Басты жаңалықтар

Қанмен жазылған тарих өшпейді

Еуропа мен Азияның кіндігі болған Мәскеуде Одақ тарап, ТМД-ға айналған шақта қазақ халқының үш перзентіне — үш тұлғасына  ескерткіштер орнатылды.

Мәскеудің орталығындағы Чистопрудный бульварында ойға шомып отырған Абайдың тас мүсініне гүл шоғын қоюшылар әр кезде де табылады. Сол маңға орналасқан Қазақстан Республикасының елшілігіне елден келгендер, қазақ елін сыйлайтын адамдар кемеңгерге тағзым етуді лайық деп біледі. Ұлы ойшыл, дана, ақын Абайға деген ықылас қазақ халқына деген ұлы құрмет деп білеміз.

Ресей астанасының Оңтүстік Шығыс округіне қарасты Вешняки деп аталатын ауданда Әлия Молдағұлова есімін иеленген көше бар. Сол көшенің бойында Әлия Молдағұлова атындағы орта мектеп бар. Осы мектеп ауласында Әлияның туғанына 80 жыл толуы қарсаңында орнатылған ескерткіш, қазақ қызының қаһармандығының бейнесі — ақтөбеліктердің ұсынысын қабыл алған мәскеуліктердің айрықша ықыласының көрінісі десе де болғандай. Әлия атындағы мектепте оқуды қалайтындар қатары жыл сайын көбейіп келеді. Аты аңызға айналған арудың мүсіні жанында алғашқыда қарулас достары жиналып жүрді. Кейіннен жыл өткен сайын оның атына қанық, ерлігіне тәнті тілектес жандар бас июге келетін орынға айналды. Екі елдің достығының айнымас белгісіндей болған Әлия дос үшін жанын қияр намысты елдің ерлігінің куәгеріндей ұрпақтар ұранына айналды.

Ал Мәскеуді жауға бермей қорғаған қолбасшы, батыр Бауыржан Момышұлы мен қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлованың ескерткіштері — ел  таныған, мойындаған ерліктің белгісі. XX ғасырдың бірінші жартысында болған Ұлы Отан соғысының сұрапыл шайқастарында ерен ерлік көрсеткен қазақтың ұлы мен қызының ерлігі мен өнегесі күні бүгінге дейін халықтар достығы мен бауырластық айғағындай болып ел жадында қалды.

Мәскеудегі Қазақстан елшілігінің ғимаратынан Волокаламск қаласына дейін 120 шақырым екен. Көліктің көптігінен спутниктік бағдарламамен жол жүріп отырғанның өзінде аралары қосылып кеткен Волокаламск қаласына сағат жарым жүріп жеттік.

Кешегі дәуірдегі Ұлы Отан соғысының ең бір ауыр кезеңінде неміс басқыншыларының әскербасылары «Мәскеуді дүрбімен көріп тұрмыз» дегені осы екен-ау дедік. Таяқ тастам жерге келген жауды астанаға жібермей, Ұлы Отан соғысы тарихында аңыз болып қалған қазақстандық дивизияның командирі И.В.Панфилов пен сол кездегі батальон командирі Бауыржан Момышұлына  арналған ескерткішке Қазақстаннан келген адамдар соқпай кетпейді екен.

Қаланың  орталық  алаңында 28-панфиловшыларға арналған тарихи

мемориалдық кешен ашылған. Батырлардың аты-жөндері тасқа қашалып жазылған. Алаңның шығыс жақ бетінде қос арыстың — Бауыржан Момышұлы мен Иван Василиевич Панфиловтың ескерткіш бюстері тұр. Мәрмәр тастарға орнатылған қола мүсіндер ақпанның шуақты күнінің көзіне шағылысып тұрды. Біз кеңестік дәуірде кеңінен аталып өтетін Кеңес Армиясының мерекесі күні барғанбыз. Келушілер батыр қолбасшылардың ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойып жатты.  Біз де жолай арнайы гүл дүкеніне соғып, туған елдің атынан қырмызы гүл дестелерін тас бейненің етегіне қойып тағзым еттік. Тірі кезінде-ақ аты аңызға айналған Бауыржан ағаның сұсты бейнесі тас бейнеге айналса да, біз Отанды осылай қорғадық деп тұрғандай. «Отан үшін отқа түс — күймейсің» деген үні құлаққа келіп тұрғандай жадымызға оралды. Ақпанның ақ қарының үстіне түскен алқызыл гүлдер қанмен жазылған ерлік өрнектеріндей көрініп кетті. Жеңістің алпыс жылдығында ашылған ескерткіш ел санасын жаңғыртып, «Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайтынын» тағы еске салып тұр.

