Тұрақтандыру қоры: жергілікті өнімнің дәмі
-
Баға
Әлеуметтік азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандырып, реттеу, халыққа сапалы өнім ұсыну — басты мәселе. Бұл орайда аймақта жыл сайын маусымаралық кезеңге тұрғындарды көкөніспен және басқа да азық-түлік тауарларымен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етуге дайындық күшейеді. Қазір бағаны реттеу бағытында атқарылатын іс-шаралар да жүйелі қолға алынған. Азық-түлік тауарлары құнының негізсіз өсуіне жол бермеу қадамдарының бірі — тұрақтандыру қоры қоймасын қажетті тауарға толтыру. Облыста осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар турасында тиісті мекеме өкілдерін сөзге тартқан едік.
Екі жақты келісім
Қарғалы ауданына қарасты «Арман» шаруа қожалығы бидай және картоп егумен айналысады. Биыл 150 гектар алқапқа картоп егіпті. Аталған шаруашылықта жергілікті өнімді өткізуде бұған дейін аздап қиындықтар болғанымен, соңғы бір-екі жылдықта тұрақтандыру қоры арқылы саудаға шығарылып отыр. Биыл «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен шаруа қожалығы арасындағы келісімнің нәтижесінде 3 мың тонна картоп қор қоймасына жеткізілмек.
— Қожалықтың егіс алқабы Қарғалы ауданындағы Шәмші Қалдаяқов және Петропавловка ауылдары маңында орналасқан. Биыл егіс алқабынан 4 мың тоннадай картоп жиналды. Жақында корпорация тарапынан 100 тонна картопқа өтінім түсті. Қазіргі таңда біз осы көлемдегі өнімді сұрыптап, тасымалдауға дайындап жатырмыз. Келісімшарт бойынша маусымаралық кезең қарашадан сәуірге дейінгі уақытты қамтиды.
Біздегі қойманың сыйымдылығы — шамамен 10 мың тонна. Өнім жинау науқаны кезінде ауа райы құбылып, жауын-шашынды болды. Сондықтан өнім тез жиналып, қоймаға тасылды. Қазіргі таңда картопты сұрыптау, тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр, — дейді «Арман» шаруа қожалығы басшысының орынбасары Диас Ерғалиев.
Өнім шығымы төмендеді
Қожалық басшысының айтуынша, картопты сұрыптау жұмыстары негізінен «GRIMME» неміс техникасы арқылы жүзеге асырылады. Шаруашылықта картоп егу, жинау, сұрыптау жұмыстарының бәрі технологиялық әдіспен жүргізіледі.
—Жаз айларында ауа райы салқын болды, соның салдарынан жас өскінге фотосинтез процесі қажетті деңгейде жетпеді. Өсімдікке тек ылғал емес, ауа да керек. Жауын-шашын жауғанда өсімдіктің бойына ылғал барады. Ал ылғал өсімдікке қажетті ауаны шығарып жібереді де, соның салдарынан топырақ нығыздалады. Осындай процестер картоптың өсуіне мүмкіндік бермейді. Әрине бұл жағдайда қатты зардап шеккеніміз жоқ, бірақ өткен жылдармен салыстырғанда биыл өнім шығымы әлдеқайда төмен болды, — деді Диас Ерғалиев.
«Арман» шаруа қожалығы«Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен өткен жылдан бері келісімшарт негізінде жұмыс істейді. Былтыр картоп нарықта жеткілікті болды. Орташа бағасы 100 теңгенің шамасында сатылды. Соған байланысты корпорация тарапынан бағаны тұрақтандыруға қатысты іс-әрекеттер қажетсіз болды. Қазір нарықта картоптың бағасы құбылып тұр. Өнім жинау науқанында картоптың орташа бағасы 120 теңгенің көлемінде болса, қазіргі таңда баға өсіп жатыр, шамамен орташа баға — 140 теңге. Ал келісімшарт бойынша біз былтыр да, биыл да картоптың орташа бағасын 93 теңгеден өткізіп отырмыз. Былтыр корпорация бізден биылғыдай көп көлемде картоп алу үшін келісімге отырған жоқ», — дейді шаруашылық өкілі.
«Джувел» мен «Джелли»: сұранысқа сай сорт
Диас Ерғалиевтің айтуынша, шаруашылықта картоптан басқа қырыққабат, пияз, қызылша сияқты көкөністің өзге де түрлерін егу жоспарда бар. Сөйтіп олар халықты толықтай жергілікті өніммен қамтуды мақсат етеді.
