Жаңалықтар

Темірдегі тиянақты істер

Жұма күні облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың кезекті іссапары Темір ауданында жалғасты. Тоғыз жолдың торабында тұрған өндірісті аймаққа сапары аясында облыс әкімі тұрғындармен кездесіп, олардың өтініш-тілектерін тыңдап, нақты жауаптар берді.

Жұмыс сапарын Темір қаласынан бастаған облыс әкімі қаланың орталығындағы мешіт пен шіркеудің жөндеу жұмыстарымен танысты.

Темір қаласында 1905 жылы бой көтерген мешіт — өңірдегі ең көне мешіттердің бірі. Екі қабатты ғимараттың мұнарасы қалайы қаңылтырдан жасалған. Мұнараның ішінде жоғары қарай шығуға арналған айналмалы ағаштан жасалған баспалдақ бар.

Тоқсаныншы жылдардан бері күрделі жөндеу көрмеген көне мешіт ауыл азаматтарының «Туған жерге тағзым» акциясы аясындағы демеушілігі арқылы жөнделіп жатыр. Бүгінгі таңда мешіттің төбесі қайта жабылып, терезелері ауыстырылған. Мешіт имамы Ербол Балашовтың айтуынша, сылақ жұмыстарын ауыл азаматтары бірлесіп атқаруда.

Мешіттің ішін аралап көрген Бердібек Сапарбаев оның құрылысына ат салысып жатқан азаматтарға өз ризашылығын білдірді.

Кейін облыс әкімі тарихы ХІХ ғасырдан бастау алатын Темір қаласында қайта қалпына келтіріліп, құрылыс жұмыстары жүріп жатқан проваслав шіркеуінің жөндеу жұмысымен танысты. 1870 жылы пайдалануға берілген шіркеу күйдірілген қызыл кірпіштен өрілген. Шіркеудің ең биік тұсы — 13,25 метр. Бүгінде мемлекет қамқорлығына алынған шіркеуде 2016 жылдан бастап, демеушілер арқылы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Облыстық дін істері жөніндегі басқарма басшысы Жолдас Қалмағамбетовтың айтуынша, қазіргі таңда сыртқы келбеті толықтай қалпына келтірілген шіркеу келер жылдың дәл осы уақытында пайдалануға берілмек.

Бұдан соң Бердібек Сапарбаев Темір қаласында жеке-меншік әріптестік аясында салынып жатқан амбулатория ғимаратын аралап көріп, ауыл тұрғындарымен кездесті. Темірдің клубында өткен кездесуге құқық қорғау органдарының басшылары атап айтсақ, облыс прокуроры Марат Қайбжанов, облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Махамбет Абисатов, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің жетекшісі Марат Ирменов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің және Әдеп жөніндегі кеңестің басшысы Расул Медетов т.б департамент басшылары мен орынбасарлары және қарапайым ауыл тұрғындары қатысты.

Кездесу барысында облыс әкімі,ауыл тұрғындарына жалпы өңірдің экономикалық-әлеуметтік жағдайын баяндап берді.

— Өздеріңіз біліп отырғандай бүгінгі таңда өңірдегі қоғамдық — саяси жағдай тұрақты. Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды барынша толығымен орындап жатырмыз. Елдің жағдайы жақсы болу үшін, алдымен өңірдің экономикасы дамуы керек. Сонда ғана барлық әлеуметтік мәселелер өз шешімін табады. Жалпы Ақтөбе облысының экономикалық даму қарқыны жаман емес. Өсім 5 пайыздың төңірегінде. Бұл республикалық көрсеткіштен жоғары көрсеткіш, — деген облыс әкімі Темір қаласына келудегі басты себептердің біріне тоқталды.

— 2016 жылдан бастап облыстық прокуратурамен бірігіп халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қауіпсіздік акциясын қолға алған болатынбыз. Акция аясында жылына екі рет облыстың барлық құқық қорғау органдарының өкілдері мен арнаулы орындардың басшылары елдімекендерге шығып тұрғындармен кездесу өткізеді. Сіздердің тараптарыңыздан заң мен қауіпсіздіктің сақталуы, қоғамдық тәртіпке байланысты арыз-шағымдарыңыз болса тыңдап, сұрақтарыңыз болса тікелей жауап беруге дайынбыз, — деді облыс әкімі.

