Әлеумет

Бұқара

  • Тағзым

67 жыл өткен соң…

… Жеңістің 65 жылдық мерейтойын дүрілдетіп тойладық. Бір ардагердің үйіне су өткізіп, ал енді бірінің үйін жөндеуге қол ұшын бердік. Жеке үй алып мәре-сәре болып жатқандары да бар. Қаралары азайған сайын ардагерлеріміздің бағасы қымбаттай түскен бе, қалай?..

…Мереке қарсаңында аудан прокуроры Әділбай Бертілеуовті іздедік. Ағамыз Украина кетіпті. Бұл елде ағамыздың құда-жегжаттығы жоқ екенін білеміз, оның үстіне мерекеде ауылдан ат ұзатпауы керек еді… Бақсақ…

Кеңес Одағының құрамында батысқа қол аттандырған және қандағы қазақы батырлықты әлемге мойындатқан елдің бірі — Қазақстан. Сол көптің арасында шағыл құмды Шалқардың Кіші құмынан Қыстаубай атаның үйінен де екі жігіт, яғни оның інісі Жайлаубай және үлкен баласы Амантай  алапатқа аттанған. Қыстаубай ақсақал мен Ақтөре әже інісі мен ұлын ел үшін садақаға берді. Жайлаубай із-түзсіз кетті де, ал Амантайдан 1944 жылы соғыс майданында қаза болғаны  туралы қара қағаз келеді.

Жеңіс туы желбіреп, ел есін жия бастағанымен, жекелеген адамдар жалғызын жоғалтқан ана, жарын жоғалтқан жесір, құрсақта қалған ұлдар әлі де жарасын жалап жазып жатқан қабыланның күйін кешетін. Соғыс салған жара көкіректе шемен бола бастаған. Бертлеуовтер әулеті де өмірге ұрпақ әкеліп, жемісін шашқан мәуелі бәйтеректей өсіп-өнді. Кешегі қиын-қыстау күндерден естелік айтатын көнекөз апалары Несібелі былай есіне алады.

— Төрт жаста болғаныммен елдің шетіне жау тигенін сәби жүрегіммен сездім. Ағам Амантайдың эшелонмен аттанып бара жатып, Шалқардың Тоғыз стансасында мені екі сағат бойы мойнынан түсірмегені әлі көз алдымда. Ал пойыз жылжи бастағанда он сегіздегі апталдай азаматтың ағыл-тегіл жылағаны да күні кешегідей есімде. Мүмкін туған жердің топырағы бұйырмайтынын қайран боздақ сезген де шығар…

2009 жылдың қоңыр күзінде  ғаламтордың «www.obd – memorial. ru» дейтін  сайтында А.Бертілеуовтің аты-жөні тайға таңба басқандай анық жазылған мәлімет табылды. Сол күннен бастап Бертілеуовтер әулетінде қат-қабат шаруалар басталды. Бауырларының жерленген жерін білгеннен кейін оған баратын маршрут сызылды. Бауырластар зиратын күтіп-баптайтын жергілікті тұрғындармен, сол жердің құзырлы адамдарымен байланыс жасала бастады.

Үстіміздегі жылдың 1 мамыры күні Әділбай апасы Несібелі екеуі шалғай Украина еліне сапар шекті. Көңілде маздаған үміт отын «мүмкін аттас біреу шығар» деген күдік те сәл көлеңкелей беретін. Ташкент-Харьков пойызымен  жолға шыққан олар 3 мамыр күні Харьков қаласынан түскен соң Полтава облысы Кременчук қаласына жол тартады.

