Басты жаңалықтарРухани жаңғыру

Он баланың анасы

«Ананың сұлулығы жүзіндегі мейірімінен көрінеді», — деп қазақтың классик  жазушысы Ғабит Мүсірепов айтқандай, бұл өмірде жұдырықтай жүрегіне жылылық пен ұлылық ұялатқан аналар — өмірдің мәні, тіршіліктің сәні. Ал көп құрсақ көтеріп, оларды тәрбиелеп, өсіріп отырған аналардың орны, тіпті, ерекше. Сондай батыр аналардың бірі — ақтөбелік Айсәуле Сатыбалдиева.

Айсәуле Сатыбалдиева — Қызылорда облысы, Арал ауданының перзенті. Ол — отбасында жеті баланың кенжесі. Анасынан бір жасында жетім қалған ол әкесі Оңталаптың, кейін өзінен үлкен аға-апаларының қамқорлығында болып, бой жетеді. Орта мектепті бітірген соң, ұстаз болуды армандап, Ақтөбеге оқуға түсуге келеді. Алайда ойға алған мақсаты орындалмай, қалада «екі қолға бір күрек табылар» деп жүргенде, сол кездегі әскерден келген жас жігіт Серікпен танысады. Көп ұзамай 17 жастағы Айсәуле Қандыағаш қаласында тұратын Байдешевтердің әулетіне келін болып түседі.

  • Мен де, жолдасым Серік те көпбалалы отбасынан шыққанбыз. Өзім отбасында жеті баланың кенжесімін. Анам бір жасымда ауырып көз жұмса, әкем 7-сынып оқып жүргенімде қайтыс болды. Мені өзімнен үлкен аға-әпкелерім өсіріп, тәрбиеледі. Жастайымыздан жоқшылық пен жетімдік көріп өстік. Бір-бірімізді сүйеп, адам болдық. Мектепті бітірген соң ұстаздық мамандығын таңдап, оқуға түсу үшін осы Ақтөбеге келдім. Алайда қолдың қысқалығынан біраз қиындық көрдім. Оқуға түсе алмай, ауылға кетсем бе деп жүргенімде Серікпен таныстым. Тағдырдың жазуы болар, екеуміз бір-бірімізді ұнатып, көп ұзамай үлкендердің батасын алып, кішігірім той жасадық. Серіктің ата-анасы — өте қарапайым, қайырымды, мейірімді адамдар. Мені өз балаларындай қабылдап, бір отбасында бірге тұрдық. Бір жылдан кейін тұңғышымыз Әліби дүниеге келді. Үлкен баламыздың есімін марқұм енем қойды. Ол кісі осыдан он жыл бұрын о дүниеге аттанды. Алғашқы келін болып түскен жылдары мен тамақ пісіруді, нан ашытып, жабуды білмейтінмін. Анамнан кішкентайымнан жетім қалған соң әпкелерім мені көп жұмсаған жоқ. Содан үйдің барлық тірлігін енемнен үйрендім. Ол кісі мінезі жайлы, қарапайым, түсінігі мол жан еді. Серік үйдің кенжесі болған соң, ата-енеммен біраз жыл бірге тұрдық. Ол кезде халықтың жағдайы қиын болатын. Бір үйде бес адам тұрдық. Атам да, жолдасым да жұмыс жасаған жоқ. Біз енемнің үш мың теңге зейнетақысына өмір сүрдік. Сөйтіп жүргенде күнкөріс қамымен Қызылордаға қоныс аудардық. Ол жақта он шақты жыл тұрып, одан кейін Алматыға көштік. Ол жерде де үш-ақ жыл тұрдық. Осылайша сегіз балалы болған соң, 2014 жылы елге оралдық, — дейді Айсәуле.

Байдешевтер отбасы Ақтөбеге келген соң облыс орталығынан отыз шақырымда орналасқан Алға ауданының Қайыңдысай ауылында аядай бөлмеде тұрып, бір шаруаның малын бағады. Көпбалалы отбасының қиын жағдайын көріп-білген бұқаралық ақпарат құралдары Байдешевтер отбасын теледидардан көрсетеді. Аталған сюжетті көрген жергілікті кәсіпкер көпбалалы отбасыға көмек қолын созып, Ақтөбе қаласының іргесіндегі Жаңақоныс ауылынан екі бөлмелі пәтер сыйлайды. Бүгінгі күні Бәйдешевтер отбасы осы пәтерде тұрып жатыр.

Ол кездегі қуанышымызды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Қаншама жыл әр жерде пәтер жалдап жүргенімізде бізге ешкім қолдау көрсеткен жоқ. Баспаналы болып, қоныстойын тойлағанда, бөркімізді аспанға лақтырдық. Тіпті, Серік екеуміз қуаныштан жылап та алдық. Бізге жасаған қамқорлығы, жомарттығы үшін Мейіржан Сағидоллаұлына айтар алғысымыз шексіз. Қазір қиындықтардың бәрі артта қалды. Бүгінде он баланы өсіріп, тәрбиелеп отырмыз. Аллаға шүкір, жұртпен қатар өмір сүріп жатырмыз. Ата-ана үшін әр баланың орны бөлек қой. Осы отырғанда, әрқайсысы бір жалғыз. Бәрінің айтқанын жасап, еркелетіп, қатарынан қалдырмауға тырысамыз, — дейді Айсәуле Сатыбалдиева.

