Жаңалықтар

«Маңғыстау маржандары» озды

Байқау

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы Ақтөбе облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен Қазақстан халқы тілдері күніне арналған «Ұлттық код, ұлттық сана, ұлттық бірегейлікті сақтау» атты байқау өткізілді. Шығармашылық академиясында өткізілген аймақтық байқауға ұлттық бюроның Ақтөбе, Маңғыстау, Атырау және Батыс Қазақстан облыстық департаменттері командалары қатысты.

Еліміздің батыс өңірлерінен келген командалар мүшелерін аталған ұлттық бюроның Ақтөбе облыстық департаментінің басшысы Мирлан Мұхамбетов құттықтады.

— Елбасының «Рухани жаңғыру» ұлттық бағдарламасында ұлттық сананың кемелденуі, ұлттық код, ұлттық мәдениеттің сақталуына мән берілді. Ұлттық кодтің бір кілті — ұлттың тілінде екені айқын. Осы бағытта мемлекеттік тілдің пайдалану аясын кеңейту, соның ішінде мемлекеттік органдарда іс-қағаздарында, жұмыс барысында тереңірек қолдану, бір сөзбен айтқанда, мемлекеттік қызметті қазақ тілінде жүргізу мәселесі де өзекті болып отыр. Сондықтан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы осындай байқау ұйымдастыруды қолға алды. Аймақтық іріктеу байқауында жеңіске жеткен топ республикалық жарысқа қатысады, — деді департамент басшысы Мирлан Мұхамбетов.

Ақтөбенің «Руханият», Атыраудың «Жайықтың жауһарлары», Ақтаудан келген «Маңғыстау маржандары» мен батысқазақстандық «Ақ Жайық» командалары алдымен өздерін таныстырып, байқау тақырыбына байланысты сахналық көрініс көрсетті. Одан соң ақын-жыраулардың, термешілердің мақамына сала отырып жыр айту сайысында бағын сынады.

Байқау соңында шығармашылық академиясының директоры Шамшат Жұбай байқауға қатысушыларды құттықтап, шығармашылық академия жұмысы жөнінде қысқаша мағлұмат берді. Бұдан соң аталған өнер ордасының кішкентай келушілері өнерлерін көрсетті.

Бұл байқауда Маңғыстау облысынан келген «Маңғыстау маржандары» бірінші орынға ие болды. Атыраудың «Жайықтың жауһарлары» екінші орын алса, Ақтөбе мен Батыс Қазақстан облысының командалары үшінші орынды бөлісті. «Маңғыстау маржандарына» 14 қыркүйекте Астана қаласында өтетін республикалық байқауға жолдама берілді.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button