Успенка селосында орналасқан бауырластар зиратында 527 жауынгер жерленген. Бәрінің де өмірден өткен уақыттары шамалас 1943 жылдың қазан-қараша айлары. Днепр үшін болған шайқаста қаза тапқандар. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, 1943 жылдың 29 қыркүйегі күні Кременчук қаласын жаудан азат ету үшін үлкен шайқас болып, ол біздің әскерлердің жеңісімен аяқталады. Осы  ұрыстан кейін біздің әскерлер жауды түріп қуа бастайды. Кременчук қаласын алғаннан кейін «енді шегінбеймін, сыналап ішке қарай кіре беремін, егер шегінетін болсам Днепр теріс ағатын болады» деп масаттанған Гитлердің сөзін жоққа шығарған жеңімпаз әскердің арасында өрімдей қазақ жігіті — А.Бертілеуов те бар еді.

Осы материалды жазу барысында «қара қағаз» дегеннің не екенін алғаш рет көрсек, бізді тағы бір таңғалдырғаны сол кездің қағазға ұқыптылығы болды. «Жеке тізім» деп аталатын құжатта жауынгерлердің аты-жөні, ол туралы толық деректер аса бір дәлдікпен келтірілген. №023309 деген реттік санмен толтырылған тізімнің басында «Именной список безвозвратных потерь офицерского состава 66 Полтавской стрелковой дивизии с 14 по 24 ноября 1943 года» деп анық жазылған. Осы тізімде 18-ші болып біздің батыр жерлесіміз Амантай Бертілеуовтің есімі жазылыпты.

Қазақта «сүйегінің қайда қалғаны да белгісіз» деген қарғысқа бергісіз бір жаман сөз бар. Мүмкін, қазақтың қаншалықты шетте жүрсе де қартайып, шау тартқан шағында атакүлдігін іздейтін қасиеті мен марқұмдарының басына белгі қоятын дәстүрі осы сөзден аулақ болудың қамы болса керек. Барлау батальонының офицері, кіші лейтенант, взвод командирі Амантай Бертілеуовтің қандас ұрпақтары енді оның мәңгілік ұйқыда жатқан жерін біледі. Сонда да бауырлары боздақтың кіндік қаны тамған жерге Шалқардың Кішіқұмының №77 разъезіне белгі соқтырып, мәрмәр тастан ескерткіш қоюды жоспарлап отыр. Бұл бірақ басқа әңгіменің арқауы…

Шара ЕЛЕУСІЗ,

Алға ауданы.

  • Тілек

«Алтын алқа» иегерімін

Мен Мұғалжар ауданының Алтынды ауылында тұрамын. Жеті бала тәрбиелеп өсірген көп балалы ананың бірімін.

Облыстық «Ақтөбе» газеті арқылы ел басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтқым келеді. Көп балалы аналарды әр кез ұмытпай, оларға қамқорлық көрсетіп отырған Елбасының еңбегі біз үшін зор. Омырауына «Алтын алқа», «Күміс алқа» таққан қай ана да  шексіз қуанышқа бөленіп, баталарын беріп жүр.

Наурыз айында ауылымыздың әкімі Иляш Еркінқызы «Алтын алқамды» тапсырып, ізгі тілегін жолдады. Мен бұл күні бір марқайып қалдым. Біз қиын кездерде көрген бейнетіміздің зейнетке айналып, енді мәуелі ағаштай жемісін бергеніне ризамыз.

Әлемдік дағдарыс кезінде халықтың жағдайын жасап, абзал аналарға ерекше көңіл бөлген Елбасына мың алғыс! Қашанда еліміз, Елбасымыз аман болсын!

Гүлжан ЖҰМАҒАЛИЕВА,

Мұғалжар ауданы.

  • Алғыс

Ардагерлер ілтипаты

Ақтөбе қаласына Қобда ауданы Жарық ауылынан 1997 жылы қоныс аудардым. Сол уақыттан бері қалада жасалған игілікті істердің куәгері боп жүрмін. Қаламызды көріктендіріп, ел қамын жасап отырған басшыларға «Ақтөбе» газеті арқылы алғыс жолдаймын.