Бүгінде Байдешевтер отбасында он бала бірін-бірі өкшелеп өсіп келеді. Отбасының үлкені Әліби биыл мектеп бітірсе, Махаббат 11-сыныпта оқиды. Одан кейін Салтанат — 8-сыныпта, Гүлжанат — 6-сыныпта, Азамат — 5-сыныпта, Саят — 3-сыныпта, Әділет — 1-сыныпта оқып жатыр. Үйдің еркесі — Ердәулет биыл балабақшаға барса, Әйгерім үш жасқа толды. Ал үйдің кенжесі Сәулет — 1 жас 7 айда. Отағасы Серік бүгінде жолаушылар тасымалдау компаниясында слесарь болып жұмыс жасайды.

  • Балалардың барлығы осы ауылдағы Новый орта мектебінде оқиды. Үлкен ұлымыз Әліби биыл жоғары оқу орнына құжат тапсырып еді, өкінішке қарай, грантқа түсе алмады. Ал ақылы түрде оқытуға жағдайымыз келмейді. Биыл жаңа оқу жылы қарсаңында жеке кәсіпкер әйелдер «Мектепке жол» акциясы аясында қолдау көрсетіп, үш баламызға оқу құралдарын, мектеп формаларын алып берді. Қалғандарын өзіміз тірнектеп жүріп, киіндірдік. Қолымыздан келгенше балалардың барлығын жұрттан қалдырмай киіндіріп, қажеттіліктерін алып бергіміз келеді. Алайда көп жағдайда қолдың қысқалығы кедергі болып жатады. Бірақ біз көпбалалы отбасы болғанымызбен ешкімнен ештеңе сұрап көрген емеспіз. Әр баланың өз несібесі болады, сондықтан Алланың бергеніне шүкіршілік етеміз, — дейді көпбалалы ана.

Бүгінде Байдешевтер отбасы он балаға мемлекеттен ай сайын 43 865 теңге жәрдемақы алса, Айсәуле «Алтын алқасы» үшін 15 000 теңге алады. Алайда бұл қаржы он баланың тамағына, киіміне, қажеттіліктеріне жете бермейді.

Айсәуле көп жағдайда отбасына келген табысты үнемдеп жұмсауға, жоқты бар етіп, барды көп етуге тырысатынын айтады. Ол үшін балаларының амандығы, саулығы — ең бірінші байлық. Қазір балалардың үлкендері анасына үй шаруасына, тамақ әзірлеуге көмектеседі, ал кішкентайлар тәтті қылықтарымен қуантады. «Балалы үй — базар» демекші, бұл үй қашан да береке мен қуанышқа, сәбилердің шат күлкісіне толы.

— Қазақта «Ана бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген даналық сөз бар. Сондықтан қазақ халқы үшін ананың орны бөлек. Мен көпбалалы ана ретінде облыс орталығында аналарды сыйлап-құрметтеудің тамаша дәстүрін дәріптейтін, өскелең ұрпаққа рухани тәрбие беруде үлкен рөл атқаратын «Анаға тағзым» орталығының ашылатынына өте қуаныштымын. Мен бұған дейін аталған ғимарат туралы естіп-біліп, аналарға арналған бірқатар іс-шараларға қатыстым. Алдағы уақытта облыс орталығында осындай зәулім, ерекше ғимараттар салынса деймін. Бұл — біздің балаларымыз үшін, болашақ ұрпақ үшін жасалып жатқан игі жоба. Бұл орталықтың облыстағы аналар, әйелдер үшін маңызы зор. Жалпы соңғы жылдары облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен облыста бірқатар игілікті істер, жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл бізді қуантады, — дейді Айсәуле.

Бүгінде он баланың анасы, бір отбасының ұйытқысы болып отырған ол балаларын жақсы әдеттерге баулып, үй шаруасына араластырып, өнегелі тәрбие беруге тырысып жүр. Балаларының тәтті қылықтарын қызықтап, жақсылықтарына қуанып отыратын Айсәуле олардың тәрбиелі, иманды, білімді болып өсуін тілейді. Алдағы уақытта арнайы курстардан өтіп, жұмыс жасағысы келеді.

Айта кету керек, өткен жылы көпбалалы отбасына Ақтөбе қаласының әкімдігі қала аумағынан тұрғын үй салуға 25 сотық жер беріпті. Келер жылы отағасы Серік сол жерден үлкен үй салмақшы.

Р.S. Бүгінгі күні облыста Айсәуле сияқты батыр аналар аз емес. Олардың өмірі, қоғамдағы орны, елдің демографиясын көтерудегі рөлі зор. Сондықтан олар туралы қанша жазсақ та, жырласақ та көптік етпейді. Осындай аналар көп болсын!

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button