Басты жаңалықтар

Жерді мақсатты әрі тиімді пайдалану керек

Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер иеліктеріндегі жерді тиісті мақсатқа әрі тиімді пайдаланулары керек, олай етпеген жағдайда, заңнама талаптарына сай, жерді пайдалану құқығынан айырылады. Бейсенбі күні Мәртөк және Қарғалы аудандарына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ауыл шаруашылығы құрылымдары басшыларымен кездесу кезінде осыны атап айтты. Облыс басшысы бірнеше шаруашылықтың егіс алқаптарында болып, егін ору науқаны барысымен танысты, астықты төкпей-шашпай, яғни шығынсыз әрі уақтылы жинап алу үшін шаруалардың нендей көмекке мұқтаждығы, жалпы, оларды толғандырып жүрген мәселелер төңірегінде кеңесті.

Суармалы егіс алқаптары ұлғайтылады

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың жұмыс сапары Қарғалы ауданының Желтау ауылдық округі аумағындағы «Әлем+» шаруа қожалығының көкөніс алқабынан басталды. Бұл шаруашылық 2005 жылы құрылған. Астық тұқымдастардан бөлек, бірнеше гектар жерге картоп, басқа да көкөністер егіледі. Биыл мұнда әр гектардан 20-25 тонна картоп жиналған. Бұл көңіл көншітерліктей көрсеткіш емес.

Шаруа қожалығының басшысы Валерий Черненко:

— Өткен жылы біз гектарынан 30 тонна өнім алған едік. Биыл жанар-жағармайға қаржы жетпеуі себепті, бір суаруы кем болды. Ал алдағы уақытта бұдан гөрі молырақ өнім алынады деп үміттенеміз, өйткені мемлекеттің көмегімен бізге электр желісі мен су тартылады, — деді.

Облыс әкімі Қарғалы ауданында ауыл шаруашылығы саласында ірі шаруашылықтардың жоқтығын айтты.

— Қарғалы ауданында, негізінен, ұсақ шаруашылықтар тіркелген. Қаржы тапшылығы себепті, ұсақ шаруашылықтар аз ғана түсімді қанағат тұтады. Сондықтан шаруашылықтарды ірілендіру мәселесін басты назарда ұстау керек, — деп тапсырды ол аудан басшылығына.

Жалпы, ауданда суармалы егіс алқаптарын жылдан-жылға ұлғайту көзделген. Жоспар бойынша 2020 жылы суармалы егіс көлемі 8272 гектарға жеткізілмек.

«Әлем+»-тің көкөніс алқабынан кейін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Beef bons kz» фермерлік қожалығы салып жатқан мал шаруашылығы базасында болды. Бұл жерде болашақта 10 мың мүйізді ірі қара өсіру жоспарланған. Сондай-ақ, мұнда мал сою цехы да болады. Облыс әкімі шаруашылық басшысының бастамасын құптаумен қатар, жұмысқа жергілікті тұрғындарды тарту керектігін айтты.

«АкТеп» ЖШС Қарғалы ауданы аумағында сыйымдылығы 5 мың тонна болатын заманауи көкөніс сақтау қоймасының құрылысын қолға алған еді. Қазір құрылыс жұмыстары аяқталған. Мұнда 22 адам еңбекпен қамтылмақ.

Жаңа көкөніс қоймасын қарап шыққаннан кейін, облыс басшысы осы шаруашылықтың картоп егілген алқаптарына барды. Картоп жинау енді ғана басталыпты. Өнім гектарына 30-35 тоннадан болады деп күтіліп отыр.

Ірі шаруашылықтардың қолы ұзынырақ, мүмкіндіктері жоғары болатыны «АкТептің» картоп алқаптарына бір қарағаннан-ақ сезіледі. Мұнда қолына шелек, қап алып, картоп жинап жүрген адам көрінбейді. Алқаптарда Германия, Ресей және АҚШ-тан сатып алынған комбайндар мен тракторлар жүр. Суару үшін де арнайы жүйе сатып алынған. Айта кетелік, «АкТеп» ЖШС биыл 191,6 га жерге картоп еккен.

