Анаға тағзым

Бақытқа жетелейтін орталық

20-21 қыркүйек күндері Ақтөбе қаласында «Анаға тағзым» аналар слеті өтті. Оған Қазақ КСР және КСРО халық артисі Бибігүл Төлегенова, Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген агрономы Вера Сидорова, этнограф, жазушы, Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова бастаған әр салада үлкен табыстарға жеткен әйел-аналар, көп балалы аналар, еңбек ардагерлері, облыстың барлық аудандарынан делегациялар, барлығы 1200-ден астам әйел-ана қатысты.

Төменде біз облыс аудандарынан осы слетке қатысқан бірқатар аналардың пікірлерін беріп отырмыз. 

БАҚЫТҚА ЖЕТЕЛЕЙТІН ОРТАЛЫҚ

Ақтөбеде республика көлемінде алғаш рет ұйымдастырылған «Анаға тағзым» республикалық аналар слетіне Хромтау ауданы делегациясы құрамында қатысып келдім.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған республикалық шара өте жоғары деңгейде өтті. Адамзаттың асылы саналатын аналарымызға арналған екі күндік шарада рухани азық алып, көкейімізге көп нәрсе түйдік. Анасын ардақтай білетін дархан халқымыздың аналарға деген құрметін көзбен көру шын мәнінде адам жанын рухани тұрғыдан жаңартып, ерекше сезімге бөледі. Қазақстанда алғаш рет, еш жерде баламасы жоқ аналар құрметіне салынған «Анаға тағзым» рухани-танымдық тәрбие орталығының ашылуы бізді бір марқайтып тастады.

Ақтөбенің күн санап көркейіп келе жатқанын баспасөз беттерінен де көріп, оқып жүрміз. Дегенмен жаңа ғимараттардың ішін аралап, көрудің сәті мен үшін осы слет барысында туды. Бұдан өзге ел сыйлаған қоғам қайраткерлерімен дөңгелек үстел басында бас қосып, әйелдің қоғамдағы әлеуметтік рөлі мен олардың мәртебесін арттыру, демографиялық саясаттың қарқынды дамуы, қазіргі таңдағы отбасы, ана мен бала мәселелері жөнінде әңгіме айтылып, келелі ойлар ортаға тасталды.«Кеңесіп пішкен тон келте болмас» дегендей, қоғам қайраткерлерінің кемелді ойлары мен тұшымды әңгімелері көңілге қонымды әдемі пікір алмасу ортасын қалыптастырды.  Аталған шара әрқайсымыз үшін есімі құрмет пен қасиетке ие аналарымызға құрмет көрсетуді, ананың отбасы мен қоғамдағы алар орнының ерекше екендігін тағы бір мәрте тереңінен түсіндіріп берді. Осындай аналарға арнап үлкен шараның өтуіне мұрындық болып, атсалысқан облыс  басшысы Бердібек Сапарбаев пен барша алаш азаматтарына аналық алғысым шексіз.

Жұмасұлу ҮРКЕНОВА,

Хромтау ауданы.

Ойылда аналар клубы жұмыс жасайды

Облыс басшысы Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен елімізде алғаш рет қоғамдағы аналардың рөлін арттыру, келешек ұрпаққа рухани-адамгершілік тәрбие беру, жас отбасыларға қолдау көрсетуге бағытталған бұл жоба барлық әйел-аналарға ортақ игілікті іс, өзгелерге үлгі болатын бастама деп ойлаймын.

Өткен аптада облыс орталығында өткен «Анаға тағзым» слетіне Ойыл ауданынан бір топ делегация барып, қатыстық. Олардың ішінде осы ауданда көп жыл бір салада еңбек еткен ардагерлер, көпбалалы аналар, «Ақ әже» ансамблінің мүшелері бар. Барлығымыз слет барысында есімі елге танымал әйел-аналарды көріп, танысып, әңгімелесіп, «Анаға тағзым» орталығының ашылу салтанатына қатыстық. Неке сарайын аралап, Өнер орталығында өткен үлкен шараны тамашаладық. Республикамызда алғаш рет ұйымдастырылған Аналар слеті мазмұнды, қызықты өтті. Бұл шараның аналар үшін, болашақ ұрпақ үшін маңызы ерекше. Жастарға рухани-адамгершілік тұрғысынан тәрбие беруде, ананы құрметтеуге, қадірлеуге тәрбиелеуде мұндай іс-шаралардың маңызы зор.