— Тұқымды жаңартып отыру керек. Бір-екі жылдықта біз Беларуссиядан әкелінген тұқымды ектік. Әзірге тұқымға қатыстын ешқандай мәселе жоқ. Жыл сайын шамамен 20 тоннаға жуық тұқымды жаңартып отырамыз. Шаруашылықта негізінен картоптың «Джувел», «Джелли» сорттары егіледі. Біз жергілікті халықтың сұранысына сәйкес өнім өндіруге тырысамыз. Себебі тұтынушылар тарапынан көбіне іші сары картопқа сұраныс жоғары, — дейді Диас Ерғалиев.
Қазіргі күні шаруашылықта 25 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Науқан кезінде қосымша 10-12 адам уақытша жұмысқа тартылады.
Көкөністі өнім өндірушілер сақтайды…
Жамбыл Салиев, «Ақтөбе әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ облыстық филиалы азық-түлікпен қамтамасыз ету департаментінің бас менеджері:
— Бүгінде тұрақтандыру қорына күзгі көкөніс өнімдерін жеткізу үшін жергілікті тауар өндірушілер — «Пригородный» ауыл шаруашылығы кооперативі, «Арман» шаруа қожалығы мен «Болат ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерімен келісімшарт жасалды. Келісімшарт негізінде 869,9 тонна картоп, 489,7 тонна сәбіз, 400 тонна пияз, 448,2 тонна қырыққабатты аталған шаруашылықтар қор қоймасына жеткізуге тиіс.
— Қордағы өнімдер саудаға қашан шығарылады?
— Қоймадағы тауарлар ресми статистикалық орташа баға өскен жағдайда тауарлық интервенция жасалып, өнім сатылымға шығарылады. Ол үшін апта сайын азық-түлікке, оның ішінде әлеуметтік маңызға ие тауар бағаларына мониторинг жүргізіліп, баға көрсеткіші шығарылып тұрады.
— Қор өнімдері аудандарға жеткізіле ме?
— Тұрақтандыру қоры қоймасындағы өнімоблысты қамтиды. Қажет болған жағдайда аудандарға да тасымалданады. Бұл — аудан әкімдіктері тарапынан ұйымдастыралатын іс-шара. Яғни жергілікті әкімдік аудандарда азық-түлік дүкендері бар кәсіпкерлермен өнімді белгіленген бағамен сату бойынша келісімшарт жасауы тиіс. Қазір өңір тұрғындарының дені облыс орталығында шоғырланғандықтан, қор өнімдерінің дені Ақтөбе қаласында өткізіледі. Оның үстіне, аудан тұрғындарының біразы азық-түлікті Ақтөбе қаласынан алып жатады.
— Қоймада көкөніс өнімдері қалай сақталады?
— Бұл орайда ауыл шаруашылығы тауар өндірушілермен арада келісім бар. Яғни көкөністі сақтау өнім өндірушілерге міндеттелген. Олар өнімді өз қоймаларында сақтайды. Біз қажеттілікке сай олардан картоп және көкөніс өнімдерін алып отырамыз. Ол үшін алдын ала өтінім жолданады. Қор қоймасына жеткізілген өнім әрі қарай «Табыс» коммуналдық базарлары мен әлеуметтік дүкендерге, «Дина», «Анвар» сияқты сауда желілері арқылы сатылымға шығарылады.
Қарақұмық қашан сатылады?
— Өзімізде өндірілмейтін күріш, қант сияқты әлеуметтік маңызы баразық-түліктер жеткілікті мөлшерде тасымалданды ма?
— Ақтөбеге күріш Қызылордадан тасымалданады. Көршілес облыстың «Наи-Мир» күріш өндіруші компаниясымен 340 тонна тазартылған күрішке арада келісім бар. Бүгінде соның 68 тоннасы қор қоймасына түсіріліп, Ақтөбе қаласында арнайы сауда сөрелерінде сатылып жатыр. Бұл тауар азайған шақта, аталған компания арқылы күрішті тағы алдыртамыз. Сонымен қатар қоймамызда 25 тонна қарақұмық бар. Тауардың бұл түрі Ақтөбеге Павлодар облысынан жеткізіледі. Қарақұмық нарықтағы бағаның өзгеруіне байланысты сатылады. Қазіргі таңда тұрақтандыру қорының қоймасында 594 тонна қант бар.
