Анаға тағзымБасты жаңалықтар

Әсем БЕКМАҒАМБЕТОВА, 11 баланың анасы: Әр баламды бауырыма қысып, еркелеткен сайын өзімді сондай бақытты санаймын

Бүгінде еліміздің демографиясына үлес қосып келе жатқан көпбалалы аналарға ерекше құрмет көрсетіледі. Ол үшін мемлекеттен арнайы қолдау де бар.  Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өмірге көп бала әкелген аналарды нағыз ерлікке теңеді.

 Ене тәрбиесінен мықты мектеп жоқ…

Бүгінде еліміздің демографиясына үлес қосып келе жатқан көпбалалы аналарға ерекше құрмет көрсетіледі. Ол үшін мемлекеттен арнайы қолдау де бар.  Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өмірге көп бала әкелген аналарды нағыз ерлікке теңеді.

Қазір Ақтөбе қаласына жақын Пригородный ауылында тұратын Сүлейменовтер отбасы — көпке үлгі. Бүгінде береке мен бірлік ұялаған бұл шаңырақта 11 бала тәрбиеленіп жатыр. Жақында ғана егіздерін қырқынан шығарған Әсемге бала күтімінде бой жетіп қалған қыздары қолғабыс етеді.

Жолдасым Аманжол да, өзім де көпбалалы отбасында тәрбиелендік. Анам бес құрсақ көтерген жан, ал жолдасым — шаңырақтағы жеті баланың бірі. Екеуіміз де көп баланың ортасында өскендіктен шығар, біз үшін шаңырақта баланың көп болуы қалыпты жағдай секілді, — деп күлімсірейді Әсем.

Ол жолдасы Аманжолмен Атырау облысының Құлсары қаласында тұратын ағасының үйіне қыдырып барған шағында танысыпты.

Бастапқыда ата-енеммен бірге тұрдық. Атам өмірден ерте кетті. Әрине, жаңа түскен келінге ененің тәрбиесін көрген абзал. Себебі, жас келіндер үшін  ене тәрбиесінен мықты мектеп жоқ.  Өз басым енемнен көп затты үйрендім. Тату тұрдық. Үйдегі анамнан алған, кейін туған анамдай жақын, ыстық болып кеткен енемнің маған берген тәрбиесі өз шаңырағымның мызғымас, берік болып қалыптасуына айрықша ықпал етті, — дейді көпбалалы ана.

Олар бірер жыл ата-енемен тұрғаннан кейін, 2004 жылы Атыраудан Ақтөбеге қоныс аударады. Жас отбасы сол кезде тұрғын ауданы 46 шаршы метр болатын жеке үйді сатып алған еді. Бүгінде сол баспананың аумағы кеңеймесе де, жас отбасының қатары көбейіп, қазір бұл үй береке-бірліктің үйлескен ордасына айналды.

Қос сәбидің үні

Отағасы Атыраудағы ірі мұнай компанияларының бірінде сегіз жылдан бері механик. Вахталық әдіспен жұмыс істейді. Сондықтан үй шаруасында отырған Әсемге бала тәрбиесінде артылар жауапкершілік пен міндеттің зор екені айтпаса да түсінікті.

Он сегіз жасында тұрмыс құрып, араға жиырма жыл салып, он бір баланы дүниеге әкелген Әсем бүгінде 8 қыз бен 3 ұлдың анасы. «Әр баламды бауырыма қысып, еркелеткен сайын өзімді сондай бақытты санаймын», — деген көпбалалы ана  балаларының әрқайсысының мінезі әртүрлі екенін айтады.

Бір қызығы, ерлі-зайыптылардың екеуінің жағынан да егіз бар. «Дәрігерлік тексеріске барғанымда құрсағымда егіз сәбидің бар екенін білдім. Бұл хабар мен  үшін тосын сый болды. Қатты қуандым. Дәрігердің кабинетінен шыға салысымен, жолдасыма хабарластым. Оқыстан қоңырау шалғаныма уайымдаған ол бұл хабарды естігенде, қуанышы қойнына сыймады. Тек «балаларымыз аман-есен дүниеге келсін» деумен болды», — деген Әсем айы-күні жетіп, Мұстафа мен Айшаны бір күнде өмірге әкелді. Осылайша, әп сәтте-ақ он бір баланың анасы атанған оны Ақтөбе қалалық перинатальды орталықтың дәрігерлері ерекше құрметпен перзентханадан шығарады. Әрине, жас босанған ананың бұл жаңалығы облыс жұртшылығына тез тарайды. Жергілікті әкімдік тарапынан Сүлейменовтер отбасына лайықты құрмет көрсетіледі.

Қазақ баланы санамайды және санын айтпайды. Аманжол осы ұстанымды қатаң сақтанатын. Ақтөбеге қоныс аударғалы атыраулық құрбыларымен телефон байланысымен хабарласқаны болмаса, жақын араласып жатқаны жоқ. «Атыраудағы құрбыларымыз біздің 5-6 баламыз бар деп есептейтін. Жақында егізіміз дүниеге келгенде, әлеуметтік желіде біз туралы ақпарат кеңінен жарияланды. Осы хабардан кейін олар бізге қоңырау шалып, таңданыс білдіріп жатты. Арасында қалжыңмен қағытып жатқандары да болды. Бұған дейін отағасы сұрағандарға нақты қанша баламыздың бар екенін мүлде айтпайтын», — деп күледі Әсем.

