Басты жаңалықтар

Бердібек САПАРБАЕВ: Астықты төкпей-шашпай жинап алу — басты міндет

 

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың  бейсенбі күнгі Әйтеке би, Хромтау аудандарына жұмыс сапары негізінен қазіргі шақтағы маңызды науқан — егін орағымен байланысты болды. Тура егінжай басында шаруалармен кездесіп, жұмыстың барысымен танысты, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен бірге агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың өзекті мәселелерін талқылады.  

Облыс орталығынан көлікпен шыққан облыс басшысы ертеңгілік Әйтеке би ауданының «Еңбек-агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бидай алқабына бас тіреді. Бұл кезде серіктестіктің он комбайны сап түзеп астық орып келе жатты. Ал шаруашылықтың басшысы Валерий Степочкин әкімге биылғы егіннің шығымын, орақ жұмысының қазіргі аяқ алысын баяндады.

— Өткен жылы әр гектардан 10 центнерден артық өнім алған едік. Биыл одан сәл төмен болатын түрі бар. Себебі ауа райы қолайсыз болды. Дегенмен биылғы астықтың сапасы әлдеқайда жоғары, — деп бір түп бидайды тамырымен жұлып алып, облыс әкіміне көрсетіп, бұлай тамырланып шыққан бидайдың сапасының аса жоғары болатынына нақты деректер келтіріп айта бастады. Әсіресе, бидайдың клейковинасы мен протеині жоғары десті. Ал мұндай бидай астық нарығында жоғары бағаланатыны белгілі.

Биылғы жылы 9200 гектар алқапқа бидай еккен серіктестік бүгінгі күні 4 мың гектарға жуық алқаптың астығын жинап алған. Әзірге орташа түсім 6-7 центнердің шамасында. Әлі де көтерілетін түрі бар. Себебі өнім бидай алқаптарында әртүрлі екен. Соның бір мысалын шаруашылық басшысы облыс әкіміне айтып:

— Бердібек Машбекұлы, Сіздің қолыңыз жеңіл екен. Ана жолғы өзіңіз келіп көрген егіс алқабынан 9 центнерден өнім жинадық, — деп еді, бұл хабарды облыс басшысы күлімсіреп қарсы алып:

— Бірақ содан кейін жалғаспаған ғой, — деп әзілдей жауап беріп, қалған егіс алқаптарың да солай болар ма еді, қайтер еді егер ауданның басшылары егіс басына жиі келіп бақылағанда дегенді меңзеді. Әрине, мұның кімнің атына айтылғанын сол жерде тыңдап тұрған аудан әкімі Мәлімбет Ибрашев та, өзге де облыстық, аудандық ауылшаруашылық басшылары да түсінді.

Осы жерден қозғалған облыс басшысының көлігі терістік батысқа қарай, егістіктің шаң бораған жолымен жүріп отырып, Ресейдің жерімен шекараласатын «Комсомол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің астықты алқабына барып тоқтады. Алдыңғы шаруашылықтың егініне қарағанда, бұл жердегі  бидай алқаптары ажарлы көрінді. Бойлап биік өскен, дәні де толық, таза. Сонымен бірге бидай алқабының кешеңдеу піскені жай көзге-ақ аңғарылып тұр. Кей тұстары әлі де көк.

Бұған, сірә, ала жаздай сараңдық танытқан жауын-шашынның күз басталмай жатып нөсерлеткені де өз әсерін тигізген сияқты. Жауынның басылғанына арада біршама уақыт өтсе де, егін құрғамай, бұл маңда бүгін ғана орақ жұмысы қайта жанданған.

«Комсомол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Виталий Волынец биік өскен бидай алқабын көрсетіп тұрып:

— Биыл егіске тыңайтқышты жақсы пайдаландық, агротехникалық шараларды да өзімізше тиімді жүргіздік, — деді.

Облыс әкімі серіктестіктің биыл қанша тыңайтқыш, астық шығымдылығын арттыратын қанша агротехникалық бұйымдар алғанын нақтылай түскенде, олардың әлі де жеткіліксіз екені белгілі болды. Егін шығымдылығын арттыруда, жердің құнарлылығын сақтауда жаңа технологияларды аянбай пайдаланудың қажеттілігін айтып, облыс басшысы кеңес берді.

Осы әңгіме егіс қосы басында жиналған шаруа қожалықтары басшылары және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен облыс басшысының кездесуі кезінде де жалғасты.

— Шаруа қожалықтары жермен жұмыс істеу керек. Оны аялап баптап, сақтай білу керек. Егер жер талапқа сай пайдаланылмаса, онда ол кері қайтарылады. Шаруа басшылары осыны естен шығармағандары жөн, — деп облыс әкімі өзінің орынбасары Мавр Абдуллин, облыстық ауылшаруашылық басқармасының басшысы Құсайын Сәрсенбай, облыстық жер инспекциясы жетекшісімен бірге, осы бағыттағы кейінгі жылдардағы облыс көлемінде қолға алынған жұмыстарды мәлімдеді.

Жердің, оның ішінде егістік алқаптардың тиімді пайдаланылмай отырғанына Әйтеке би ауданының шаруашылықтарынан нақты  мысалдар келтірді.

— Бірдей жағдайда отырған шаруа қожалықтарының көрсеткіштері неге екі түрлі? Мысалы, қатар егіс салған бір шаруа қожалығында астықтың шығымдылығы тәуір, екіншісінде — нашар. Олардың жерінің құнарлылығы да бірдей, жауын-шашын ала түсті деуге де болмайды. Сонда не себеп? Еңбек жоқ, агротехникалық талаптар сақталмайды. Осы мәселеге көңіл бөлу керек. Тағы бір ескеретін мәселе — шаруа қожалықтары егіншілік пен мал шаруашылығын қатар дамытуға күш салу керек. Сонда егіншілік үшін қолайсыз болған жылдары шаруа қожалықтары қапы қалмайды, — деді облыс басшысы.

