Анаға тағзым

Жер бетінде анадан артық жаратылыс жоқ!

Ақтөбеліктер үшін Раиса Көзденбаеваның есімі жақсы таныс. Медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты,  ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының және профилактикалық медицина академиясының академигі, ғалым, фармаколог. Керемет ұстаз, кәсіби біліктілігі жоғары медицина қызметкері. Және ол… ата-ана арманын орындаған бақытты бала һәм жолдасымен бірге балаларына жақсы тәрбие бере білген бақытты Ана.

Раиса Көзденбаева Ақтөбеде өтетін Аналар слетіне келеді. Туған, өскен жеріне, білім, тәрбие алған жеріне сағынышпен келе жатқанын айтады. Бүгінде Алматыда тұратын және сексеннің ауылына жақындаса да, әлі де ат үстінде жүрген, яки жұмыстан қол үзбеген Раиса Көзденбаевамен телефон арқылы тілдескен едік…  

Кілең ғалым тәрбиелеген отбасы

Раиса Салмағанбетқызы 1942 жылы 3 сәуірде дүниеге келген. Әкесі Салмағанбет пен анасы Сара Көзденбаетар жеті бала дүниеге әкелген. Оған қоса соғыс жылдарында жетім қалған үш баланы бауырына басқан.

— Әкем «Ақтөбе ферроқорытпа» зауытының іргесін қалаушылардың бірі болды,  қырқыншы жылдары осы зауыттың саяси бөлімінің басшысы болып еңбек етті. Сондықтан болар, соғыс басталған күні өзі сұранып, ерікті түрде майданға аттанған. Әкем соғысқа кеткенде мен іште қалғанмын. Алдымда Еркін, Серік деген ағаларым бар, менен кейін де бауырларым бар. Соғыс жылдары талай бала жетім қалды. Солардың көбіне менің ата-анам қатты қарайласқан. Әкемнің ағасы соғыста қайтыс болған, соның екі баласын да панасына алған. Тағы үш жетімді өсіріп, адам қылды. Осылайша үйде он шақты бала болдық, — дейді сұхбаттасым.

Р.Көзденбаеваның отбасы Ақтөбе қаласының Тұрғындар қалашығы ауданында тұрған. Сол кездегі осы ауданда орналасқан 8-мектепте білім алған. Одан соң Ақтөбе мемлекеттік медицина институтына түсіп, оны үздік бітіреді. 1965 жылы Н.Пирогов атындағы Мәскеу мемлекеттік институтына фармакология мамандығы бойынша аспирантураға түседі. 1968 жылы кандидаттық, 1981 жылы докторлық диссертациясын қорғады, ал 1983 жылы оған профессор атағы берілді. 1994 жылы ҚР Ұлттық Ғылым Академиясы мен медициналық ғылымдар академиясының мүше-корреспонденті, 1995 жылы ҚР профилактикалық академиясының академигі, 2002 жылы ҚР ҰҒА академигі атанды.

— Ата-анам балаларына қолдан келгенше білім беруге тырысты. Біздің алаңсыз оқуымызға бар жағдайды жасады. Әкем бізге үнемі: «Дәрігер болыңдар, дәрігерлер ешқашан жерде қалмайды, олар тіпті соғыс кезінде де жұмыс істейді», — деп құлағымызға құйып отыратын. Соғыс кезінде жараланып, медбике қыздың көмегімен аман қалады. Дүниеден өктенше сол медбикеге алғыс айтумен өтті.

Содан да болар, бізге үнемі дәрігер болуға үндеп отыратын. Әкемнің айтқанын тыңдадық. Отбасында менен өзге де медицина қызметкерлері бар: сіңлім Роза Салмағанбетқызы медицина ғылымдарының докторы, профессор, інім Марат Салмағанбетұлы хирург, онколог, медицина ғылымдарының кандидаты. Маратты ақтөбеліктер жақсы білетін шығар, қазір ол Ақтөбе медицина орталығында хирург-онколог болып еңбек етеді. Екі ұлымыз Дәурен мен Мұхтар да медициналық институтты үздік бітірді. Жолдасым Сағидолла Елемесовпен медициналық инсититутта бірге оқыдық, ол кісі де медицина ғылымдарының докторы, профессор, — дейді Р.Көзденбаева.