Облыс әкімі Қарғалы ауданында «Интер Агро» және «Жосалы Агро» серіктестіктерінің егіс алқаптарында да болды. Биылғы құрғақшылыққа байланысты шаруашылықтар, өткен жылғымен салыстырғанда, едәуір аз өнім алды. Алқаптағы кездесулер кезінде Бердібек Сапарбаев шаруашылық басшыларына өндірісті әртараптандырып, тек егін егумен шектелмей, мал бағуды да қолға алу керектігін айтты.

Жоңышқа мен жүгері —

малға құнарлы азық

Облыс әкімі Мәртөк ауданында алдымен «Родники» ЖШС-ның егіс алқабына барып, астық жинау барысымен танысты. Толысып піскен бидай алқабында қаз-қатар тізілген комбайндар жарысып бара жатқандай әсер қалдырады. Егін ору науқанына барлығы 18 комбайн жұмылдырылған. Шаруашылық арпаны жинап алып, бидай оруға кірісіпті. Мұнда да биыл, былтырғыға қарағанда, түсім аз екен.

Биыл шаруашылық бидайдың «Ақмола», «Саратовская 70» сорттары мен арпаның «Донецкий 8» сортын еккен. Бидайдың түсімі гектарынан — 7,8 центнер, ал пар айдалған алқаптарда 12-14 центнерге дейін жетіп отыр. Пар айдалған алқаптың жалпы көлемі — 240 гектар.

«Әлішер және К» шаруа қожалығы биыл Мәртөк ауданы орталығы маңында 20 гектар жерге бақша салыпты. Бұған дейін мал шаруашылығымен айналысқан қожалықтың басшылары биыл бақша салуды да қолға алып, 8 түрлі көкөніс, оған қоса, мал азығындық асқабақ түрлерін өсіріпті. Көкөніс алқабы жаз бойы тамшылатып суару әдісімен суарылған. Бұл жақсы нәтиже беріп, қарбыз-қауын, қап-қап сәбіз, баялды, тәтті бұрыш, қызанақ пен қияр облыс орталығына қарай жөнелтіліп жатыр екен. Мысалы, қауынның гектарынан 65 тонна өнім алынған. Шаруа қожалығының басшысы Нұртай Ноғаев өздері өсірген көкөністің Ақтөбедегі  41-разъезде орналасқан көтерме базарға жіберілетінін айтты.

Нұртай Ноғаев бұл істі әлі де кеңейткісі келетінін жеткізді.

— Өкінішке қарай, Електің суы таза емес. Біз оны тазалайтын қондырғыны пайдаланамыз. Жақын жылдары көкөніс алқабын ұлғайта түсу үшін электр желісі қажет, — деді.

Облыс әкімі аудан басшылығына көкөніс өсірушілерге, соның ішінде аталмыш шаруа қожалығына да қолдау көрсетуді тапсырды.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Рад-Агро» және «Айс» серіктестіктерінің жүгері алқаптарында да болды. «Рад-Агро» болашақта жүгері егілетін суармалы алқап көлемін 800 гектарға дейін ұлғайтпақ. Ал «Айс» ЖШС-ында жүгері алқабынан гектарынан 42-45 тонна, тәжірибелік алқаптардан 56-58 тонна өнім алынып отыр. «Айста» мал азығы үшін 4 мың тонна сүрлемдік жүгері мен 1 мың тонна жоңышқа әзірленген. Қысқа мал азығын әзірлеу жұмыстары мұнда әлі де қызу жүріп жатыр.

Жалпы, ауданда мал шаруашылығы жақсы дамыған. Соған орай, мал азығындық дақылдар егілетін алқаптар көлемі жылдан-жылға ұлғайып келеді. «Милкер» ЖШС малға құнарлы азық болып есептелетін жоңышқаны шетелдерге экспорттауды да жоспарлап отыр. Жоңышқа Иран, Қытай және Еуропа елдеріне экспортталады.

Бүгінгі күні Германиядан жоңышқаны түйіршіктеп және текшелеп шығаруға қажетті қондырғылар сатып алынған. Арнайы зауыт салынып, бұл қондырғылар іске қосылған кезде, сатып алушыларға жоңышқа тең-теңдеп қана емес, түйіршіктелген және текшеленген түрде де ұсынылмақ.

Әзірге алқаптарда жоңышқаны орып алып, бірден теңдейтін техникалар жұмыс істеп жүр. Әр теңнің салмағы — 750 кг.