— Сырттан тасымалданатын өнімді жеткізуде мәселе туындамай ма?
— Өнім өндірушімен арадағы келісімшарт бойынша, олар өздеріне жүктелген міндетті орындауға тиісті. Тауарды жеткізу, тасымалдау ісі арадағы келісім негізінде жүзеге асырылады. Өзге облыстарда өндірілетін тауарларды өнім өндірушілер өз тарапынан жеткізеді. Ал картоп және көкөніс өнімдері жергілікті жерде өндірілетін болғандықтан, көп жағдайда өзіміз қоймадан алып кетеміз.
— Қор өнімдерін өткізетін әлеуметтік дүкендер мен коммуналдық базарлардың қатарын көбейту жоспарда бар ма?
— Ақтөбе қаласындағы «Табыс» коммуналдық базарында әлеуметтік дүкен бар. Тұрақтандыру қорының өнімдері сол дүкенде сатылады. Сонымен қатар қала бойынша 18 шағын базар бар. Сондай сауда нүктелерінің алаңында коммуналдық павильондар орнатылған. Қор өнімдері сонда сатылады. Осындай коммуналдық павильондар өздеріне қажетті тауар үшін бізге өтінім жолдайды. Әзірге мұндай сауда нүктелері қала бойынша жеткілікті. Сонымен қатар қор өнімдерін жеке дүкендерде сату мүмкіндігі де қарастырылған. Өткен бір жылдары қор өнімдері осындай 2-3 дүкенде сатылды.
Форвардтық шарт: сәбізбен қамту үлесі — 100 пайыз
Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы берген мәліметке сүйенсек, биыл 29 қазандағы жағдай бойынша баға индексі — 100,1 пайыз. Бұл орайда картоп — 100,0 пайыз, қырыққабат — 100,0 пайыз, пияз — 100,0 пайыз, сәбіз — 99,4 пайыз.
2018-2023 жылдар аралығында тұрақтандыру қорына 4,5 миллиард теңге бөлінген.
— Аймақта картоп пен көкөніс бағасын тұрақтандыру мақсатында маусымаралық кезеңде жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер — «Пригородный», «Болат ЛТД» серіктестіктері мен «Арман» шаруа қожалығымен биылғы күзгі егін жинау науқанынан бастап,4846 тонна картоп (4011 тонна қажет) жеткізуге негізгі форвардтық шарттарға қосымша келісімдер жасалды. Сонымен қатар 400 тонна пияз (521 тонна қажет), 448 тонна қырыққабат (430 тонна қажет), 390 тонна сәбіз (563 тонна қажет) жеткізілетін болады. Сондай-ақ жергілікті өніммен 100 пайыз қамтамасыз ету үшін «Болат ЛТД» серіктестігіне 100 тонна сәбізге келісімшарт жіберілді. Бұл орайда оңтүстік облыстардан пияз жеткізу үшін келіссөздер жүргізіліп жатыр, — дейді басқарма мамандары.
Әлеуметтік нан бағасы өскен жоқ…
Өткен жылдың сәуір айынан бастап, әлеуметтік нан бағасының қымбаттауына жол бермеу мақсатында облыстағы ірі наубайханаларға — «Рамазан-нан», «Ақтөбе нан», «Наным», және «Атамекен нан» серіктестіктеріне келісін 105 теңгеден 4604 тонна бірінші сұрыпты ұн берілген. Бүгінде 1 бөлке нан (салмағы — 550 грамм) өндірушілер тарапынан 86 теңгеден сатылып жатыр.
— Биыл«Рамазан» кәсіпорнымен 12 мың тонна 1 сортты ұнға келісімшарт жасалды.Биыл ақпан айынан бастап, әлеуметтік нан бағасын тұрақтандыру мақсатында облыс өңірлерінде нан өндіретін 16 кәсіпорын бірінші сұрыпты ұнмен қамтамасыз етілді. Осындай іс-шаралардың нәтижесінде қаладананның бағасы сол күйінде қалды, — деді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мамандары.
Бұл орайда бағаны реттеуде сиыр еті де басты назарға алынған. Қазір облыс аумағында 6 мал бордақылау алаңы бар. Мұндай орындар «Актеп», «Наурыз Сим», «Жантізер», «Реймқұл» сияқты ірі шаруашылықтарда қарастырылған. Сондықтан да базарларда қазір сиыр етінің бағасы 2100-2800 теңге аралығында саудаланып жатыр.
Арайлым НҰРБАЕВА.