Анаға тағзымБасты жаңалықтар

«Анаға тағзым» орталығы ашылды

Кеше облыс орталығында «Анаға тағзым» рухани-адамгершілік тәрбие беру орталығы ашылды. Салтанатты рәсімге облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова, Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов, сондай-ақ еліміздің әр өңірінен келген белгілі тұлғалар, атап айтсақ, әнші, Қазақ КСР және КСРО халық артисі Бибігүл Төлегенова, Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген агрономы Вера Сидорова, жазушы, қоғам қайраткері Алтыншаш Жағанова, ақын, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Марфуға Айтқожина, Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова, Әбіш Кекілбаевтың зайыбы Клара Жұмабаева, академик, биология ғылымының докторы Ажар Жұбанова, медицина ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым Академиясының академигі Раиса Көзденбаева, т.б. қатысты.

Шарада облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жиналған жұртшылықты жаңа орталықтың ашылуымен құттықтады.

  • Қазақта «Анаңды Меккеге арқалап апарсаң да, оның алдындағы борышыңды өтей алмайсың» деген сөз бар. Сондықтан біз, бәріміз, ана алдында басымызды иеміз, оларды мәңгі құрметтейміз.

Бүгінгі ашылып отырған ғимарат — ақтөбеліктердің аналар алдындағы борыштарын өтеуге деген шынайы тілегі мен ниетінің көрінісі. Біздің мақсатымыз — тарихта өнегелі өмір сүрген, бүгінгі күні еліміздің дамуына сүбелі үлес қосқан аналарға құрмет көрсету, оларға тағзым ету, ананың адам өміріндегі орны ерекше екенін, ананың сүтімен біздің бойымызға қандай қасиеттер даритынын насихаттау, облыстағы қыз-келіншектерімізді сол батыр, дана аналарымыздың өнегелі өмірінен үлгі алуға шақыру. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жариялағандағы ең негізгі мақсаты — ұлттық құндылықтарымызды сақтау, ұлықтау, өсіп келе жатқан ұрпақтың бойына қазақтың салт-дәстүрлерін, үрдістерін сіңіру. Сондықтан бүгінгі ашылып отырған орталықта біздің жастарымыз қазіргі заманның талабына сай озық үлгілерді үйреніп, абзал аналарымыздың өмірінен өнеге алып, абыройлы, білімді, иманды болып өсетініне сенеміз.

Барлық ақтөбеліктердің атынан Бибігүл Ахметқызы бастап келген аналарымызға, апаларымызға көп рақмет айтамын. Сондай-ақ облыс басшылығы атынан осы ғимараттың салынуына демеушілік көрсеткен барлық кәсіпкерлерге ризашылығымды білдіремін. Ақтөбеде бой көтеріп жатқан орталықтар, зәулім ғимараттар осы демеушілердің, кәсіпорындардың, кәсіпкерлердің қаржысына салынып жатыр.

Ең негізгісі, бәрімізге ортақ бүгінгі қуаныш құтты болсын! Барлық аналарымыз, қыз-келіншектеріміз аман болсын! Қазақ елінің абыройы арта берсін! — деді облыс әкімі.

Бұдан кейін жазушы, қоғам қайраткері Алтыншаш Жағанова жиналғандарға жылы лебізін білдірді.

  • Халқымның алтын ұл-қыздарынан айналайын! Олардың осындай жасаған бастамасына, игілікті ісіне мың да бір рақмет! Мұндай ғимаратты мен әлемде кездестірген жоқпын. Бұл — бүкіл дүниежүзіне тарататындай керемет дүние. Бұл аналардың ғана орталығы емес, өсіп келе жатқан ұл-қыздарымызға тәрбие беретін, ұлттық құндылықтарымызды насихаттайтын орталық деп санаймын. Сондықтан осы игілікті істі жасаған азаматтарға мың алғыс! Осы бастаманың қасиетті Ақтөбе жерінен басталып отырғанының өзінде үлкен мән бар. Бұл өмірде анадан артық қасиетті ештеңе жоқ! Сондықтан ендігі уақытта әр азамат өз анасын есіне алып, тағзым етуі үшін осы орталыққа келуі керек. Мен облыс әкімі Бердібек Машбекұлына осы идеясы үшін, сондай-ақ оны қолдап, ғимараттың салынуына үлес қосқан іскер азаматтарға ерекше рақметімді айтамын. Ұзақ, бақытты өмір сүрсін деп тілеймін! — деді ол.

