Басты жаңалықтар

Ақтөбеде қымызмұрындық тойланды

Қымызмұрындық —  ел жайлауға шыққанда аталып өтетін қымыз тойы. Ертеде ағайын-туыс пен көрші-көлемнің басы қосылып, осы мереке ерекше аталып өтеді екен. Ұлттық сипаты жағынан Наурыз мейрамынан кем түспейтін мереке бүгінде тойланбай, тіпті ұмытылып бара жатыр. Дегенмен, соңғы жылдары бір топ ақтөбелік азамат осы дәстүрді қайта жаңғыртуды қолға алды. «Сазды» демалыс орталығында өткен қымызмұрындықта облысқа белгілі ақсақалдар мен зиялы қауым өкілдері және жастар бас қосты. Аудандардан қымыздың түр- түрі келді. Қымыздың жарысы өтті. Сонымен…

Биенің сүті — сары бал

«Сазды» демалыс орталығында мереке ерекше тойланды. Киіз үй тігілді. Келген қонақтарға қымыз құйылып, табақ-табақ ет тартылды. Жалпы ілгері заманда қымызмұрындық көктемгі уақытта тойланатын болған. Қыстан жүдеп-жадап шыққан халық биенің құлындағанын асыға күтеді екен. Елдің ауызы аққа тиген кезде ауыл-аймақ сүйікті сусынды басы бірігіп отырып ішіп, шат-шадыман мерекеге айналдыратын болған. Ал бұл жолы тамызда ұйымдастырылған  қымызмұрындықтың орны бөлек. Себебі Ақтөбе өңірінде бұл мереке жиі тойлана бермейді. Ұйымдастырушылардың бірі, «Желдорфармация» ЖШС директоры  Құдайберген Бекенов ақсақалдардың бірауыз сөзін жерге тастамай, ұлттық дәстүрді ұлықтауды мақсат тұтқанын айтты.

— Төрт түлік малдың төресі — жылқы. Қазақ әу бастан жылқыны қадір тұтқан, сусынның төресі қымыз деп білген. Бие құлындаған уақытта бұл мереке қазақ ауылдарында айрықша тойланатын болған. Ұмытылып бара жатқан осы дәстүрді облысқа белгілі ағамыз Игілік Барсайұлы қайта  қолға алды. Ол он жылдан бері осы шараның өтуіне ұйытқы болып келеді. Ешкімнің нұсқауынсыз азаматтар бірауыздан қымызмұрындықты тойлауға жиналды. Елбасымыз айтқан рухани жаңғыру дегеніміздің бірі — осы. Салт-дәстүрімізді осылай қайта жандандырсақ, кейінгі жастарға үлгі боларымыз анық, — деді Құдайберген Бекенов.

Жиналған қонақтарға қымыз құйылып, ас берілді. Үлкендер ұйымдастырушыларға ризашылығын, тілегін білдірді. Ағыбай Бердімұратов, Мұқан Рахметов тәрізді қадірлі ақсақалдар қымызмұрындықтың маңызы туралы әңгімеледі. «Адырна» журналының бас редакторы Мейірхан Ақдәулетұлы өткенімізді құр сағынышпен еске алмай, нақты іске асырған азаматтарға алғысын айтты.

Қымызмұрындықты осылай жалғастырып, әлемдік деңгейге көтерсек, жұрт бізге қызыға қарайды. Далада жылқы бағып жүрген адам өзінің еңсесін жоғары ұстайды. Ұлы даланың ұлы екенін сезінетін болады, — деген ақын шараның әрі қарай жалғасуына тілектестігін білдіріп, қолдайтынын айтты.

Ұйымдастырушылар тамаша дәстүрді өткізуге ықпал еткен Игілік Барсайұлына естелік медаль тақты. Облыс дәрігерлерінің атынан Самат Данияров Алғыс хатпен марапаттады. Ауданнан келген қонақтар да құрметін көрсетті. Шалқар аудандық мәслихатының депутаты Жанар Сейітмағанбетова осы мерекеге бір топ адамды арнайы бастап келгенін айтып, аудан әкімінің Алғыс хатын ұйымдастырушыларға тапсырды. Сондай-ақ Байғанин, Ырғыз, Ойыл аудандары әкімдерінің орынбасарлары да ыстық ықыластарын білдіріп, сый-сияпаттарын табыс етті.

