Жаңалықтар

Шығармашылық академиясында 66 үйірме бар!

Ақтөбеде былтыр ашылған дарынды жастардың ордасы — Шығармашылық академиясы жаңа оқу жылын жаңа бағдарламамен ашты. Академия директоры Шәмшат Жұбайдың айтуынша, биыл балалар өздері таңдаған 66 үйірме бойынша оқуға келе алады.

— Өткен жылы отыздан астам үйірме ғана болатын. Биыл оның саны 66-ға жетті. Қазір оқу жылы жаңадан басталып жатқандықтан, мұнда келетін балалар саны әзірге 2 мыңнан асады. Келушілер санын алдағы уақытта кемінде сегіз мыңға жеткізуді жоспарлап отырмыз, — дейді Ш.Жұбай.

Балалар мұнда жеті бағыт бойынша жүргізілетін үйірмелерге келе алады. Олардың ішінде  IT-технология, өнер, қолөнер, спорт, білімді тереңдету, бизнестің қыр-сырын үйрену, журналистика, мектеп алды даярлау сынды бірнеше бағыттар бар.

— Мәселен, балалардың бір тобы робототехника, әуе, ракета және кеме үлгілеу, авто үлгілеу үйірмелеріне, енді бірі сәулет және дизайн студиясы, қыш шеберханасы, балет, би, бейнелеу өнері, сәндік-қолданбалы өнер, киім үлгісі, киіз басу және кілем тоқу, академиялық театр, шешендік өнер, журналистика студияларына келсе, тағы бірі вокал, домбыра, сольфеджио, флейта кластарына, қазақ күресі, таэквондо, дзюдо, үстел теннисі спорт түрлеріне қабілеттерін арттыра алады. Биыл «Бизнес мектебі» үйірмесі ашылды. Мұнда балалар кәсіпкерліктің қыр-сырын үйренеді. Сондай-ақ ата-аналар мен сәбилер хореографиясы, фитнес, шейпинг, йога сынды бөлімдер де бар. Үйірмелердің дені тегін. Кейбір үйірмелер айына бар болғаны 4 мың теңге тұрады. Ата-аналар да айына осындай қаржы төлеп, балаларымен бірге келуіне болады, — дейді Ш.Жұбай.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button