Жаңалықтар

Жұмыстар сараланып, міндеттер жүктелді

Кеше облыс әкімдігінің ғимаратында облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиевтің төрағалығымен «Жасыл ел» жасақтары және еріктілер мәселері бойынша селекторлық жиын өтті.

Оған облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы Нұрлан Күнтуов,  облыстық «Атамекен» студенттік құрылыс және «Жасыл ел» еңбек жасағының төрағасы Нұрлыбек Мусин, сондай-ақ өзге де жауапты мекеме өкілдері мен еріктілер тобының жетекшілері және аудан әкімдерінің орынбасарлары онлайн режимде қатысты.

Жиын барысында алдымен сөз алған облыстық «Атамекен» студенттік құрылыс және «Жасыл ел» еңбек жасағының төрағасы Нұрлыбек Мусин биылғы еңбек маусымында атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасады.

Биыл Ақтөбеде «Жасыл ел» жасағы мен студенттік құрылыс отрядтарына 5500 жасты тарту жоспарланған. Оның 1669-ы Ақтөбе қаласы бойынша болса, 3831 адам облыстың 12 ауданында еңбек етеді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 126 адамға артық.

Биыл жастардың жұмысы 3 басқарманың: облыстық ішкі саясат,  табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы және жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бірігуімен ұйымдастырылуда.

Бүгінгі таңда облыс бойынша барлығы 5636 адам, оның ішінде 2064 адам қала бойынша, ал 3572 адам аудандар бойынша жұмыспен қамтылды. Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы арқылы 6 аудан бойынша мамыр-тамыз айларында 475 адам жұмысқа орналастырылса, «Ақтөбе орман шаруашылығы» мекемесінде 235 жауынгер жұмыс атқарды. Ал облыстық жұмыспен қамту басқармасы арқылы 4076 адам, оның ішінде қалалық жұмыспен қамту орталығы арқылы — 756 адам, аудандар бойынша — 3320 адам жұмысқа орналастырылды. Сондай-ақ құрылыс жасақтары бойынша жалпы 494 адам жұмыспен қамтылып, тамыз айында Алға және Қарғалы аудандарында 12 жас құрылыс жасақтарына еңбекке тартылды, — деді Нұрлыбек Мусин.

Оның айтуынша, қыркүйек-қазан айларында қала бойынша 100 адамды жұмысқа тарту жоспарланған. Сондай-ақ ол жасақ жауынгерлері қаламызды көркейту және қоршаған ортаның экологиялық жағдайына көңілін аудару мақсатында «Таза қала — таза жағалау», «Менің атаулы ағашым», «Экология — жастар көзімен» тәрізді акциялар ұйымдастырып тұратындығын айтты.

Айта кетейік, биыл студенттік құрылыс және «Жасыл ел» жасақтарының жұмысына жаңашылдықтар енгізілген болатын.  Мәселен, өткен жылдары жасақтар тек жазғы мезгілде жұмыс жасаса, енді биылдан  бастап  жыл бойы еңбек етуі жоспарланған еді. Алайда көптеген аудандарда жұмыс күші тек тамыз айымен ғана шектелген. Осы ретте облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев жыл бойына жоспарланған жасақ жұмыстарының неге мерзімінен бұрын ерте аяқталғанын сұрады.

— Биылғы жылы жұмыс күшіне тартылған жастардың дені мектеп оқушылары мен студенттер болды. Қыркүйек айынан бастап олардың барлығында сабақ басталды, — деп жауап берген Нұрлыбек Мусинге Ербол Нұрғалиев жасақ құрамына жұмыссыз жүрген жастарды тартып, жыл бойы жұмыспен қамтуды тапсырды. Сондай-ақ, қаражаттарын мерзімінен бұрын тауысып, жұмысты ерте бітіріп тастаған бірқатар аудандарды да сынға алды.

— Қаншама жұмыссыз жүрген жастар бар. Соларды осы жұмысқа неге тартпасқа? Біз жыл басында бұл жұмысты 12 айға жоспарлаған болатынбыз. Облыс басшының да тапсырмасы осы! Неге ол орындалмайды? Мәселен дәл қазіргі уақытта қыркүйек-қазан айларында кей аудандарда мүлдем жұмыс жоқ. Осы мәселені реттеу керек, — деп тапсырды Е.Нұрғалиев.

Биылғы «Жасыл ел» республикалық жасағының жұмыс қорытындысы  қазан айында Ақтөбеде өтеді деп жоспарланып отыр.

АҚТӨБЕДЕ ЕРІКТІЛЕР ФОРУМЫ ӨТЕДІ

Облыс әкімі орынбасарының төрағалығымен өткен жиында өңірдегі еріктілер қозғалысы жөнінде де әңгіме қозғалды.

Жиын барысында  облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы Нұрлан Күнтуов мәлім еткендей, қазіргі таңда облыстың жоғары оқу орындары мен кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарының білім алушыларынан және жұмысшы жастардан құралған құрамында 1000-нан астам 20 еріктілер тобы қызмет етеді. Олардың 8-і облыс орталығында болса, 12-і аудандарда шоғырланған.

Өңірдегі еріктілер қызметін дамыту мақсатында облыстық жастар саясат мәселері басқармасының мемлекеттік-әлеуметтік тапсырысы бойынша 2018 жылдың қыркүйек айынан бастап, «Жастар бастамасын қолдауға бағытталған іс-шараларды өткізу» жобасы жүзеге асырылады. Жоба барысында, өңірдегі еріктілер қызметін дамытуға бағытталған іс-шаралар кешені ұйымдастырылмақ.

Облыстағы белсенді еріктілер тобының ұйымдастыруымен түрлі акциялар ұйымдастырылып, қайырымдылық көмек түрлері көрсетіліп тұратындығын айтқан басқарма басшысы 5 желтоқсан — Халықаралық еріктілер күніне орай Ақтөбеде облыстық еріктілер форумын өткізуді жоспарлап отырғандығын айтты.

Бұдан өзге жиын барысында облыстағы белсенді  «Жүректен жүрекке» еріктілер тобының  жетекшісі Әлішер Садық атқарып жатқан жұмыстары мен еріктілер жұмысында кездесетін кедергілері жөнінде сөз қозғады.

Соңғы кезде өңірдегі волонтерлық топтарға көрсетілетін қолдау азайып, олардың атқарып жатқан жұмыстары бұқаралық ақпарат құралдарында көрінбей кетті. Осыған байланысты тиісті жұмыстар жүргізуді тапсырамын. Біздің қоғамға еріктілер өте қажет. Олардың әр бағыт бойынша атқаратын жұмыстарының қоғам үшін маңызы зор. Сондықтан волонтерлық потенциалымызды, жастардың потенциалын тиімді пайдалану керек деген облыс әкімінің тапсырмасын тиімді орындауымыз қажет, — деді Е.Нұрғалиев.

Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев бірқатар тапсырмалар беріп, алда атқарылатын жұмыстарды пысықтады.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button