Қымызмұрындық ағайынды ауызбіршілікке, бауырмалдыққа  үндейді, халқымыздың қонақжайлылығын көрсетеді. Сондықтан бұл бастама, біріншіден, ертеден келе жатқан дәстүрімізді ұлықтауға үндесе, екіншіден, ұйымдастырушылардың ісі жастарға үлгі болмақ және ұлттық сусынның мәртебесін көтеруге ықпал етпек. Дастарқан басында ақсақалдар мерекенің осы құндылығын және қымыздың қасиеті туралы әңгімелеп,  жастарға батасын берді.

Мереке ән-күймен көмкерілді. Сазгер Орал Байсеңгір әнмен шашу шашса, белгілі дәулескер күйші Жайлау Асылханов Қазанғаптың «Торыжорғаның табақ тартуы», Құрманғазының «Адай» күйін тартып, көпшіліктің көңілін бір серпілтті.

Қымыз киікотына ысталған күбіде пісіледі

«Биенің сүті —  сары бал, қымыздан асқан дәм бар ма?!» деген ата-балаларымыз қымыздың қырық ауруға ем екенін білді. Тек тағам емес, халықтың дәулеті, қасиеті, ырыс-берекесі қымыз деп санады. Қымызмұрындыққа Шалқар ауданы Шетырғыз селолық округінен келген Қайрат Жұмағалиев мерекеге күбі толы қымыз әкеліпті. Қайрат жылқы шаруашылығын осыдан төрт жыл бұрын қолға алған. Аталары түйеші, жылқышы болғандықтан кәсіпті іліп әкету жас жігітке аса қиынға түспеген. Қазір үш үйір жылқысы бар. Тоғыз бие сауады. Күніне алпыс литр қымыз дайындап, сұраныс бойынша сатуға шығарады. Ауыл, одан қалса, аудан орталығына жібереді. Әсіресе, қатерлі ісік ауруына шалдыққан адамдар мен ішімдіксіз той өткізетіндер қымызға жиі тапсырыс береді.

Мемлекеттен көмек болса, шаруашылықты әрі қарай кеңейткім келеді. Былтыр «Бастау бизнес» жобасы бойынша курстан өттім. Бірақ кепілге қояр затым болмай, несие ала алмадым, — дейді жас кәсіпкер.

Қазір Қайрат шаруашылықты жиені Дархан Махамбетов екеуі жандандырып отыр. Дархан қымыз дайындаудың қыр-сырын жақсы біледі.

— Бертін келе  ауданда қымыз өндіру ісі кенжелеп қалып, жұртшылық шұбатқа ден қойды. Соңғы екі-үш жылдықта ғана бие сауатындар көбейді.  Қазір шұбат пен қымыздың бағасы бірдей. Түсінген адамға құндылығы жағынан қымыз шұбатпен қатар тұрады. Тұтынушылар әлі оның қасиетін түсінбей жүр.

Жалпы қымыздың сапасы оның дайындау технологиясына байланысты. Қымыз сусындардың ішіндегі ең кірпиязы әрі мүлтіксіз тазалықты жақсы көреді. Ыдыс талғайды. Өзге заттың иісін бірден бойына сіңіріп алады. Сапалы қымыз дайындау үшін алдымен күбінің дұрыс болғаны жөн. Қымыз арша ағашынан жасалған күбіде піседі. Арнайы Түлкібастан алдырдық. Қымыз құйылмас бұрын күбі ысталады. Әр өңірде әртүрлі шөппен ыстайды. Батыс аймақта  емдік қасиеті мол киікоты мен тобылғы қолданылады. Ал біздің жақта  күбіні киікотымен ыстайды.  Бұл шөп кез келген жерде өспейді. Ауылда осы шөптің өсетін жері бар. Арнайы теріп алып, кептіреміз. Технологиясына тоқталар болсақ, жаңа сауылған сүт күні бойы таза ыдысқа, яғни тек қана қымыз құю үшін шығарылған ыдысқа жиналады. Сүт кешке дейін суиды. Осы кезде күбінің ішін тазартып, ішіне қойдың құйрық майын жағып, бықсып жанып жатқан киікоты шөбінің үстіне төңкеріп қоямыз. Кемі екі сағатқа жуық түтінге ысталып, иіс сіңеді. Екі сағаттан кейін сүт құйылып, бір сағатқа жуық пісіледі, — дейді Дархан.

Қымыздың дайындау технологиясына байланысты түрі де көп. Саумал, құнан, дөнен, бесті қымыз деп кете берді. Әр қымыздың атына сай жөн-жоралғысы да болған. Мәселен, қазақ сырласар қонағына құнан қымыз құйса, ақын, сал-серілерге дөнен қымыз береді екен. Қайрат пен Дархан биені өздері сауады. Көктемде екі сағат сайын сауатын болса, күзге қарай сирейді.

