Басты жаңалықтар

Туған жерді түлеткендер

Облыс әкімінің қатысуымен Ырғыз ауданында кемпинг пен демалыс саябағы ашылды. Сондай-ақ Бердібек Сапарбаев елді мекендерді аралап, әлеуметтік нысандармен танысты, ауыл шаруашылығы мамандарымен кездесті.

Жол бойындағы кәсіп

Облыс әкімінің Ырғыз ауданына жасаған жұмыс сапары халықаралық «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» дәлізінің бойында орналасқан кемпингтің ашылуымен басталды. Жол бойындағы «Ұлы дала» кемпингі Ақтөбе мен Арал қалаларының ортасында орын тепкен. Үш жылға созылған құрылыс жұмыстарына «Алтын Әсел» ЖШС 87 миллион теңге жұмсаған. Серіктестік басшысы Хамит Өтеуұлының айтуынша, кемпингте 10 адамға шақталған қонақүй, 70 адамға арналған асхана бар. Әзірге мұнда 8 адам жұмыс істейді. Алдағы уақытта бұл жерде көлік жөндейтін орталық, басқа да сервистік орталықтарды ашу жоспарланып отыр.

— Сіздер кемпингті «Ұлы дала» деп әдемі атапсыздар. Мұнда Еуропа мен Азияны байланыстыратын үлкен дәліз бар. Оның 600 шақырымы Ақтөбе облысының аумағына кіреді. Бұл жерден күніне 10-12 мың көлік өтеді. Ал жүргізушілер мен жолаушыларға ас-ауқат, демалыстың қажет екені айтпаса да түсінікті. Бір сөзбен айтқанда, біз жол бойындағы адамдарға сапалы қызмет көрсетуге мүдделі болуымыз керек. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі жол бойындағы кәсіпті дамытуға қатысты тапсырма бергені белгілі, — деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

«Біз үшін бұл табыс көзі. Сондықтан мал шаруашылығынан бөлек, осы кәсіп түрімен айналысуға бел будық. Сол арқылы өзіміздің өнімдерімізді де қамтимыз», — деді Хамит Өтеуұлы.

Адам жақсы ісімен ардақты

«Туған жерге тағзым» акциясы аясында Қарақұдық ауылында демалыс саябағы ашылды. Оны да салған — «Алтын Әсел» ЖШС. Серіктестік бұл мақсатта 5 миллион теңгені жұмсапты. Екі мың жас көшет егіліп, жан-жағы абаттандырылып һәм жарықтандырылған саябақта ана мен балаға арналған «Ару Ана» ескерткіші тұрғызылған.

— Әркімге өзінің туған жері ыстық. Бұл — бәрімізге ортақ сезім. Әр келген сайын сіздердегі тазалықты, жайқала өсіп тұрған жас желекті көріп, көз сүйсінеді. Осы орайда көп нәрсе адамдарға байланысты екені сөзсіз. Бұл ретте Хамит Өтеуұлының еңбегін ерекше атап өткен жөн. «Туған жерге тағзым» акциясы аясында өзінің туған жерінің көркеюіне үлес қосып, Қарақұдық пен Құмтоғай ауылдарында стадионның салынуына көмектескен осы азаматқа облыс басшылығы атынан алғысымды айтамын, — деді ашылу рәсімінде облыс әкімі.

Серіктестіктің өзі ауылдықтарға жиі көмектесіп тұрады. Аталған азаматтың септігімен ауылда интернат жаңартылып, «Еңбек ерлері алаңы» мен «Боздақтар алаңы» мемориалдары бой көтерді. Серіктестік жұмысшыларына арналған бірнеше үй салынған.

— Хамит ағайдың жәрдемін айтып жеткізу мүмкін емес. Айталық, ол мектептің материалдық-техникалық базасын жаңартып, ардагерлер үйіне жиһаз алып берді, — деді Құмтоғай ауылдық округінің әкімі Әл-Фараби Әлібекұлы.

Қарақұдық ауылында, сондай-ақ ауылшаруашылық жәрмеңкесі  ұйымдастырылып, онда ырғыздық шаруалардың өнімі ұсынылды.

— Қазақтың ақбас тұқымын Ырғыздың үш шаруа қожалығынан табуға болады. Оның ішінде 2014 жылы ашылған «Нұр-Айназ» шаруа қожалығы  алдыңғы қатарда. Ол өнімділігі жағынан да мықты, — деді Ақтөбе мен Батыс Қазақстан облыстарындағы қазақтың ақбас тұқымы республикалық палатасының өкілі Мақсат Балқыбаев.

Облыс әкімін ешкі шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалығының жұмысы қызықтырды. Ерлі-зайыпты Энзензарту Сарин мен Ақкенже Отаралина 2014 жылы «Асыл жол» шаруа қожалығын ашқан. Олардың сөзінше, осы жануар түрін 1993 жылдан бері өсіре бастаған. Қазіргі таңда шаруашылықтағы ешкілердің саны 200-ден асады.

— Ешкінің терісін де, етін де, сүтін де сатуға болады. Жыл өткен сайын адамдар оның сүті шипалы екенін ұғынып келеді. Тіпті еліміздің оңтүстік өңірлерінен келіп, сауда жасайтындар бар. Осы кәсіптің арқасында 6 баланы өсіріп-өндірдік. Ісімізді жүргізуге ұлымыз Айдынбек көмектеседі. Кәсібіміз өзімізге ұнайды, — дейді Ақкенже Отаралина.

Жәрмеңкеге ет, сүт өнімдері, балық, көкөніс, т.б. қойылды.

Абат ҚАРАТАЕВ,

Ырғыз ауданы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button