Шарада мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы Әбіш Кекілбаевтың зайыбы Клара Жұмабаева жүрекжарды тілегін жеткізді.

  • Бүгінгі қуаныштарыңыз құтты болсын! Болашақ өсіп келе жатқан ұрпақ осы жомарт азаматтардың жасаған жақсылығын түсінетін болсын! Жас ұрпақ, сіздердің алдарыңызда көп міндет тұр. Осы аға-апаларыңның жасаған еңбегін ары қарай жалғастырып, елімізді көркейте беріңіздер! — деді ол.

Салтанатты шарада әнші, Қазақ КСР және КСРО халық артисі Бибігүл Төлегенова, Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген агрономы Вера Сидорова, ақын, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Марфуға Айтқожина, Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова жаңа орталықтың лентасын қиып, облыс әкімі бастаған құрметті қонақтар орталықты аралап шықты.

Бұдан кейін орталықтың үлкен залында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, академик, биология ғылымының докторы Ажар Жұбанова және медицина ғылымының докторы, профессор, Қазақстан ғылым академиясының академигі Раиса Көзденбаева бір топ көпбалалы анаға «Алтын алқа» төсбелгісін табыстады.

  • Бүгіннен бастап осы зал әрдайым осы өңірден шыққан, көп бала өсіріп, тәрбиелеген аналарды құрметтейтін, марапаттайтын зал болады. Осы жерде батыр аналарымызға «Алтын алқа», «Күміс алқа» төсбелгілері табысталатын болады. Биылғы жылы облыста көп бала тәрбиелеген, елімізге еңбек сіңірген аналарға «Ана даңқы» төсбелгісі дайындалып жатыр.

Өздеріңізге белгілі, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елімізде аналарға ерекше құрмет- қошемет көрсетіп келеді. Бүгінгі күні ұлан-байтақ жеріміз Қазақстанда 18 миллион адам тұрады, бұл, әрине, аз. Ол үшін халықтың санын көбейтуіміз керек. Сондықтан билікте жүрген біздер аналарға барлық жағдайды жасауымыз керек. Бүгінгі бастама — соның бір айғағы, — деді Б.Сапарбаев.

Шара соңында Ажар Жұбанова жиналғандарға жылы лебізін білдірсе, Раиса Көзденбаева облыста медицина саласының қарқынды дамып жатқанын, ал бұл өз кезегінде ана мен бала денсаулығына, ұлт болашағына жасалып жатқан үлкен қолдау екенін атап өтті.

Салтанатты шарадан кейін әнші, Қазақ КСР және КСРО халық артисі Бибігүл Төлегенова бастаған топ «Аналар» аллеясына шырша отырғызып, көпшілікпен естелік суретке түсті.

  • Бүгін облыс әкімі Бердібек Машбекұлының бастамасымен облыс орталығында «Анаға тағзым» орталығы ашылып отыр. Орталықта өнегелі өмір сүрген, ерлігімен есте қалған танымал әйелдер, белгілі тұлғалардың аналары туралы кең мағлұмат беретін мұражай, психологиялық, кеңес беру кабинеттері, қолданбалы өнер, музыкалық тәрбие беруге арналған арнайы бөлмелер жасақталған. Жалпы «Анаға тағзым» жобасы аясында облыс бойынша 200-ден астам адам, 300-ге жуық кәсіпорын, Мұғалжар, Шалқар аудандарының өндірістік ұжымдары өз есепшоттарынан осы орталықтың салынуына қаржы аударып, өз үлестерін қосты. Соның нәтижесінде бүгін, міне, Ақтөбеде осындай әдемі, зәулім ғимарат ашылып отыр. Біз өте қуаныштымыз. Бұл орталық тек аналар ғана емес, барлық әйелдер, қыз-келіншектер бас қосатын орталық болмақ. Бұл орталықтың салынуына 350 миллион теңге қаржы жұмсалса, оның құрылысын жүргізуге 10 мың адам үлес қосты, — дейді Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Күлпаршын Айдарханова.

Айта кету керек, аталған ғимараттың құрылысын мердігер ұйым «ЕСАТ» ЖШС жүргізсе, жобалаушы ұйым — «РегионСтройПроект» ЖШС.

Үш қабатты ғимаратта «Ана даңқы» музей-галереясы, мультимедиялық экспозиция залы, хореография залы, сондай-ақ бірыңғай тақырыптық кабинеттер орналасқан.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button