Басты жаңалықтар

Сенаторлар өндіріс орындарын аралады

Жұма күні «Нұр Отан» партиясы облыстық ғимаратында өткен көшпелі кездесу отырысынан соң ҚР Парламенті Сенатының аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшелерінің жұмыс сапары Алға, Қарғалы аудандарында жалғасты.

Ауданға жасаған жұмыс сапары аясында олар «Парижская коммуна ХХІ», «Актеп» жауапкершілігі шектеулі серіктестерін және бірқатар шаруа қожалықтарын аралады.

Ақтөбеге келудегі басты мақсатымыз — ауыл шаруашылығына байланысты қабылданып жатқан көптеген заңдардың ел ішінде қалай орындалып жатқанын көзімізбен көру, сондай-ақ шаруа қожалықтарының басшыларымен тілдесіп, қандай сұрақтары барын тыңдау, — дейді сенат депутаты Бекмырза Еламанов.

Сенат депутаттары бастаған топ алдымен Алға ауданындағы «АкТеп» ЖШС-ның мал бордақылау алаңы мен ет өңдеу комбинатында болып, өндірістің жұмыс процесімен танысты.Ірі қара малын бордақылау және асылдандыру жұмыстарымен айналысатын серіктестік бүгінде ет өнімін экспорттау бағытында қарқынды жұмыс жасауда. Ет өңдеу комбинатының директоры Вахтанг Джиджиешвилидің айтуынша, мұнда өндірілген өнімнің 95 пайызға жуығы экспортқа жіберіледі.

— Өнімдердің дені осы уақытқа дейін тек Ресейге ғана жіберіліп келді. Қазан айынан бастап Өзбекстан Республикасына жіберуді көздеп отырмыз. Сондай-ақ өнімдерімізді Қытай нарығына шығару да жоспарда бар, — деді ол.

Бұдан соң депутаттар Алға ауданындағы шошқа шаруақожалығымен айналысатын, оның етін өндіріп, өңдейтін «Парижская коммуна ХХІ» ЖШС-на барды.

Жылдық қуаттылығы 11 000 тонна болатын шошқа еті мен ет тағамдарын өндіретін кешенде шошқа өсіретін және бордақылайтын база, жылына 72 мың тонна өнімділігі бар құрама жем зауыты мен басқа да қосалқы нысандар бар.

Бұдан кейін  депутаттар Ақтөбе қаласының 41-разъездегі «Айбек» ауылшаруашылық кооперативінің консерві цехын аралады. Бүгінде кооператив құрамында мал бордақылау алаңы жұмыс істейді. Жыл айналымы бойынша мал қабылдап, оларды бордақылау алаңына әкеліп сойып, етін өздері өңдейді.

2016 жылы ашылған цехта бұқтырылған жылқы, сиыр, қой етімен қатар үш түрлі ботқа өндіріледі.Кооператив төрағасы  Айбек Қалдығұловтың айтуынша, цехта ешқандай қоспасыз тек таза өнімдер ғана шығарылады.

— Цехта бүгінгі күні бір ауысымда 48 мың құты бұқтырылған сиыр, қой, жылқы еті мен үш түрлі ботқа өндіріледі. Өнімдердің дені  Ақтөбедегі бірқатар дүкендерде сатылып жатыр. Сондай-ақ Ресейге де экспортқа шығарып жатырмыз, — дейді А.Қалдығұлов.

Жұмыс сапарын Қарғалы ауданында жалғаған сенат депутаттары «Ардағым» шаруа қожалығының су тоғанында бекіре өсіру технологиясымен танысты.

— Ақтөбе — ауыл шаруашылығы салалары қарқынды дамып келе жатқан облыстардың бірі. Әсіресе, бұл өңірде мал шаруашылығы жақсы дамыған. Бүгін өңірдің ет бағытында жасалып жатқан жұмыстарымен таныстық. Заманауи тұрғыда салынған жаңа өндіріс орындарын көрдік. Барлығы осылай жұмыс жасауы керек.  Бұл, әрине, алдымен мемлекеттің көмегінің арқасы. Кездесу барысында шаруашылық басшылары кездесетін кедергілерін айтып өтті. Мәселелердің шешілуіне атсалысып, шаруашылық басшыларының жанайқайын жоғары жаққа жеткіземіз, — дейді Сенат депутаты Мұхтар Жұмағазин.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button