Біз енді 28-панфиловшылардың қанмен жазған ерлік дастаны болған жер —  Дубосеково разъезіне жол тарттық. Алдымен қаланың шетінде ескерткіштерге барар жолдың алдындағы Отан қорғаушылардың мұражайына ат басын тіредік. Мұражайдың ішінде сақталған оқ тескен дулығалар мен тот басқан мылтықтар, сол кездегі жауынгер жарақтары еріксіз ойға жетелейді. Ақ қар, көк мұзда қар басқан окоптарда, сары шұнақ аяздарда суықтығы қолды қаритын мылтықтармен атысып, өмір үшін айқасқаны көзге елестейді. Нұрпейіс ақын жырлаған Нарсұтбайлар гранаталарын жау танкісіне лақтырып жатқаны көз алдыңа келеді. Сарғайған газет парақтары мен бұйрық көшірмелеріне дейін, сол кездің құжаттары мен Жеңіс жылнамаларының түрлі фотосуреттері бар. Мұражайға бір белгі болсын деп біз де Әлия Молдағұлова туралы жазылған «Әлияғұмыр: ерлік пен өнеге», «Подвиг длинную в жизнь» кітаптарын табыстадық.

Ел  жадында ерліктің мекені болған Дубосеково разъезіне, кезінде майдан даласы болған жолдың үстіндегі тау мүсіндерге бет алдық.

Әлі күнге темір жол мен тас жол арасындағы арпалыс болған жотадағы тау  мүсіндер алыстан көрінеді. Сонау Алатаудың баурайында жасақталған дивизия  Мәскеудің түбінде өліспей беріспеді. Ажалдан қорықпай жаны үшін емес, ары үшін айқасқа түсіп жеңіп шықты. Сол заманның өзінде әрқайсысы бір ауылды тапап өтетін болат құрсау танкілермен жекпе-жекке түскен 28 батырдың ерлігі ұрпақтар санасында мәңгі қалды. Ұлы Даладан келіп орманның ортасындағы жол үстінде жан алысып, жан беріскен шайқаста жау осы арада толық жеңілген еді. Осы жердегі адамдар ерлігінен маңдайы тасқа соғылған басқыншылар бұндай елді жеңіп шығу мүмкін еместігін мойындаған шығар. Сондықтан Ұлы Отан соғысының ең басты ескерткіші осы жерде салынған. Бұл Ерлік Дастаны болған тау мүсіндердің иесі 28 панфиловшы қазақстандық екенін ойласаң, Ұлы Даланың киесі еске түседі.

Ұзақбай ҚАУЫС,

Ғалымжан БАЙДЕРБЕС.

****

Батырдың қосағы

Біздің қаламызда Қалыбаев көшесі бар. Бұл көше саналы ғұмырын жылқы шаруашылығын өркендетуге арнаған, Социалистік Еңбек Ері, ондаған орден-медальдардың  иегері Өтеген Қалыбаевтың құрметіне берілген. Осыдан он үш жыл бұрын дүниеден озған батыр ағамыздың зайыбы Рақима қазір осы көшенің тұрғыны.

Жеңіс күні қарсаңында Рақима апамызға барып, тілдестім. Кейуана келін-баласы Тағыберген мен Динаның қолында тұрады екен. Оның жасында күш-қайрат иесі болғаны тұрпатынан көрініп тұр. Рақима апа әңгімені арыдан бастады.

— Соғыс кезінде інім Таужан екеуміз қойды жалаңаяқ бақтық. Әбден мүйізденген табанға тікен кірмейді екен. Ол кезде тойып тамақ ішу деген жоқ. Жұмыс жасаған адамның әрбіреуіне күніне жүз грамм нан беріледі. Әкеме, шешеме, апама, ініме, өзіме тиесілі жарты келі нанды әжептәуір талғажау ететінбіз.