Қаламызда жыл санап құрылыс жұмыстары жүргізіліп, сәулетті ғимараттар мен әдемі тұрғын үйлер бой түзеп келеді. Балалар мен қарттардың, жастардың еркін тынығуына елде мүмкіндік мол. Бұл табысты жұмыстың барлығы облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың жинақтаған көп жылдық тәжірибесінің жемісі. Біз, ардагерлер,  облыс және қала басшыларының атқарған істерін баспасөз бен телеарналардан көріп, риза боламыз.

Әлемде дағдарыс белең алғанымен, біздің еліміз бұл өткелден, тәуба, аман өтіп келеді. Қалада екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жұмысшылар жоқ. Облыс басшысы көптеген жұмыс беруші компания басшыларымен келіссөз жүргізіп, жұмысшылардың еңбекақысын уақтылы алуына жағдай жасап отыр. Және бір ерекше айтатын жайт, өзге облыстарға қарағанда, біздің өңірде Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне ерекше ілтипат көрсетіледі. Майдангерлер тұрғын үймен қамтылып, коммуналдық төлемдерден босатылды және қоғамдық көліктерде тегін жүреді.

Қала басшысы Архимед Мұхамбетовтің де еңбегі біз үшін ұшан-теңіз. Ол қала тазалығы, көгалдандыру жұмыстары, жастарды жұмыспен қамту, ауылдарға көмек көрсету шараларына белсене атсалысады. Біз тұрғындарға қамқорлық жасап отырған қос басшыға әр кез алғысымызды айтып, батамызды береміз.

Жолдығали ШАГАЛИН,

зейнеткер.

Ақтөбе қаласы.

  • Ардагер

Майдангердің арманы

Бүгінде тоқсан үш жасқа қадам басқан майдангер Жұмағазы Ниеталин сұрапыл соғыстың ауыр күндерін жиі есіне алып, ұрпақтарына айта отырады.

Соғыс басталғаннан кейін бір жылдан соң Жұмағазы 22 жасында майданға шақырылып, арнайы дайындықтан өтеді. Одан соң №330 атқыштар полкінде болып, Днепр бойындағы ұрысқа қатысады. Майдан даласындағы ауыр ұрыстың бірінде ол ауыр жараланып, Рябинск қаласындағы госпитальда емделеді. Бірақ мұндағы дәрігерлер жауынгердің ісік шалған аяғына ем таба алмай, кесуге ұсыныс жасайды. Өрімдей жас жігіт кейінгі ғұмырында жалғыз аяқпен күн көруге қарсылық танытады. Сырқатқа басқа ем таба алмаған соң дәрігерлер оны Красноярск өлкесіндегі ауруханаға аударады. Осылай 1943 жылдың күзінде ол ІІ топтағы мүгедек болып елге оралған.

Соғыстан жарақат алып, туған ел топырағына аман келген жауынгер қол қусырып отырмады. 1948 жылы Орал қаласындағы ауыл шаруашылық институтын бітірді, шаруашылық құрылымдарының дамуына өз үлесін қосты.

Ғасырға жуық ғұмыры бар қарияның омырауы екінші дәрежелі «Отан соғысы» ордені мен басқа медальдарға толы. Ұлы Жеңістің алпыс жылдығына орай Алматыда ұйымдастырылған мерекелік шеруге қатысып, қаламыздан пәтер кілтіне қол жеткізді. Алты баласының, немерелерінің ортасында бақытты ғұмыр кешкен қарияның жалғыз арманы бар, ол бүгінгі ұрпақ кешегі бейнетті көрмесе екен…

Салтанат СЕНҒАЗЫҚЫЗЫ,

Ақтөбе қаласы.

  • Пікір

Қателесесіз, ата-ана!