Ақтөбеден басталған жол…

Ғалым анасын ерекше жылылықпен еске алады. Отбасының асыраушысы әкесі болса, анасы Сара Сапарғалиқызы он баланың үйдегі «әулиесі» болды.

— Кезінде қазіргі «Ақтөбе» газетіне менің анам туралы журналист Төребек Досқалиев «Әйдік әже» деген керемет мақала жазды. Сол мақала әлі күнге дейін есімде. Бала үшін жер бетінде Анадан артық жаратылыс жоқ! Анамыз біз есейіп, ұядан ұшып кеткенде де жанымызға жалау болды. Мен Мәскеуге білім іздеп кеткенде екі ұлымызды бағып-қағуға анамыз, бауырларымыз көмектесті. Кейін жолдасым да Мәскеуге оқуға келді. Біз үлкен отбасы болдық, ал үлкен отбасында бауырлар қашанда тату, бір-біріне үнемі қол ұшын беруге дайын болады. Біздің отбасымыз да сондай болды. Кіші інім Ақтөбедегі Тұрғындар қалашығындағы сол баяғы біз өскен қарашаңырақта тұрады. Ақтөбеге барсам, бірден сол үйге тартамын. Сол үйдің босағасына сәлем беріп, сағынышымды баспайынша ешқайда бармаймын, — дейді ол.

Р.Көзденбаева Ақтөбенің медицина саласында қырық жылға жуық еңбек етті.  1971 жылдан бастап 2005 жылға дейін Ақтөбе мемлекеттік медициналық институтының фармакология кафедрасын басқарды. Сол кездегі мединституттың ректоры Төрегелді Шармановтың шақыртуымен Мәскеуден арнайы келген Р.Көзденбаева 29 жасында кафедра тізгінін қолына алып, оны 35 жылдай басқарды. Одан соң Алматыдағы дәрі-дәрмектерді, медициналық бағыттағы бұйымдарды және медициналық техникаларды сараптау жөніндегі Ұлттық орталыққа қарасты фармакологиялық комитетті он жылдай басқарды. 2015 жылдан бері аталған орталықтың бас клиникалық фармакологы.

— Осы орталықта жұмыс істегеніме 13 жылдан асты. Кезінде Ақтөбеден осы жаққа жұмысқа келерде екі жыл істеп, туған жеріме қайтып барамын деген едім, алайда жіберетін түрі жоқ, міне, 14-інші жылға кетіп барады, — деп әзілдейді ғалым.

Ғалым адам қартаймайды. Керісінше уақытпен бірге тәжірибе де, білім де молая түсетіні айқын. Ал ондай мықты маманды кім жібере қойсын? Жасы жетпістің жетеуіне жетіп қалған ғалымды әлі де ат үстінде жүр дегеніміз сондықтан.

Р.Көзденбаеваның басшылығымен тағамның құрамдас бөліктерінің фармакологиясы, тамақтанудың дәрі-дәрмектің фармакологиялық белсенділігіне модификациялық әсері, дәрілердің денсаулыққа жанама зияны туралы мониторинг жүргізу және фармакологиялық бақылау сынды бірнеше тақырыптарда іргелі жұмыстар жасалды. 1991 жылдан бастап ғалымның жетекшілігімен «Қызыл май», «Шүкір май», «Мия майы», «Қалақай майы», «Түйежапырақ тамыры майы» сынды жаңа отандық препараттардың биологиялық белсенділіктерін зерттеп, оларды әзірлеуге, өндіріске енгізуге қатысты ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Бұл өнімдерді дайындаудың технологиясы ерекше, бүгінде оған арнайы патент алынды, ал препараттар ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде тіркелді.

— Бүгінге дейін шөптен 11 дәрі-дәрмек жасалып, клиникалық зерттеулердің нәтижесінде олардың фармакологиялық белсенділігінің жоғары екендігі дәлелденді. Олар түрлі ауруларды емдеу үшін пайдаланылып келеді. Мәселен, «Мия майы» мен «Қалақай майы» ВИЧ жұқтырған, өкпе құрты, бронх-өкпе жүйесі, асқазан-ішек жолдары ауруларын емдеуде қолданылады. Еліміздің батыс өңіріндегі экологиясы лас елді мекенде тұратын, ұзаққа созылатын аурулардан зардап шегетін тұрғындарды сауықтыру үшін мия тамыры мен қалақай жапырақтарының майлы сығындыларының жоғары антиоксиданттық белсенділігі өте пайдалы, — дейді ғалым.