Облыс әкімі «Милкер» ЖШС-ның бастамасын құптап:

—  Осы жұмыстарды соңына дейін жеткізу, алда да кеңейте түсу керек, бұл басқа шаруашылықтарға үлгі болады, — деді.

Жаңа мектеп ашылды

Осы күні Мәртөк ауданының орталығында №4 орта мектептің жаңа ғимаратының ашылу салтанаты өтті.

Облыс әкімі салтанатты жиынға арнайы қатысып, мектеп ұжымын, оқушылар мен ата-аналарды құттықтап, игі тілектерін жеткізді.

Жаңа мектеп ғимараты 320 орындық, сондай-ақ қасында 60 балаға арналған интернаты бар. Мектеп ауласында стадион, ойын алаңдары, жүгіруге арналған жол мен демалыс орны бар. Үш қатарлы ғимаратты салу үшін республикалық және облыстық бюджеттерден 989 миллион теңге қаржы бөлінген.

Мектептегі физика, химия, информатика және биология кабинеттері заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған.

— Мектеп жанындағы интернат дарынды балаларға арнап ашылған. Біз лайықты оқушыларды ауданның түкпір-түкпірінен жинадық, — дейді мектеп директоры Мұрат Айназаров.

Қазір интернатта 55 бала бар. Ал мектепте 487 оқушы оқып жатыр. Олардың 32-сі — мектеп табалдырығын биыл аттаған бүлдіршіндер.

Осы ғимараттың іске қосылуымен Мәртөк ауданында апатты және үш ауысымды мектептер проблемасы шешіліп отыр.

Жаңа технологиялар —

мол өнім кепілі

Облыс әкімі Мәртөк ауданындағы «Айс» ЖШС-ның алқабында екі ауданның ауыл шаруашылығы құрылымдары басшыларымен кездесті.

Шаруашылық басшылары биылғы құрғақшылыққа байланысты өнімнің, былтырғымен салыстырғанда, аз алынғанын, кейбір алқаптарға жаз бойы жаңбыр тамбағанын айтты. Өткен жылы гектарынан 16-16,5 центнер бидай алған шаруашылықтар биыл сол алқаптардан 7,5-8 центнерден ғана өнім жинаған. Дегенмен, жекелеген шаруашылықтарда түсім бұл көрсеткіштен жақсырақ, мысалы, Владимир Проскурин басқаратын «Коквест» ЖШС бүгінде егін жинауды аяқтап, орташа есеппен, гектарынан 12,8 центнер өнім алып отыр.

Облыс әкімі өз сөзінде Қарғалы ауданында көптеген шаруашылықтар, мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауға қарамастан, мол өнім алу ісін жолға қоя алмай отырғанын атап өтті.

—  «Рад-Агро», «Айс», «Милкер» шаруашылықтарында жасалып жатқан істер баршаңызға үлгі болуы тиіс. Жаңа технологиялар, жаңа ізденістер ғана мол өнімге қол жеткізуге жол ашады. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, егін егумен қатар, мал өсірумен де айналысу керек, — деді Бердібек Сапарбаев.

Мал азығын құнарлы ету жолдарын іздестіріп, жем-шөп қорын соған үйлестіре әзірлейтін «Айс» ЖШС-ның фермаларында әр сиырдан 27,7 литр сүт алынады. Облыс әкімі, міне, осындай мысалдарды алға тартты.

— Құрғақшылық барлық жерде бірдей болғанымен, кейбір шаруашылықтар басқалардан гөрі мол өнім алды. Бұл — ізденістің, жерге деген ерекше көзқарастың, оның құнарлылығын арттыру мақсатындағы шаралардың уақтылы жасалғандығының арқасы. Жерді бос қалдырмау, сондай-ақ тиісті мақсатқа және тиімді пайдаланып, оның құнарлылығын сақтау шараларына көңіл бөлу керек. Бұл талаптарды орындамағандар жерді пайдалану құқығынан айырылады, — деді ол.

Сөзінің соңында облыс әкімі шаруашылық басшыларын жиналған астықты өткізуге асықпауға шақырды.

Индира ӨТЕМІС.

Ақтөбе-Қарғалы-Мәртөк-Ақтөбе.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button