«Ақтөбе» газетінің №52-53 санында «Тағы да мектеп… тағы да ата-ана…» атты М.Рахатқызының мақаласы жарияланды. Осы мақалаға орай өз пікірімді білдірсем деп едім…

Аталған мақалада ата-аналар, мектеп ұстаздары мен басшыларының ой-пікірлері  жазылыпты. Дұрыс қой, әр ата-ана, әрбір ұстаз бала өміріне тікелей жауапты. Менің айтпағым мына мәселе. Бұл мақалада облыстық білім басқармасы қосымша білім беру мониторингі және тәрбие жұмыстары бөлімінің бас маманы Алтынгүл Әуесхан сенім телефондарына алты адамның хабарласқанын мәлімдепті. Бершүгір орта мектебінде баласы оқитын ата-ана да мамандарға сенім телефоны арқылы хабарласып:  «…балаларға ыстық тамақ берілмеген күндері сол тамақтың ақшасын беру қажеттігін» айтып шағымданыпты.

Мен Бершүгір орта мектебінің директоры ретінде бұл ұсынысқа келісе алмаймын.  Себебі мектеп оқушыларына берілетін ыстық тамақтың азық-түлігі веб-порталға шығып, конкурс арқылы жеңіп алған аудан орталығының дүкендерінен әкелінеді. Мемлекеттік сатып алу ережесі бойынша мекеме қандай да болмасын тауар түрін тек қана электрондық сатып алу арқылы жүзеге асырады. Сондықтан оқушылардың тамағына бөлінген қаржыны ата-ана да, мектеп ұжымы да, тіпті басшылар да қолына қолма-қол ала алмайды, бұл тіпті де мүмкін емес жайт. Ата-аналар осы жайды «Ақтөбе» газеті арқылы толық түсінгенін қалаймын.

Мектебімізде бастауыш сынып оқушыларына күн сайын берілетін ыстық тамақ оқу жылы бойы тоқтаған жоқ. Біз, мектебіміздегі әрбір маман, оқушылардың ісіне жауаптылықпен қарап, олардың сапалы білім алуына қолымыздан келетін көмегімізді аяған емеспіз!..

Самал ТІЛЕУБАЕВА,

Бершүгір орта мектебінің директоры.

Шалқар ауданы.

  • Тіл

Талап болса, заң орындалады

Жақында елімізде мемлекеттік тілдің 20 жылдығы атап өтілді. Ата Заңымыздың 7-бабын орындау мақсатында жоғары лауазымды басшылар ана тілді еркін әрі тегін меңгеру үшін қажетті жағдайды жасап жатыр. Бірақ «баяғы жартас — бір жартас». Іс-қағаздар мемлекеттік тілде жүргізіліп жатыр деп тоқмейілсиміз. Алайда мұның бәрі өз дәрежесінде емес…

Қала ішіндегі түрлі саладағы мекеме атаулары әлі де қате жазылады. Қызығы, көз сүріндіретін қателерді көретін де, түзететін де жан жоқ. Мәселен, медицина мекемелерінің атауларына үңілейік, «Қалалық №1 емханасы», «Статистикалық кабинеті», «Медициналық мекемесі» болып жазылып жүр. Егер бұл ұжымның басшылары мекеме атын жазбас бұрын, мамандардың кеңесіне жүгінсе, мұндай жауапсыздық болмас еді.

Қазақ-орыс тілдерінің маманы болғандықтан, мұндай олқылықтарға шыдай алмай, еріксіз қолыма қалам алдым. Бір кездері қазақ мектептерінде оқушылардың орыс тілін меңгеруіне күш жұмсап едік. Ол кезде орыс тілін білмей, нан тауып жеу мүмкін емес болды. Одан кейін орыс сыныптарында қазақ тілін оқыттық. Бірақ қазақ тілін топқа бөліп оқытуда мектептерде жағдай жоқ болатын. Қазір егеменді ел болсақ та, ана тіліміз босағада өгей баладай жаутаңдап жүр.

