Спорт

Ақтөбеде кәсіпқой бокс кеші өтеді

Брифинг

Бокс жанкүйерлері асыға күтіп жүрген Головкин-Альварес жекпе-жегімен тұспа-тұс Ақтөбеде үлкен бокс кеші өткелі отыр.

Бұл жөніндеөңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов пен «TUKESHOV BOXING PROMOTIONS»компаниясының жетекшісі Жалғас Төкешовтің қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында айтылды.

15 қыркүйекте Ақтөбедегі «Қоныс» спорт сарайында құрлықтық деңгейдегі үш белдік сарапқа салынбақ. Кештің басты жекпе-жегі 66,7 кг салмақ дәрежесінде қазақстандық Бобыржан Момынов пен филиппиндік Ибгос Жанжесси Джуниор арасында өтеді. Бұл жекпе-жекте боксшылар WBC нұсқасы бойынша Азия чемпионы және NBA нұсқасы бойынша Inter-Continental чемпионы атақтарына таласады. Сондай-ақ 76,2 кг салмақ дәрежесінде отандасымыз Айдос Ербосынұлы да WBC нұсқасы бойынша Азия чемпионы атағы үшін болатын жекпе-жекке шығады. Оның қарсыласы — Белоруссия боксшысы Александр Сущиц.

Кеште бұл 2 жекпе-жектен бөлек, тағы да 9 жекпе-жек өткізу жоспарланған. Жекпе-жектердің бәрі де қазақстандық боксшылардың қатысуымен өтеді. Олардың арасында екі ақтөбелік боксшы бар: Дастан Сәдуұлы мен Айдос Медет.

Дастанның жасы небәрі 16-да. Соған қарамастан, кәсіпқой бокстағы алғашқы қадамын жасамақ. Ұйымдастырушылар тарапы бұған байланысты:

— Кәсіпқой бокста бұған рұқсат бар. Мысалы, Головкинмен екінші рет жұдырық түйістіргелі отырған Сауль Альварес өзінің кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегін 15 жасында өткізген, — деп түсініктеме берді.

«Қоныста» өтетін бокс кешінде Айдос та, Дастан да тәжікстандық боксшылармен кездеседі.

Сондай-ақ, кездесу өткізетін боксшылар арасында әуесқой бокста Қазақстан чемпионы атанған Арман Рысбек, Руслан Мырсатаевтар, халыққа «Көк тудың желбірегені» әнімен танылып, былтырдан бері кәсіпқой рингте бақ сынап жүрген Ибрагим Ескендір бар.

Кештің басты жекпе-жегіне оралсақ, Бобыржан Моминов (8-0-0, 7 КО) Сауль Альварестің Головкинмен бірінші кездесуі алдында, оған спарринг-әріптес ретінде шақырылғаны белгілі. Ол Альвареспен 120 раунд жаттыққан. Ал оның қарсыласы Филиппинде атақты Мэнни Пакьяо ашқан бокс залында жаттығыпты, кәсіпқой бокста 13 кездесу өткізіп, 11-ін нокаутпен аяқтаған. Яғни екеуі — бір-біріне теңдес спортшылар.

— Егер Бобыржан осы кездесуді жеңіспен аяқтаса, WBC рейтингінде 100 саты жоғарылайды, — деді Жалғас Төкешов.

Кеш қонағы ретінде Ақтөбеге Қанат Ислам, Бақтияр Артаев, Жанат Жақиянов, Әділбек Ниязымбетов секілді белгілі қазақ боксшылары шақырылған.

Бокс кеші сағат 17.00-де басталады. Билеттердің 90 пайызы 2 мың теңгеге сатылмақ. Ал алдыңғы орындардың бағасы әлдеқайда қымбатырақ болады.

Бокс кешін, жоғарыда айтқанымыздай, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен, «TUKESHOV BOXING PROMOTIONS» компаниясы ұйымдастырып отыр.

А.САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button