Бұдан соң  сөз алған облыс прокуроры Марат Қайбжанов қала тұрғындарын бүгінгі жағдаймен таныстырды. Айтуынша, жыл басынан бері облыс аумағында қылмыстық іспен ұрлықтың өсуі байқалады. Бірінші тоқсан бойынша жалпы қылмыс 9 пайызға өссе, ұрлық 34 пайызға көбейген.

—Сәуір айында облыстағы қылмыстардың алдын алу туралы ведомствоаралық жоспар әзірленіп, қазіргі таңда барлық ауданда жүзеге асырылып жатыр. Жоспарды орындау нәтижесінде Темір ауданында қазіргі таңда жалпы қылмыс 15 пайызға, ал ұрлық 21 пайызға төмендеген. Мәселен Темірде өткен жылы 6 қылмыс тіркелсе, биыл 4 қылмыс тіркеліпті, — деді облыстың бас прокуроры.

Кездесуде тұрғындар облыс әкіміне атқарып жатқан жұмыстары үшін алғыстарын білдіріп, аз-кем мәселерін ортаға салды. Бірі қалаға қосымша дәрігерлер қажет екендігін айтса, енді бірі балалардың мектепке қатынауына микро-автобустар қажет дейді.

Тұрғындар сұрағына тұшымды жауап берген облыс әкімі кездесуден соң, Темір ауданы арқылы өтетін «Ақтөбе-Атырау» республикалық маңызы бар автомобиль жолының 160-220 шақырымындағы құрылыс жұмыстарының барысымен танысу үшін Жақсымай бекетіндегі асфальт және бетон өндіру зауыты мен лабораториясын қарап шықты.

Аталған бекеттен асфальт зауыты мен бетон зауытына құрылыс материалдарын түсіру алаңы үшін «СинеМидасСтрой» бірлескен кәсіпорны ЖШС-на 10 гектар жер учаскесі берілген. «AMMAN» маркалы асфальт зауыты сағатына 240 тонна өнім өндірсе,«GOKER»маркалы бетон зауыты сағатына 180 тонналық өнім өндіреді. Екі зауытта зауыт басшысы, операторлар мен дәнекерлеушілер, сондай-ақ қарапайым жұмысшыларды қосқанда 12 адам жұмыс жасайды.

Дәл осы жерде облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа «Тодини Конструциони» АҚ  Ақтөбе филиалының директоры Давид Кармайл жол бойында атқарылып жатқан жұмыстар барысын айтып берді.

— Бүгінгі таңда жұмыстың 31 пайызы жасалды. Қаражаттың 28,5 пайызы игерілді. Техника, жұмыс күші  барлығы жеткілікті. Келесі аптадан бастап асфальттау жұмыстарын бастаймыз. Жобаны уақытылы аяқтайтын боламыз. Жоспар бойынша толық бітіру 2020 жылы маусым айына көзделген, — деді ол

Аталған жол құрылысында 1-лот бойынша 217  адам жұмыс жасап жатыр. Оның

54-і Ақтөбеден, 104 адам Темір ауданынан, 1 адам Байғанин ауданынан болса, өзге облыстардан 58 адам тартылған. Орташа жалақы мөлшері — 70 мыңнан басталып, 350 мыңға дейін барады.

Сондай-ақ Темірге сапары барысында облыс әкімі облыстық маңызы бар «Шұбарқұдық — Ойыл — Қобда — Тұзтөбе» автомобиль жолының 30-40 шақырымындағы орташа жөндеу жұмысын да қарады. Мердігер компания «Ақпан- 2030» ЖШС атқарып жатқан жоба құны 941 906,3 мың теңге. 2018 жылға 440 миллион теңге бөлініпті.

Түстен кейін облыс әкімі халық қауіпсіздігі бойынша Шұбарқұдық және Алтықарасу ауылдарында тұрғындармен кездесу өткізді.

Ақерке САТЫБАЛДЫ,

Темір ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button