Мемлекеттік тілді биік тұғырға көтеру үшін ыстық ықылас пен қатаң талап қажет. Бүгінде орыс балаларына қазақ тілін үйрету үшін репетитор мамандарына сұраныс жоғары. Сонымен қатар жастар арасында орыс тілінен қазақшаға аударма жасату ісінде сұраныс мол. Олар бұл жұмысты қызмет пен оқу орнының қажеттілігі, талабы жоғары болғандықтан орындайды. Демек, талап бар жерде тәртіп бар. Ендеше, барша тіл білмей шүлдірлеген қазақтарға темірдей талап қойып, Заңды орындату керек!

Несібелі СӘРСЕНБАЕВА,

Ақтөбе қаласы.

  • О, несі-ай!

«Тазалық төренің де міндеті!..»

Осындай атпен аудандық «Шежірелі өлке» газетінде мақала жарияланды. Мақалада аудандағы тазалық туралы сөз етілген. Расында, қазір біз Шалқарда қоқыстан аяқ баса алмайтын болдық.

Иә, Шалқарда әр жерде шашылған қоқыстан аяқ алып жүру мүмкін емес. Әсіресе, өзім мекендейтін Газопровод аумағында, №93-99 көпқабатты үйлердің айналасында тамақ қалдықтары, лас қағаздар, целлофандар, т.б. тау төбе боп үйіліп жатыр. Оның үстіне жеке үйлерде өсірілетін мал нәжістерін қосыңыз. Миуа батпақтай баттасқан жерде күн ыстығынан түрлі лас иістер бөлінеді. Бұл жерлерге небір насекомдар жиналып, түрлі аурулардың тууына жол ашады. Ал бұл жерлерде қараңғыда жүру өте қауіпті. Тамақ қалдықтары жиналған жерге жабайы мысықтар мен қаңғы иттер жиналып, адамға айбат шегеді.

Бұрын қоқыстарды «Инфраком» мекемесінің жұмысшылары қала сыртына тасымалдайтын. Қазір бұл істің ізі де жоқ. Тіпті, әр үйдің алдында қоқыс төгетін жәшіктер де жоғалды. Біз тиісті мекемелерге ай сайын қаражат төлейміз. Бірақ тазалық ауданымызда күн санап жоғалып барады.

Аула тазалығы, көше тазалығы — баршамызға ортақ іс. Тазалық тәртібін сақтау қызметкердің де, төренің де міндеті. Бірақ қазір тұрғындар тазалық жұмысына салғырт қарайды. Менің айтайын дегенім, аудандық СЭС, учаскелік полиция қызметкерлері және басқа мамандар тұрғындарға тазалық турасында түсінік жұмыстарын жүргізіп, көшенің қалыпқа келуіне қамқорлық танытса екен.

Тұрғындар атынан С.АМАНЖОЛҰЛЫ,

Шалқар ауданы.

  • Мұң

Ақылы оқудан босатса…

Мен — Ақтөбе политехникалық колледжінің 3-курс студентімін. Сабақ үлгерімім тәуір, қатарымнан қалмай оқып жүрмін. Бірақ менің ендігі өмірім қаржыға тәуелді. Басымыздан сипап, қолтығымыздан демер ата-анамыз болмаған соң, мына қоғамда бес теңгелік құнымыз болмай жүр…

Ата-анам Нұржамал мен Андрей араларына он жыл салып өмірден озды. Ал ізінде қалған балалары шаңырақтың отын сөндірмей, түтінін түтетіп отыр. Біз қазір ағам Нұрбек пен жеңгем Эльмираның қолындамыз. Ағам мен жеңгем жас отбасы, олардың Нұржан есімді бөбегі бар.