Құмсай жағындағы Айбас деген базда екі шопан қыстап отырды. Ініммен бірге сол екі отарға күніне сегіз шана шөп тасимыз. Бірде ертелетіп шөпке барғанбыз,  пошымы үлкен итті көріп, «мынау қайдан келген?» деймін ініме. Ол «қасқыр» деп айтқан сәтте, мен тұмсықтан айырды сұғып алдым. Бұйығып жатқан бөрінің қыңқ етуге шамасы келмей қалды. Содан ауыл-аймаққа атым шығып кетті, —  деп есіне алды кейіпкеріміз өткен күнді.

«Жылқышы болу үшін жылқы сүйегіндей мықты болу керек», — дейді халық. Талай шу асауды бұғалықтап, желден жүйрік жануар өсірумен аты шыққан Өтеген қарт пен кемпірі Рақима мейірімділігімен де құрметке бөленді. Өтегенге қосылғанға дейін Рақима анамыз ұжымшардың сиыр фермасын басқарса, жолдасы жылқы фермасының қожасы болыпты. Екеуі шаңырақ көтергенде Өтеген атамыз 32 жаста болған екен.

Қарт ана он төрт құрсақ көтерген. Оның төртеуі — Ақтөбе, қалғаны Атырау қалаларында тұрады. Анаға қай бала да ыстық, дегенмен асты-үстіне түсіп, бәйек болып отыратын Тағыбергені мен Динасының жөні бөлек. Ал туған жиені Айсұлтан өз алдына бір төбе. Айсұлтанды олар Иғаш апасынан алып, бауырларына басыпты. Соғыс қарсаңында төрт кластық оқуды тауысқан Рақима ана Айсұлтанға 42 әріпті жазуды, ежіктеп оқуды үйретіпті. Сол Айсұлтан Қалыбаев — қазір Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының академигі, Алматы қаласында индустриялдық технология жөнінде Қазақстан-Ресей біріккен кәсіпорны директорлар кеңесінің төрағасы.

Уақыт жүгін шалымен бірге қайыспай көтерген Рақима ана өзге замандастары тәрізді Алланың бергеніне шүкіршілік етіп, бейбіт өмір тілейді.

Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ,

журналист.

***

Жеңіс шеруіне барып еді…

Осыдан бес жыл бұрын менің атам Хамит Сисенғалиев Астанаға жиырма ардагердің қатарында Ойыл ауданынан Жеңіс шеруіне барып қайтты. Сол кезде ол өзін өте бақытты сезінді. «Осындай мерекені тойлау көптеген адамдарға бұйырмады ғой» деп соғыстың қасіретті күндерін налып еске алатын.

«Соғыс туралы айту маған ауыр, соғыс деген біздің жоғалған жастығымыз, арманда кеткен боздақтардың тағдыры» деп әңгімесін қинала бастайтын еді.

Атамның ағасы Қаби соғыс басталғанда майданға аттанады. Содан 1942 жылы қолынан жараланып келіп, 1943 жылы қайтадан жау ордасын талқандауға сапар шегеді. Сол кеткеннен оралмайды.

Ал Хамит атам әскер қатарына 1944 жылы алынып, 1945 жылы 2 мамырда Берлин түбінде жараланады. Елге 1946 жылы ғана келеді.

Сол атамның дүниеден өткеніне де екі жылдан асты. 2005 жылы оның бір топ майдангерлер қатарында Елбасымен бірге тұрған бейнесі теледидар арқылы беріліп еді, сол сәт көз алдымда әлі күнге дейін сақтаулы…

Есет ХАМИТОВ,

студент.

***

ӘРҚАШАН КҮН СӨНБЕСІН!

Бершүгір орта мектебінде Ұлы Отан соғысының 65 жылдығына орай оқушыларды Отанын, елін сүюге тәрбиелеу мақсатында патриоттық әндерден хор сайысы өтті.

Оқу тәрбие ісінің меңгерушісі Қуанғали Темірбаевтың ұйымдастыруымен өткен шараға 1-11 сынып оқушылары қатысты. Мерекелік кешке ауылдағы ардагерлер арнайы шақырылып, соғыс кезіндегі ауыр күндер туралы сөз етті.

Хор сайысында оқушылар патриоттық тақырыптағы әндерді шарықтата шырқады. Сайыста 2-сынып оқушылары «Әрқашан күн сөнбесін» әнін үш тілде айтса, 6-сынып оқушылары «Священная война», ал 11-сынып оқушылары «День победы» әндерін нақышына келтіре орындап, көрермен жүрегіне жеткізе білді.