Бүгінгі күні Ойыл ауданында Аналар клубы жұмыс жасайды. 2012 жылы құрылған Аналар клубының құрамында бүгінде 35 ана бар. Олардың ішінде ең үлкені 78 жаста болса, ең жасы — 60 жаста. Біз бұл клубты аудандағы аналарды бір ұйымға біріктіру арқылы жастарға, жас отбасыларға, келіндерге үлгі-өнеге көрсету, қыз-келіншектерді қолөнерге баулу мақсатымен құрған болатынбыз. Қазіргі таңда облыс бойынша мұндай клуб біздің ауданда ғана бар. Өткен жылы аудандағы округтердің барлығында Аналар клубының филиалдары ашылды. Аналар клубының құрылғанына 5 жыл толуына орай былтыр аудан орталығында үлкен іс-шара өткізіліп, оған барлық елді мекендерден көп балалы, әр салада үздіксіз еңбек еткен аналар шақырылды.

Сондай-ақ ауданымызда «Ақ әже» халықтық ансамблі жұмыс жасайды. Бүгінде ансамбль құрамында 15 әже бар. Кешегі өткен слетке ансамбль мүшелері де қатысып, өз үлестерін қосты. Бүгінде ансамбль репертуарында халық әндері көп.

Ал өз отбасыма келсем, мен бес бала тәрбиелеп, өсірдім. Бүгінде солардан тараған 13 немерем бар. Немеремнің үлкені биыл 23-ке толады. Алла қаласа, шөберені де көретін күн алыс емес.

 Гүлжан БОЛАЕВА,

зейнеткер, Ойыл аудандық аналар клубының төрайымы.

Рухани азық алдым

 — Анаға құрмет — адамзаттың парызы. Кез келген адам анасының алдындағы перзенттік борышын ештеңемен  өтей алмасы анық. Күні кеше ғана облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен облыс орталығында бүкіл республикаға танымал әйел-аналардың басын қосқан Аналар слеті кім-кімнің де көкірегін ашып, келешегіне ой салғандай болды.

Бала тәрбиелеудегі көп жылғы еңбегім еленіп, салтанатты жиынның мен де куәсі болдым. Керемет кештен рухани азық алдым. Қаншама елімізге танымал атақты ана, әпкелерімізбен жүздестім. Облыс орталығында ашылған «Анаға тағзым» рухани-танымдық тәрбие орталығының ашылу салтанатына қатыстым. Әрине, бұл салтанатты сапардан әсерімді тілмен жеткізу мүмкін емес.

Жас ұрпақтың тәрбиесіне зор ықпал етер осы шара алдағы уақытта да жалғасын тапса деген тілегім бар.

Динагүл ЕРМАХАН,  Ырғыз аудандық өнер мектебінің жоғары санатты мұғалімі.

Игілікті бастама

Жуырда Ақтөбеде ерекше мағынаға ие керемет басқосу — Аналар слеті өтті. Аты затына сай әдемі шара жаңаша сипатта ұйымдастырылды. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен облыс орталығында «Анаға тағзым» орталығы бой көтерді. Еліміздегі әр азамат үшін қымбат, бүкіл адамзат бас иетін аналарға арналған орталық — республика көлемінде жүзеге асырылып жатқан алғашқы жоба.

Сондай-ақ слет барысында елімізде өз саласы бойынша үлкен жетістікке жектен ханымдар арнайы келіп, түрлі шеберлік сағаттарын өткізді. Арнайы қонақ боп келген білікті дәрігерлер  қабылдау өткізіп, семинар-тренингтер ұйымдастырды. Ал өнер иелері өзінің шығармашылық тұрғыдағы тартуын ұсынды.Бибігүл Төлегенова, Зейнеп Ахметова, Алтыншаш Жағанова, Марфуға Айтқожина секілді ел сыйлаған ұлт аналарын көріп, жас буынға олардың келелі әңгімелерін тыңдау бақыты бұйырды. Бұның барлығы қыздарға үлгі-өнеге болып, пайдасына жарайтыны сөзсіз. Қыздарымыз ана болып қана қоймай, болашақты ойлаған көреген дана болса, ұлтымыздың өркені өсер еді.

Ел мақтанышына айналған аналарға тағзым ету — біздің парызымыз. Қыздарымыз көрегенді болса, ұрпағымыз да мықты болады.