Р.Көзденбаева — 50-ден астам ғылыми жұмыстың, соның шінде 7 монографияның, 20 оқу құралының авторы. Шәкірттерінің де жетістіктерін санап беруге болады: ғалымның жетекшілігімен 6 адам докторлық, 40 адам кандидаттық диссертация қорғап, 1 адам магистрант атанды. Р.Көзденбаеваның медицина саласында атқарған ұшан-теңіз еңбегі өз бағасын алып келеді. Кеудесіндегі бірнеше орден-медалін есептемегенде, ғалымның артындағы шәкірттерінің оның осы саладағы жетістіктерінің, жеңістерінің көрінісі емес пе!

Біз, барлығымыз, Аналардың алдында қарыздармыз!     

2001 жылы Р.Көзденбаева Қазақстан Республикасының ғылым, техника және білім саласындағы Мемлекеттік сыйлығына ие болды. 2002 жылы оған «Ақтөбе қаласының құрметті азаматы» атағы берілсе, 2003 жылы «Ақтөбенің жыл адамы» атанды. Ол — М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина академиясының құрметті профессоры. Бүгінде ғалым еліміздегі денсаулық сақтау жүйесін сапалы, қауіпсіз және тиімділігі жоғары дәрі-дәрмектермен, заманауи медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету бағытында үлкен жұмыстар атқарып отыр.

Ғалымның осындай мағынаға толы ғұмыр жолының бастау бұлағы, тамыры Ақтөбеде жатқаны аян. Сондықтан оны туған жеріне ата-анаға, бауырға деген ыстық ықыластың, сол баяғы балалықтың, жастықтың ауылына қарай тарта беретін естеліктердің, қызметтің алғашқы баспалдағы басталған жылдардағы қызықты да жауапты сәттерге деген сағыныштың жетелеп келетінін айтады.

— Ақтөбені ерекше жылылықпен еске аламын, сағынамын, жақсы көремін. Өмірімнің саналы ғұмыры сонда өтті. Ақтөбеден кеткеніме 14 жылдай ғана уақыт болды. Туған жерге қарай жолға шықсам, қашан жеткенше асығамын. Ақтөбе қаласының  жыл өткен сайын өсіп, көркейіп келе жатқанына қарап, қуанамын. Өткен жылы Ақтөбеге барғанымда облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жиын өткізіп, қалада «Анаға тағзым» орталығы ашылатынын айтқан-ды. Биыл сол орталық салынып, пайдаланылуға берілейін деп жатыр екен. Бұл өте дұрыс қолға алынған жоба болды деп есептеймін. Себебі, жоғарыда айттым ғой, адамзат үшін жердің бетінде Анадан артық жаратылыс жоқ! Ғалымды да, ұшқышты да, мұғалімді де, президентті де Ана туады, Ана тәрбиелейді. Біз, барлығымыз, Аналардың алдында қарыздармыз! Сондықтан «Анаға тағзым» орталығы қазіргі қоғамға қажетті жоба боларына сенемін. Ақтөбеде басқа да керемет ғимараттар салынып жатыр. Өткен жылы барғанымда барлығын аралап көрдік. Өнер орталығы, «Жұбановтар әлемі» қандай әдемі. «Денсаулық» саябағына да бардық. Туған жерімізге барғанда туған қаламыздың осылайша жарқырап, көркейіп алдымыздан қарсы алғаны қандай керемет! — дейді Р.Көзденбаева.

Жоғарыда айтқанымыздай, бір кезде журналист Т.Досқалиев облыстық газетке Р.Көзденбаеваның анасы туралы «Әйдік әже» деп мақала жазыпты. Сол секілді бүгінде ғалымның өзі де әйдік әжеге айналып отыр: екі ұлынан өрбіген немерелерінің сүйікті әжесі. Ғұмыры ғибратқа толы ғалымның жасаған еңбегі тек ұрпағы үшін емес, тұтас қазақ медицинасы үшін үлкен олжа екендігі айқын…

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.   

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button