Келесі қымызмұрындық  Шалқарда өтеді

Қымызмұрындыққа барлық ауданнан қымыз әкелінді. Осы кәсіппен айналысатын шаруа қожалықтарының иелері келушілерге қымыздың түр-түрінен дәм татқызды. Мәселен, Қобда ауданынан келген «Тамбай» шаруа қожалығының өкілі Әсел Жалмұханова арнайы дайындалған қымызды қонақтарға ұсынып, қонақжайлық көрсетті. Жиырма бие сауатын Әсел күніне жүз литр қымыз дайындайды екен. Ал осы ауданнан келген тағы бір кәсіпкер, яғни «Жандос» шаруа қожалығының иесі Есет Ибашев мерекеге үш түрлі қымыз дайындап әкеліпті.  Жиырмадан аса бие сауатын Есет қазір халық қымыздың  емдік қасиетін түсініп келе жатқанын айтады.

— Сұраныс көп, соған сай өнімнің сапасын арттырып, мөлшерін молайтып отырмыз. Күніне жүз литр қымыз сатамыз. Кәсіпті бастамас бұрын, Жамбыл облысындағы жылқы шаруашылығымен айналысатын адамнан қымыз дайындаудың технологиясын үйреніп келдім. Ол жақта қымыз қою, майлы болу үшін қойдың құйрық майын қосып, піседі екен. Қазір сұранысқа байланысты дайындап береміз. Біреулер саумалды, енді бірі құнан, дөнен қымызды жақсы көреді, — дейді Есет Ибашев.

Аудандардан келген шаруа қожалықтарының иелері қымыз жарысына қатысты. Оларға қазылар алқасы өз бағасын берді. Нәтижесінде Шалқар ауданынан келген Қайрат Жұмағалиев дәмді қымыз дайындағаны үшін бірінші дәрежелі дипломмен, екінші дәрежелі дипломмен Ырғыздан келген Жолаушыбай Төлеубайұлы, ал үшінші дәрежелі дипломмен және Алғыс хаттармен Қобда ауданынан келген Есет Ибашев марапатталды. Сондай-ақ Алға ауданынан келген Қыдырбай Құсыпов ынталандыру сыйлығына ие болды. Ол келер жылы «Ақтөбе» облыстық қоғамдық-саяси газетіне жазылу сертификатын алды. Жиналғандар бірауыздан бұл дәстүр жыл сайын жалғасын табады деп шешті. Қымыз тойына арнайы дайындалған жылқының мүсіні келер жылы қымызмұрындық өткізетін ауданға табысталатын болды. Қазылар алқасы ойласа келе, қымызмұрындықтың алғашқы эстафетасын Шалқар ауданына жолдады. Сәтін салса, келесі қымыз тойы Шалқарда өтпек.

— Үлкен істі бастау қиын. Мереке мазмұн алып, қанатын кеңге жаю үшін бұдан да жоғары, кең көлемде өтуі керек. Әрине, барлық аудан мерекеге ұйымшылдықпен қатысты, бәріміз де батыр мен бидің ұрпағымыз. Бірақ «сегіз ұлым бір төбе, Ертөстігім бір төбе» демекші, қай салада болмасын Шалқардың орны бөлектеу тұрады. Атақты батыр-билердің, әулие-әмбиелердің ұрпақтары осы мерекені жаздың тамаша күнінің бірінде, жұрт айтып жүретіндей деңгейде өткізеді деп шештік, — дейді қазылар алқасы.

Тамаша тойдың соңында жан-жақтан келген қонақтар ұйымдастырушылар Құдайберген Бекенов, Шамиль Рахиұлы, т.б. азаматтарға алғыстарын айтып, ризашылықтарын білдірді. Облыстық денсаулық сақтау, спорт басқармаларының басшылары атынан Алғыс хаттар тапсырылды. Мерекенің соңы әсем ән мен күмбірлеген күйге ұласты.

P.S.

Жылқы мен қазақ — егіз ұғым. Қай заманда да бабаларымыз Қамбар ата тұқымын ерекше қастерлеген. Тіпті болашағын да жылқымен  байланыстырды. Қымызмұрындық мерекесі — осы құрметтен туған игі дәстүр. Ал ата дәстүр Ақтөбеде осылай ұлықталды. Үлкендер бапты қымыздан дәм татып, келелі кеңес құрса, жастар тамаша  дәстүріміздің қасиетін ұғынып, ақсақалдардың  батасын алды.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button