Сөз соңында ана ретінде  осындай жобаны жүзеге асыру үшін бастама көтерген облыс басшылыға барша аналар атынан ерекше ризашылығымызды білдіремін.

 Нұрбибі БАЙТАС,

Қобда ауданы.

Ұлт тәрбиесі әйелдің қолында!

Ақтөбеде өткен тұңғыш республикалық «Анаға тағзым» аналар слетіне еліміздің түкпір-түкпірінен әр салада түрлі жетістіктерге жеткен әйел аналар келді. Олардың арасында қоғам қайраткерлері де, мұғалімдер де, дәрігерлер де, ғалымдар да — түрлі сала мамандары бар. Дегенмен, олардың барлығын теңестіретін бір ғана ұғым бар, ол — Ана деген ұғым. Осы слетке Шалқар ауданынан отыздан астам адам бардық. Олардың қатарында мен де бармын. Мен 40 еңбек жылымның 36 жылын ұстаздыққа арнадым. Оның 19 жылында Шалқар ауданы Біршоғыр ауылдық округінің Сарысай негізгі мектебінде директорлық қызмет атқардым. Еңбегім елеусіз болған жоқ. Қазір сол еңбегімнің жемісін көріп отырмын. Сондай жетістіктерімнің бірі — «Анаға тағзым» атты республикалық аналар слетінің құрметті қонағы болу бақыты.

Форумнан шалқыған көңіл күймен оралдым. Мінсіз ұйымдастырылған шараны сөзбен жеткізу мүмкін емес. Слетке шақырылған ресми қонақтармен жүздесу, олардың ыстық ықыластары мен жылы лебіздері қандай! Қазақтың мақтаныштары әнші Бибігүл Төлегенова, ақын Марфуға Айтқожина, қазақ қаһарманы Бауыржан Момышұлының келіні, ұлттық дәстүрімізді дәріптеуші этнограф Зейнеп Ахметова, қазақтан шыққан тұңғыш әйел генерал Сәуле Айтбаева, қоғам қайраткері Алтыншаш Жағанова секілді  азаматтармен кездесіп, өнегелі пікірлерін тыңдап, үлкен әсер алдық. Қазақтың ұлттық киімімен есіктен кіріп келген Татьяна Бурмистрованы көргенде қазаққа деген құрметті сезіндім.

Республикамызда тұңғыш ашылған «Анаға тағзым» орталығының біздің Ақтөбе қаласының еншісіне тигені, біздің облыста ашылғанының өзі бір мерей. Сол үшін идея авторы, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа форумға қатысушы барлық делегаттар алғысын жаудырып жатты.

«Анаға тағзым» — шын мәнінде елімізде баламасы жоқ ерекше кешен. Мұхтар Әуезов «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген. Бұл форумның жүгі де, жауапкершілігі де жоғары: «бесігімізді» түзеуге, болашақта түрлі келеңсіздіктердің жолын кесе отырып, қоғамға ізгіліктің нұрын себуге, рухани-өнегелі тәрбие беруге ықпал ететін шара болды. Ұлтқа үлгі болып жүрген аналар біз секілді шалғай ауылдарда жүрген әйел-аналарға үлкен ой салды, біздің ұрпақ тәрбиесінде, ұлт тәрбиесінде жауапкершілігімізді арттыра отырып, мерейімізді көтерді. Ұлттың тәрбиесі Ананың қолында болса, болашағы — балалардың еншісінде. Ендеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың осы жылды «Бақытты бала» жылы деп жариялауы тегін емес.

Ана мен баланың арасында көзге көрінбейтін һәм ешқашан үзілмейтін бір байланыс бар болса, «Анаға тағзым» аналар слеті мен «Бақытты бала» жобасының арасында да сондай бір байланыс бар. Бұл сайып келгенде елдің рухани дамуына, ұлттың «Рухани жаңғыруына» ықпал ететін шара деп білемін.

Мен еліміздегі мыңдаған әйелдермен, аналармен бірге осы форумға қатысқанымды бақытты сәттерімнің бірі деп санаймын. Еңбегімді елеп, шараға қатысуға ұсыныс жасаған Біршоғыр селолық округі әкімшілігіне, аудандық ішкі саясат бөліміне ана ретінде, ұстаз ретінде ерекше алғысымды білдіремін.

Б.ҚҰЛТАНБАЕВА,

зейнеткер ұстаз.

Сарысай ауылы,

Шалқар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button