Шара соңында мектеп директоры Самал Тілеубаева, ауыл әкімінің бас маманы Мереке Бисенбин сөз алып, ерекше өнер көрсеткен сыныптарды мақтау қағазымен және бағалы сыйлықтармен марапаттады.

Күлән НАМЕНОВА,

мұғалім.

***

Майдангер 100-ге толады

Жоныс ата 7 айдан кейін 100 жасқа толады. Ұзақ ғұмыр кешкен қария бізді таңғалдырды.  Алдына газет-журналды үйіп алып, көзілдіріксіз зуылдатып оқып отыр. Жасы 100-ге келсе де қария әлі тың,  тіпті ел көлеміндегі жаңалықтарды айтқанда, біздің өзімізді жаңылдырды.

Жоныс Тұрмұханов 1911 жылы Новоресей ауданында дүниеге келген. Майданға алынғанға дейін Қарабұтақ ауданына қарасты Бөгетсай ауылында еңбек еткен.  1938 жылы 1 мамыр күні Хромтау ауданына көшіп келеді. Осы жылдан бастап аудан орталығында Дөң тау-кен байыту комбинатында есепші болып жұмыс істейді.

— Дөң тау-кен байыту комбинатында мыңдаған жұмысшы жасап жатты.  Осы күнгі шахтерлердің жұмысына қарағанда, мың есе қиын болды. Ол кездері техника жағы да әлсіз, жұмыс тек білектің күшімен атқарылатын. Осында есепші болып жүрген кезімде Отан қорғауға алындым. Алдымен үш күн, үш түн Ақтөбеде ұстап, түрлі жаттығулар мен әскери дайындықтан өткізді. Төртінші күні он шақты қазақ баласын Қиыр Шығысқа апарды.  Бұл 1941 жыл еді. Осы жерден  бәрімізді әр полкке бөлді.  Мені танкшілер бригадасына жіберді. Осылайша от пен оқтың ортасына кірдік те кеттік. Құдайдың қарасқаны болар, мен ешқандай жараланған жоқпын. Елге 1946 жылдың 5 маусымында аман-сау оралдым. Елге келгеннен кейін де бізді көп жұмыс күтіп тұр екен. Жан аямай ел болып  жұмылып, барлығын қалпына келтірдік, — деп сол бір жылдарды ауыр күрсіне еске алды.

Соғыс аяқталып елге оралғанда ауданда жаңадан ауыл шаруашылығы техникумы ашылып, осында 10 жыл бойы қойма меңгерушісі болып қызмет атқарады. Кейін 1963 жылдан 1994 жылға дейін Қарабұтақ аудан «Ақкөл» кеңшарында экспедитор болып жұмыс істейді.

— 1994 жылдан бастап осы Хромтауда жаңа мешіт салынды.  Сол мешіттің іргетасын қалауға да бір кісідей атсалыстым.  Кейін осы мешітте 10 жылдай жұмыс жасадым.  Аллаға құлшылық етіп, бес уақыт намазға жығылдым, — дейді Жоныс ата.

Ғасыр құрдасының көп жасауының сыры осында жатқан шығар, бәлкім. Отырып-тұруы жасы ұлғайған сайын қиындаса да, атамыз бес уақыт намазын қаза қалдырмайды екен. Арабша, латынша жазылған кітаптарды оқиды. Жоныс ата: «Келешек ұрпаққа менің жасымды берсін, көрген бейнетімді еш уақытта көрсетпесін. Қаншама жыл өтсе де сол бір сұрапыл соғыстардың бейнесі көз алдымнан әлі күнге дейін кетпейді», — дейді.

Жақсы адамның  жақсылығын айт нұры тасысын дегендей, Жоныс ата жайлы әңгіме бастасаң, Қарабұтақ пен Хромтау ауданының  тұрғындары оның адамгершілік қасиеті мен еңбекқорлығын ерекше бағалайды. Атаның есімі сол өңірдің тұрғындарының аузынан  түспейді. Бұл Жоныс атаның ерекше жан екенін көрсетеді. Атамыздың еңбегі мен ерлігі ескеріліп «Қызыл жұлдыз» орденімен, бірнеше медалымен, «Кеңес Одағының маршалы Г.К.Жуков» медалімен марапатталған.

Бейбіткүн КӘМЕТИЯҚЫЗЫ,

Хромтау ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button