Менің қолыма қалам алғызған мына жай. Бізді асырап, оқытып-тоқытып отырған Нұрбек ағам бір жарым жылдан бері жұмыссыз. Жұмыс іздеп бармаған жері, баспаған тауы қалмады. Ал жеңгем бала күтіміне байланысты үйде бос отыр. Оның үстіне көптен жөндеу көрмеген баспанамыз құламалы күйде. Үй төбесінен су кетіп, дәліздің бір жақ қапталының төбесі құлады. Жаңа шатырмен төбені ретке келтірейік десек, қыруар қаржы қажет. Бізді үйіміз құлап, шатырдың астында қалмасақ болар еді деген үрей мазалайды.

Менің өз жайым да мәз емес. Ақылы бөлімде оқитындықтан, биылғы оқуымның жарты пайыздық ақысы төленбей қалды. Көмек қолын созар жан жоқ. Жәрдем сұрап қақпаған есігіміз қалмады. Өткен жылдың желтоқсан айында жеңгем оқуымның төлемақысынан босатуға көмек сұрап, облыстық білім басқармасына хабарласты. Бірақ басқарма бастығы А.Құдайбергеновпен кездесе алмай, оның орынбасары Жолдас Нұршинге кірген еді. Нұршин мырза бір хабары болар деп жеңгемді шығарып салғанымен, ізінен лезде «біз көмек бере алмаймыз» деген суық хабар жетті.

Мені басшылар ақылы бөлімнен тегін оқуға ауыстырса екен. Ата-анамның жоқтығына байланысты стипендия тағайындаса, ауылдағы жұмыссыз аға-жеңгеме сәл де болса көмек етер едім. Соңғы кезде қатты күйзеліске ұшырадым. Маған кім қол ұшын береді?

Нұрлан ЕСНИАЗОВ,

Ақтөбе политехникалық колледжінің 3-курс студенті.

  • Өнер

Бүгінде әнші көп, тек қана…

Қазір ән де көп, әнші де көп. Бірақ сахна төрінде жаңа әнімен, қоңыр даусымен жүректі елжіретіп ән салатын жас әншілер аз. Әні мен сөзі бір-бірінен аумайтын әндерді орындайтын әншілердің көптігі, Шәмшінің жоқтығын сездіреді…

Қазақ вальсінің королі атанған Шәмші әндерін үлкендер ғана емес, жастар да сүйсіне тыңдайды. Себебі Шәмші «Әнсіз өмір өмір ме?» деп жер бетін, барша халықты сазды әуенмен тербеп, ән әуезімен баурай білді. Сондықтан қай мерекенің де, қай той-думанның да Шәмшінің әнінсіз өтуі мүмкін емес.

Ал қазір мәдени ортада Шәмші ізін жалғастыратын композиторлар аз. Қазақтың киелі сахнасын ән деуге аузымыз бармайтын, арзан дүниелер жаулап алды. «Мен сені сүйемін», «Жаным, күнім», «Күтемін», «Ақ жауын», «Махаббатым» деп басталатын бір-біріне ұқсас егіз әндер талғамы зор тыңдарманын жалықтырып жүр. Сахнаға екі-үш рет шығып, жұлдыз ауруына шалдыққан кей әншілердің әндерінен ешбір мағына ұға алмай қалатынымыз және бар. Әрі мұндай әндердің орындалу екпіні қандай шапшаң болса, жұрт есінен шығуы да сондай тез.

Қазір біздің кей әншілеріміз, композиторларымыз Батыстың даңғаза музыкасына құмар. Ал біз, жастар, мұндай әндерді тыңдағымыз келмейді. Сондықтан әр композитор Шәмші Қалдаяқов тәрізді іс тындыра білсе, мәдениетіміз жағымды жаңалыққа толар еді.

Сағыныш ӘБДІРАХМАН,

Құмсай орта мектебінің 10-сынып оқушысы.

Мұғалжар ауданы.

  • Жарайсың!

