Спорт

«Ақтөбе» жанкүйерлерінің өнегелі үлгісі

Премьер-Лига

«Қайрат»-«Ақтөбе» — 6:1

Иә, солай, біздің жанкүйерлеріміз кезекті рет өнегелі үлгі көрсетті. Рас, «Ақтөбе» ұтылды, бірақ «Ақтөбенің» жанкүйерлері ұтқан команданың бас бапкерінің ерекше құттықтауына ие болды.

Нақтылап айтқанда бұл жылы лебіздің мәнісі мынада.

«…Сондай-ақ «Ақтөбенің» жанкүйерлерін құттықтағым келеді, — деді «Қайраттың» бас бапкері Карлос Алос Ферре кездесуден соңғы сұхбатында, — Олар тіпті командасы 1:6 есебімен ұтылып жатқанына қарамастан кездесу бойы өз командасын қолдауды бір сәтке де тоқтатқан жоқ. Мен оларды өте тамаша жанкүйерлер деп есептеймін, олар басқаларға да үлгілі өнеге таратып отыр».

Бұл мойындаудың да өз астары бар.

Бұл ретте жеңген команданың гол соққан шабуылшысының сөзіне де назар аударған жөн секілді. «Қайраттың» соңғы кездердегі жеңілістерінен көңілдері қалғаны себепті стадионға бармауды ұйғарған бірқатар жанкүйерлер тобының әрекетін меңзеген тілшілердің бірінің «Фанаттар секторының бойкотына қалай қарайсыз?» деген сауалына «Қайраттың» украиналық сұрмергені Хабиб Эсеола: «Команданы тек жеңіске жетіп жүрген кездерде ғана қолдайтындарды фанаттар емес, диванда жантайып жатып алатын эксперттер деп есептеймін. Қиындық барлық команданың басына да түседі. ПСЖ да, «Манчестер сити» де мұны басынан кешті», — деп алматылық жанкүйерлеріне үйдей өкпесін айтты.

Ал «Ақтөбенің» жеңілісіне келсек…

Сірә, бас бапкер Владимир Муханов дөп басып айтты: «…Әрине, мұндай есеппен ұтылу өкінішті. Дегенмен 0:1 есебімен алты рет ұтылғаннан гөрі, 1:6 есебімен бір рет ұтылған тәуірлеу ғой. Қорытынды шығарамыз, жігіттермен әңгімелесеміз, маусым әлі біткен жоқ. Шешуші кездесулерде түзелеміз».

Ал жалпы алғанда «Қайраттың» бұл жеңісінен сенсация жасаудың да қажеті жоқ. Бұл команда 6 гол соққандықтан шеберліктің шыңына шығып кетті деуге де болмас. Мысалы, бұлар өткен жылы да 4:0, 5:1, 4:1 сияқты ірі есептерге қол жеткізген, тіпті «Астананы» екі рет жеңген (3:0, 2:0), бірақ кешегі Еуропа Лигасы ойындарында үшінші кезеңнен аса алмай қалды емес пе. 2017, 2016  жылдары да қайта-қайта сүрініп, екінші кезеңде жолдан шығып қалып отырғаны және бар.

Ал Алматыдағы кездесуге қайта оралсақ, бұл жолы «Ақтөбе» қырағылықты жоғалтып алды. Оның үстіне алғашқы минуттарда жерлестеріміз алаң иелерімен тең дәрежеде тіресіп, біздің футболшымыз тіпті 5-минутта гол соғып та кетті, бірақ бұл гол шабуылшымыз ойыннан тыс қалғаны себепті есептелмеді. Дегенмен осындай бастапқы қарқынның сәттілігіне алданып, бас-көзге қарамай жеңіске ұмтылған жерлестеріміз сақтықты ұмытып кетті де, лезде оның ащы дәмін де татты, әсіресе 10,16-минуттарда қақпамызға аула клубтарының әуесқойлық ойындарына тән дерлік голдар енгізіп алдық. Ал одан әрі қайтадан жұмыла жинақталудың реті келмеген де секілді…

Бір айта кетер жайт, бұл 28-турда алты кездесуде де алаң иелері жеңіске жетті.

«Қайрат»-«Ақтөбе» — 6:1

Гол авторлары: Магомед Парагульгов, 10-минут (1:0); Георгий Жуков, 16-минут (2:0); Исаэль, 24-минут (3:0); Адеринсола Эсеола, 49-минут (3:0);  Мартон Эппель, 61-минут (5:0); Абат Айымбетов, 66-минут (5:1); Исаэль, 72-минут (6:1).