Облыс бойынша орылатын астықтың көп бөлігі осы Әйтеке би ауданында. Облыстың өзге өңірлеріне қарағанда орақтың қарқыны мұнда қарқын алып кете қойған жоқ. Сондықтан облыс әкімі ауданның диқаншы қауымына орақ жұмысын қыркүйек айының соңына дейін аяқтауды тапсырды.

Хромтау ауданының диқандары облыс әкімін «Наурыз» шаруа қожалығының тәуір шыққан бидай алқабында қарсы алды. Оның егіс алқабы 1450 гектар жерді алып жатыр. Нұрболат Малсақбаев басқаратын «Наурыз» шаруа қожалығының бір ерекшелігі — кейінгі екі жылда техника паркін өңшең жаңа кешендермен жаңартқан екен. Сол үр жаңа техникалар егінжай басында сап түзеп тұрды. Жерді өңдейтін, агротехникалық тиімді шаралар жүргізетін кешендер, әмбебап тракторлар мен шөп шабатын және буатын техникалар лизингке алынған. Және бір ескерерлігі, бұл техникалар  Петропавлов пен Татарстан өндірісінен шыққан. Осы үлгідегі шетелдік техникалардан әлдеқайда арзанға түскен.

Мұнда облыс әкімі егін орағы жұмысын, кешенді техникаларды көрді.

Осы жерден шығып, «Ақжар-агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің күнге қарай басын иіп бітік шыққан егінжайы басына тіккен егіс қосы басында хромтаулық шаруа қожалықтары және  ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кездесті.

Аудан әкімі Аманғали Бердалин өңірдегі егін орағының қазіргі қарқыны туралы айта келіп, барлық астықтың 63 пайызы орылғанын, егер ауа райы бөгет жасамаса, осы қыркүйектің 15-іне аяқтайтындарын айтып сендірді.

Хромтаулықтармен кездесу барысында облыс әкімі екі аудандағы егін орағының жайын, жалпы шаруаның ұйымдастырылуын салыстыра әңгімеледі.

— Көрші Әйтеке би ауданының көрсеткіштері сіздерге қарағанда төмен. Астықты өңір ретінде үміт жоғары еді. Жер, табиғат, жасалып отырған жағдай бірдей. Субсидия берілді, шығын жабылды, арзандатылған жанар май жеткізілді. Тұқым, тыңайтқыш, гербицид бар. Жаңа техника алуға да жағдай жасалды. Енді істің бұлай болуы қалай? — деп көпшілікке сауал тастады облыс әкімі. Сосын оған:

— Шаруаны біліп, жүрекпен жұмыс істеу керек. Агротехникалық барлық талаптар сақталуға тиіс. Бір сөзбен айтқанда, шаруа қожалықтары өз істеріне қайта қарағаны жөн. Көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдаудың қайтарымы болу керек, болмаса басқаша қарауға тура келеді, — деп өзі жауап берді.

— Қазіргі күнгі ең басты міндет — астықты уақытында орып, төкпей-шашпай жинап алу. Астықты өткізуге әлі де асықпау керек болар. Көп аймақтарда биыл астықтың шығымы төмен. Сондықтан алда бидайдың бағасы көтерілуге тиіс, — деді Бердібек Машбекұлы.

Кездесу барысында облыс әкімі аймақтың әлеуметтік-экономикалық жағдайына да тоқталып, өткен алты айдың тәуір көрсеткіштермен аяқталғанын айтып, жылды қорытындылаудағы міндеттерді  алға тартты.

Қазіргі таңда дәнді дақылдар жинау облыстың барлық аудандарында жоспарлы тәртіпте жүріп жатыр. Биыл өңірдегі егістік алаңы 15 пайызға кеңейтіліп, 754 мың гектарды құрады. Дәнді дақыл егісі 444 мың гектар болса, қазір соның жартысы жиналған. Астық өнімділігі орташа алғанда гектарына 9 центнерді құрайды.

Облыс әкімі Хромтау ауданында болған кезде «АКМЭЗ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Ақжар селолық округі аймағында салынып жатқан май мен жемшөптік күнжара шығаратын май экстракциялау зауытының құрылысының барысымен танысты. Бұл жобаның құны 1,2 миллиард теңгеден асады. Оның 796 миллионы «Қазагро» ҰБХ желісімен қаржыландырылған. Өз кезегінде жергілікті атқарушы органдар су құбырлары мен электр желілерін тартып беріп қолдау көрсетті. Жуырда нысан газ құбырларымен және теміржол жолдарымен қамтамасыз етіледі. Зауыттың қуаттылығы өте жоғары, 17 мың тонна май және 23 мың тонна жемшөп күнжарасын шығарады. Мұнда күнбағыстан өзге мақсары, зығыр, рапс және соя өңделетін болады. Оның құрылысында 70-тен астам жергілікті тұрғын жұмыс істеді. Зауыт ашылғанда 100 жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылады.

Инвесторлардың мәлімдеуінше, зауыттың алғашқы кезегі осы жылдың қазан айында іске қосылады. Оның өнімінің негізгі бөлігі Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Қытай және Ауғанстан елдеріне экспортталады.

Бұдан бөлек, облыс әкімі жұмыс сапары кезінде Хромтау қаласы мен Комсомол ауылындағы әкімшілік ғимараттардың, дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің, балабақша мен мәдени орталықтардың құрылыс барысымен танысты.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Ақтөбе-Комсомол-Хромтау-Ақтөбе.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button