Анаға тағзым

Құралай ҚАРАКЕН, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты: Ана алдымен баласына өзі үлгі болуы тиіс

 

Ақтөбеде аналарға деген құрмет пен ықыласты білдіру мақсатында ашылып жатқан «Анаға тағзым» орталығы кез келген әйел заты үшін үлкен мәртебе. Жұмыс барысында республиканың бірқатар өңірлерінде болдым, бірақ мұндай орталықты еш жерден көрмедім. Әрине, аналарға тағзым ретінде түрлі бұрыштар, стендтер, ескерткіштер ашылып жатыр, дегенмен рухани-адамгершілікке тәрбиелейтін Аналар орталығы Ақтөбедегі бірегей жоба. Әрине, бұл алдымен еліміздің дамып келе жатқандығының, жағдайы жақсы екендігіндігінің айқын көрінісі.

Ана — тіршілік көзі, өмірдің мәні. Әрбір шаңырағы шаттыққа толған отбасында ең алдымен барлық ізгі көңіл, ақжарқын тілек анаға арналады. Өйткені, өмірдің бәрі анамен байланысты.

Біздің қазақ халқы қандай да бір мәселе болмасын, барлығын әйел затының даналығына сүйене отырып шешкен. Қазақта әйел — ақылдылықтың, даналықтың символы іспеттес. Осынысы үшін мен халқымды құрметтеймін. Қазір әже атанып, немере тәрбиелеп отырсам да қандай да бір маңызды шешім қабылдар тұста анаммен іштей тілдесемін. Ол менің жанымда жоқ болса да, жүрегіммен бірге.

Әйел — отбасының ұйытқысы, шырақшысы. Жас кезінде бұл сөздің мағынасын түсінбегенмен, есейе келе барлық тіршілік, отбасының берекесі әйелмен байланысты екенін ұғасың.

Мен әже тәрбиесін, ана тәрбиесін көріп өскен бақытты жанмын. Анам үйдегі төрт баламен қатар, елдің балаларын тәрбиелеген ұлағатты ұстаз. Кейін мемлекеттік қызметте де істер атқарды. Уақыты өте тығыз болса да, ол  үнемі бізбен сөйлесуге, ақылын айтуға уақыт табатын. Анам мен үшін өмірлік  үлгі тұтар ұстазым. Балалық шағы қиындықпен өтсе де ол ешқашан мойыған емес. Жүрек тазалығын, жан тазалығын сақтай білген адам. Әйел адам үшін ең басты құндылық та осылар. Әйел алдымен баласына өзі үлгі болуы тиіс. Әсіресе қыз балаға ана тәрбиесі өте қажет. Тек ана тәрбиесі ғана адамға өмір бойы қорек бола алады.

Бүгінде мен 2 бала тәрбиелеп өсіріп, құтты орнына қондырдым. Әрине, балаларымның жас кезінде мен де үнемі жұмыста болдым. Дегенмен барынша олармен көбірек сөйлесуге тырыстым. Бүгінде ұл-қызым өз ісінің мамандары. Ал қазір немере тәрбиелеуде бар күшімді салып жатырмын. Әр сенбі сайын олардың басын қосып, бірге демаламын.

Қорыта айтқанда, әр заманның өз батыры бар. Батыр аналар бүгінгі біз өмір сүріп жатқан қоғамда да жетеді. Тәуелсіздікке ұмтылып, Отан үшін жанын қиып, махаббат үшін күрескен, тарихта есімдері сақталған қазақ халқының батыр аналарына тағзым ету мақсатында қолға алынған орталықтың ғұмыры ұзақ болсын тілеймін.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button