Мәдина — «сыртқы істер министрі»

Қазір бір шаңырақ астында өсіп жатқан әр баланың мінез-құлқы әртүрлі. Ақкөңіл, елгезектермен қатар, арасында қыңыр, қырсықтар да кездеседі. Көршілері 14 жастағы Мәдинаны «сыртқы істер министрі» деп атауының да өзіндік себебі бар. Биыл 10-сыныпқа аяқ басқан оны ауылдың бәрі таниды, көрші-көлеммен жақын араласады. Жақын маңдағы дүкеннен азық-түлік әкелу, коммуналдық төлемдерді төлеу — Мәдинаның міндеті. Мәдина жоғары сыныпқа көшкелі, үйдегі бұл міндеттерді соңынан ерген сіңлісіне үйретіп жүрген көрінеді. Себебі, енді ол ұлттық бірыңғай тестілеу емтиханына дайындыққа кіріспек. Оның үстіне, ата-ана бойжетіп келе жатқан қызының көшеден көп көрінгенін қаламайды.

Сүлейменовтер отбасының тұңғышы Айгерім — үшінші курс студенті. Болашақ ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Екінші қыздары Айдана биыл облыс әкімінің арнайы грантын иеленіп, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетіне қабылданыпты.

Аманжол мен Әсемнің балалары — мектеп мақтаныштары. Сабаққа алғыр балалардың тәртібі де тамаша. Үшінші сыныпта оқитын Айса таэквондодан өнер көрсетіп, қалалық жарыстардан жүлдемен оралып жүр.

Көпбалалы отбасы ретінде әкімдік тарапынан қолдау көрсетіледі. Мектепте де балаларым ыстық тамақпен қамтылып, кітаптармен қамтамасыз етіліп жатыр. Жыл сайын «Мектепке жол» акциясы кезінде  біздің отбасымызға ерекше қолдау көрсетіледі. Сол үшін жергілікті әкімдікке, мектеп ұжымына айтар алғысым шексіз, — деді «Алтын алқа» иегері.

«Тоғыз ұлым — бір төбе, Ертөстігім бір төбе» демекші, Әсем балаларының ішінде  екі жарым жастағы Зейнұрды өзгелерінен ерекше көреді. Марқұм Сафура әже Ақтөбеге келген сайын, осы шаңырақтағы немерелерінің кішісі Әмина мен Зейнұрға деген ықыласы бөлек еді. Бүгінде Әминаның өзі мектеп жанындағы шағын орталыққа барып, білім алып жүр. Ал бұған дейін үйдің кенжесі болып келген Зейнұр әлі де болса бос тұрған бесікті көрсе, жантайып, жата кетуге дайын. «Қазір көпшілік жас ана баланы бесікке салғысы келмейді. Бесікке үйренген баланың ұйқысы тыныш, бойы жылы, тәні таза болады. Өз басым, балаларымды бесіктен ажыратқан емеспін», — деген Әсем егіздерін де қазақтың жөн-жоралғысымен бесікке салыпты. Қазір Сүлейменовтер отбасында екі бесік тербеліп тұр.

Жылыжай ашу жоспарымызда бар…

Хромтау ауданының Бөгетсай ауылында дүниеге келген Әсемнің ата-анасы Тасөткелде тұрады. Нағашы ата-әже де жиендерді сағынып, көруге асық. Есіктен қалжыңы бұрын кіретін нағашылар бұл әулетті қонаққа шақыра қалса: «Егер отбасыларыңмен түгел келетін болсаңдар, сендерге екі табақ етті артық асуымыз керек. Сондықтан алдын ала айтып қойыңдар» дейтіндері де бар арасында.

Сөз арасында Әсемге «балаларды қалаға апарып, жиі қыдыртасың ба» деген сауалымызға:

Бәрін бір мезгілде қалаға апару мүмкін емес. Сондықтан қалаға бөлініп баруымызға тура келеді. Оның үстіне таксиге екі-үш бөлініп отыруымыз керек. Сондықтан бала да, өзіміз де шаршамас үшін, әр барған сайын екі-үшеуін ғана апарып, киіндіріп, қыдыртып қайтамыз. Қаладағы көп көлікті көрген кішкентайларымыз мәз боп келеді, — дейді кейіпкеріміз.

Көпбалалы отбасы — береке-бірліктің үйлескен ордасы. Ал  көп баланың анасы атану — нағыз ерлік. Аманжол мен Әсем балаларының абыройлы азамат пен азаматша болуы жолында аянбай еңбек ететіндерін айтады. Әрине, саналы ұрпақ тәрбиелеуде отбасының алар орны ерекше. Балаларын жастайынан еңбекке баулып өсіруді мақсат ететін ата-ана алдағы уақытта жеке үйлерінің ауласынан шағын жылыжай ашуды жоспарлайды. Ол үшін Әсем арасында уақыт тауып, Ақтөбе ауыл шаруашылығы колледжі базасында көкөніс өсіру, оны күтіп-баптау ісі бойынша арнайы үш айлық курстан өтіп, сертификат та алыпты. Жұмыспен қамту орталығы арқылы біліктілігін арттырған Әсемнің бұл іс оң шешілсе, алдағы уақытта олар балаларына жерді игерудің қыр-сырын меңгертіп, еңбекпен тапқан нанның тәтті боларын ұғындырғысы келеді.

Арайлым НҰРБАЕВА.   

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button