Ескерту қағазын алғандар: Шелдон Бато, 35-минут («Қайрат»).

«Қайрат»: Стас Покатилов (қақпашы), Ян Вороговский, Шелдон Бато, Сергей Политевич, Гафуржан Сүйімбаев, Хуан Фелипе, Георгий Жуков (Бауыржан Исламхан, 67-минут), Магомед Парагульгов, Иво Иличевич, Исаэль (капитан), Хабиб Эсеола (Мартон Эппель, 60-минут).

«Ақтөбе»:  Игорь Трофимец (қақпашы), Бағдат Қайыров, Александр Симчевич (капитан), Милан Радин, Саят Жұмағали, Саша Марьянович (Ардақ Сәулет, 53-минут), Руслан Валиуллин, Хрвое Милишевич, Силва Рейналдо, Ұлан Қонысбаев (Абат Айымбетов, 46-минут), Маркос Пиззелли.

30 қыркүйек 2018 жыл. Алматы, Орталық стадион.

* * *

Басқа ойындардың нәтижелері:

«Астана»-«Жетісу» — 3:0

«Ертіс»-«Атырау» — 1:0

«Шахтер»-«Ақжайық» — 1:0

«Қызылжар»-«Қайсар» — 1:0

«Тобыл»-«Ордабасы» — 1:0

* * *

«Ақтөбе» өз алаңымызда 14 кездесу өткізіп, 8 ойында жеңіске жетті, 4 тең ойын нәтижесі тіркелді, 2 рет ұтылды. Доп айырмашылығы — 31:15 (+16). Ұпай — 28. Сырт алаңда 14 ойын өткізіп, 3 кездесуде жеңіске жетті, 5 ойынды тең аяқтады, 6 рет ұтылды. Доп айырмашылығы — 16:25 (-9). Ұпай — 14.

Маркос Пиззелли 18 доппен чемпионат сұрмергендерінің көшін бастап келеді.

2-3 орын иелері — Эсеола («Қайрат») — 16 гол, Исаэль («Қайрат») — 12 гол.

ТУРНИР КЕСТЕСІ

 Команда                  О         Ж        Т         Ұт        Д                     Ұп

1.Астана                  27       21       4          2          55-14             67

2.Қайрат                  27       19       3          5          57-25             60          

3.Тобыл                  28       13       7          8          30-26             46

4.Жетісу                   28       10       7          11       31-36             37

5.Ақтөбе                   28        11       9          8          47-40             36

6.Ордабасы             28        10       5          13       31-41             35

7.Қайсар                   28        7         11       10       25-29             32

8.Қызылжар СК      27        9         3          15       23-40             30

9.Ақжайық               28        7         8          13       29-37             29

10.Атырау                28        7         7          14       26-41             28

11.Шахтер                27        6         9          12       22-31              27

12.Ертіс                    28        7         5          16       23-39             26

*О — ойын, Ж — жеңіс, Т — тең, Ұт — ұтылыс, Д — доп айырмашылығы, Ұп — ұпай.

*«Ақтөбе» командасынан ФИФА шешімімен 6 ұпай шегерілгенін еске саламыз.  

* * *

Біздің мергендеріміз:

Маркос Пиззелли — 18 гол (3 доп пенальтиден соғылды);

Силва Рейналдо — 6;

Милан Радин — 4;

Асланбек Кәкімов — 3 (2);

Саша Марьянович — 3;

Бағдат Қайыров —2;

Александр Симчевич — 2;

Жамбыл Көкеев — 2;

Абат Айымбетов — 2;

Хрвое Милишевич — 1;

Жан-Эд Морис — 1;

Руслан Валиуллин — 1.

2 допты қарсыластар өз қақпасына соғып алды: Шелдон Бато («Қайрат»), Олег Хромцов («Жетісу»).

* * *

29-тур ойындары 6 қазан, сенбі күні өтеді.

Бұл турда «Ақтөбе» өз алаңымызда «Астананы» қабылдайды.

Бұл командадан бірінші айналымда Астанада 3:1 есебімен ұтылып, екінші айналымда өз алаңымызда тең (1:1) ойнағанбыз.

Басқа кездесулер:

«Тобыл» (Қостанай) — «Ертіс» (Павлодар)
«Ордабасы» (Шымкент) — «Қайрат» (Алматы)
«Жетісу» (Талдықорған) — «Шахтер» (Қарағанды)
«Ақжайық» (Орал) — «Қызылжар СК» (Петропавл)
«Қайсар» (Қызылорда) — «Атырау» (Атырау)

 Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button