларға қолдау көрсетуде де Ақтөбеде көп жұмыс атқарылуда. Мұнда мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған ерекше жоба жүзеге асырылып жатыр. Соның бір ғана мысалы «Күншуақ»  сауықтыру инклюзивті балалар лагері.

Бердібек Машбекұлы, сіздің еңбегіңіз Ақтөбеде ғана емес, Қазақстанда жоғары бағаланғанын жақсы білеміз. Педагогтар қауымы әрқашан сіздің бастамаларыңызды қолдауға дайын екенін көріп тұрмыз, — деп сөзін қорытындылаған Шолпан Каринова облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа жемісті еңбек тіледі.

Бұдан кейін ол 2 мұғалімді «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен, 3 мұғалімді «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапаттады. Айта кету керек, облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаеваға да «Ы.Алтынсарин» төсбелгісі табысталды. Сондай-ақ, 25 педагогқа министрліктің Құрмет грамотасы, 28 педагогқа Алғыс хат берілді.

Марапаттаулардан кейін ұстаздарға ерекше сый ретінде өңірімізге танымал артистердің қатысуымен «Мектеп өмірі» тақырыбындағы мюзиклі және балалардың құттықтауы ұсынылды.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button