Үлгілі ұстаз

Әр ұстаздың өз ерекшелігі бар. Бірі қолға қалам алғызып, әріп танытса, енді бірі шәкірт жүрегінің қалауын тауып, үлкен өмірге қанат қақтырады. Жас буын қашанда ұстаз ақылына сүйеніп, олардың еңбегін бағалауға тырысады. Бәлкім, ұстаздың өзге мамандардан ерекшелігі де осында болар…

Мен сөз еткелі отырған ұстаз Нұрболат Абдуалиевті шәкірттері әр кез мақтан тұтады. Осы күнге дейін колледж түлектері ұстаз алдында бас иіп, алғыстарын жолдайды. Рас, колледжде тәжірибиесі мол, қоғамдық жұмыстарға белсене араласатын, жастарды өнерге баулуда үздіксіз ізденетін Нұрболат ұстаздың еңбегі өзге мамандардан ерекше. Оның талапшылдығының, тынымсыз ізденгіштігі мен білімділігінің арқасында студенттер талай қалалық, облыстық додаларда топ жарып жүр. Шәкірттері қаламызда ұйымдастырылған сайыстарда бас жүлделерге қол жеткізіп, дипломант, лауреат атанды. Жастардың бойына өнердің құдіретін дарытып, оның дамуына өзіндік үлесін қосқан ұстаздың жеткен биігі де мол.

Қашанда өнерге жаны құмар Нұрболаттың алға қойған мақсаттары көп. Соның бірі — шәкірттерін республикалық сайыстарға қатыстырып, жүлделерге қол жеткізу. Келешекте біздің Нұрболаттың шәкірттері республикалық байқауларда топ жаруы ғанибет. Ендеше, іске сәт, ұстаз!

М.ГАБДСАТТАРОВА

Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технологиялар

колледжінің бөлім меңгерушісі.

  • Бәрекелді!

Біздің Елжас

Жарма — Ырғыз ауданындағы шағын ауыл. Алақандай ауылдан қашан көрсеңіз де,  той-домалақ, ойын-сауық, мерекелік кештер үзілген емес.

Қай ауылда да сөз бастайтын көсем, іс реттейтін шешен болады. Думанды кештер ұйымдастырып, халықты әсем ән мен күмбірлеген күйге қандыратын серілері және бар. Ал бүгінде Жарманың тұрғындарының көңіл күйін көтеретін жастар ғана.

Мен оқырмандарды өз ісіне адал, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, ауылдағы көптеген шаралардың өтуіне мұрындық болған жас маман Елжас Сәрсембаевпен таныстыруды лайық деп таптым.

Елжас — дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі. Ауылдағы жастардың басын қосып, салауатты өмір салтын ұстануда үлгі көрсетіп жүрген жас маман үлкендер мен бүлдіршіндерді де назардан тыс қалдырған емес. Қай мереке, қай думан болмасын Елжас топ бастап, шараның көңілді өтуіне атсалысады. Ал ауылдағы дәстүрлі мерекелер Елжастың жетекшілігімен ұйымдастырылады.

Биылғы Наурыз думаны да  ауылымызда ерекше тойланды. Мектеп алаңына киіз үйлер қаз қатар тігіліп, жасалған дастарқаннан, наурыз көжеден тұрғындар дәм татты. Ал арқан тартыс, түйе жарыс тәрізді ұлттық ойындарды тұрғындар қызыға ойнады. Шара соңында ауыл ақсақалдары кешті ұйымдастырған Елжас пен оның серіктеріне алғыстарын айтып, баталарын берді.

«Ауылым» деп ет жүрегі елжіреп, титтей де болса туған жерге септігін тигізуді мақсат ететін Елжас бүгінде елге сыйлы. Біз оның әрбір ісін бағалап, сүйсіне қараймыз. Әрбір жас буын Елжастан үлгі алып, ылғи ізгі шаруаны қаузап жүрсе екен.

Аманжол ӘТТИЕВ,

Жарма ауылы.

Ырғыз ауданы.

Оқырман хаттарын топтастырған Айгүл ЖҰБАНЫШ.

bukara07 @mail.ru

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button